6 Шілде 2015, 11:45 6328 0 Руханият "Түркістан" газетінің авторлары

Мұхамеджан Тазабек. Біздің күшіміз – келісім мен тұрақтылық

Тәуелсіздікке ширек ғасыр толар тұс – жүріп өткен жолымызға, тек қана экономикалық немесе әлеуметтік саладағы ғана емес, рухани өмірдегі даму кезеңдерімізге қорытындылай, өз-өзімізге есеп бере көз тастайтын шақ. Қай бағытқа қарасақ та, алға жылжығанымызды, биікке көтерілгенімізді байқаймыз. Соның ішінде діни кеңістіктегі жетістіктеріміз де бір төбе.

Құдайың жоқ, құраның өтірік, бабаң бөжей деп оқытқан қараңғы кезең артта қалғанмен, азаттықтың алғашқы жылдарында мемлекеттік атеизмнің зардабын кетіріп, уытын тарқату оңайға соқпап еді. Өйткені рухани ашқұрсақ елдің кез келген дін адамына деген құрметі мен пейілін теріс сенімді таратуға асыққан аяр тілді насихатшылар ұтымды пайдаланып жатты. Дегенмен, бір шүкір етерлігі, ол қиындықтан да өттік. Дәстүрлі ата дініміздің абыройы артып, халықтың діни сауаты мен рухани сүзгісі қалыптасып үлгерді.

Әсіресе қолымыз жеткен үлкен жеңіс – діни бірлестіктердің жұмысы жолға қойылды. Ал дәстүрлі ханафи мазхабын халық жадында қай­та жаңғыртуда елеулі еңбек ет­кен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қалыптасу, даму кезең­дерін бастан кешіріп, халық арасында тиісті мәртебеге ие болды. Мемлекет те өзінің діни бағыттағы стратегиясын айқындады. Дер кезінде ҚР Дін істері агенттігі құрылып, бірқатар маңызды шараларды жүзеге асырды. Енді міне, жақында бұл өкілетті құрылым жүктелген міндетін атқарып, Мәдениет және спорт министрлігі құрамындағы комитет статусына қайта оралып отыр.

Осы жылдар ішінде халқымыздың өз рухани тамыры жайлы түсінігі де тереңдей түсті. Әсіресе, Ұлт Көшбасшысының: «Біз – ханафи маз­хабын ұстанатын сүниттерміз. Біз өзіміздің мұсылман үмметі екендігімізді мақтан етеміз» деген сөзі осының көрнекі айғағы.

Әрине, толағай табыс болған жерде аздаған қиындықтар мен сынақтардың болмай тұрмасы анық. Темір перденің түрілуі біздің есік-терезені сыртқы әлемге айқара ашып берді. Мыңдаған жас шетелдегі діни білім ошақтарына аттанды. Көп өтпей әлгі оқу орындарын бітіріп келген жастар дін істеріне белсене араласа бастады. Нәтижесінде Қазақстан мұсылмандары арасында – түріктік, мысырлық, саудиялық, пәкістандық деген секілді мектептер қалыптасты.

Біздің діни алаңымызда жетпіс жыл бойы өрекпіген атеизм (воинствующий атеизм) үстемдік құрғанын ескерсек, мұндай нәтиже, яғни, мұсылман қоғамының ішінара жікшілдікке ұшырауы, мозаикалық сипаттың көрініс беруі – болмай қалуы мүмкін емес, оңайлықпен қашып құтыла алмас құбылыстар еді. Әрине, бұл өз кезегінде күрделі сұрақ туындатты.

Осы тұста бір нәрсені түсініп алғанымыз абзал. «Күрделі сауал» деп отырғанымыз не? Күрделі сауал дегеніміз – жедел арада жауап беруді және шешуші әрекеттерді талап ететін жағдай. Егер оған жауап берілмесе, шешім жасалмаса, күрделі сауал қауіп-қатерге айналады. Дегенмен мұның кері, яғни пайдалы бір тұсы бар. Күрделі сауалға оңтайлы шешім, ұтымды жауап табылса, ол жаңа мүмкіндіктер мен кең көкжиектерді ашады, тіпті кейде жеңісті нәтиженің кілтіне айналады.

Қазақстандық діни кеңістіктегі жоғарыда айтып өткен түрлі мектеп­тердің қалыптасуы – шын мәнінде күрделі сұрақ туындатқаны рас. Оның арты проблемаға ұласуы да, керісінше, қоғамның діни дамуына оң ықпал ете бастауы да мүмкін. Шындығында қандай нәтиже береді – ол біздің күш-жігерімізге, мемлекеттің діни саясатының даналық деңгейі мен көрегендік көлеміне тікелей байланысты.

Дей тұрғанмен, бүгінде жалпы қалыптасқан жағдай көңіл көнші­тер­лік. Бастысы, ең беделді діни ұйымымыз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен мемлекеттік өкілетті орган Дін істер комитетінің арасында тұрақты әрі конструктивті байланыс орнаған.

Діни сауаттылықты көтеруде, дәстүрлі исламның беделін арттыруда мүфтият талай қадау-қадау шаруалар атқарды. Жақында ғана бүкілқазақстандық имамдар съезі өтіп, «Қазақстан мұсылмандарының тұғыры», «Мұсылманның келбеті» секілді негізгі ұстындық құжаттар қабылданды. Бұл құжаттарды діни басқармамыздың ұстанымы мен исламның бүгінгі қоғамдағы рөлін айқындайтын аса маңызды бастамалар десек, қателеспейміз.

Ал Дін істері комитеті өз кезегінде зайыр­лы мемлекеттік құрылым ретіндегі орны мен жауапкершілігін сақтай отырып, мүфтияттың оңтайлы бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.

Енді біздің алдымызда жедел арада орындалуы тиіс маңызды бір меже, тек Қазақстан ғана емес, барша Орталық Азия елдері үшін өзекті тапсырма тұр. Ол – өзімізге тән, болмысымызбен біте қайнасқан орта азиялық теологиялық мектепті қайта қалыптастыру. Бұл процесте түрлі мектеп өкілдерімен жұмыс істеу арқылы қалыптасқан бай тәжірибеміз орасан пайда келтірері сөзсіз.

Біздің алдымыздағы тағы бір міндет – аталмыш діни мектептер арасында туындауы ықтимал келіспеушіліктердің алдын алу және олардың өзара диалогын орнату арқылы артығын үйрену, кем-кетігінен жирену.

Қазақстанның мұсылмандарының ынтымағын арттыруда дәл осы тәсілдің маңызы зор деп білеміз. Себебі күллі әлем ақпараттық мұхиттың бетінде еркін жүзіп жүрген; ересек адам түгіл, мектеп оқушылары ғаламның кез келген түкпірінен қалағанын көріп, ұнатқанын оқи алатын жаһандану заманында бұдан өзге таңдаудың болашағы бұлыңғыр секілді. Яғни, өз ішімізде тұйықталуға апарып соғатын кез келген әрекетте пайда да, ұтыс та жоқ. Қайта, әлемнің бір бөлшегі ретінде, сырттан алар ілім мен тәжірибенің кей тұстарын саралап, жақсысын алып, жаманын танып, оны біздің соны дәстүріміз бен менталитетімізге ыңғайлай отырып кәдеге жарату – бүгінгі заманның таңып отырған талабы.

Дін жайлы айтпағанның өзінде, кез келген саладағы тұйықталу Мемлекет басшысының алға қойып отырған елді модернизациялау стратегиясына қайшы келеді.

Елбасының келісім мен тұрақты­лық­ты сақтаудағы бірден-бір жолы – ұлттар арасындағы татулыққа барынша көңіл бөлу. Сол саясаттың жемісін бүгінде әрбір қазақстандық көріп отыр. 130 ұлт пен ұлысты ұйыстыратын осындай көреген тәсілдер дін саясатында да жүзеге асуы тиіс. Дін саясатын алсақ, тіпті, мұсылман мен өзге дін өкілдерінің арасында да терең татулық, өзара сыйластық орнаған. Оның қасында, мұсылман жамағаты арасындағы мектептердің өзара келісімге келе алмауы бізге, яғни, мұсылмандардың өзіне сын.

Дін – қоғам өмірінің ажырамас бөлшегі. Сондықтан, қоғамның басқа қабаттары секілді діни институттар да әрдайым өз-өзімен жұмыс істеуді тоқтатпай, кемелденуге, дамуға ұмтылуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, рухани сала өкілдерінің әлеумет өмірінен шеттетіліп қалуы әбден ықтимал.

Мысал ретінде имамдарды алайық. Осы заманның имамы кез келген жастағы, кез келген әлеуметтің топқа жататын адамдармен тіл табыса алатын, әрқайсысымен өз деңгейінде сөйлесіп, қажетті мөлшерде көмек көрсете білуі шарт. Ол сондай-ақ, діннің білгірі ғана емес, зайырлы өмірге қажетті бір мамандықтың иесі болса құба-құп. Айталық, Түркияда имамдық жұмысқа бекітілу үшін оның қандай да бір саланың маманы болуы талап етіледі. Әрине бұл өзге елдің тәжірибесін айнытпай көшіре салу керек деген сөз емес, әрі барлық істің бір сәтте жүзеге аса салмайтыны да түсінікті. Дей тұрғанмен, өзге елдер тәжірибелеріне сүйене отырып болашаққа айқын бағдар жасау, стратегия құру үлкен нәтиженің алғышарты екенін түсінуіміз керек. Міне сонда ғана қазақстандық имам шын мәніндегі «имам», яғни, осы сөздің тура мағынасындағыдай «алда тұрушы» деген ұғымға толық лайықты болады. Ал барлық имамдардың білігі артып, беделі көтерілген кезде біздің дәстүрлі дініміз мемлекеттің рухани тіреуіне, ұлттың рухани ұстынына айналары анық.

Бүгінде біз қазақ қоғамының қайта бір ес жию, есею сатыларына куә болудамыз. Өзімізге деген сеніміміз нығайып, тарихи жадымыз қалыпқа түсіп, болашаққа үмітпен қарай бастадық. Мұндай кезеңде ұлттың рухани негізі қандай болуы керек деген сұрақтың да жауабы, ол жауапқа жетудегі кейбір кедергілер мен проблемалар да айқындала түседі.

Қазақстандық жамағаттың бірден-бір проблемасы – шетелде білім алған кейбір қазақ жастарының ұлттық салт-дәстүрге деген теріс көзқараспен оралғаны. Қабырғалары бекіп, бұғаналары қатпаған жасында білім алуға аттанып, негізгі көзқарастары шетте жүріп қалыптасқан олар айналаға өздері білім алған ортаның өлшемімен қарауға дағдыланды. Елге келген соң да жұмсақтық пен даналыққа ұмтыла алмады, біздің салт-дәстүрдің мән-маңызы мен шығу тегіне байыптап қарауға, олардың басым көпшілігінің бастауы ата дініміз исламмен тікелей байланыста жатқанын ұғынуға шамалары келмеді, тәжірибелері жетіспеді.

Оған кейбір жастарымыздың өз тарихын, тіпті, өзінің туған тілін дұрыс білмейтінін қосыңыз. Тамырынан ажыраған қазақтарды теріс пиғылды күштердің «қазақ ешқашан шынайы мұсылман болмаған» деп сендіруі аса қиын болған жоқ және бұл жағдайды күрделендіре түсті. Нәтижесінде жиһад жасаймыз деп, шекара асып, ИШИМ-нің сойылын соғуға аттанып жатқандардың қарасы көбейді. Өйткені түбі мен тегін білмеген адам жел шайқаса құлайтын тамырсыз ағаш секілді. Ондай жандарды алдау да, арбау да оңайдың оңайы.

Осындай бір қалыптасқан жағ­дай­лар­ды саралай келгенде,­ біздің діни кеңістігімізге әлемдік орта­лықтардан ешбір кем түспейтін, әрі өзіміздің болмыс-бітімімізбен біте қайнасқан, келісім мен тұрақтылыққа негізделген өз мектебімізді қалыптастыру қажеттігі күн тәртібіне шығады. Жоғарыда айтып өткен орта-азиялық теологиялық мектеп деп отырғанымыз – осы.

Аталмыш мектептің келісім мен тұрақтылықты басты ұстаным етуі тиіс деп отырғанымыз – Елбасымыздың ұсынған «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының негізгі концепциясы осы бір ұғымдарға құрылған. «Мәңгілік ел» өткеніміз бен бүгінімізді жалғайтын, ұлттық идеяны қазақ қоғамының ядросы ретінде қалыптастыруға ықпал ететін бірден-бір бастама болғандықтан, дін істерінде де оны бағдар тұтсақ, жаңылыса қоймаймыз.

Яғни, «Мәңгілік ел» Қазақстанда қалыптасып отырған діни ахуалды келісім жолымен, қақтығыссыз шешуге мүмкіндік беретін бірден-бір идеялық платформа болғалы тұр. Бүгінде «Мәңгілік елдің» тек ғылыми ғана емес, тұрақтылық пен келісімді қалып­тастыруда стратегиялық маңы­зы бар саяси құндылығы басым концеп­ция екенін түсініп отырмыз. Елдігі мәңгілік мемлекет түгілі, ба­қыты баянды бір отбасы құру үшін оған ақылды еркек, ынсапты әйел қажет, дәстүрден ажырамаған жанашыр ата-ана керек. Ал мәңгілік ел болу үшін сондай сапалы адам, саналы ұрпақ, үлгілі отбасының көбейе түскені аса маңызды. Үлгілі отбасы қайдан шығады? Діні мен діліне берік, дәстүріне байланған, тамыры терең тәрбиеден шығады. Ал саф дін мен қайнары лайланбаған тұнық дәстүрді іздесек, қайта айналып өзіміздің орта-азиялық мектепке оралатынымыз анық. Демек, «Мәңгілік ел» идеясының орта-азиялық дәстүрлі мектебін қалыптастыру мақсатымызбен толықтай үйлесім табары сөзсіз.

Ортаазиялық мектептің мәрте­бесін көтеру, әлбетте, Ханафи мазһабы мен Матуриди мектебі негізінде жүзеге асары сөзсіз. Өйткені, ханафи мазһабы сүнниттік діни-құқықтық төрт мазһабтың арасында ең бір беделдісі болса, өзін имам Әбу Ханифаның шәкірті санаған Әбу Мансұр Матуридийдің ислам ғұламалары арасында алар орны ерекше. Исламның сенім жүйесіне қауіп төнген заматтарда сүннеттің туын көтеріп, шиизм, мутазилизм, жахмизм, каррамизм секілді адасқан ағымдарға соққы берген имам Матуриди еңбектері біз үшін қашанда құнды.

Әбу Мансұр әл-Матуридидің: «Адам қашанда еркін таңдау ықтиярына ие» деген сөзі, әсіресе, бүгінгі ХХІ ғасырда өзінің өзектілігін арттыра түсті. Осындай таңдау еркіндігінің арқасында бүгінгі өркениетті Қазақстанда демократиялық қоғам құрып отырмыз.

Қай салада болмасын келісім мен тұрақтылыққа барынша мұқтаж екенімізді сезіне отырып, біздің діни кеңістікте де ішкі қақтығыстардан, радикалды сын мен дау-дамайдан, жеке мүдде мен көзқарасқа құрылған субъективті пікірлерден бас тартқанымыз абзал. Бұқар жырау айтатын: «Айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсінге» сай, балталасаң бөлінбес бірлік пен береке сонда іргесін кеңге жая түспек. Ал Абайға жүгінсек:

Единица болмаса,

Не болады өңкей нөл?

Берекеңді қашырма,

Ел тыныш болса, жақсы сол.

Рас сөзге таласып,

Ақжем болма, жаным, кел!

Біздің жағдайда, единица дегеніміз – өзіміздің ұлттық-дәстүрлі сипаттағы ортаазиялық мектебіміз. Ендігі қалғаны – сол мектепті нығайтуға бағытталған, ашық позициямызды ұстану, сол арқылы барша ой-пікірмен санаса отырып, олардың басын қосу. Ал кімде-кім осы бір ортақ мүдделерге салғырт қараса, қоғамнан тысқары қалатынын әрі өзінің шынайы бет пердесін көрсететінін де ұмытпауымыз керек.

Мұхамеджан Тазабек

Соңғы жаңалықтар