Алматыда 2020 жылға дейін 20 жатақхана салынады

Алматыда 2020 жылға дейін 20 жатақхана салынады

Алматыда 2020 жылға дейін 20 жатақхана салынады
ашық дереккөзі
2020 жылға дейін Алматыда 20 жатақхана салынады.  Бұл туралы бүгін елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өтіп жатқан  Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ  сессиясында «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ел өміріне зор серпіліс әкелген Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын алматылықтар да  айрықша ықыласпен қабыл алды. Қаланың биылғы бюджеті қайта қаралып, барынша әлеуметтік сипатқа ие болды. Нақты жобалар қолға алынып, оларға 65 млрд теңге қарастырылды. Қазір еліміз бойынша 500  мың студент  болса, оның жартысына жуығы  ауылдан, я басқа қаладан келіп оқитын балалар», - деді ол. Оның дерегінше, Алматының жоғары оқу орындарында 140  мыңға жуық студент оқиды. Колледждерде 27 мыңнан астам жас тегін білім алып жатыр. «Алматыдағы нақты қажеттілік 23 мың орын. Универсиаданың жалғасы ретінде қалада өзіңіздің тапсырмаңызбен жастар жылы жарияланды. Соның аясында мегаполисте 2 мың  орындық жатақхана салынса, енді сіздің тапсырмаңыз бойынша 2020 жылға дейін тағы 20 жатақхана салу жоспарланған. 9 жоғары оқу орны өз күштерімен 5 мың орындық жатақхана салуға кіріспекші. Сіздің бастамаңызды аясында біз оқу орындарындағы барлық жер телімдерін  белгіледік. Тапсырманы орындауға толық дайынбыз. Жастар енді пәтер жағаламай алаңсыз білім алатын болады», - деді Қали Сәрсенбай. Айта кетейік, «Бес әлеуметтік бастама - қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деген күн тәртібімен басталған сессия жұмысына 1 500-ден астам адам қатысуда. Олардың қатарында елдің барлық өңірлерінен келген Ассамблеяның ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени  бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, ЖОО ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауымның және БАҚ-тың өкілдері бар.