Шалғайдағылар шеттеп қалмауы керек

Шалғайдағылар шеттеп қалмауы керек

Шалғайдағылар  шеттеп қалмауы керек
ашық дереккөзі
Елімізде әлеуметтік салаларды цифрландыру шаралары қарқынды жүріп жатқанымен, шалғай ауылдар үшін оның игілігін көру мұң болып тұр.  Өйткені әлі де интернетке қол жеткізе алмай отырған ауылдар жеткілікті. Кейбір өңірлерде интернет жылдамдығы өте төмен. Бұл мәселе «Нұр Отан» партиясының «Ауылдық жердегі елді мекендердің интернетке кең ауқымды қолжетімділігін қамтамасыз ету» тақырыбына арналған «Мемлекеттік қызметтерді көрсету» бағыты бойынша өткен комиссия отырысында талқыланды. Мәжіліс депутаты Майра Айсина төр­ағалық еткен отырыста ауылдық елді мекендер интернет, электронды қызмет түрлерінен кенде қалып отыруына байланысты мәселелер талқыланды. Майра Айсина Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік екенін және оны дұрыс пайдалана білу керектігін ерекше қадап айтты. Мәселен, Мәжіліс депутаты Шаймардан Нұрымов ауылды жерлерді интернетпен қамтамасыз етудің нашарлығын сөз етті. – Қазіргі уақытта қала мен ауыл арасында цифрлы теңсіздік орын алып отыр. Ауыл халқы сапалы интернеттің жоқтығынан «Электронды үкімет», банк қызметтері білім мен денсаулық саласындағы қажеттіліктерге қол жеткізе алмауда. Интернет тұрмақ, ұялы байланыс қызметі көрсетілмейтін ауылдар бар. Тіпті, ауылдық округтегі әкімшіліктің өздері интернетке қосылмаған мекендер баршылық, – деді ол. Одан бөлек, қазір орта білім саласында жаңалықтар енгізіліп, мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту мақсатында «Күнделік» және сол сынды басқа да жүйелер қолға алынғанымен, бұл жүйеге өтуге жағдай жасалмағаны сөз болды. Жоғары жылдамдықты интернеттің жоқтығынан ауылдың мұғалімдері шалғай жерлердегі интернет жылдамдығы жоғары мекендерге баруға мәжбүр болуда. Яғни, жаңа жүйе жағдайды оңалтпай, керісінше, ұстаздарды әуре-сарсаңға салғаны айтылды. Сондай-ақ, депутат Омархан Өксікбаев ауыл мұғалімдері жалақысын банк карточкасынан алуы үшін аудан орталықтарына баруға мәжбүр болып жүргенін тілге тиек етті. Шалғайдағы көп ауылдарға әлі де банкоматтар қойылмаған. Осы мәселеге байланысты жауап берген Ақпарат және коммуникация министрінің орынбасары Дарын Тұяқов: «Халық тығыз орналаспағандығын және Қазақстан аумағының кеңдігін ескере отырып, аз қоныстанған аймақтарға кабель тарту байланыс операторларына экономикалық тиімсіз», – деді. Қазір Елбасы Жолдауын орындау мақсатында Ақпарат және коммуникация министрлігі мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы «Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кеңжолақты интернет қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасы жүзеге асырылуда. Ондағы мақсат – байланыс қызметтерін сатып алу арқылы елімізде талшықтық-оптикалық байланыс желісін жетілдіруді ынталандыру. Ауылдық елді мекендердің тізімі барлық мүдделі мемлекеттік органдармен және облыстық әкімдіктермен келісіліп құрылған. Тізім жасау кезінде мына нәрселер негізге алынған: ауылдың аудандар мен қала орталықтарынан алшақтығы, мемлекеттік, білім беретін және медициналық ұйымдардың болуы, сондай-ақ, тұрғындар саны. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда 1269 елді мекен жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. 2020 жылы 100 пайыз кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған. Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға ұсынымдар берілді.