ЖАУЫЗДЫҚ

ЖАУЫЗДЫҚ

ЖАУЫЗДЫҚ
ашық дереккөзі

АЛАКӨЛ АУДАНЫ ҚЫЗЫЛҚАЙЫҢ АУЫЛЫНДА ҰЛБАЛАНЫ ЗОРЛАҒАН ОҚИҒА ТIРКЕЛДI

"Естiмеген елде көп". "Ел құлағы елу". "Отыз тiстен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды" деген. Жақында ұлттық апталық "Жас қазақ" газетiнен "Жауқазын ғұмырды жылатқан жауыздық" атты мақаланы оқып, төбе құйқам шымырлап қоя бердi. Жазылған жайдың мән-жайына қаныға он екiде бiр гүлi ашылмаған өрiмдей қыздың тағдырымен ойнаған жетесiздердiң әрекетiне жиiркенiшпен қарадым. Неткен жауыздық десеңiзшi. "Заман не боп барады? Желiккен жастар мен жасөспiрiмдерге "әй" дер әже, "қой" дер қожа жоқ болғаны ма?" деген жауабы жоқ сұрақтар ойымды сан-саққа жүгiрттi. Бәрiнен де бұрын айуандықтың ең сорақысы — Алматы облысы Алакөл ауданында адам зорлау оқиғаларының көбейiп кеткендiгi кiм кiмдi болса да, бей-жай қалдырмайды екен.

Қазақ "Қыз бен тұздың бармайтын жерi жоқ" демекшi, дәм бұйырып Алматы облысына барудың сәтi түстi. Жылына бiр рет ата-баба әруағына Құран бағыштауды әдетке айналдырған бiз "Қайдасың, табиғаты сұлу Жетiсу өңiрi!" деп жолға шықтық. Алматы облысы Алакөл ауданына қарайтын Қызылқайың ауылы бұрын-соңды мамыражай тыныштықтың мекенi-тұғын. Бүгiнде түрлi қылмыстың ортасына айналған бұл ауылдың жұрты кiмге шағынарын бiлмей күй кешуде. Өйткенi, соңғы кезде мұнда адам зорлау, нашақорлықтың дендеп кетуi жайындағы жан түршiктiрерлiк жайттар жиi орын алатын бопты.

Осыдан бiраз бұрын Қызылқайың ауылында қызбала тұрмақ, ұл баланы, тiптi, үлкен жастағы әйелдердi зорлау оқиғасының болғанын сол жерде тұратын апамнан естiп, жағамды ұстағанмын. Не сенерiмдi, не сенбесiмдi бiлмегендiктен осы жолғы сапарымда бұл оқиғаның анық-қанығына көз жеткiзгiм келгенi анық. …Ауылдың бiраз жұрты асқа жиналды. Дастарқан басында ауылдың азып-тозғандығы, жұмыссыздықтың салдарынан жастардың бей-берекет кеткендiгi туралы түрлi мәселе өзектi әңгiмеге арқау болды.

… 60 жастың о жақ бұ жағындағы Сәуле апаның (аты өзгертiлiп берiлдi) немересi Марат осындай бiр көргенсiздiң қолына түсiп, опық жедi. Бар болғаны 11 жастағы Маратты көршiсi, 32 жастағы Толыбай апақ-сапақ уақытта шырылдатып қоя берiптi. Кiшкентай немересiнiң айқайлап жылаған даусын естiген Сәуле апа далаға жүгiрiп шықса, Мараттың үстi-басы көгала қойдай, аузы-басы жырылған екен. Не болғанын түсiнбей қалған қамкөңiл апа немересiнен сұрай келе, оны әлгi жауыз Толыбайдың айуанша зорлап кеткенiн бiлiп, бiр орнында сериiп тұрған күйiнде отырып қалыпты. Қызылқайың ауылын дүрлiктiрген оқиғаны Сәуле апаның өзiнен естiп, қаз-қалпында берудi жөн көрдiм.

— «5 шiлде күнi кешкiсiн сағат 8 жарымда тамақ iшiп болғаннан кейiн 11 жастағы немерем Марат (аты өзгертiлiп берiлдi) далаға ойнауға шыққан. Бiр уақытта сағат 9 шамасында балам аңырап жылап келе жатты. Қақпа жақтан "Апа, менi Толыбай қуып келедi" деген үрейлi дауыс естiлдi. "Балам, саған не болды?" деп едiм, "Толыбай ұрды…" деп еңiреп қоя бердi. Үстi-басы көгерген, шаң тозаң, бет-аузы жырым-жырым. Одан бiр кезде "Апа-а-ау тiк iшегiм қатты ауырып тұр" дедi. Қарасам, қанап тұр. Баланы жетектеп алдым да, Толыбайдың үйiне барып (өзi бiздiң көршi тұрады) ата-анасына: "Ұлдарыңа неге әйел әпермейсiңдер, мiне кiшкентай баланы зорлап кетiптi" деп едiм, олар еш саспастан: "Өтiрiк жала жаппа…" деген желеудi боратты. Үйге келiп төсекке жатқызып едiм, түгел қанға малынды. Түнiмен ананы-мынаны сандырақтап, қызуы көтерiлiп шықты. Таң алакеуленiп ата салысымен аудандағы РУВД-ға хабарлайын деп, ауылдық советтен телефон нөмiрiн алдым. Ал ауылдың учаскелiк милициясын сұрап едiм, ешкiм бiлмедi. Анда-мында шапқылап, ауданнан милициялар шақырайын деп пошташының үйiне келсем, учаскелiк милиция Самат "Не боп қалды?" деп көзiн уқалап сол үйден шығып тұр. Ауылдың байсымағын күзететiн учаскелiк милиция тiптi ауылда не болып жатқанынан да бейхабар. Әуелi осындай жағдай болды деп, бәрiн бастан-аяқ айтып жатсам, "Мүмкiн емес…" деп өзiме бой бермей дiкiңдеп қоя бердi. Сонымен не керек, Үшарал ауданынан милициялар келiп баланы тексердi. Медициналық экспертизаға апарып, анықтама қағазын алдық. Зерттеу нәтижесi бойынша, баланың басы жарылған, ұрылған, тiк iшегi 11,7 сантиметрге дейiн жыртылып кеткен. Маратты зорлағаны туралы бар жайт анықталды. Дереу Қабанбай ауылының ауруханасына жатқыздық. Үшаралдан келген тергеушi Саятқа мән-жайдың бәрiн тәптiштеп айтып, арыз жаздым. Ал қылмыскер Толыбай Мұстафиндi уақытша қамауға алды. Тергеушi iс ашылды, бiр айдан кейiн сот процесi болады деген. Менiңше, Толыбай сияқты оңбағандар түрмеде тиiстi жазасын алуы керек. Ендi қарасам, әлгi учаскелiк милиция Самат: "Сен кiмге жала жауып жүрсiң, оңбаған адам екенсiң" деп қылмыскер Толыбайды қорғаштап жүр. Елдiң бәрiне "Ол кемпiрдiң өзi де, баласы да ақыл-есiнен адасқан. Не айтып, не қойғанын бiлмейдi" деген жалған әңгiме айтып, адастырумен келедi. Бәрi өтiрiк. Марат 5-сыныптан 6-ға көштi. Сабақ үлгерiмi жақсы, мектебiнiң алды, өлең жазатын, Мешiтке баратын бала. Әке-шешесi де жоғары бiлiмдi. Осыны бiле тұра, жабулы қазанды жабулы күйiнде қалдыруға тырысқан учаскелiк милиция Самат кiмнiң шашбауын көтерiп, кiмнiң қолшоқпары болып жүргенiн өзi бiлмейдi».

Шыбын жаны шырылдап қоя берген Сәуле апа әңгiме арасында көзiне жас та алды. Ендi қайтсiн? "Ақырғы үмiттi баспасөз, теледидардан күтемiн. Мұны облыс әкiмшiлiгi, Үкiметте отырған депутаттар, министрлер естiсе екен" дейдi. Бүгiнде ауылды ұлардай шулатқан оқиға туралы әркiм әртүрлi пiкiр өрбiтiп жүргенге ұқсайды. Бiрi әлгiндей алыпқашпа әңгiменiң жетегiнде кетсе, ендiгi бiрi "ауылда емiн-еркiн жүрiп-тұруға қорқатын болдық. Толыбай сияқты жауыздар темiр торға жабылуы керек" дегендi айтуда. "Өз бетiммен өмiр сүрiп жатқан жан едiм. Бiр ауылда отырып жұрттың өсегiне қалдым ғой" деп әбден жаны күйзелген қарт ананың жергiлiктi ауыл, аудан әкiмшiлiгiнен тауы шағылардай базынасын бiлдiрдi. "Құдай басқа салмасын, осы жағдайдың соңында жүрем деп бiздегi құқық қорғау органдарының, аудан, ауыл әкiмдерiнiң бақайларын да қимылдатпайтыны жаныма батты. Ендiгi сенiм артып отырғаным — сот процесi. Ақты ақ, қараны қара деп ажыратып берсе болды" дейдi өзегi өрт болған ана.

Қарт ананың осыншама жасқа келгенде көретiнi осы ма едi. Өзiме қолғабыс болсыншы деп, немересiн бауырына басқан Сәуле апа Мараттың болашағына қатты алаңдаулы. "Әрине, есi дұрыс адам болмағанды болды деп, өз баласының артын өзi ашпайды ғой. Соны мына жұрт неге түсiнбейдi? Егер дымымды шығармай iшке бүгiп отыра берсем, Толыбай сияқтылар аяғын алшаң басып, бiлгенiн iстеп жүрер едi ғой" дейдi.

Не деген масқара? О заманда бұ заман ер азамат ұл баланы зорлапты дегендi естiмеген едiк. "Жүре берсең көре бередi екенсiң" деген осы шығар. Бұл сонда қоғамның азып-тозғандығын бiлдiрмей ме? Бiр ғана бұл емес, Алматы облысы Алакөл ауданындағы ауылдарда мұндай фактiлер көптеп тiркелген. Осы оқиғадан бiр күн бұрын аталмыш ауданға қарасты Қабанбай елдiмекенiнде 8 жасар ұлбаланы зорлап, өлтiрiп кетсе, қылмыскердiң мекенiне айнала жаздаған Қызылқайың ауылында қыз, егде жастағы апаларды зорлау оқиғаларының тiркелуi күнi бүгiн емес. Бұған не себеп? Ауылдағы адам шошытарлық жайттарды көрсе де, көрмегенситiн ауыл, аудан әкiмдерi қайда қарап жүр? Ал байдың малы мен итiн күзететiн аты бар, заты жоқ учаскелiк милиция өз қызметiн мүлдем ұмытқан сияқты. Ауылда тәрбие де, тәртiп те жоқ. Егер де күндiз-түнi шалқасынан түсiп жататын учаскелiк милиция бiр мезгiл ауылды аралап, маскүнемдер мен нашақорларды тiркеуге алып, тәртiпке шақырып, солармен жұмыс iстейтiн болса, мұндай бассыздыққа жол берiлмес пе едi, кiм бiлсiн?! Ең сорақысы сол, ауылдағы шулы жағдайды естiген Алакөл ауданының әкiмi Бағдат Қарасаев қарамағындағы жендеттерiне төтенше оқиғаның дымын сыртқа шығармауға бұйрық берген сияқты. Бұл хабар алда-жалда облыс басшылығының құлағына жететiн болса, мұның арты жақсылыққа апармайтынына көзi жететiн болу керек, iстiң насырға шаппауына алдын-ала қолдағы бар әрекеттi жасап бағып жатқан көрiнедi. Әрине, "Ел құлағы елу" демекшi, анау-мынау емес, шашты тiк тұрғызатын оқиға ел iшiнде жатпасы анық. Әуелi бұл шаруамен Бiлiм және ғылым министрлiгi, Iшкi iстер министрлiгi тiкелей айналысуы керек.

Айтпақшы, осындай сорақы фактiлердi жиып-терiп, бiр шетке ысырып қойған Алакөл ауданы жақында өзiнiң 80 жылдығын дүркiретiп атап өттi. Мейлi ғой, тойлай берсiн. Бiрақ та ауданның iшкi жағдайына тереңiнен үңiлiп жатқан кiм бар? Той тойлауға келгенде iшкен асымызды жерге қоямыз. Ал ауылдың бүгiнгi титықтаған тiршiлiгiне, жастардың тәрбиесiне неге бiр сәт мойнымызды бұрмаймыз? "Той десе, қу бас домалайды" деген қазақтың қанына сiңген әдетi шығар, тiптi, бала туу алдында құжаттарын тез арада өткiзгiсi келген екiқабат әйелдерге де: "Той өтсiн, сосын келiңiз, құжатыңыз той өткеннен кейiн дайын болады" дегендi айтып шығарып салыпты. Сонда 30-40 шақырым жерден аудан орталығына барудың өзi мұңға айналған ауыл тұрғындары ерiгiп жүр ме?

Не десек те, Алматы облысы, Алакөл ауданында орын алған оқиғаға ешкiм бей-жай қарай алмас. "Жас қазақтағы" "Жауқазын ғұмырды жылатқан жауыздық" мақаласындағы Сымбаттың, бiз тiлге тиек еткен 11 жастағы ұлбала Мараттың тағдырымен ойнаған опасыздар жазасын алуы тиiс.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ