Түнгі клубтарда тірідей өртенгендер саны жыл өткен сайын көбеюде

Түнгі клубтарда тірідей өртенгендер саны жыл өткен сайын көбеюде

Түнгі клубтарда тірідей өртенгендер саны жыл өткен сайын көбеюде
ашық дереккөзі

Өткен сенбіде Тайваньның Синьбей қаласында орын алған қайғылы оқиға ешкімді бейжай қалдырмады. Қаладағы ойын-сауық орталықтарының бірінде болған жарылыстан 474 адам зардап шеккен. Бұл – құқық қорғау қызметкерлері ұсынған алғашқы деректер. Алайда соңғы мағлұматтар бойынша, зардап шеккендер саны 498-ге жеткен, оның 202-нің жағдайы тым ауыр. Жарылыс болған уақытта 1000-ға жуық адам сахна төрінде билеп жатқан екен. Би алаңындағы мұндай оқыс оқиға әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып, қаншама жас жеткіншек қыршынынан қиылды. Бұған не себеп? Мұндай орындардағы қауіпсіздік мәселесі ешкімді алаңдатпай ма?

Синьбейдегі сауықтың соңы

Әуелі, Тайваньдағы оқиғаның жігін ажыратып көрелік. Жарылыс Синьбей қаласындағы «Formosa Water Park» аквапаркінде «Color Play Asia» бояу фестивалі өтіп жатқанда орын алған. Мамандар оттың тұтануына белгісіз бір ұнтақ әсер еткендігін айтады. Көңіл көтеріп жүрген халықтың үстінен шашылған ұнтақтан кейін іле-шала өрт басталып кетіпті. Әдетте, «Color Play Asia» мерекесі қарсаңында тұрғындар музыкалық шоу өтіп жатқан сахнаның алдында түрлі-түсті бояу ұнтақтарын шашады. Жергілікті билік жарылыстың темекі тұқылынан шығуы мүмкін екендігін де айтып отыр. Өрттің шығу себебін нақты анықтамаған полиция қызметкерлері аквапарктің екі жұмысшысын, іс-шараның ұйымдастырушыларын, екі техникаға жауапты мамандарды тергеуде. Құқық қорғау қызметкерлерінің айтуынша, оларға өз ісіне жауапсыздықпен қарағаны үшін айып тағылуы бек мүмкін. Аяқ астынан басталған өрт кезінде абдырап қалған жұрт жан-жаққа қашқандарымен, денелерінің ашық жерлері түрлі жарақат алып, күйік шалған. Зардап шеккендердің көпшілігі жергілікті тұрғындар, сондай-ақ, олардың қатарында Гонконг, Қытай, Сингапур, Жапония және Малайзия секілді шет мемлекеттердің 13 азаматы бар. Қазіргі уақытта 182 адам терапия бөліміне жеткізіліп, 60 адам медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне қайтарылды. Синьбей қаласының мэрі Эрик Чжу Лилунь орын алған бұл жағдайды «қала тарихындағы ең үлкен қайғылы оқиға» деп бағалады. Өткен аптада орын алған бұл жарылыстың себеп-салдары қазір тексерілуде. Әзірге оқиғаның нақты сыры ашылған жоқ. Жазықсыз жапа шеккен жандар үшін ешкімнің де мойнына жауапкершілік алмайтыны айтпаса да түсінікті. Мерекені тойлауға жиналған жұрт сауық кешінің соңында аурухана төсегінен бір-ақ шығатынын білген де жоқ. Ал әлем халқының назарын аудартқан Тайваньдағы бұл оқиға үшін кімдер жауапты? Бұл оқиғаға қатысты болжам жасау қиындау. Би алаңындағы өрттің белгісіз бір ұнтақтың әсерінен туындауы мүмкін бе? Егер бұл ұнтақ жыл сайын «Color Play Asia» фестивалі аясында қолданылып жүрген болса, қауіп қайдан келген? Әзірге бұл сауалдардың жауабы Тайвань полицейлерінің толық тексеруінен кейін ғана белгілі болмақ.

Сауық кештері қауіптің де көзіне айналды

Ойын-сауық орындарындағы мұндай қайғылы оқиға осыдан екі жыл бұрын Бразилияның Санта-Мария қаласында орын алып, әлем жұртшылығын есеңгіреткен еді. Санта-Мариядағы түнгі клубтардың бірінде пиротехникалық шоудан өрт туындап, 232 адамның өмірін жалмады. Жарақаттанғандар саны – 113, ал қаза болғандардың 120-сы ер адам, 112-сі әйелдер екен. Оқиға кезінде клубта 2000-нан астам адам болған. Сауық құрамын деп, жарық дүниемен қоштасқандардың басым бөлігі – жастар. Түнгі клубта дәл сол күні студенттік кеш ұйымдастырылыпты. Осы кеште өнер көрсеткен рок топтары сахнада петарда жаққан сәтте өрт басталып, аздаған уақыт ішінде қызыл жалын клубты түгел шарпиды. Өйткені клубтың қабырғасы мен төбесі тез жанғыш материалдан жасалған. Жалпы, түнгі клубтардағы көңіл көтерудің бір әдісі – пиротехникалық шоулар ұйымдастыру. Егер клубтың қожайындары мұндай шоуларды ұйымдастыруға рұқсат беретін болса, құрылыс жұмыстары кезінде осы жайттарды неге ескермеген? Әлде оларға түнгі клубқа келушілердің тағдыры маңызды емес пе? Ең сорақысы, бұл түнгі клуб ол уақытта лицензиясыз жұмыс істеген.

Жастар бас қосқан түнгі клубтағы қайғылы оқиға 2009 жылы Ресейдің Пермь қаласында да болған. Түнгі клубты жайлаған қызыл жалын 100-ден астам адамның өмірін қиып кетерін ол кезде ешкім сезбеген де еді. Пермьдегі «Храбрая лошадь» түнгі клубындағы өртке себеп болған да – отшашу. Пиротехникалық шоу ұйымдастырған түнгі клубтардың барлығында мынадай жағдай қайталана бермес үшін бір әрекет жасау керектігін ешкім ескермей жатқаны өкінішті-ақ. Ресейдегі қайғылы оқиғадан кейін түнгі клубтың иелері мен ғимаратқа отшашу орнатқан кәсіпкерлердің біразы қамауға алынған болатын. Сондай-ақ, Ресей билігі түнгі клубтарды тексеріп, пиротехникалық заттарға бақылауды күшейтуге шақырды. Бірақ бүгінге дейін түнгі клубтарда пиротехникалық шоулар тоқтатылған емес.

Санта Мария мен Пермь қаласында орналасқан түнгі клубтардағы өрттің тез арада өршуіне құрылыс материалдарының дұрыс таңдалмауы себеп болған. Отшашу атылған кезде дыбыс өткізбес үшін пайдаланылған материалдарға шоқ түсіп, әрі қарай қабырғалар мен терезелердегі тез жанатын заттарға тие бастаған. Ал оқиға орнынан қашуға тырысқан келушілерге ғимарат ішінің және есіктердің тар болуы кедергі келтіріпті. Бұл жағдайлар Бразилияда да, Ресейде де қайталанған. Демек, әлем елдеріндегі түнгі кулбтарда қауіпсіздік ережелеріне, өрт қауіпсіздігіне аса үлкен мән берілмейді деген сөз. Әйтпесе, ғимараттың құрылысы кезінде-ақ әлгі қолданылған материалдардың тез жанатындығын білмеу мүмкін емес. Сауық құрып жүріп, аяқ астынан басталған өрттің құрбанына айналғандар әлемнің көптеген елінде кездеседі. 2000 жылы Қытайдың Лоян қаласындағы түнгі клубтардың бірінде тұтанған оттың кесірінен 309 адам, 2008 жылы Шэньчжэнь қаласындағы «Вуванг» клубында 43 адам ажал құшты. 2003 жылы АҚШ-тың Род-Айленд штатындағы түнгі клубта 100 адам, 2004 жылы Аргентина астанасы Буэнос-Айрестегі «Республика Краманьон» клубында 194 адам, 2009 жылы Тайланд астанасы Бангкоктегі «Сантика» түнгі клубындағы өрттен 61 адам көз жұмған. Осы тектес қайғылы оқиғалардың бізге беймәлімі қаншама.

Әлемнің түкпір-түкпірінде орын алған осындай қайғылы оқиғалардан қаза тапқандар саны лаңкестік әрекеттер мен түрлі апаттардан жан тапсырғандардан әлдеқайда көп екен. Демек, ең қауіпті жерлердің бірі – түнгі клубтар болғаны. Жалпы, адам өліміне апарып соғатын жағдайлар түнгі клубтарда жиі орын алатыны жасырын емес. Бірақ мұның себебін анықтап, астарын ақтаруға тырысып жатқан ешкім жоқ. Түнгі клубтардағы бейберекетсіздіктің күн санап артуы да сондықтан. Бүгінге дейін жіберілген қателіктерді қалпына келтіріп, қауіпсіздік шараларын күшейткенмен, бұл оқиғалар толастар емес. Әп-сәтте ондаған, жүздеген жанның өмірін қиған мұндай жағдайларға қалайша жиі жол беріледі? Түнгі клубтарда мұндай оқиғалардың жиі қайталануына не себеп? Санамызда сайраған сауал көп болғанымен, оған алатын мардымды жауап ешкімде жоқ. Мүмкін, түнгі клубтардағы қайғылы оқиғаларға мұндай ортаның жын-ойнаққа айналуы, мұндай орында күнәнің көп жасалатындығы әсер етіп жатқан болар.

Түнгі клубтағы тәртіпсіздік

Түнгі клубтарда оқыстан пайда болатын өрттің өте қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Ал қазір мұндай орындарда жастардың «жынды суды» сіміріп алып, тәртіп бұзуы жиі кездесетін жайтқа айналды. Тіпті, сол тәртіпсіздіктердің соңы қаншама жанның өмірін өксітіп, қанашама жастың ажалына себеп болды.

Үстіміздегі жылы дәл осындай оқиға Алматы қаласындағы «Чукотка» түнгі клубында орын алған еді. 6 наурыз күні корпоративтен шыққан Сырым Мұратқалиев пен Евгений Фролов түнгі клубқа барған. Клубқа кірген сәтте танысын жолықтырып қалған Фролов төменгі қабатта қалып, Мұратқалиев екінші қабатқа көтеріледі. Кейін досының жанына келген Фролов оның Александр Кузнецовпен сөйлесіп тұрғанын байқайды. Жандарына келгенде Кузнецовтың өзін «Евгениймін» деп таныстырғанын естіген Фролов оның неге өтірік айтып тұрғанын сұрайды. Ал Евгений Фролов Александр Кузнецовты бұрыннан танитын көрінеді. Осыдан кейін Кузнецов түнгі клубтан шыққан Евгений мен Сырымды күтіп алып, тиіскен. Осы төбелес кезінде Сырым Мұратқалиев қаза тауып, Евгений Фроловтың қабырғасы сынып, миы шайқалған еді. Орынсыз ерегіс пен тентектің соңы бір отбасына қара жамылдырды.

Теміртау қаласындағы түнгі клубтардың бірінде де дәл осындай төбелес кезінде бір адам қаза тауып, біреуі жараланған. Бұл оқиға биылғы жылдың сәуір айында орын алды. Ішкі істер департаментінің мәліметіне сәйкес, клубқа келушілер мен күзетшілер арасында жанжал туып, соңы төбелеске ұласады. Өткен жылдың сәуір айында Атырау қаласындағы «Армада» түнгі клубында демалып жүрген екі жігіт өзара келісе алмай ерегісіп қалған. Ерегістің соңы қып-қызыл төбелеске айналыпты. Нәтижесінде жігіттердің бірі қатты зақым алып, аурухананың тіркеу бөлімінде көз жұмған. Бұл еліміздің түнгі клубтарындағы тәртіпсіздіктің әсерінен орын алған қайғылы жағдайлардың бір парасы ғана. Ал күн сайын келушілерге лық толатын клубтарда мұндай оқиғалардың қаншалықты жиі болатыны айтпаса да түсінікті.

 Түнгі клубтардағы төтенше жағдайлар мен тәртіпсіздікті жою әзірге қолдан келер іс емес. Тіпті, мұндай жағдайлардың себебі де белгісіз. Түнгі клубтардың отқа оранып, жастарды жер жастандыруы рухани азғындықтың әсері де болуы мүмкін бе? Бірақ бүтін елді имансыздыққа бастайтын орындардың санын азайту ешкімнің ойына келе қоймаған секілді. Қасиетті Құранда Алланың азабы күнә көп жасалған жерлерге келетіндігі ескертілген. Бәлкім...

Әсел ӘНУАРБЕК