ЮНЕСКО-да Мағжан Жұмабаевтың шығармалары таныстырылды

ЮНЕСКО-да Мағжан Жұмабаевтың шығармалары таныстырылды

ЮНЕСКО-да Мағжан Жұмабаевтың шығармалары таныстырылды
ашық дереккөзі
 Дүйсенбі Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Мәдени мұралар мен өзіндік ерекшеліктерді жандандыру: Тарихтан болашаққа бағыт алған түркі тілі» халықаралық форумы аясында қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың кітабы таныстырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі. Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған шараға Мичиган штатының университет профессоры Тимур Кокаоғлы өзінің «Мағжан - оттың, еркіндік пен махаббаттың ақыны» атты кітабын таныстырды. Кітапта Мағжанның өмірі мен шығармашылығы суреттеледі. Айта кетсек, ақынның туғанына биыл тура 125 жыл толады. Аталған кітапта ақынның 16 өлеңі ағылшын тіліне аударылған. «Мағжан Жұмабаев - қазақ поэзиясының белгілі тұлғасы екені даусыз. Ол сонымен бірге, бүкіл түркі халықтарының әдебиетінің қайталанбас асқақ ақыны», - деді Тимур Кожаоғлы. Профессордың айтуынша, Мағжан Жұмабаев өз поэзиясында «кеңестік идеологияның доктринасына емес, тек жүрек үніне құлақ асқан». «Ақын өмірден өткеннен кейін Мағжанның шығармаларына ақталғанға дейін Кеңес одағында тыйым салынды. Оның шығармаларын тек 1989 жылдардан бастап оқуға рұқсат берілген», - деді спикер. Автор кітапты не үшін «Мағжан - оттың, еркіндік пен махаббаттың ақыны» деп атағанын әлемдік деңгейде «от, өрт, күн, күн сәулесі» сөздерін шығармашылығында қолданатын ақындардың тым аз екендігімен түсіндіреді. «Мағжанның поэзиясында драматикалық үн бар. Ол өзінің әділетсіздікке, қорлық пен надандыққа, тирандыққа қарсы күресі оң бағыт екенін түйсінген өте қайсар тұлға», - деді Тимур Кожаоғлы. Белгілі болғандай, қазақ ақынының өлеңін Кожаоғлы 1977 жылдан бастап аудара бастаған. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін екі жыл өткен соң 1993 жылы ол Мағжан Жұмабаевтың 7 өлеңі аударылған алғашқы кітабын жарыққа шығарған. Профессор ақынның өлеңін ағылшын тіліне аудару арқылы оны әлем тани түседі деген сенімде. Алдағы екі жылда Кожаоғлы Мағжанның тағы 40 өлеңін тәржімалап, тағы бір кітапты жарыққа шығармақ. «Әлемдік бірлестік Мағжанның поэзиясын зерттеуді жалғастыру керек. Себебі, оның өлеңдері әлі толық зерттелген жоқ. Келешек буын осы бағыттағы жұмысты тереңірек қолға алар деген сенімдемін», - деді Т.Кожаоғлы.