YРIМЖIДЕ ВИЗА АЛУ ҚИЫНДЫҚ ТУДЫРУДА

YРIМЖIДЕ ВИЗА АЛУ ҚИЫНДЫҚ ТУДЫРУДА

YРIМЖIДЕ ВИЗА АЛУ ҚИЫНДЫҚ ТУДЫРУДА
ашық дереккөзі

Тәуелсiз журналист Джоанна Лиллистiң "Eurasianet" сайтындағы "Синьцзян, Китай: Туристический бум заставляет этнических казахов задуматься о будущем" деген мақаласын оқып шықтым. Автор ондағы этникалық қазақтардың ұлттық мәдениетi бiртiндеп жойылып бара жатқандығы жайында жазады.

АҒАЖАЙ, АЛТАЙДАЙ ЖЕР ҚАЙДА-АЙ?!.

Джоанна Лиллис Шыңжаңдағы қазақтар жайында ой қозғай отырып, Қытайдың Батысты игеру саясатының өз жемiсiн бермей қоймағандығын айтады. Қаймағы бұзылмаған қазақы салт-дәстүрдiң, жартылай көшпендi тiрлiктiң бүгiнге дейiн сақталған үрдiсiнiң Қытай "басқыншылары" келгеннен берi бұзылғандығы анық. Шыңжаң өңiрiнiң Iле-қазақ автономиясының iнжу-маржаны — Қанас көлi жан-жағын тау қоршаған, жарты ай пiшiндес ерекше жаратылған табиғат сыйы. Ол — Қытай, Моңғолия, Ресей, Қазақстан шекараларының қиылысында орналасқан. Көл табиғи ресуртарға бай, суы мол, нулы жер. Қазақтардың мал бағатын басты мекенi.

Алайда, көлдiң сұлулығы — қазақтардың бағына емес, сорына айналғалы бiраз уақыт болғандығы жайында тәптiштейдi автор. Көшпендi халықтың күнi бүгiнге дейiнгi тiрлiгiнiң тас-талқаны шығатын түрi бар. Өйткенi, Қанас — қазiр туристердiң көз құртына айналған. Мұнда асфальт жолдар тартылып, аспанмен астасқан мейманханалар бой түзей бастады. Қазақтардың қысқы, жазғы отары ығыстырылды, киiз үйлерiң мысын сәндi сарайлар басты.

Қанас бүгiнде туризмдi дамыту және қоршаған ортаны қорғау мақсатында ашылған мемлекеттiк табиғат бағына айналған. Ал бұл өңiрдегi қазақтар, билiктiң оларды мекендерiнен ығыстырып жатқандығын айтып, шағыныпты. Аты-жөнi өзгертiлiп алынған Қайрат есiмдi шопан жыл сайын бұл өңiрдегi малшыларға қысым көрсетiлiп жатқанын айтқан. Жергiлiктi қазақтардың сөзiне қарағанда, Қытай шенеунiктерi олардың жайылымдық жерлерiн тартып алып, қонақ үй салып, мейрамханалар ашып, басқа да туристерге арналған инфрақұрылымдарды дамытып жатқан көрiнедi. Мұнда келетiн туристердiң көбi Қытайдың iшкi өлкелерiнен ағылады екен. Қытайдың iшкi туризмi адам таңқаларлық қарқынмен дамып келе жатқанға ұқсайды. Қазақтар бұл мекенде киiз үймен жайлаудың мүмкiн болмай қалғандығын айтса, тағы бiреулер олардың бұл арадан қоныс аударуын талап етiп жатқандығын әңгiме ектен. Кейбiр киiз үйлер әртүрлi ұлттық нақышы бар бұйымдар сатылатын дүкенге немесе кафеге айналып кеткен.

Шыңжаң телеарнасының мәлiмдеуiнше, Қанас табиғи бағына биыл 600 мың турист келедi деп болжанған. Тамыз айында мұнда күнiне 30 доллар тұратын 6300 билет сатылыпты. Алайда, туризмнен түсетiн пайда жергiлiктi халықтың шекесiн шылқытып отырған жоқ. Қытайдың iшкi өлкелерiнен келiп, қонақ үй, мейрамхана кешендерiн салған бизнесмендер шылқыған байлыққа белшесiнен батуда. Жергiлiктi жұрт туристерге жатар орын даярлап берiп, атқа, түйеге мiнгiзiп суретке түсiрiп, тауешкiмен серуендетiп қана пайда табады. Бұл тым iрi қаржы көзi емес екенi белгiлi. Батысты игеру саясатының бұған дейiн өзгеше сипат алғаны мәлiм. Шыңжаңның солтүстiгiндегi аумақтарды турист 24 сағат iшiнде аралап, Гурвантунгут шөлiн басып, Үрiмжiге қайта оралуы тиiс болатын.

Туристердiң ағылуы, Қытайдың iшкi өлкелерiнен қарақұрымдай қаптаған қара қытайлардың қазақтың тарихи мекенiн, бүгiнде Қытайдың қол астындағы жерлердi басып алуға кiрiсуi — ондағы қазақтың жылы орнын суытуына сеп болған.

АТАМЕКЕН КӨКЕЙДЕ ЖАТАДЫ ЕКЕН

Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқаны мәлiм. Қытай Қазақстанды маңызды стратегиялық әрiптес ретiнде таныды. Жақында, Бейжiң олимпиадасының ашылу салтанатында Қытай елiнiң мемлекет басшысы Ху Цзинь Тао мен Қазақ елiнiң мемлекет басшысы Назарбаевтар арасында жылы кездесу болғаны белгiлi. Бiрақ, Қазақстан мен Қытайдың әлi күнге дейiн айналып өтетiн бiр тақырыбы бар. Ол — Қытайдағы қазақтар мәселесi. Моңғолиядағы сапарында Назарбаев ондағы қазақ диаспорасының хал-ахуалымен егжей-тегжейлi танысып, диаспора өкiлдерiмен арнайы кездесудi де күн тәртiбiне қоя бiлдi. Моңғол елiнiң басшысынан ондағы қазақтардың тiлi мен әдет-ғұрпын ұмыттырмауға күш салуын өтiндi. Алайда, Бейжiңдегi кездесуде қазақ үшiн iрi салмаққа ие 2 миллионға жуық қандасымыздың тағдыры сөз болған жоқ. Оның түйiнi неде екенiн бiз бiле алмай далмыз. Бiзге мәлiмi — осы күнге дейiн, ресми Бейжiң мен Астана арасында арнайы көшi-қон келiсiмiнiң жоқтығы. Бұл өз кезегiнде Шыңжаң қазақтарының атамекенiне қоныс аударуында бiраз түйткiлдерге жол берiп келедi. Басқа-басқа бұл түйткiлдер өзгеден емес, өзiмiзден де орын алып отыр.

Жақында Үрiмжiде арнайы сапармен барып қайтқан бiр танысым ондағы қазақтардың жай-күйiн, Қазақстанның Қытайдағы елшiлiгiнiң Үрiмжiдегi Консулдық басқармасынан виза алудың қиямет қайымға айналғандығы жайында әңгiмеледi.

— 16 шiлдеде сағат 10-нан 11-ге дейiн Үрiмжiдегi Қазақстанның консулдық басқармасының алдында болдым. Кезекте тұрған адамда қисап жоқ. Есiктегi күзетшiге Қазақстан төлқұжатын көрсетiп едiм, iшке енгiзiп жiбердi. Iшке кiрсем екi жiгiт құжат қабылдап отыр екен. Бiрi — қара мұртты, арықтау қара жiгiт, ендi бiреуi — семiзше толық, қара божбан. Мұртты жiгiттiң алдында кимелеген адам көп болғандықтан, семiзшесiне бұрылып: "Кешiрiңiз, мен Қазақстаннан келiп едiм, осында көшуге ниеттенiп отырған туысқандарымыз бар едi. Солардың виза мәселесi жайында бастықтарыңызбен тiлдессем деген ойым бар" — деп бұйымтайымды айттым. Ол:

— Сiз есiк алдындағы тақтадан "Қазақстан азаматтарына виза мәселесi бойынша кiруге болмайды" деген жазуды оқымадыңыз ба? — деп сұрады.

Мен басымды шайқадым да, 1 ағам, 4 қарындасым және 40-50 немере туысымның көшуге ынталы отырғанын айттым. Олардың виза және көшi-қон мәселесiмен бастыққа енгiм келетiндiгiн жеткiздiм.

— Бастық бос емес, кiргiзбеймiз, — дедi ол.

— Қашан босайды, сонда кiрейiн?!

— Соғұрлы күйiп бара жатқан қандай жұмыс, маған айтыңыз?!

— Көшiп кетпекшi болған отбасы визаны қашан және қанша уақытта ашқыза алады?

— Кезекке тұрады. Визаға тапсырады, несi бар? — деп иығын қиқаң еткiздi.

— Қанша уақытта дайын болады?

— Тез болса бiр жарым ай, екi-үш ай күтуi де мүмкiн. Басқа жұмысыңыз болмаса, шыға тұрыңыз! — дедi.

Амалсыз есiкке қарай беттеп бара жатып, iште тұрған бiр жiгiттен ақырын ғана:

— Қазақстанға виза ашқызып тұрсыз ба? — деп сұрадым.

— Иә, 15 наурызда бергенмiн. 3 айда қолыма тиiп тұр, — дедi ол.

Консулдық басқармаға енуге кезекте тұрғандардың басым көпшiлiгi қазақтың өрiмдей қыз-жiгiттерi екен. Бiр келiншек "Сiзге виза керек пе?" деп сап ете түскенi.

— Иә, кезексiз ашып бере аласыз ба? — деп едiм:

— Әрине, бiрақ, қазiр сәл қиынға соғып тұр. Бүгiн 11 паспортты әрең кiргiздiк. 1000 юань берсеңiз, қолма-қол ашқызуға тырысып көрейiк, — дедi. Бұның қаншалықты рас екенiн тексерудiң мүмкiндiгi болмады. Сөйтiп жабулы қазан жабулы күйiнде қалды.

Есiк алдында кезекте тұрғандарды ақырын сөзге тарттым:

— Кезекке қалай тұрасыздар?

— Түнгi 12-1-лер шамасында келiп кезекке тұрамыз. Алдымен кезекке тұрғанымыз жайында тiлдей қағаз бередi. Содан 1-2 ай күтiп, кезегiмiз келгенде паспортымызды кiргiземiз. Тез болса 3 күнде, ұзағанда 1 аптада визамыз дайын болады. Кезекке тұру үшiн 50 юаньнан ақша алады. Басқа ештеңенiң қажетi жоқ, — дейдi Қазақстанға асыққан қазақтар.

Мен Үрiмжiдегi Консулдық басқармада болғанымда кезекте 100-ден астам адамның тұрғанының куәсi болдым. Куәгерлер кей күндерi мұнда 400-500 адамға дейiн тұратындығын айтады. Қазақстанның Үрiмжiдегi Консулдық басқармасы дүйсенбiден жұмаға дейiн, әр күнi таңғы сағат 8-ден 11-ге дейiн үш сағат жұмыс iстейдi екен. Кезекте ошарылған халық, қабылдау уақытының тым аздығын сөз еттi. Сол себептi де қабылдау тым баяу жүредi, — деп аяқтады әңгiмесiн әлгi танысым.

Оның айтуынша, Қытайдағы қазақ жастарының бұрынғыдай емес, Қазақстанға деген ынтасы су сепкендей басылыпты. Бұған бiрiншiден, баспананың және жер телiмдерiнiң қымбаттығы, өмiр сүру деңгейiнiң шарықтап, бағалардың Еуропа қалаларындай деңгейге жеткендiгi әсер етсе, екiншi жағынан, Қазақстанның ресми билiгiнiң әлi де қазақ тiлiнде сөйлемей отырғандығы да белгiлi деңгейде себеп болған екен.

Қалай дегенмен де, соңғы статистикалық көрсеткiштер Қытайдағы қазақ көшiнiң атамекенге бет алғандығын көрсетедi. Бұған Қытаймен шекаралас елдiмекендерге Қытайдан келген отбасылардың көптеп орналасып жатқандығы куә. Алайда, екi ел арасындағы арнайы көшi-қон келiсiмiнiң болмауы дүбiрлi көшке әлi де ноқта салып келе жатқаны ақиқат.

Естай ҚОСЫМ