Оралдағы шағын ауданға Қадыр Мырза Әлидің есімі берілді

  Оралдағы шағын ауданға Қадыр Мырза Әлидің есімі берілді

  Оралдағы шағын ауданға Қадыр Мырза Әлидің есімі берілді
ашық дереккөзі
Оралдағы 5-шағын ауданға ақын, Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр Мырза Әлидің есімі берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық тілдерді дамыту басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, бұл жөнінде ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының оң қорытындысы шықты. Сонымен қатар осы шағын аудандағы жаңа алаң Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті алаңы болып аталатын болды. Тағы екі шағын аудан «Көкжиек» пен «Сарыарқа», ремзавод ауданындағы сквер «Чернобыль» апатының салдарын жоюшылар» атауын алды. Оған қоса қаладағы жаңа көшелерге танымал тұлғалардың есімдері мен үйлесімді атаулар берілді.  «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 25-5-бабында көрсетілген критерийлерге сәйкес келмейтін көшелер ақындар, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Абдолла Жұмағалиев, сондай-ақ өткен жылы 100 жылдығы тойланған Сағынғали Сейітов, белгілі жыршы-термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қаламқас Орашева, Таразы, Шолпан, Жеті қарақшы, Бекет ата, Қызыр баба есім-атауларын алды. Барлығы 91 көше жаңадан аталды. «Енді республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде алдағы мамыр айында өтетін сессияда қала әкімдігі мен қалалық мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданады», деп хабарлады басқармадан. Еске сала кетейік, Оралдағы қазақ театрына Хадиша Бөкееваның, мәдениет орталығына Қадырдың есімі ресми түрде берілгенін бұдан бұрын жазған болатынбыз.