БIЛIМ САЛАСЫН ТҰҚЫРТҚАН МӘСЕЛЕ

БIЛIМ САЛАСЫН ТҰҚЫРТҚАН МӘСЕЛЕ

БIЛIМ САЛАСЫН ТҰҚЫРТҚАН МӘСЕЛЕ
ашық дереккөзі

Түймебаевқа жүктелген мiндет көбейдi

Соңғы кезде бiлiм саласы төңiрегiнде дау-дамайға толы әрi кикiлжiң тудыратын мәселелер жиi орын алатын болды. Әдетте, мұндай көңiл қынжылтарлық жағдай — министрлiк тiзгiнiн ұстай қалған басшылардың тықпалай келген реформасынан бастау алып жататыны жасырын емес. Жаңа министр таққа отырғанда тым құрығанда бiр жаңалық әкелуiм керек деген жаттанды, қанға сiңiп кеткен әдетке басады ма, әйтеуiр, басы бар, аяғы жоқ бағдарламасын тықпалаудан жалықпайды. Бiрi — батыстық бiлiм беру технологиясы — ұлттық бiрыңғай тестiлеудi (ҰБТ) енгiзуге жандәрмен боп кiрiссе, екiншiсi — он екi де бiр құралы жоқ әрi жеткiлiксiз бiлiм ошақтарын 12 жылдыққа бағыттаймыз дегенiмен қоймай, “Бiз бұл үрдiстi қабылдауға дайынбыз!” деп көлгiрсiдi. Алайда, сөз бен iстiң арасы алшақ.

Ол аздай, бiз бiлiм беру жүйесiнде немiс үлгiсiндегi классикалық университет үлгiсiнен англосаксондық тәсiлге көштiк. Яғни, кеңестiк бiлiм беру жүйесiнен арылып, батыстың көбiне керi кеткен тұстарын бойымызға сiңiрдiк. Нәтижесiнде елiмiздiң жоғары оқу орындарына кредиттiк технологиялық бiлiм беру жүйесi енiп, жекеменшiк оқу орындары жауыннан кейiнгi саңырауқұлақтай (оның iшiнде лицензиясы жоқ, заңсыз) қаптап кеттi. Әсiресе, тек экономикалық бiлiм берудi мақсат тұтқан жоғары оқу орындары заң немесе туризм саласы мамандарын дайындауға бiлек сыбана кiрiстi. Кезiнде өз тарапынан жiтi қадағалауды уысынан шығарып алған Бiлiм және ғылым министрлiгi мәселе шарықтау шегiне жеткенде ғана былық-шылыққа толы ЖОО-ын жаппай тексерiп, көбiнiң есiгiне қара құлып салды. “Екi түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледi” демекшi, айналып келгенде бұдан басқа емес, студент қауымы жапа шектi. Негiзi ЖОО-на лицензия берместен бұрын оның оқытушылар құрамы, материалдық, базалық жағдайы арнайы тексеруден өтуi керек. Ал бiзде керiсiнше, алдымен лицензия бередi де, тексерудi екiншi кезекке қояды. Сөйтiп, өз бетiмен кеткен бей-берекетсiздiктiң салдары несие бойынша бiлiм алатын студенттiң ЖОО-на төлейтiн ақысының да жылдан жылға шарықтауына әкелдi. Ресми деректерге сүйенсек, 1995 жылы ақылы оқу бағасына студент жылына 25-30 мың теңге төлесе, 2005-2006 жылдары 150-170 мың теңге шамасына жеткен. Ал қазiр қаржы дағдарысы екi бүйiрден қысқанына қарамастан, бұл баға әп-сәтте 220-335 мың теңгеге бiр-ақ секiрiптi. Әрине, бiлiм алу үшiн қалтасындағы соңғы ақшасын қағып оқып жатқандар бұны бүгiнге дейiн төлеп келдi де. Бiрақ мынау қаржы дағдарысы деген “жұт” әурелеңге салған уақытта “Адамның бiр қызығы бала деген, баланы оқытуды жек көрмедiм…” дейтiн ата-ананың әбден тығырыққа тiрелгенi соншалық, баласы үшiн сүтiн iшiп отырған жалғыз сиырына дейiн сатуға мәжбүр болып отыр. Тiптi, басқасын қойып, “балам үшiн бүйрегiмдi сатамын” деген ата-ананың сөзiнен шарасыздықты аңғарасың. Ендiгi көмектi билiктен ғана күтетiн ата-аналар жақында төтенше комитет құрып, Үкiмет басшысына үндеу жолдады. Ақшадан қысылған олар: “Жоғары оқу орны басшылары оқу ақысын негiзсiз өсiруде. Әу баста жасалған бiржақты келiсiм-шартты қалаған кезiнде бұза салады…” деп бiрауыздан оқу ақысын төмендетудi және оны төлеудi үш-төрт жылға шегере тұруын сұрады. Өйткенi, тек биылғы оқу жылының өзiнде ақшасын төлей алмаған 7 мыңнан астам студент оқудан шығарылған екен.

Естерiңiзде болса, мұның алдында Мәжiлiс депутаты Сағынбек Тұрсынов ата-ана мен студенттер тарапынан түскен шағымдарға байланысты Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң атына депутаттық сауал жолдап, онда елiмiзде бiлiм алып жатқан 200 мыңнан астам студенттiң оқу ақысын төлей алмауынан оқудан шығып қалу қаупi бар екенiн жеткiзген едi. Бүгiнде елiмiздегi 140 жоғары оқу орнында 633 814 студент оқиды. Оның 118 629-ы мемлекеттiк грант бойынша, 505 323-i ақылы негiзде бiлiм алуда. Алайда, бiлiм ақысының күрт қымбаттауына байланысты көптеген студент оқуының ақшасын төлей алмайтын жағдайға жеткен. Алматы қаласының белдi 10 жоғары оқу орнында жұмыс iстеп жатқан студент омбудсмендердiң мәлiметiнше, 2008-2009 оқу жылының күзгi семестрiнде Алматының өзiнде оқу ақысын төлей алмағандықтан емтиханға жiберiлмеген студенттердiң саны 85 мыңнан асқан. Тек бiр ғана Басқару академиясында бiр факультеттегi 50 студенттiң 30-ы осындай жағдаймен емтихан тапсыра алмапты. Бұл мәселе, тiптi, облыс аймақтарындағы ЖОО-да қиын жағдайға жеткен. Егер тез арада мәселенiң шешiмi табылмаса, ақы төлеп оқитын студенттердiң 40 пайызы келесi сессияға жiберiлмейдi. Бұл 200 мыңнан астам студент” деген-дi депутат.

Бiз бүгiнгi таңдағы өткiр әрi өзектi мәселеге арнап депутаттық сауал жолдаған Мәжiлiс депутаты Сағынбек Тұрсыновпен тiлдескенiмiзде, Үкiметке арнап жолдаған депутаттық сауалын толықтыра түстi.

– 200 мың студенттiң жағдайы мүшкiл. Олардың оқудан шығып қалуы туралы студенттiк омбудсмендер (студенттердiң құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдар) мен ата-аналар арыз-шағым түсiрдi. Кейбiр ЖОО оқу ақысын жоғарылатып жiбергендiгiн, оны төлей алмай отырғандығын айтыпты. Мiне, соған байланысты депутаттық сауал жасауыма тура келдi. Министрлiк дәрменсiздiк танытып отыр. Яғни, бұл мәселенi министрлiк шеше алмағандықтан, арыз-шағым Адам құқығын қорғау комиссияның төрағасы және депутат ретiнде маған түсiп жатыр. Бiр қуанғаным, бұл мәселеге Үкiметтiң араласуының арқасында қозғалыс байқалды. Премьер-министр Түймебаевқа арнайы тапсырма берiп, “төлемақы берейiк, тағы да басқа жолдарын қарастырайық, бұл студенттер оқуын жалғастыруы керек, қажет болса оқу ақысын қайтадан қарастыру керек” дедi. Ал, бұдан бұрын Алматыға министрдiң орынбасары Күләш Шәмшидинова келгенде, көзiмiзше “бәрi шешiледi..” деп студенттердiң мазалаған сұрағына жауап бердi. Бұл бiр. Екiншiден, 200 мың студент деген ойдан алынған жоқ. Мұның iшiне мемлекеттiк, жекеменшiк, министрлiкке қарайтын ЖОО кiредi, яғни, мемлекет бойынша алынған көрсеткiш. Наурыз айында Адам құқығын қорғау комиссиясына Бiлiм және ғылым министрлiгi есеп бередi. Сол кезде сұрақ қоямыз, олар жауап беретiн шығар. Қысқасы, бiз бұл жайтты жiтi бақылауға алдық.

– Дегенмен, елiмiздегi ЖОО-да бiлiм алу құны шетелдiк ЖОО бағасымен пара-пар екен. Бұл жерде айтайын дегенiм, бiздiң ЖОО беретiн бiлiм айтарлықтай сапалы ма?

– Шетелдiкiндей етiп, солардың дәрежесiне жету керек деп интеллектуалды мектептер ашылып жатыр ғой. Ал бiрақ дәл солар сияқты бiлiм беруге бiздiң жағдайымыз жоқ. Кейбiр ЖОО-да оқу ақысының көлемi Еуропа, Азия елдерiндегi, мәселен, Оксфорд, Пекин университеттерiнен де асып түскен. Ал ата-ана болса, баласының ақшасын төлеймiн деп қолындағы бар малын сатып, үлкен несие алуға тура келген.

700 ГРАНТ ҚАНША СТУДЕНТТIҢ ЖЫРТЫҒЫН ЖАМАЙДЫ?

Ақылы бөлiмде оқитын студенттердiң жағдайына байланысты жасалған депутаттың сауалынан кейiн Алматыға Бiлiм және ғылым министрiнiң орынбасары Күләш Шәмшидинова келiп мәселенiң мән-жайына қаныға келе, “ақшасын төлей алмаған студенттерге төлеу мерзiмiн ұзартуға рұқсат беремiз. Бiрақ оқу орны ақшасын бiрден түсiре алмайды. Алайда, бiз ректорлаға мүмкiндiктерiңiз болса, студенттерге көмектесiңiздер деп айтамыз” деп басу айтқан едi. Iзiнше ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң кеңейтiлген алқа мәжiлiсiне қатысқан Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов оқу ақысын төлей алмаған студенттердiң оқудан шығарылу мәселесiнiң мән-жайын анықтауды тапсырды. “Осыған қатысты көптеген сұрақтар туындауда, әсiресе, Алматы қаласының студенттерi арасында оқудан шығарылу оқиғалары жиiледi деп наразылық бiлдiруде. Бұл тiптi экономикалық мәселеден саяси мәселеге айналып барады”, – дедi ол министрге қаратып айтқан сөзiнде. Министрлiк оқудан “қуылған” 7 мың студенттiң 3 мыңының оқу үлгерiмi нашар болды дейдi. Жарайды, солай-ақ болсын, сонда қалған төрт мың студенттiң халi нешiк? Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовтi де мазалаған сұрақ осы едi. “Бұл мәселенi ұзаққа созып, ушықтыруға болмайды. Шешiмiн тез арада табыңыздар. Адам жұмыссыз қалды, екi жақтан қысқан ипотекалық несиесi бар, баласының оқуының ақысын төлей алмай тағы қысылады. Егер менен көмек керек болса, мен қол ұшын созуға дайынмын, тек бұл мәселенi өз бетiмен жебермеңiз, Жансейiт Қансейiтұлы!” деп нықтап айтты. Ал Бiлiм және ғылым министрi Түймебаев: “Жоғарғы оқу орнында ақылы бөлiмде студент болу бұл ерiктi iс. Оны ешкiм зорлаған жоқ. Келген адам оқу керек. Егер бiлiмiн көрсетпесе, оқудан шығады, ал жақсы оқитындар үшiн 700 грант беремiз” деп әңгiменiң ашығына көштi.

Әрине, бұл тығырықтан шығудың бiр жолы ғана. Десек те, бұл саусақпен санарлық грант осы көмекке аса мұқтаж студенттерге берiле ме? Бүгiнгi күнге дейiн 7 мың студенттiң оқудан шығып қалғанын ескерсек, бұл келешекте оқудан шығып қалуы бек мүмкiн 85 мың студенттiң қайсысының жыртығын жамайды?

200 МЫҢ ТЕҢГЕНI БIРДЕН ТӨЛЕУ ОҢАЙ МА?

… Мәселенi дер кезiнде шешуге деген министрлiктiң талпынысы қуантты. Егер дерттiң алдын алмаса, депутат Сағынбек Тұрсынов айтпақшы, 200 мың студенттiң басына қара бұлт үйiрiлетiн күн алыс емес едi. Әйтiп-бүйтiп жүрiп ақша десе жүректерi шайылып қалған ата-ана мен студенттердiң зары билiкке де жеттi. Ендi Премьер мен министрдiң сөзi жерде қалмай, студенттердiң уайым-қайғысыз бiлiм алуына жағдай жасап, оқу ақысының мөлшерiн азайтса құба-құп. Айтпақшы, оқу ақысы дегеннен шығады, 2007-2008 оқу жылында Қазақ көлiк және коммуникация академиясының ақылы бөлiмiне түскен iнiм оқуға түскен кезде 200 мың теңге төлесе, бұл 2008-2009 оқу жылында 208 мың теңгеге шығыпты. Ипотекалық несиемен баспаналы болып, төрт баласын бағып-қағып, оқытып-шоқытып отырған отбасыға бұл ақшаны табудың өзi ауыр тидi. Әйтеуiр, баласының қатарынан кем болмай, бiлiм алып, оқудан шығып қалмауына тырысқан ата-ана қарызданып-қауғаланып төлеп жүрдi. Десек те, отбасылық жағдайы ескерiлмейтiн студент оқуды бiтiргенше, оқу ақысын үстеме бағамен төлеуi керек пе? Тiптi, қазiр кейбiр ЖОО-дағы орташа ақылы бiлiм 220-230 мың теңгеге дейiн жеткен. Дағдарыс шарпыған сайын, қол жетпес шыңға өрмелеп бара жатқан ақылы оқудың студентке сiңiретiн бiлiмi соншалықты сапалы ма?

Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiмдi кадрларды даярлауды ұйымдастыру Басқармасының бастығы Галина Құлымбаевадан ақылы оқу құнының жылдан-жылға шарықтау себебiн сұрағанымда, мынандай жағдаяттарды көлденең тартты. Оның сөзiне қарағанда, ҚР “Бiлiм туралы” Заңына сәйкес, ақылы бiлiм беру қызметтерiн көрсету шарты бойынша бiр бiлiм алушыға жұмсалатын шығын бiлiм беру грантының мөлшерiнен кем болмауы тиiс екен.

– Бiлiм беру гранты бойынша оқу ақысының мөлшерi Үкiмет қаулысымен бекiтiледi. Мамандарды даярлау шығынының тiзiмi мемлекеттiк жоғары бiлiмнiң жалпыға мiндеттi стандарттарының орындалуын қамтамасыз ететiн қажеттiлiктер бойынша дайындалады. Оған профессор-оқытушылар құрамының айлық жалақысы, әлеуметтiк салық, студенттердiң кәсiби iс-тәжiрибесiне жұмсалатын шығындар, коммуналды қызметтер, оқу-әдiстемелiк құралының сатып алынуы, т.б. сапалы оқу процесiн қамтамасыз ететiн шығындар есепке алынады. Оқу ақысының мөлшерiн белгiлейтiн бұл көрсеткiштер оқытушылар жалақысының есептелуiнде қолданылатын базалық жағдайы мөлшерiнiң және тұтынушы бағасының жыл сайынғы өсуi оқу ақысының да құнына ықпал етедi. Мәселен, 2009 жылы оқытушының жалақысының өсуi грант мөлшерiнiң артуына себеп болды. Биыл грант мөлшерi 21, 3 пайызға (2008 жылы бұл 187,6 мың теңгенi құраса, 2009 жылы – 227,6 мың теңгеге жеттi) өстi. Әрине, бұл кезде ақылы бiлiм құны да көтерiледi. Аз ақшаға бiлiктi мамандық бойынша толық бiлiм алу мүмкiн емес. Оның үстiне бiлiм беру қызметтерi үшiн төленетiн ақы мөлшерiнiң жөнсiз артуына тосқауыл қою үшiн заңнама негiзiнде нормалар бар. Бұл бойынша бiлiм алушы бiлiм беру қызметiн көрсету шартында оқу мезгiлi бойынша белгiленген оқу ақысының көлемiн толық төлеген жағдайда, оның мөлшерi өзгерiссiз қалады. Ал студент жыл сайын немесе жарты жылда, тiптi тоқсан сайын бөлiп төлесе, инфляция мен оқытушы жалақысының өсуiне байланысты оқу ақысына үстеме қосылады. Мемлекеттiк ЖОО министрлiкке ақылы бiлiм беру қызметiн көрсету бағасының прейскурантын келiсу үшiн жiберсе, жекеменшiк ЖОО оқу ақысын студент пен ЖОО арасында жасалатын шарт негiзiнде белгiлейдi.

200 мың теңгенi ә дегеннен кiм төлеп тастайды? Әрине, ақшасы бар қалталы отбасы ғана. Әйтпесе, ата-ана ақшасы бола тұра баласын да, өздерiн де әуре-сарсаңға салып қоя ма? Әрбiрден соң, несие арқылы баспана алып әрi баласын ақылы оқытып жатқан көп балалы отбасы бiр ғана 200 мыңды жылына әрең тауып төлеп отырған жоқ па?

МҰҒАЛIМДI АТТЕСТАЦИЯЛАУ – 2010 ЖЫЛҒА ШЕГЕРIЛДI

Кешегi аптада шешiмiн тапқан тағы бiр мәселе – мұғалiмдердi тест арқылы аттестациядан өткiзу шарасына бiр жылға дейiн нүкте қойылды. Үкiмет басшысының бұндай шешiм қабылдауына ұстаздардың шағымы себеп болған. Аттестациялау дұрыс екендiгiн, бiрақ мұғалiмдер тарапынан “ауылда онсыз да мұғалiм жетпей жатқанда, аттестация өткiзудiң қажетi қанша?” деген сыңайдағы наразылықтың барын айтты. Ал Бiлiм және ғылым министрi мұндай тәжiрибе, яғни жұмысқа аларда және белгiлi бiр уақыттан кейiн бiлiктiлiктi тексерiп отыру әлемнiң көптеген дамыған елдерiнде бар екендiгiн, ал аттестациялаудың бiр тармағы – тестiлеудегi 40 сұрақ мұғалiмдердiң мектепте оқушыларды өздерi оқытып жүрген оқу бағдарламасынан алынғанын айтып, Елбасының өзi елдегi бiлiм жүйесiн халықаралық стандарттарға бағдарлау мiндетiн қойғанын алға тартып едi, бiрақ Үкiмет басшысының кесiмi қысқа да нұсқа болды. “Аттестацияны 2010 жылдан бастап өткiземiз, биылша тоқтатылсын”, – дедi Премьер-министр. Тағы бiр жайт – Министрлiкке жергiлiктi әкiмдiктермен бiрлесiп, бүгiнгi жағдайда халықтың жұмысқа қабiлетсiз болып қалуы мүмкiн санаттары үшiн мектептерде балаларды жергiлiктi бюджет есебiнен тамақтандыру iсiн ұйымдастыру мәселесiн қарастыруды және тиiсiнше ұсыныс жасауды тапсырды.

Сонымен, биыл бiлiм министрлiгiне жүктелген мiндет жетерлiк. Мектептердiң жиырма үш пайызы күрделi жөндеу жұмыстарын қажет етсе, елiмiздегi бiлiм ұяларының 65 пайызы әлi күнге екi ауысыммен бiлiм бередi. Оның 202-сi апатты жағдайда. Қысқасы, болжам бойынша әлi 120 мың оқушыға орын жетiспейдi екен.

Аузымызды қу шөппен сүрте бермейiк, былтырғы жылды қорытындылаған министр Жансейiт Түймебаевтың айтуынша, тышқан жылы бiлiм беру саласы үшiн табысты болыпты. Оның айтуынша, биыл ЮНЕСКО-ның бiлiмдi дамыту жөнiндегi 2009 жылғы жаңа индексiне сәйкес Қазақстан 129 елдiң iшiнен 1-шi орынға иелiк етсе, бiлiм жетiстiктерiн бағалау жөнiндегi халықаралық қауымдастықтың қорытындысы бойынша, бiздiң жас математиктерiмiз АҚШ, Германия, Италия секiлдi алпауыт елдердi артқа тастап, әлем бойынша 5-орын, жаратылыстану пәнi бойынша 11-орын алып, жалпы есепте 7-орынға шыққан. Ал жалпы сауаттылық деңгейi бойынша елiмiз 177 мемлекеттiң iшiнде 14-орынды иеленiптi. 2008 жылы отандық бiлiм беру саласын қаржыландыру деңгейi 25,7 пайызға өсiп, 627,3 млрд теңгенi құрапты. Бұл да болса, түйткiлдi мәселеден көз ашпайтын министрлiк үшiн жағымды жаңалықтың нышаны.

22 СТУДЕНТТIҢ АҚШАСЫН КIМ ИЕЛЕНIП КЕТТI?

Былық-шылықтың бәрi осы бiлiм саласынан шығып жатыр. Былтыр “Қазақстанда мемлекеттiк ЖОО тегiн болуы тиiс” деп басқосу өткiзген оқу орны профессорлары мен Қазақстан Мұсылмандар одағының мүшелерi бастама көтерген едi. “Елiмiз шикiзат көзiне бай әрi әлеуметтiк-экономикалық жағдайы қарыштап келедi. Сондықтан да үкiметiмiздiң бiлiм алуға құштар жастарды тегiн оқытуға жағдайы толық жетедi” деп үндеу жасаған бастамашыл топтың iшiнде Орталық Азия университетiнiң ректоры, демограф-ғалым Мақаш Тәтiмов те бар едi. Ал жақында бiлiм беру жүйесiн сынға алып, арзан бағамен оқу үлгiсiн ұсынып жүрген ректор басқаратын оқу орнынан бiр шидiң шыққанын естiген едiк. Дәлiрегiнде, Орталық Азия университетiнiң сырттай бөлiмiндегi 22 студент бұған дейiн пәленбай ақша төлеп оқып келсе де, “студент” деген атқа лайық емес боп шыққан. Яғни, аталмыш оқу орнына бұған дейiн пәленбай ақша құйып, сессиясын тапсырып жүрген студенттер ешбiр тiркеуге алынбағанына көздерi жеткен. Қысқасы, олардың ақшасы университетке емес, бәзбiреулердiң қалтасына түсiп отырған. Бiз бұл әңгiменiң анық-қанығын бiлгiмiз кеп, Орталық Азия университетiнiң ректоры Мақаш Тәтiмовтiң өзiне хабарластық.

– Мақаш аға, осы әңгiме рас па? Бiз қолда бар ақпаратты анықтайын деп едiк…

– Мен бұл iске мүлдем араласпаймын. Бұл – құрылтайшылардың жасап отырған iсi. Ақшаны солар тексередi, солар жинайды. Барыңыз да солардан сұраңыз. Мен өз жалақымды ғана алатын адаммын. Ал негiзi жаңағыдай оқиғаның болғаны рас. Мұндай жағдай басқа ЖОО-да да бар ғой.

– Университеттiң құрылтайшысы кiм?

– Оны айтпаймын. Не iстейсiң? Одан да халықтың саны, санақ туралы сұрамайсың ба? Соған жауап беруге дайынмын.

– Ал ақылы бөлiмде оқитын студенттердiң жағдайы қандай?

– Қазiр ақылы бөлiмде оқитын студенттердiң мәселесi министрлiкке, Үкiметке жеттi. Қаржы дағдарысы кезiнде оқуының ақшасын төлей алмай жүргендер тiптен көбейедi. Соның кесiрiнен шығып та қалады.

– Сiздiңше, ақылы оқу ақысы қанша болуы керек?

– Негiзi бiлiм жүйесiнiң өзiнiң белгiленген тәртiбiне сәйкес, 185 мың теңгеден кем болмауы керек.

– Талапкер оқуға түскенде бiр бағамен түссе, бұл бiтiргенше өсiп отырады. Бұл дұрыс па?

– Бiз кезiнде бiлiм жүйесiне “Талапкер оқуға неғұрлым жоғары баллмен түссе, соғұрлым аз ақшамен төлесiн, ал нашар оқитындардан көп ақша алу керек” деген ұсынысты енгiзудi сұрадық. Егер бұл үрдiс жүйеге енгенде, жақсы болар едi. Сонда студент өздiгiнен үздiк оқуға ұмтылып, тырысар едi.

ТҮЙIН. Ата-ана мен студенттердiң жан-айқайы билiктiң құлағына жетiп, шұғыл шаралар қабылдануда. Депутат С.Тұрсынов мысалға келтiрген 200 студенттiң тағдыры 700 грант пен жеңiлдетiлген несие арқылы шешiледi деп күтiлуде. Алайда, министрлiк тiзгiнiн ұстағалы берi сыннан сүрiнбей өтiп келе жатқан Түймебаевтың бұл шаруаларды аяғына дейiн жеткiзуге қауқары жете ме? Ол жағы әзiрге беймәлiм…

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ