Ақпараттар

Ақпараттар

Ақпараттар
ашық дереккөзі

ОРАЛМАНДАРДЫ ТИIМДI ҚОНЫСТАНДЫРУ

Шымкентте шетелден келген қандастарымызды тиiмдi қоныстандырудың бiрегей жобасы басталды. Қалада 19 мың репатриант қоныс тебетiн "Асар" ықшам ауданы бой көтеруде. Бастама Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңiлiнен шықты, жақын арада үкiмет этникалық қазақтарға арналған тұрғын үй құрылысын несиелендiрудi бастамақ.

Қазiр "Асар" ықшамауданында қарбалас күндер — құжаттарды реттеуге берiлген уақыт таяп келедi. Үкiмет баспана құрылысын несиелендiруге дайын, сондықтан құжаттар оралмандарға жуық арада қажет болады.

Ислам Әбiшев, ОҚО әкiмiнiң бiрiншi орынбасары:

— Жоба қазiр жетiлдiрiле түсуде. Бiрақ, оны әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорация жүзеге асырады. Ақша әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорацияға бөлiнедi, содан кейiн олар үй салады. Несие кепiлi ретiнде осы баспана алынбақ. Оралмандар өздерiнiң шама-шарықтарынша қарыздарын 7-8-10 жылда қайтарады.

Мұнда тек ауыл ғана салынбайды, жобаның бiрегейлiгi де сонда, қандастарымыздың аяғынан тiк тұрып кетуiне сеп болатын кешен құрылмақ. Шымкент әкiмдiгi жер бөлдi, осында тұратын барлық отбасылар жер телiмдерiне құжаттарын да алып үлгердi. Инфрақұрылым жүргiзудi мемлекет өз мойнына алмақ. Әрбiр үйдiң қасына жылыжай салынады, бұл несиенi қайтаруға мүмкiндiк бермек.

Ынталы оралмандардың ұйытқы болуымен құрылған құрылыс компаниясы үлгi ретiнде бiрнеше үй тұрғызды. Ал мемлекеттiң қаржылай қолдауымен жұмыс одан да қыза түспек.

— Көптеген құрылыс материалдары есiк-терезе, газблоктарды өндiрудiң өте қуатты базасы құрылды, қажеттi техниканың барлығы бар. Бiрақ оралмандардың өздерiн-өздерi қаражаттандыру үшiн қаражаттары жеткiлiксiз. Дәл осы тұста мемлекеттiң көмегi қажет, — дейдi облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары И. Әбiшев.

Құрылыс жұмыстарын несиелендiру биылдан басталады. Болжам бойынша 2010-жылы бұл маңда Қазақстанның 10 мың жаңа азаматы тұратын 1 725 үй салынбақ.

"Хабар".

ОРАЛМАНДАРДЫ БАСПАНАМЕН ЕМЕС, ЖЕҢIЛ НЕСИЕМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТПЕК

Қазақстан вице-премьерi Өмiрзақ Шүкеев "мемлекет бұдан былай шетелден көшiп келген қазақтарға үй бермейтiнiн" тағы бiр шегеледi. "Баспана сатып алу деген ендi болмайды, бiз несие беретiн боламыз", — дедi ол.

Бұл туралы тамыздың басында өткен үкiметтiң кеңейтiлген отырысы барысында елiмiздiң еңбек және әлеуметтiк қорғау вице-министрi Серiк Әбденовтың баяндамасын тыңдаған Қазақстан вице-премьерi Өмiрзақ Шүкеев айтты. Елiмiздiң еңбек және әлеуметтiк қорғау вице-министрi тұрғындарды республика бойынша тиiмдi орналастыру жүйесiн қарастыратын "Нұрлыкөш" бағдарламасының жобасы бойынша баяндама жасады. Бұл жоба қазiр жасалып жатқан көшi-қонды басқару жүйесiн дамыту жөнiндегi мемлекеттiк бағдарламаның құрамды бөлiгi болып табылады. "Жобаның мақсаты — шетелдерде тұратын отандас қазақтарды және келешегi жоқ өңiрлерде тұрып жатқан Қазақстан азаматтарын демографиялық және әлеуметтiк-экономикалық даму мүддесiне сай ерiктi негiзде тиiмдi таратып қоныстандыруға саяды", — дедi С. Әбденов. "Қоныстандыру жетекшi қалалардың төңiрегiнде өзiндiк экономикалық мамандандырылған бағыты мен дамыған еңбек нарығы бар шағын серiктес қалаларды дамыту арқылы жүзеге асырылады", -дедi министрлiк өкiлi. Оның айтуынша, жобаға қатысушыларға әлеуметтiк қолдау көрсетiледi.

"kazakhstan-today".

ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫ АУЫЛ ӨМIРIН КӨРКЕЙТУГЕ АТ САЛЫСПАҚ

Батыс Қазақстан облысының шаруалары ауыл инфрақұрылымдарын дамытуға зор үлес қосуда. Кәсiпкерлердiң бiрi — алыс ауылдарда бала бақша ашып, спортмектебiн жабдықтауға көмектессе, екiншiсi — ауылдықтарға арналған әлеуметтiк нысандар тұрғызып, ауылды көркейтуге кiрiстi.

"Асан ауыл" ЖШС-i 10 жыл бұрын құрылған. 10 мың гектар егiстiк алқабы бар. Шаруашылық директоры — Бейбiт Асанов, ресейлiк оралман.

— Елдiң әлеуметтiк жағдайы ауырлап, экономикасы күйзелiп тұрған жылдары ауылдағы мектеп, бала бақша, аурухана, суқұбырлары, мәдениет үйi секiлдi әлеуметтiк салаларды өз қаражатымызбен қаржыландырдық. Бұның барлығы ауданның коммуналдық меншiгiне берiлдi. Қазiр бiз 10000 гектар жерге егiн ектiк. Егер, мүмкiндiгiмiз болып, жағдайымыз келiсiп жатса, әуелi инфрақұрылымдарды көтеруге, ауылдың әлеуметтiк саласын көркейтуге күш саламыз. Биыл стадион салуды жоспарлап отырмыз, — дейдi Бейбiт Асанов.

"Хабар".

ЕҢБЕК МИНИСТРЛIГI ОРАЛМАНДАРДЫҢ ШОҒЫРЛАНА ОРНАЛАСУЫН ҚҰПТАЙДЫ

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Қазақстанға келiп жатқан оралмандардың тұрмыстық жағдайын жақсарту және жұмыспен қамту шараларын қарқындандыра түсу керек деп есептейдi.

Баспасөз қызметiнiң мәлiметтерiне сүйенсек, республикалық селекторлық кеңесте сөйлеген сөзiнде еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев оралмандардың тұрмыстық жағдайын жақсарту және жұмыспен қамту бойынша жұмыстарды қарқындандыра түсу қажеттiгiн атап көрсеткен.

Министрлiк қазiргi уақытта 249 елдi мекенде 84 600 отбасы немесе барлық келген оралмандардың 48,4 пайызы тығыз (50 жанұядан астам) орналасқандығы жайында мәлiмет таратып отыр. "Министрлiк оралмандардың қоғамдық бiрлестiктерiмен және әкiмдiктермен бiрлесе отырып мемлекет ұсынған жерде ұйысқан ауылдарды салу қағидасын жүзеге асыруды жалғастырады", — дейдi ведомствоның баспасөз қызметi.

Атап айтқанда, аталмыш қағида бойынша "Ақ ордасы" корпорациясы" ЖШС Өзбекстан Республикасынан Оңтүстiк Қазақстан облысының Шымкент қаласына қазақ диаспорасының өкiлдерi болып табылатын 19 мың адамды көшiрiп әкелу жобасын жүзеге асыруда. Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласында жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен оралмандарға арналған екi пәтерлi 40 үй, Солтүстiк Қазақстан облысында 170 үй салынуда. Көкшетау қаласында оралмандар құрған "Атамекен" тұрғын үй — құрылыс кооперативi өз бетiмен қала әкiмдiгi бөлген 1 гектар аумақта тұрғын үйлер салуды жоспарлап отыр. Оралмандардың "Асар" қоғамдық бiрлестiгi Алматы қаласының Байбесiк ықшамауданында 185 үй салу жобасын iске асырған. Бұл ықшамаудан 27 гектар аумақты қамтыған.

"kazakhstan-today".

ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫ — ДАБЫЛ ҚАҚТЫРУДА

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi еңбек миграциясы тудырған бiрқатар проблемаларды атап отыр. "Қоғамдағы iшкi тұрақтылықты қамтамасыз ету саласында аса үлкен назар аударуды қажет ететiн проблема шетелдiк жұмыс күшiн тарту болып табылады", — деп атап көрсетiлген республикалық селекторлық кеңес қорытындысы бойынша жарияланған хабарламада. Онда бiрiншi жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысы шығарылып, ҚР Президентiнiң iшкi саясат мәселелерi жөнiндегi тапсырмаларын жүзеге асыру мiндеттерi белгiлендi. Баспасөз баянында хабарланғандай, кеңес барысында Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев осы саладағы бiрқатар проблемаларды атады. Атап айтқанда, ол көшi-қон мәселелерiн шешумен айналысатын органдардың iс-әрекеттерiнiң жүйелiк үйлесiмдiлiгiнiң болмауын; сыртқы еңбек миграциясының тиiмдiлiгiнiң төмендiгiн; оралмандардың қоғамға интеграциялануы процессiндегi қиындықтарды; "көлеңкелi" экономиканың кең етек жаюына ықпал етуi ықтимал реттелмейтiн еңбек миграциясының сақталып отырғандығын атап көрсеттi .

"kazakhstan-today".

ЖАС ТАЛАНТТАРДЫ ҚОЛДАУ

Маңғыстау облыстық "Нұр Отан" партиясының филиалы "Жас оралмандар бiздiң арамызда" атты дөңгелек үстел өткiздi. Кездесуге көшi-қон басқармасының қызметкерлерi, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен жастар қатысты. Аталған iс-шараның басты мақсаты — тарихи отанына оралушы жастарға қолдау көрсету, оларды қоғамдық өмiрге араластыру.

Маңғыстау облысына қоныс тепкен оралмандардың 40%-ға жуығының арнайы мамандығы жоқ. Сол себептi де олардың өмiрге бейiмделуi, жұмыс тауып кетуi қиындық тудыруда. "Сондықтан жастардың бiлiм алуын оңтайландыратын, ЖОО-ға түсуiне жеңiлдiктер қарастыратын жолдарды iздестiру қажет" — дестi дөңгелек үстелге жиналғандар. Сондай-ақ, оралмандар арасында талантты жастардың мол екендiгi де әңгiме арқауы болды.

"Хабар"