ЖАРЫҚСЫЗ, СУСЫЗ – ХХI ҒАСЫРДАҒЫ КЕЙБIР АУЫЛДАРДЫҢ КЕЙПI ОСЫНДАЙ

ЖАРЫҚСЫЗ, СУСЫЗ – ХХI ҒАСЫРДАҒЫ КЕЙБIР АУЫЛДАРДЫҢ КЕЙПI ОСЫНДАЙ

ЖАРЫҚСЫЗ, СУСЫЗ – ХХI ҒАСЫРДАҒЫ КЕЙБIР АУЫЛДАРДЫҢ КЕЙПI ОСЫНДАЙ
ашық дереккөзі

Жақында Алматының iргесiндегi Наурыз ауылына жолым түскен едi. Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылдық аумағына қарасты бұл елдi мекенде 200-дей отбасы тiрлiк етедi екен.

Алайда, Наурыздың күнi бүгiнге дейiн жеке тұрғын үй салу (ИЖС) құқығын алмағандығы себептi бұл ауылдардың барлығында жерге қажеттi құжат жоқ. Сол себептi де коммуналдық мәселелерi шашетектен. Атап айтсақ, iрi мегаполистiң iргесiнде отырған ауылға әлi электр жарығы келмеген. Су жаздың екi айында ғана жiберiледi. Оның себебi — аталған елдi мекен саяжайға арналған. Яғни, жаздың екi айында бұл отбасылар егiндiк суару үшiн су алуға құқылы. Ал, қыста суды алыстан тасып iшуге мәжбүр. Алайда, екiнiң бiрiнiң қолынан тасып iшу келе бермейдi. Өйткенi, мұндағы тұрғындардың бәрiнiң астында көлiгi жоқ. Бiрiне бiрi жалынып, бiрiнiң көлiгiн бiрi жалдап жүргенi.

Наурызға ең алғашқы тұрғын үйлер 2005 жылы салына бастапты. Тұрғындар жер телiмдерiн делдал арқылы сатып алғанын айтады. Әркiмге әртүрлi баға берiптi. Әуелi 8 сотық жер 2,5 мың АҚШ долларына сатылса, ең соңы 15 мың долларға дейiн жеткен. Бiреулер, 6 мың долларға сатып алғандығын айтады. Бiрақ, олардың кiм екенiн айтуға, я жүрексiнедi, я айтқысы келмейдi, әйтеуiр батпады.

Қазiр "Наурыз" бақшалық ұйымы Киселев дегеннiң иелiгiнде екен. Тұрғындардың қолындағы жерге иелiк етуге құқық беретiн құжатта аталған жер телiмдерiнiң "саяжайға" арналғандығы жазылған. Ендi бұл құжаттарын жеке тұрғын үй салу мәртебесiне алмастыру үшiн қаншама уақыт, қаншама құжат, қаншама тер төгiлiп, қаржы жұмсалуы қажет. Оны тұрғындар нақты болжай алмай отыр. Осы мәселеге байланысты Қарғалы ауданының әкiмi Шажабаев бiрнеше рет жиналыс өткiзген екен. Ауыл әкiмi тұрғындарға электр сымын тартуға және су құбырларын жөндеуге қаржы құю қажеттiгiн айтыпты. Алайда, тұрғындар ауыл әкiмiнiң айтқан қаржысын тауып бере алмайтындықтарын айтады.

Мен Наурыздағы бiрнеше үйге бас сұғып проблемаларымен арнайы танысып шықтым. Бәрiнiң аузында бiр әңгiме — электр жарығы, су және салынған үйлерiнiң заңды тiркелуi. Мәселен, осыдан 3 жыл бұрын Моңғолиядан қоныс аударған Әдебиет Оралханның 8 баласы бар. Үйiнiң заңды құжаты болмауы себептi бұл адамдарда арнайы тiркеу құжаты жоқ. Сондықтан да отағасы балаларына арналған жәрдемақыға қол жеткiзе алмай отырғандығын айтады. Ал, балалары Ұзынағаш және Қарғалы ауылдарына қатынап оқиды екен. Қарлығаш Ақаева өзiн осы жердiң алғашқы тұрғынымын деп таныстырды. Ол Қарғалыдағы ауылдық емханада мейiрбике қызметiн атқарады екен. Бұнда дүниеге келген әрбiр жаңа сәби Қарғалы емханасында тiркеуге алынып, балалардың барлығы осында есепке тұрған. Бұндағы халықтың жалпы санын осы медбике ғана анықтай алатындығын айтты.

Жарықтың жоқтығы себептi мұндағы халық теледидар көре алмайды. Соның салдарынан, құқықтық ақпараттардан да мақұрым қалған. Мәселен, Мақсұт Қалбаевтың отбасы Өзбекстаннан келгелi 2 жыл болған екен. Арнайы тiркеудiң болмауы себептi азаматтыққа да құжаттарын кеш өткiзген. Ал, оның Алматы медколледжiн тәмамдаған 20 жасар қызы азаматтығы жоқтығы себептi жұмыссыз жатыр. Бiрнеше мекеменiң есiгiн сығалаған екен, "Қазақстан Республикасының азаматы емессiң" деп қайтарып жiберiптi. Ал, бұл адамдар да, оны жұмысқа қабылдауға құлықсыз мекемелер де 30-мамырда №524 Қаулының қабылданғанын бiлмейтiн болып шықты. Бұл Қаулы бойынша, "шеттен келген оралмандар оралман куәлiгiнiң негiзiнде мемлекеттiк қызметке орналаса алады және Оралман куәлiгi жеке әлеуметтiк код беретiн" құжаттардың қатарына енген болатын.

Қол жеткендерi кешкi 21-сағаттан түн жарымына дейiн (00.00) движок моторын қосып, жалғанның жарығымен тыныстағандай болады екен. Бұндай моторлар қара базарда 15-20 мың теңгенiң көлемiнде сатылады. Алайда, бензиндi шақ келтiрмейдi. Мәселен, екi үй арасында бiр мотормен күнелтiп отырған жас отбасы Аманжол Әмiрхан күнiне тек мотордың өзiне 4-5 литр бензин жұмсайтынын айтады. Қазiр 1 литр бензиннiң құны 105-110 теңгенiң айналасында. Демек, күнiне 500-600 теңге 3 сағаттық жарық үшiн жұмсалады. Ендеше 30 күнде 15 мың теңге шыр етiп кетiп қалады деген сөз.

Тұрғындар жылына жерге 5000 теңге салық төлейдi. Басқа коммуналдық төлемдер қарастырылмаған. Жаздың екi айында келетiн суға да сұраған қаржысын бередi екен.

Ауылда тұрғындардың әрқайсысы жеке кәсiппен айналысады. Бiрi – жер тырмалайды, екiншiсi – Қарғалыда жұмыс жасайды, үшiншiсi Ұзынағаштан нәпақа iздейдi. Өйткенi, мұнда мемлекеттiк мекемелер де, жекеменшiк мекемелер де жоқ. Әркiм қал-қадарынша тiрлiк етiп жатыр.

— Қарғалыда түрiктердiң Тамақөнеркәсiбi жұмыс iстейдi. Бiз қызымыз екеумiз сонда тұшпара цехына орналасқанбыз. Айына 20-25 мың теңге жалақы аламыз. Жұмыс ауыр, ала таңнан кеш қарайғанға дейiн еңбек етемiз. Әзер тапқан жұмыстан айрылып қалмаудың қамымен жұмыс берушiнiң айтқанына көнiп, айдағанына жүремiз, — дейдi Жiбек Мiнән.

Ол Наурызға осыдан екi жыл бұрын Шығыс Қазақстаннан қоныс аударған екен. Демек, Наурыз iшкi-сыртқы көшi-қонның нәтижесiнде бой түзеген ауыл. Жер телiмдерiнiң ешбiр жүйесiз, беталды сатылуының салдарынан бұндағы қарапайым тұрғындар зардап шегiп отыр. Жақында Елбасы Алматы қаласы мен облысында бiрталай жердiң заңсыз сатылғандығы анықталғандығын айтып едi. Әуелi заңсыз сатылған жер телiмдерiн мемлекетке қайтару iсi де қолға алына бастағаны белгiлi. Егер, Наурыз осындай жерлердiң бiрi болса, онда 200 отбасының алдағы тағдыры не болмақ?

Алайда, ауыл әкiмiнiң жиi жиналыс өткiзiп, ауыл тұрғындарын алда бәрi жақсы болады деп иландыруына қарағанда, бұл жерлер заңсыз таратылмағанға ұқсайды. Ауыл әкiмi мұнда инфрақұрылымдар 2010 жылдан берi тартылмайтындығын айтады. Әуелi халық толық қоныстанып бiтуi керек деген екен. Ендi ненi күтiп отырмыз?

Есен БАЙНҰР