«АЛТЫН ҚОЛ» ТАҒЫ ДА ҚАМҚОР ҚОЛЫН СОЗДЫ

«АЛТЫН ҚОЛ» ТАҒЫ ДА ҚАМҚОР ҚОЛЫН СОЗДЫ

«АЛТЫН ҚОЛ» ТАҒЫ ДА ҚАМҚОР ҚОЛЫН СОЗДЫ
ашық дереккөзі

Алматы қаласында ең алғаш 1989 жылы құрылған "Алтын қол" қайырымдылық қоры ежелгi әдетiнен жаңылмай, тұл жетiмдер мен жалғыз басты аналарға, көп балалы және тұрмысы нашар отбасыларының балаларына қол ұшын берiп, көмектесiп келедi. Бүгiнде қор есебiнде 3000 бала тiркелген. Қордың негiзгi мақсаты — балаларға рухани психологиялық, консультативтiк, материалдық қолдау көрсету.

19-тамызда алдағы жаңа оқу жылына байланысты "Алтын қол" қайырымдылық қоры мен "Эйр Астана" әуекомпаниясы бiрiгiп, "Туған күн иелерiнiң күнi" және "Сәлем мектеп" мерекесiн өткiздi. Аталмыш бағдарламаны "Эйр Астана" әуекомпаниясының қауiпсiздiк жөнiндегi вице-президентi Герхард Коетзи мырза мен қоғаммен байланыс департаментiнiң директоры Белла Тормышева ханым салтанатты түрде ашып, балаларға бақытты балалық шақ тiледi. Мерекеде танымал өнер иелерi өнер көрсетiп, байқаулар, ұтыс жүлделерi ұйымдастырылып, жасөспiрiмдерге сыйлықтар таратылып, дастарқан жайылды.

Атап өтетiн жайт — осы шара "Эйр Астана" АҚ-тың ұшағында жол ережесiн заңсыз бұзған жолаушыдан материалдық шығынды өтеу бойынша сот iсiнен ұтып алған қаржы есебiнен жасалыпты. 1 371 067 теңгеге зардап шеккен әуекомпанияға екi жақты келiсiм негiзiнде жолаушы ақшаның бiр бөлiгiн төлеген екен. Мiне, осы қаржыны түгелiмен қайырымдылық мақсатқа арнап, тұрмысы нашар отбасылардың балаларына мектеп керек-жарақтары сатып алынды. Бұл тұрғыда Белла Тормышева: " "Эйр Астана" АҚ әрдайым қайырымдылық саласында белсендi жұмыс атқарып жатыр және бiрқатар әлеуметтiк жобалардың мұрындығы болды. Бұл бiздiң қоғамға әлеуметтiк тұрғыда ерiктi түрде қосып жатқан үлесiмiз" дейдi.

Балалар да өздерi тарапынан "Эйр Астана" АҚ-ы мен "Алтын қол" қайырымдылық қорының игi iстерiн ертегiге балап, "Ертегi" шығармалар сериясын жазып, оны жиылған көпшiлiкке оқып бердi.

Жадыра НАРМАХАНОВА