Асқар Мамин Тәжікстан президентімен кездесті

Асқар Мамин Тәжікстан президентімен кездесті

Асқар Мамин Тәжікстан президентімен кездесті
ашық дереккөзі
ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Душанбеге жасаған жұмыс сапары аясында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары 2018 жылғы наурызда Астанаға ресми сапары барысында екі Мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Эмомали Рахмон қол жеткізген келісімдер екіжақты қарым-қатынастарды сапалы әрі жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті. «Қазақстан мен Тәжікстан Үкіметтерінің алдында Мемлекет басшылары сауда деңгейін 2 миллиард долларға жеткізу міндетін қойды», - деген Асқар Мамин аталмыш тапсырманы орындау үшін қазақстандық тарап қажетті шараларды қабылдауға дайын екенін білдірді. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон осы жылдың 15 наурызында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінің нәтижелерін жоғары бағалады. Сонымен бірге, ол осы форумның өңірлік ынтымақтастықты одан әрі насихаттаудағы маңыздылығын атап өтті. Тәжікстан Орта Азия аймағындағы Қазақстанның екінші ірі сауда әріптесі болып табылады. Нақтырақ айтқанда, Орталық Азия елдерімен Қазақстанның тауар айналымының 20 пайызы осы елге тиесілі. Сапар барысында Асқар Мамин ТР Премьер-министрі Кохир Расулзодамен және Премьер-министрдің бірінші орынбасары Саид Давлатаимен кездесті. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелері мен Орталық Азия Мемлекет басшыларының консультативтік кездесу қорытындысы бойынша Хаттамасын жүзеге асыру бойынша маңызды шаруалар талқыланды. Экономиканың түрлі салаларында екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың үдемелі сипатын тілге тиек ете келе Асқар Мамин фармацевтика, құрылыс, азық-түлік өнеркәсібі, теміржол саласы, металлургия, көлік құрау саласы секілді 57 перспективті тауар позициялары бойынша Тәжікстанға тасымалдың номенклатурасын кеңейту туралы айтты. Асқар Мамин сауда-саттық айналымын арттыру жөніндегі жұмыс тобының қызметін белсенді ете түсіп, осы салада Жол картасын әзірлеуді және оны Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысында мақұлдауды ұсынды. Кездесу кезінде аймақаралық қатынастарды дамыту, Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасының бизнес-құрылымдары арасындағы тікелей байланыстар, сондай-ақ екі елдің экспорттық әлеуетін жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Қазақстан Республикасының бірінші вице-премьері Асқар Маминнің Тәжікстанға жасаған жұмыс сапары аясында Hyundai County маркасының қазақстандық 300 автобусын, 500 жүк вагонды, 4 маневрлік және магистральдік локомотивті және 5200 тонна Р-65 рельстерін, сондай-ақ ауқымы 30 мың тонналық Рогусн ГЭС-інің құрылысы үшін «Арселор Миттал Теміртау» АҚ өндіретін арматураларды жеткізу бойынша коммерциялық құжаттарға қол қойылды.