Баспаналы болуға бір қадам

Баспаналы болуға бір қадам

Баспаналы болуға бір қадам
ашық дереккөзі
Көптеген отбасының өмірлік қажеттілігі болып табылатын баспана мәселесі шешімін таба ма? Қазақстанда әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі –азаматтарды қолжетімді және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету.  Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» керектігін қадап айтты. «Біз соңғы жылдары қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту үшін көп нәрсе жасадық. 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға берілді. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Дегенмен оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр. Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын-үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет» деген еді. Бұдан кейін талайдың кеудесінде үміт оты жанып, тірнектеп тапқан қаржысын есепшотқа сала бастады.

«Нұрлы жерге» өзгерістер ене ме?

Инвестициялар және даму министрлігінің мәлімдеуінше, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша «Нұрлы жерге» бірқатар өзгертулер енгізіледі. Біріншіден, жүйені мемлекеттік жоспарлауға сәйкес бағдарлама мемлекеттік болып қайта бекітіледі. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы мен қаржыландыру көлемін арттыру нормасы қайта қаралады. «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын енгізуге байланысты «Нұрлы жер» бағдарламасының жұмыс істеу тетігі қайта қаралмақ. Сонымен қатар жасалған және жасалатын келісімдер бойынша міндеттемелер орындалатын болады. Құрылыс алаңдарын дайындау үшін тұрғын үй құрылысы жүретін аудандардағы инженерлік коммуникация құрылысын қаржыландыру көлемін 80 миллиардтан 100 млрд теңгеге дейін арттыру мәселесі қаралуда. 2019 жылдан бастап сатып алу құқығынсыз берілетін арендалық тұрғын үй құрылысына жыл сайын республикалық бюджеттен 10 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу ұсынылады, яғни 25 млрд теңгеден 35 млрд теңгеге дейін. Бұл халықтың әлеуметтік әлсіз топ санатына жататын қосымша 1 мыңнан астам отбасын жыл сайын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы бағдарламаға жеке құрылыс салушылардың белсенді қатысулары үшін әкімдіктер дайын тұрғын үй нысандарын сатып алуына мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, «Нұрлы жерге» енгізілетін өзгерістер аясында әкімдіктердің пәтерлерін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларымен қатар, жеке банктердің клиенттері үшін де сатып алу көзделмекші. Мұның бәрі ипотеканы дамытуға үлкен серпіліс береді. Атап айтсақ, тұрғын үйдің шаршы метрі өңірлерде – 140 мың теңге, ал Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларында 180 мың теңгеден болады. Жаңа бағдарлама параметрі бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» тұрғын үй займы қайта қаралып, жалпы қабылданған шаралар тұрғын үйді пайдалануға беру көлемін жыл сайын 8 пайыз (жылына 8 мыңнан астам баспана) және 2030 жылға дейін 1 адамға шаққандағы баспанамен қамту көрсеткішін 30 шаршы метрге дейін жеткізуге септігін тигізбек.

Жалғыз баспананы кепілге қоюдың қажеті жоқ

Жақында Парламент мәжілісінде жеке тұлғалардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы заң жобасы талқыланды. Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің кезекті отырысында депутат Аманжан Жамалов жалғыз баспана мәселесіне жеке тоқталды. Айта кетейік, заңнама нормасында борышкердің жалғыз баспанасын өткізуге тыйым салу тетіктері ескерілген. «Жалғыз баспана тақырыбы біраз талқыланды. Бұл әлеуметтік бастама бойынша экономикалық негіздемені көрсету керек. Яғни қаржы секторына, екінші деңгейлі банктер үшін болатын салдарды айқындау қажет. Атап айтқанда, борышкерлердің қарызын кредиторлар есебінен шығынға шығару ұсынылса, онда осы бағытта болатын салдардың анықтығы керек», – деді депутат. Оның сөзіне қарағанда, жалғыз баспана бойынша шешім аясында екінші деңгейлі банктер ипотекалық займдарды беруді тоқтатуы ықтимал. Соның ішінде баспананы кепілге қою тетігі арқылы шағын және орта бизнес субъектілеріне займдар беруді доғаруы мүмкін. Бұл өз кезегінде шағын және орта кәсіпкерлікті несиелеудің тоқтауына алып келеді деген болжам бар. «Сәйкесінше, яғни екінші деңгейлі банктердің және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» ипотекалық бағдарламаларына нұқсан келуі мүмкін. Сонымен қатар несиелердің қайтарылмауы тәуекелдеріне байланысты жарияланған «7-20-25» бағдарламасын тежеуі ықтимал. Қазіргі кезде ипотека нарығы тұрақты өсімді байқатып отыр. Осы арқылы, өздерінің баспана жағдайын жақсарту үшін бағдарламаға әлеуетті қатысушылар болып саналатын азаматтардың басым бөлігіне жол жабылады», – деп ойымен бөлісті депутат. «ҚР Үкіметі мен бизнес ұсынып отырған ынталандырудың арқасында бұл көрсеткіш арта түсуі мүмкіндігі болжанады. Жаңа құрылыстардың айналасында жаңа жұмыс орындары құрылады. Алайда жалғыз баспана бойынша заң жобасының нормасы тежеуіш әсерді көрсетеді», – деп толықтырды өз пікірін депутат. Бұл ретте Қазақстанның құрылыс секторы дағдарысқа тап болуы мүмкін екеніне тоқталған ол салынған нысандарды сату мүмкіндігінің болмауы жаңа құрылыстарды тоқтатуы ықтимал екенін және құрылыс компаниялары жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүр болатынын жеткізді. Конституцияда тұрғын үйге деген құқық жазылған. Жалғыз баспананы кепілге алып, несиелеудің қажеті жоқ. Әсіресе, қарыз алушының отбасында кәмелетке толмаған балалары болса, оларды жалғыз пәтерінен шығаруға болмайтынын банк түсінуі керек.

 Студенттік жатақхана  жобасы таныстырылды

«Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің мүшелері Алматы қаласындағы университеттердің студенттерімен кездесіп, Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында салынатын жатақханалардың жобасымен танысты. Кеңес мүшелері Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеттерінің студенттерімен кездесті. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттер қалашығында болып, жатақханалардың құрылыс жобасын тамашалады. Университет ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың айтуынша, жоспарланған жаңа екі жатақхананың құрылысына орта есеппен 6-7 миллиард теңге қарастырылған. Олардың жалпы ауданы 45 500 шаршы метрді құрайды, бөлмелер саны – 543. Әрбір салынатын шаршы метрге 450 АҚШ долларынан жұмсалады. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан бұл көрсеткіштің Астанамен салыстырғанда аз екендігін атап өтті. «Шаршы метріне 450 АҚШ долларынан келсе, бұл Астанамен салыстырғанда түк емес. Елордада бір шаршы метріне 627 АҚШ долларынан жұмсалып отыр», – деді ол. Ұлттық университет басшысы бұл жоба алдағы бір айда өз жұмысын бастайтынын жеткізді. Оның айтуынша, студенттерді жатақханалармен толықтай қамту арқылы шетелден келетін студенттердің санын арттыруға болады. Қазіргі таңда ҚазҰУ-да 1500-ден астам шетелдік студент білім алуда. Айта кетейік, еліміз ЖОО-ларында білім алып жатқан 530 мың студенттің 204 мыңы шалғай елді мекендерден келген жастар. Жатақханаға деген сұраныс Алматы қаласында – 21 557, Астана қаласында – 14 239, Қарағанды облысында 8253 адамға жетіп отыр. Ал республика бойынша 77 500 студент жатақханаға мұқтаж. Мақсат Халық, экономист: – Бұрын үйге төмен пайызбен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы ғана несие берілетін. Жалпы банктердегі ипотеканы осындай төмен пайызға түсіретін болсақ, бұл ипотекалық үй алуды жеңілдетеді. Өйткені 10 миллионның пәтерін 25 жылға алсаңыз, оның айлық төлемі 55 мың теңгенің шамасында ғана болып тұр. Ол әлдеқайда қолайлы. Бұған дейін ипотекалық несие ары кетсе 20 жылға берілетін. Жалақыңыз 200 мың теңге шамасында болуы керек еді. Оның көбінің қалтасы көтере алмайтын. Ал мынау халыққа тиімді. Банктердің бұған дейінгі беріп жатқан ипотекалық пайыздарын 25 жылға шағатын болсақ, 10 миллион теңгеге алатын үйіңізді екі еселеп төлеуші едіңіз. Бір үй емес, тіпті, екі үй алатындай үйдің ақшасын үстемелеп төлеуіңізге тура келетін. Көп банктер 12-15 пайызбен беретін. Бұл жерде ескеретін бір мәселе бар. 7 пайыз дегеніміз ол тиімді пайыздық мөлшерлеме болуы керек. Банктерге сондай талап қою керек. Егер атаулы пайыздық мөлшерлеме жасап қойса, онда оның ешқандай пайдасы жоқ. Пайыздық мөлшерлеменің екі түрі болады. Олар – атаулы және тиімді. Тиімді пайыздық мөлшерлеме – нақты пайыздың анық көрсеткіші. Жылына қанша қосылатынын көрсетеді. Ал көптеген банктер жарнама жасағанда адамдарды шақыру үшін атаулы пайызын көрсетіп қояды. Ал тиімді пайыздық көрсеткіші әлдеқайда жоғары болып тұрады. Яғни, тиімді пайыздық мөлшерлеме 7 пайыздан аспасын деп банктерге талап қойған жөн. Сонда халық үшін ол тиімді болар еді. Егер сіз 7 пайызбен он миллион теңгеге үй алғыңыз келсе, сіздің жалақы мөлшеріңіз 100 мың теңгенің үстінде болуы қажет. Бұрын жалақыңыз 200 мың теңгеден асса ғана ипотекаға үй ала алатынсыз. Мысалы, құны шамамен 10 миллиондық пәтерді ипотекаға алсаңыз, оның есебі былай болады: жылдық мөлшерлемесі – 7 %, алғашқы жарна – 2 000 000 теңге (20%), ипотека сомасы – 8 000 000 теңге, қайтару мерзімі – 25 жыл (300 ай), ай сайынғы төлем – 56 500 теңге, ал бүкіл шығыны – 18 962 701 теңге, артық төлем – 8 962 701 теңге.