КҮЙШI

КҮЙШI

КҮЙШI
ашық дереккөзі

Оны республикада өнер сүйер қауым жақсы бiледi. Ол айтулы – сазгер. Өз басым оның атына бала кезден қанықпын. Оңтүстiк өңiрiндегi қияндағы ауылда жүрiп, радионың “Шалқар” бағдарламасынан құлаққа таныс күйлерiн тыңдап өстiм. Қолына домбыра ұстаған ауыл өнерпаздарының арасында оның “Ерке сылқым” күйiн тартпайтындары жоқ шығар сiрә.

Әбдiмомын Желдiбаев – Қазақстан Республикасының өнер қайраткерi: “Парасат” және “Құрмет” ордендерiнiң иегерi. Шу өңiрiнiң құрметтi азаматы.

Өткен жылдың соңына таман, яғни 26 желтоқсанда Алматыдағы “Қазақконцерт” залында оның “Ерке сылқым” атты шығармашылық кешi өттi. Бұл кешке Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлiгi, Алматы қаласының әкiмдiгi, Қазақстан мемлекеттiк Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрi, “Төле би” қоры және “Ұлы дала” қоғамдық бiрлестiгi қолдау көрсеттi. Аты әлемге мәшһүр оркестр репертуарында Әбдiмомын Желдiбаевтың қырыққа жуық күйi бар. Сол кеште Қазақстан Республикасының өнер қайраткерi Жанас Бекентұровтың дирижерлық етуiмен оркестр бiрнеше күйiн орындап, көрермендер ықыласына бөлендi.

Әбдiмомын Желдiбаев тек күй шығарушы ғана емес, тамаша ән шығарушы да. Оның ел, жер, Отан туралы әндерiн Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген әртiстерi: Жұмат Махамбетов, Бағдат Самединова, Рамазан Стамғазиев, Халықаралық конкурстардың лауреаттары: Береке Еңкебаева, Бақыт Шағырбаев, Сәуле Желдiбаева, Меруерт Желдiбаева орындап, көпшiлiктiң көңiлiнен шықты.

Бiз кеш басталар алдында кездестiк. Сахнаның артқы жағындағы бөлмеде үш кiсi сөйлесiп тұрды. Iздегенiм осы кiсi-ау деп орта бойлы, ақ шашты жанға жақындадым. “Әбдiмомын Желдiбаев сiз боласыз ба?”. Ол басын бұрып, маған назарын салды. “Болсақ болармыз”. Есiмiне қарасам момын секiлдi. Сөзiне қарап нағыз қиқар мiнездiнiң өзi ме деп тiксiнiп қалдым. Дегенмен бiз осылай таныстық. Кең залдың соңғы жағындағы орындықтарға тiзе бүгiп, бiраз әңгiме-дүкеннiң басын құрадық. Сол әңгiменiң арқауы күй өнерi жайында, өмiр-тағдыр жайында өрбiдi. Ал желiсi мынау.

– Әбеке, күй өнерiне қашан келдiңiз?

– Бала кезiмде. – Жауабын шолақ қайырып, үндемей қалды. Мен ойын бөлгенiм жоқ. Ол сөзiн жалғады. – Бiздiң ауылдың күйшiлерi Құрманғазының төкпе күйлерiн, Тәттiмбеттiң шертпе күйлерiн, Сүгiрдiң көңiл сергiтетiн күйлерiн жарыса тартатын. Мен солардың ортасында өстiм, солардан үйрендiм.

– Күйшiлердiң бәрi күй шығара бермейдi. Даланың жылғалары бастауын бұлақтардан алады. Сiздiң де күй шығарушылық қасиет-талантыңыз ата-тегiңiзден дарыған шығар.

– Өз әкем – Желдiбай, домбыра шертпейтiн. Соғыс жылдары “Бiрлiк” бекетiнде темiр жолдың жұмысын ұйымдастырды. Майданға дайындалған азық-түлiктi вагондарға артып, жөнелтiп жататын. Өмiрден ертелеу өттi. Бiрақ өнерден қара жаяу емес едi. Ойын-сауық, той-думанда ауылдың алты ауызын әу деп шырқап қоятыны бар болатын. Даусы да құлаққа жағымды едi.

Шешемнiң де ән салып, домбыра тартқанын көрген емеспiн. Алайда шешемнен естiгенiм бар. Нағашы атамның әйелi қырғыздың қызы екен. Сол әжемiздiң бауырлары үш iшектi қомызды жақсы тартса керек. Әйтеуiр жұрт олар қомыздан күй төккенде ұйып тыңдапты. “Жiгiттiң жақсы қасиетi нағашысынан” дейдi ғой. Бәлкiм маған күй шығарушылық дарын солардан келген шығар. Тек бiр кесiп айтарым, Құрманғазының төкпесi де, Тәттiмбеттiң шертпесi де, Сүгiрдiң көңiл сергiтерi де менде бар. Және олар көшiрме емес, ешқайсысын қайталамайтын, ешқайсысына ұқсамайтын өзiмдiкi.

– Әбеке, ақында шабыт деген болады. Сол шабыты шапқанда, бiр деммен бiр өлең жазып тастайтындарды көрiп жүрмiз. Ал сiзде ше? Бұл жағы қалай? Күйдi бiр сәтте, бiр деммен шығарасыз ба? Жалпы шығармашылығыңызға жылдың қай кезi ыңғайлы?

– Мен даланың перзентiмiн. Сонда туып, сонда өстiм. Менiң табиғатым – кең дала. Әсердi, шабытты сол даладан аламын. Таң алдында Шолпан жұлдызы туады. Мен төсегiмнен тұрамын. Алагеуiмде ағашқа қонақтаған сан түрлi құстар оянып, сайрай бастайды. Әр қайсысының бейне музыка ноталарындай өз үнi, өз әуенi бар. Бәлкiм олар бiр-бiрiмен солай сөйлесiп, жаратқан иемiздiң жаңа таңын солай қарсы алуға дағдыланған шығар. Мен үшiн әуездi үндерi музыка. Айнала аппақ болған кезде олар сап тиылады. Боз ала таңсәрiден бастап бозторғайдың шырылын естисiң. Содан ол күн ұзаққа тас төбеңде тұрып алып, бiр әуенiнен жаңылмайды.

Таңғы салқын самал ше. Кейде шығыстан, кейде батыстан, кейде терiскейден, кейде күнгейден еседi. Ызыңдаған әуенiне құлақ түремiн. Жағалаудан қайтқан толқындардай сарыны құбыла есiлiп, бiр көтерiлiп, бiр басылады. Бабаларым тыныстаған салқын самалға көкiрек кеудемдi ашып, желмен жеткен жусан жұпарын құмарта жұтамын. Сол жанға жайлы самалдың күтпеген жерден долы желге айналып, оғаш мiнез танытатын кездерi де болады. Ондайда бабаларымның ат дүбiрiн естiгендей елiтiп отырамын. Солар туралы ой кешемiн. Мен үшiн даланың осы құбыластырының бәрi әуен. Көкiрегiме күй болып құйылады. Сол кезде жан серiгiм домбыраны қолға аламын. Жан дүниеңдi мазалап, ұйқыңды қашырған күй әуенiн, үн ырғағын табан астында табу оңай емес. Кейде айларды, кейде жылдарды жоғалтқан аса қымбатын iздеген жандай мазасыз күй кешумен өткiзесiн. Қашан тауып, көңiл қалауынан шыққанша жан азабын шектiм дей бер. Жаңа күй өмiрге келген кезде ғана жаның жай тауып, иығыңнан ауыр жүк түскендей рахат сезiмге бөленесiң. Кейде табиғаттың әсерiнен бөлек бiреулердiң тағдыр-талайы да күй шығаруға себепшi болады.

– Үлкен iс алғашқы қадамнан басталады. Тұңғыштың орны бөлек. Алғашқы күйлерiңiз туралы не айтасыз?

– Тәттiмбет – философ күйшi ғой. Соның күйлерiне аңсарым көп ауды. Құмарта тарта жүрiп, өзiне күй арнап шығару ойыма оралды. Күй әуенiн iзденумен көп уақыт өттi. Әуеннiң бас аяғы жиналып, күй болып туды-ау, әйтеуiр. Атын “Күйшi” деп қойдым. Оңашада қайта-қайта тартып, кемшiлiгiн iздеумен тағы да бiраз уақытты өткiздiм. Рас, әуелгiде өзiме өзiм сенiңкiремей, толқу үстiнде жүрдiм. Күшiгiнде таланған ит жаман. Ертең естiген жұрт: “Желдiбайдың баласы домбырамен бiрдеңенi шатып-бұтыпты”, – деп мысқылдаса, бетiм қайтып қалмай ма. Жоқ, күйiмнiң иiнi қанған секiлдi. Тәуекелмен үлкен сахнаға шықтым. Күйдi орындап бiткен кезiмде жұрт қошаметтеп ду қол шапалақтады. Сол қошамет менi қанаттандырып жiбердi.

Ауылда Ыдырыс деген ақсақал бар едi. Еңбегiмен ел құрметiне бөленген жан. Соның өз кiндiгiнен перзентi болмады. Үйiне сәлем беруге барған сайын ол: “Желдiбайдың арманы жоқ, артында сендер барсыңдар”, – деп күрсiнетiн. Содан соң қалақтай ескi домбырасын қолына алып, өзi ғана бiлетiн бiр әуендi тыңқылдата тартып, көзiн жұмып, қас-қабағын түйiп, жазып үнсiз отыратын. Сол кiсiнiң тағы бiр қасиетi көргенiн, естiгенiн ұмытпаған. Талай шерлi шежiренi тыңдадым. Кейiндеу солар көкiрегiме күй әуенi болып оралды. Тым болмаса есiмi елдiң аузында жүрсiн деген оймен, күйге “Ыдырыс” деп ат қойдым. Мұны да жұрт жылы қабылдады. Содан кейiн бабаларыма арнаған “Толғау” атты күйiм өмiрге келдi.

– Төкпе күйге және шертпе күйге қандай күйлерiңiздi жатқызасыз?

– Шертпе күйлерiм: “Ыдырыс”, “Күйшi”, “Толғау”, “Боз жiгiт”, “Өмiр дастан”, тағы басқалар. Ал төкпе күйлерiм: “Тұран елi”, “Сұңқар сезiм”, “Күй көкшолақ”, “Жан бабалар жыр толғайды” осылай кете бередi. Қайсы бiрiн ауызға алайын.

– Әлгiнде менiң күйлерiм ешкiмге ұқсамайды деген едiңiз. Оны қалай дәлелдейсiз?

– Мен өзiндiк күйдiң мектеп стилiн жасадым. Мұны “Күй дастан” деймiн. Мысалы, “Күй Көкшолақты” алайықшы. Бұл халық ақыны Кенен Әзiрбаевтың жүз жылдығы қарсаңында жазылды. Кененнiң Көкшолақ атына арнаған өлеңi бар ғой. “Олай жүршi Көкшолақ, Былай жүршi Көкшолақ, Табандатқыр Көкшолақ…” Ақын атын қанша қомсынса да өзiне серiк болды. Тiлi жоқ жануар демесең Кенекеңнiң көп жайларына сол куә.

Күй екi бөлiмнен тұрады. Бiрiншi бөлiмiнде Кенекеңнiң сол дәуiрдегi өмiрi туралы жырлаймын да екiншi бөлiмiнде музыкадағы “төрт тактi” тәсiлiмен әуендi жылдамдата құбылтып, Көкшолақты қамшылатып аламын. Бiзде ритм деген бар ғой. Сол күй басында аса бiр серпiнмен басталып, өн-бойында алмасып, ауысып отырады. Бұл қазақтың бұрынғы күйлерiнде кездеспеген құбылыс. Күйдiң жаңа формасы. “Әулие ата”, “Жамбыл баба жыр толғайды” сондай күйдiң үлгiсi.

Жамбыл суырып салма ақын болған. Өлең сөздерi мiрдiң оғындай. Дөп айтады. “Жамбыл баба жыр толғайды” күй дастаным оның ақындық таланты ашыла қоймаған кезiн күйде әуендi кiбiртiктете суреттеумен бастаймын. Ал ел танып Жамбыл аты шыққан шағын, күйде таудан құлап аққан тасқын судай әуендi арындатып келтiремiн. Жамбылдың айтыстағы тапқыр шешендiгi, жыршылдық өнерi күй әуенiмен, музыка тiлiмен сөйлейдi.

– Әбеке, өмiрде кездейсоқ кездесулер болып тұрады ғой. Бiрде таудағы демалыс үйiнде Германиядан келген немiстермен дәм-тұздас болдық. Араларында ғалымдары мен журналистерi бар екен. Қонақтар не орысша, не қазақша бiлмейдi. Бiз де немiсшеден мақұрымбыз. Тамақты бiрге отырып iшiп жегенiмiз болмаса, бiр-бiрiмiзбен сөйлесе алмадық. Қасымдағы Асқат күйшi едi. Бұрышта сүйеулi тұрған домбыраны алып, күйдi бiрiнен соң бiрiн құйқылжыта тартты. Сол күйлердiң бiрi, сiздiң – “Ерке сылқым” едi. Олар бар зейiнмен тыңдады. Ара-арасында өзара сөйлесiп қояды. Сiздiң “Ерке сылқым” орындалып жатқанда бастарын теңселте қозғап, көздерiн жұмып-ашып елiтiп, отырғандарын байқап қалдым. Күй бiткенде тамсанған кейiппен шапалақтарын да үдете соқты. Сол күйдiң арқасында мерейiмiз өстi. Ертеңiне шайдан соң олар Асқаттан күй тартуын өтiндi. Ол домбыра шектерiн сабалай бастағаннан-ақ, олар басқасы дегендей ым жасаумен болды. Асқат олардың қалауын таппай бiраз әуреге түстi. “Ерке сылқымды” тарта бастағаны сол едi, көздерi шоқтай жайнап, қолдарын шапалақтап жiбердi.

Тек қазақ пен қырғызды ғана емес, жат жұрттықтарды да тәнтi еткен “Ерке сылқым” кiмге арналған? Өмiрге қалай келдi?

– Бiз де бүгiнгi жастардай жiгiт болғанбыз. Бойдақтық өмiрдi бастан кештiк. Ауылдағы топ қыздардың арасынан жар таңдадық. Бұл күйдiң кейiпкерi өмiрде бар. Қайтейiн тағдыр бiздi бiр-бiрiмiзге қоспады. Соңғы рет кездескенде мен: “Бәрiбiр менiң саған деген махаббатымды ешкiм де өшiре алмайды” – деген едiм. Жас ұлғайып, шау тартты демесең ол ауылда аман-есен жүр. Көңiл шiркiн қартаймайды екен. Сол махаббатым қыз кезiнде қандай едi! “Толған айға” теңесем де, “ашылған гүлге” теңесем де сөзбен айтып жеткiзе алмайтын секiлдi болып, сенделiп ұзақ жүрдiм. Ақыры оны тек күйдiң жүрек қылын шертетiн әуенiмен ғана жеткiзуге болатынын сездiм. Сол сезiм жанымды жаулап алды. “Ерке сылқымның” әуенiн тапқанша жиырма жыл уақытым кеттi.

Қазақтың қыздары қандай әдемi. Жүрiсi, тұрысы, қылықтары қандай! Еркелiктерi де өздерiне жарасады. Бұл күй барша қазақ қыздары образдарының жиынтығы. Мен соларды жеткiзуге тырыстым. Әрi жiгiттiк сөзiмде тұрдым. Ендi оны ешкiм де өшiре алмайды. Егер махаббатыма деген сезiмiм жалған болса, қазақтың қыздарын өзгелерден артық көрмесем мұндай күй тумас та, елдiң игiлiгiне айналмас та едi.

– Әбеке, бұл күй үйдегi жеңгемiздiң ренiшiн, не қызғанышын тудырған жоқ па?

– Лиза жеңгеңе кейiн кездестiм. Өзiне дейiн басқаға ғашық болғанымды жасырғаным жоқ. Қашанда жүрек тазалығы керек қой. Бәрiн де түсiндi. Мамандығы мұғалiм едi. Қазiр зейнеткер. Жетi ұл мен қызымның сүйiктi анасы. Менiң жан жарым. Осы шығармашылық кешiме ертiп келдiм.

Өнер адамының мiнезiн бiлесiң. Бiрде құйын, бiрде дауыл, бiрде жайма шуақ. Ыстығыма күйiп суығыма қанша тоңса да бәрiне шыдап бақты. Күй шығаруыма бар жағдай жасап қана қойған жоқ, қайта дем бердi. Менi шын жүрегiмен жақсы көргенi ғой. Уақыт өте мен де оған бауыр бастым. Менi осындай адал жанға қосқан Жаратқан иемiзге мың да бiр шүкiршiлiк етемiн.

– Отбасыңыздағы ұл, қыздарыңыздан сiздiң жолыңызға түскендерi бар шығар.

– Үлкен ұлым Талғат осы қаладағы Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебiнде оқып, Өнер институтын үздiк бiтiрдi. Қазiр Астана филармониясында жетекшi маман. Келiнiм Сәуле сонда әншi. Менiң әндерiмнiң бәрiне оранжировка жасайтын солар. Екi немерем Астанадағы Қазақ мемлекеттiк ұлттық музыка академиясында оқиды. Бiрi күй тартады. Қалған балаларым өздерi қалаған кәсiппен айналысуда.

– Сiздiң күйлерiңiздi сынағандар болды ма?

– Музыка мамандарынан сыналған күйiм жоқ. Нұрғиса Тiлендиев марқұм күй өнерiнiң құдыретi едi. Музыканың асқан бiлгiрi болатын. Менiң күйлерiмнiң бәрiн тыңдаған. Сонда бiреуiне де: “Әй, Әбдiмомын, мына күйiңнiң мына ырғағын былай келтiрсейшi”, – деп жөн сiлтеген емес. Күйлерiмдi қалай шығарсам, солай орындалып жүр.

Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрiнiң репертуарында қырыққа жуық күйлерiм бар. Соның көбiн бұрынғы көркемдiк жетекшiсi, профессор Айтқали Жайымов оркестрге түсiрген. Оркестрдiң дайындық кезiнде мен: “Айтқали, күйiмнiң оркестрге келмей жатқан жерi болса жасырмай айт”, – деймiн. Сонда ол: “Менiң ойым сiзден аса алмайды. Жөнсiз жөндеп күйдi бүлдiрiп алар жайым жоқ”, – деген едi. Мен де тақымдап: “Әй, мұрт, сен менi алдап жүрме. Жеке домбырамен орындаған күй бiр бөлек те, оркестр аспаптарының сан алуан үн бояуларымен орындаған күй бiр бөлек”, – деймiн. Ол жымиып күлдi.

Күйге адалдық пен тазалық керек. Осы екеуi болмаса тыңдаушылардың жүрегiне жетпейдi. Халтураның өмiрi қысқа. Күйлерiмдi жүз рет толғанып, қырық рет толғатып барып шығарамын. Мен өзiм бiттi деген жерден бiтедi. Iзденiсiм сонымен тоқтайды. Сыншылардың тiсiн батыра алмай жүргенi де содан болар.

– Күй шығару кезiнде нотаға жазып отырасыз ба? Жоқ әлде шығарып болған соң жазасыз ба?

– Әуенiн домбырамен әбден келтiрiп, пiсiрiп алған соң нотаға бiр-ақ жазамын. Соған дейiн әуендер санамда жатталып тұрады.

– Әлгiнде Нұрғиса Тiлендиевтi ауызға алып қалдыңыз. Сол кiсiмен шығармашылық байланыста болып па едiңiз?

– Нұрғиса – менiң ұстазым. Жаңа күйлерiмдi әуелi сол кiсiге әкеп тыңдатамын. Өзi “Отырар сазы” оркестрiн құрып, көп жылдар бойына басқарды ғой. Сол кiсiнiң кезiнде оркестр қандай едi десеңшi. Әлемнiң талай елдерiн шарлап, ұлттық күй өнерiмiздiң мерейiн асырды емес пе. Қайран, Нұрағам! Оркестрiнiң бүгiнгi халын бiлсе ғой.

Сол кезде орынбасары Кенжебек Күмiсбеков едi. Екеуi отырып менiң әлгi жаңа күйiмдi тыңдайтын. Нұрекеңнiң тұла бойы тұнған музыка ғой. Талғамы қандай! Әуеннен қателессең қағып жiбередi. Қанша дегенмен ұстаздың алдында шәкiрт жүрексiнедi. Мен де тулаған жүрегiмдi басып, домбырамды қолға аламын. Бiр жолы сондай бiр күйiмдi тыңдап болып: “Әй, қу сирақ, мына күйiңдi де жуу керек. Үйде жеңгең күтiп отыр. Жүр”, – дедi. Мен: “Жеңгем күтiп отырса неге бармай қаламын”, – деп соңынан iлестiм. Жеңгем әдеттегiдей жылы қарсы алды. Қазан көтердi. Нұрағам: “Ет пiскенше мен саған бiр күй тартып берейiн”, – деп домбырасын қолына алып, “Қыз-Жiбек” фильмiндегi “Көш керуендi” нәшiне келтiре орындады. Мен күй бiткен сәтте: “Нұраға-ау, бұл Тоқанның “Саржайлауы” ғой. Негiзi сонда жатыр. “Тарам, там-там, Тарам, там-там-там-там” – деп ойналады. Сiз оны киноға тамаша көркемдеп, әрлеп бергенсiз”, – дедiм. Жеңгем де есiтiп тұр екен. Менi тарпа бас салды. “Бұл Нұрекеңнiң өзiнiң күйi”– дедi қатқыл үнмен. Мен: “Жеңше-ау, нотадан сауатым бар. Бұл күйдiң негiзiн бiлемiн. Бiлген соң айтып отырмын. Өзiм де талай рет тарттым. Нұрағам оркестрге салып әрлеп көркемдеп, Қыз Жiбек көшiнiң сәнiн музыка құдыретiмен асқақтатып жiбердi. Содан бұл күйдiң аты “Көш керуен” болып кеттi. Егер Нұрағам солай әрлемегенде көштiң сәнi көрiнбей қалар едi”– дедiм. Нұрекең қарқ-қарқ күлдi де: “Әй, шошқа, сен ендi сөйтесiң”, – дедi.

Алпыс жасым жақындағанда үйiне сәлем берiп бардым. Қар ерiп, көктем келген кез. “Нұраға, алпыс деген алқымдап келiп қалды. Тойлап тастасақ қайтедi”, – дедiм. Сол кезде Жамбыл облысының әкiмi – Амалбек Тшанов едi. Салған жерден Нұрекең: “Ендеше мен Амалбекке телефон шалып айтайын. Алпыс жылдығыңды облыс көлемiнде жақсылап атап өтсiн”, – дедi. Мен қарсылық бiлдiрдiм. “Сiз неге айтасыз?! Айтпаңыз”. Ол: “Жоқ, айтамын”, – дедi. Мен: “Ау, көке, қойыңыз. Айтпайсыз”, – дедiм қаттырақ сөйлеп. Нұрекең тосылып барып: “Неге? – дедi, артынша – Екеуiң ренжiсiп қалып па едiңдер?” – деп мән-жайдың байбына бара алмаған жандай аңтарыла қарады. “Нұреке, – дедiм жүзiне тура қарап. – Амалбек өзi бiлiп, өнерiмдi бағалап, құрмет көрсетсе мақұл. Солай жөнiмен iстемей Тiлендиевтiң диктовкасымен сыйлайтын болса, ондай қошаметтiң маған түкке де қажетi жоқ. Ойымның ашығы осы”. Ұстазым: “Е,е, мұның жөн”, – дедi.

Күздiң қыркүйек айында аудан басшылары алпыс жылдығымды өткiздi. Жан-жақтан өнер адамдары, ел басқарған жандар жиналып, үлкен той болды. Қараша айында облыс орталығы Тараз қаласында атап өттi. Бұл 1997 жыл болатын.

Нұрғиса ағам Шуға бiрнеше рет ат iзiн салған. Жақсы араластық. Бiрде Алматыға тағы келдiм. Нұрекеңнiң денсаулығы сыр бере бастаған екен. Менi Ұзынағаштағы туған ауылына ертiп барды. Сондағы өмiрге келген үйiнiң орнын көрсеттi. Төмпешiк болып жатқан қорымды иегiмен меңзеп: “Әкемнiң үйi осы жерде едi”, – дедi. Үнi тарғылданып шықты. Ауылынан қайтып келе жатқанда тағы ауырып қалды. “Әй, Әбдiмомын, менен айырылып қаласыңдар-ау, осы. Денсаулығым жақсы емес”, – дедi ауыр күрсiнiп. Жабырқаңқы үнi құлағыма жат естiлгенi соншалық, тұла бойым мұздап, түршiгiп кеттi. Қаладағы үйiне жеткен соң: “Әбдiмомын, “Ерке сылқымды” тартшы”, – дедi. Бар ықыласыммен күйдi орындадым. Ол тыңдап: “Мен – музыкантпын. Мен – дирижермын. Бiрақ сендей күйшi емеспiн. Сен қазақтың нағыз күйшiсi болдың, – деп бiр қойды да сөзiн қайта жалғады. – Осы Алматыда “Мен – композитормын!” – деп кеудесiн ұрғылағандар аз емес. Солардың бәрi сенiң жаныңда жiп есе алмайды. Сенiң күйлерiңнiң бәрi жаңа және ешкiмдiкiне ұқсамайды. Өзiндiк сыр мен мiнезге бай”. Нұрағамнан күйлерiме осындай баға естимiн деп ойлаған жоқ едiм. Оның бұл бағасы маған ең жоғары наградадан да артық. Екi жылдан соң ұстазым бақилыққа аттанды.

– Шоқтығы биiк шығармаларыңыздың бiрi “Төле би толғауы” көрермендерге кеңiнен таныс. Әрине тарихи тұлғаның бар болмысын музыка тiлiмен бейнелеуге екiнiң бiрi бара бермейдi. Сiз Ұлы даланың Ұлы тұлғасына арнап күй шығаруға қалай тәуекел еттiңiз?

– Бабамыз Төле би – тарихи тұлға. Шу өңiрiндегi Жайсаң деген жерде туылып өскен. “Тура биде туған жоқ, Туғанды биде иман жоқ”. Билiк айтуда қара қылды қақ жарған бабамның ұлағатты сөзi. Ұрпақтарына қалдырған өсиетi. Қазақтың мемлекет, ел болып қалыптасуына да өз үлесiн қосқан жан. Сол бабам туралы бiр күй шығарсам деген ой менi көптен берi мазалап жүрген. Төле би туралы жазылған дүниелердiң бәрiн оқып шықтым. Ел iшiнде ауыздан ауызға айтылып жүрген аңыз-әфсаналар қаншама. Ата Заңымыз “Жетi жарғы” ше. Ақыл-ойдың биiк көрiнiсi емес пе. Бабаларымыз бүгiнгiлердей жоғары оқу орнын бiтiрмесе де неткен данышпан болған. Осы жайлардан әсерленiп, көкейiмдегi әуендi iздеп, домбыра шерттiм. Жайсаңның биiк төбелерiне шығып, бабамның жүрген жерiн шарладым. Салқын самалымен тыныстадым. Күндердiң күнiнде бабамның өмiрi, тағдыры, сол заман әуен болып құралып, домбырамның шанағынан күй болып төгiлдi. Кең далада, биiк төбе басында халқының болашағын, елдiктi ойланып, толғанып отырған бабамның бейнесi, оған деген өзiмнiң сағынышым күй әуенге түскенде барып, бар демiмдi бiр-ақ алдым. Күйдi “Төле би толғауы” деп атағанды жөн көрдiм.

Алматыға жол түсiп, Өнер институтына соқтым. Сол жерде Асқар Тоқпановтың ұшыраса кеткенi. Iстiң мұндай сәтi бола ма. Амандасып, қал-жағдай сұрасқан соң: “Көке, жаңа бiр күйiмнiң әуенiн шиырлап жүр едiм. Тыңдасаңыз тартып берейiн”, – дедiм. Ол арқалы орындыққа жайғасып: “Ал, тарт”, – дедi. Менiң саусақтарым домбыраның пернелерiн қуалап, қос iшектен шыққан қоңыр үннiң күмбiрi Асекеңдi елiтiп ала жөнелдi. Күйдiң соңғы иiрiмiн аяқтап, қалғып кеткен жандай көздерiн жұмып отырған Асекеңе қарадым. Ол қалың қабағын серпiп жiберiп, көздерiн ашты. “Әбдiмомын, мына күйiңде тұнып тұрған тарих бар ғой. Төле бидiң заманы секiлдi. Биiң толғап тұр ғой. Кей тұсында сенiң оған сағынышың да бар секiлдi. Жоқтап жүрсiн-ау” – дегенде қолынан қалай шап берiп ұстай алғанымды өзiм де байқамай қалдым. Асекең де арқалы жан ғой. Көкейiмдегенi дөп басып айтқанын қарашы. Көзiмнен жасым шығып кете жаздады. “Рахмет, көке! Әулие адам екенсiз!”

Бiр жылдан соң Шуда Төле би бабамыздың 330 жылдық тойы болды. Қазақстанның барлық облыстарынан қонақтар келдi. Өзiм құрған аудандық халық аспаптар оркестрi “Төле би толғауын” тойға шашу ретiнде орындады.

– Сiздiң күй ғана емес, ән де шығаратыныңызды жақсы бiлемiз. Халық аспаптары оркестрiнен басқа, “Шу еркесi” ән-би ансамблiн де құрып, кезiнде екеуiне де халықтық атақ алып бердiңiз. Бұл бiр аудан үшiн зор жетiстiк. Әндерiңiз облысқа, республикаға белгiлi. Осының бәрi Өнер институтынан алған бiлiмiңiздiң нәтижесi болар.

– Мен Өнер институтын бiтiрмей кеткен жанмын. Алғашқы курста профессор Құбыш Мұхитановтың домбыра класында оқығаным бар. Мiнезiм шатақ болған соң қайтейiн. Әркiммен төбелесiп институттан шықтым. Өздiгiмнен кiм көрiнгенге ұрынған емеспiн. Ал намысыма тигендердiң жағасына жармастым. Бiреудi жеңдiм, бiреуден жеңiлдiм. Бiрақ жасқанып тiлiмдi тартқан емеспiн. Қазiр де оңып тұрған мiнезiм жоқ. Басымнан сөз асырмаймын. Жұрт мiнездi түзеуге болады дейдi. Ал мен мiнезiмдi өзгерте алмадым. Сол баяғы Желдiбаев қалыпымда қалдым. Сүтпен кiрген мiнез, сүйегiммен бiрге кетедi-ау, сiрә.

Ана бiр жылы мүйiздерi қарағайдай бес жазушы СССР Жоғарғы Советiне хат жазып, Бауыржан Момышұлына Советтер Одағының Батыры атағын берудi өтiнiптi. Қол қойғандардың iшiнде Ғабит Мүсiрепов те бар екен. Жазушы Әзiлхан Нұршайықов хаттың көшiрмесiн Баукеңе әкеп көрсеткен ғой. “Мүсiрепов те қол қойған ба?!” – деп батыр таңданғандай сыңай танытқан. Сонда Әзiлхан: “Бауке, көмейiме бiр сұрақ келiп тұр. Соны сiзге қоюға рухсат етiңiз”, – дейдi. Баукең: “Сұрақ болса қой”, – деген. “Ғабеңнiң хатқа қол қоятынына неге күмәндандыңыз?” Баукең оған жалт қарап: “Бәрiне кiнәлi мынау”, – деп тiлiн шығарыпты.

Менiкi де сол. Тiл балдан да тәттi, тұздан да ащы. Осымен әңгiмемiздi тәмамдайық. Шығармашылық кешiмнiң басталатын уақыты болды. “Түркiстан” газетiнiң оқырмандарына, ән-күй сүйер қауымға менен сәлем.

– Сiзге рахмет! Сәлемiңiздi жеткiзуге тырысамын.

Сұхбатты жүргiзген Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ