Рүстем Әбдірашев, кинорежиссер: Халықтық қолдау қажет

Рүстем Әбдірашев, кинорежиссер: Халықтық қолдау қажет

Рүстем Әбдірашев, кинорежиссер: Халықтық қолдау қажет
ашық дереккөзі
Биыл Қазақ хандығына – 550 жыл! Мемлекеттік бағдарламаның негізгі шарасы «Қазақ хандығы» телехикаясының түсірілуі биік мінберлерден тілге тиек етілген. «Түркістан» газеті осы тақырыпқа арнап «Қазақ хандығына – 550 жыл! Ұлт мерекесі ар-ұятты сынға салады» деген тақырыпта тарихшы, жазушы-драматург, кинотанушы мамандардың басын қосып, дөңгелек үстел өткізген болатын. Дөңгелек үстелде телехикая түсіруге асықпай, алдымен тарихи кезеңдерді жүйелеп алып, деректі фильм ретінде ұсыну идеясы мамандар тарапынан айтылған. Онан кейінгі аралықта, дүйім елді қуантқан 20 сериялы телехикаяның 10 сериаға қысқарғандығы да айтылды. Таяуда телесериалды түсірілім барысында кездескен қиындықтары мен шығармашылық топтың жаңалықтары жайлы ойын ортаға салған режиссер Рүстем Әбдірашевтің сұхбатын ұсынамыз.
− Рүстем Жарасқанұлы, ел наза­рындағы Қазақ хандығы сериа­лы­ның түсірілім жұмыстары қалай жүру­де? Мұндай ауқымды істе кем­шіліктің болатыны белгілі...
− Қазақта «Алапа» деген сөз бар.­ Бейбіт күнде ағайын-туыстың көмегін «Асар» деп жатамыз. Ал жаугершілік заманда «Алапа» әскерге көрсетілетін көмек. Мысалы, соғыс кезінде батырдың аты міністен қалса, ол кез келген ауылдан келіп алапа сұрайды. Алапа сұраған батырға халық жылқысын, малын, азық-түлігін, үйіндегі барын берген екен. Көнеден қалған жақсы дәстүрді жаңғыртқалы отырмыз. Қазақ хандығы қандай қиын-қыстау кезеңді бастан өткеріп барып құрылды? Режиссер ретінде сол кезеңдегі жағдайды бастан қайта кешкендей күйде отырмын. Елбасының Ілияс Есенберлин жазған «Көшпенділер» трилогиясын негізге алыңдар деген нұсқауы бар. Көп дүниені осы кітаптан алмақпыз. Бұдан бөлек, тарихшылардың зерттеу еңбектеріне сүйендік. Тарихты оқып зерттеу, актер табу, киіндіру, сол заманның болмысын қалпына келтіру үлкен жұмыс. Бірақ, тап осындай сериал түсіретін шақта алдымыздан дағдарыс шыға келгені қиын болды. Сериалға бөлінген қаражат жеткіліксіз, уақыт тығыз. Сіздердің де «Түркістан» газеті атынан келіп, мән-жайды біліп жатқандарыңыз үлкен демеу. Сериалды қолға алғалы бері жан-жақтан жылы лебіздер, қолдаулар болып жатыр. Алыс-жақын шетелдерден, Моңғолия, Қытайдан қандастарымыз хабарласуда. Бәрі де осы сериалдың жақсы шығуына тілекші. Жан жүрегі қазақ дейтін талай азамат Малайзиядан, Синга­пур­ден хабарласып, тілектерін айтты. Сериалға түсіп қалсақ, батыр болсақ, атқа мінсек деген қаншама қазақ келді. Бұдан сезгенім, Қазақ хандығы туралы сериал ел күткен, ұлтқа керекті жоба екен. Мысалы, осыған дейін талай жобаларды жүзеге асырдық. Өзіммен өзім, ұжыммен жұмыс жасап отыратын едім. Ал бұл сериалға әрбір қазақ үлесін тигізіп, қатысып қалғысы келеді.
XV ғасырда Көшпенділер қазақ болмысын, дәстүрін, мәдениетін, елдігін әйгіледі. Мыңғырған малды айтпағанда да, мінген аты, отырған күймесі, киіз үй тіккен арбасының өзі қандай сәулетті, айбынды болды десеңізші. Ал қазір оның бәрін қолдан жасау керек болып тұр. Қазақты сол көшпелі мәдениеттің асыл қазыналарынан, айрықша белгілерінен ажыратып, жұпыны кино түсірсеңіз не болмақ? Бәзбіреулер Рүстем сериалға бөлінген ақшаға байып кететін шығар деп ойлауы мүмкін. Егер баюды ойласақ, телеспектакль жасап-ақ жобаны тез арада бітірер едік. Бір киіз үйдің ішіне барлық хандарды жинап, бітпейтін бір дау бастап, сериалдар санын толтыруға болады. Бірақ бұған менің арым жібермейді. Міне сериалды әдемілеп жасаймын деп өз басыма бәле тілеп отырмын. Расында да, қаражат жеткіліксіз. Анау түріктің «Сүлеймен сұлтаны» сияқты сериал болса жеңіл болар еді. (Күлді). Кинотанушылар ол сериалды «сөйлейтін бастар» сериалы деп атап жүр. Ондай сөйлейтін бастардың сериалын жасайтын болсақ, мына бөлінген қаражатты қиналмай жеткізер едік. Әжептәуір қаламақы да аламыз. Ал көшпенді қазақтың көшін, батырлардың шайқасын, салт атты қазақ мәдениетін, хандардың ай­бынын, ханшалардың сән-салтанатын көрсете алмасақ онда бұндай сериал түсіріп керегі не?! Қазақ хандығы Жібек жолы бойында орналасқан қанашама қалаға иелік етті. Кеңес өкіметі 70 жыл бойы біздің көшпенді мәдениетімізді жоққа шығарып, кедей тұрмыс, жабайы өмір ретінде суреттеп келді. Ақиқатында олай емес... Қазақтың даласы төрт түлік малға лықа толып жатты. |Ешкімге ұқсамайтын өмір сүру салты болғаны белгілі. Демек, XV ғасырдағы көшпенді қазақ мәдениетін бейшара қылып көрсетуге қақымыз жоқ. Қазақ хандығының Сығанақ, Сауран, Сайран, Ясы сынды сол кездің өзінде әлемге мәшһұр қаншама қалалары болды! Қазақ хандығы туралы сериал соның бәрін қамтуға тиіс.
− Аз қаражатты жеткізу үшін қай жағынан үнемдеп жатырсыз? Сериалдар саны тағы да қысқара ма?
− Сериалды әуелде жоспарлағанда кеңінен сілтеп, тарихи оқиғаларды, әсіресе, шайқастарды молынан кірістірген едік. Алайда қаржыға байланысты түсірілім жұмыстарын қай­тадан есептеп, қысқартып жатыр­мыз. Қазір соңғы бекітіліген он сериалды үш серияға тағы қысқарттық. Бұл қаражат қазіргі заманғы жобаларға жұмсалатын болса жеткілікті болар еді. Бірақ, тарихи сериалға жетпейді. Мәселен, 200 мың адамның Өзбек ұлысынан бөлініп, Моғолстанға көшуінің шетжағасын көрсетуге қаражат жеткіліксіз. Кемінде 500 адамды сол заманға сай кинідіру керек.
Сериал әуелдегідей он серия көлемінде қалады. Біздің жасаған бұған дейінгі нұсқамызда Жәнібек ханның дүние салуымен, оның өсиет айтуымен аяқталатын еді. Қобыланды батыр өзінің жараланғанына қара­мастан Жәнібек ханды қоршаудың ішінен құтқарып алып шығатын. Сол кезде ақырығы демі таусылуға жақын қалған Жәнібек хан баласы Қасымға, немере інісі Бұрындыққа өзінің өсиетін айтуымен сериал аяқталатын еді. Ал қазіргі ықшамдаудан кейін сол он серияның қалпын сақтай отырып, шайқас сахналарын қысқартып, киіз үйдегі әңгіме-диалогтарды ұзартқалы отырмыз. Бізге қойылыған талап бойынша хронометражды он серияға толтыруымыз керек. Сериалдағы оқиға Керей ханның жорықта қайтыс болғанымен бітеді. Ары қарай Жәнібектің атасы Орыс ханнан, Барақ сұлтаннан қалған Сығанақты қайтып алуымен, Жәнібекті ақ киізге отырғызып хан сайлаумен аяқтағалы отырмыз. Егер кәсіпкерлер қаражат беріп, көмектесіп жатса, қысқарып кеткен үш серияға жуық шайқастар сахнасын қайтадан қосып жіберуге болар еді.
− Сериал түсіру жұмыстары неден басталды? Актерлеге қажетті киім-кешек, қарау-жарақ, ескі қала қорғандарын қалай дайындайсыз?
− Қазір актерлерді таңдау барысында сегіз сағаттық видео материал түсірілді. Егер манағы айтқанымдай «сөйлейтін бастар» жайлы сериал болатын болса, онда сегіз сағаттық материалмен сериал түсірілімі аяқталар еді. Соны қиып-қиып, қисынын келтіріп, «кино дайын» деп құтылар едім. Бірақ, біз ондай халтура жасағалы отырғамыз жоқ. Киім мәселесіне қарамастан қолда бар дүниелерді, «Көшпенділерден», «Жау жүрек мың баладан» қалған ескі киімдерді бүтіндеп, екінші пландағы дүниелерді түсіріп жатырмыз. Алайда жаңа жоба болғандықтан бұл сериалдағы басты рөлде ойнайтын актерлерге жаңа костюмдер тіктіруіміз керек. Экскиздері жасалып жатыр. Сериалда бір актерге кем дегенде бес-алты киім керек. Хандардың сарайда, жорықта, аңға шыққанда киетін киімдерінің өзі бірнеше түрлі болмақ. Қазір экскиздердің дайын болғандарын тіктіре бастадық. Хан-сұлтандар, батырлар ұстайтын қару-жарақтарды, сауыт-саймандарды Қытайдағы бір компанияға жасатып жатырмыз. Олар Голливудқа, жапондар мен кәрістердің тарихи телесериалдарына тапсырыспен қару-жарақ, сауыт-сайман жасап жүрген тәжірибелі, танымал компания. Біз әуелгі жоспарда 400 дана әскери киім тіктірмек едік. Кейін, қаржыға байланысты санын 100-ге дейін қысқарттық. Әрбір тиынымызды, әрбір қаққан шегемізді есептейтін жағдайға түсіп отырмыз.
Ал кино түсіру алаңы ретінде «Көшпенділерді» түсірген кино қалашықты пайдаланамыз. Ол кезінде жақсы салынған, бірақ он екі жыл өткендіктен ескіріп қалды. Қайта жөндейтін тұстары көп. Техникалық қаупсіздік мәселесін қайта қарауымыз керек. Тағы бір мәселе, қалашық XVІІ ғасырдағы Түркістанға негізделіп салынған. Ал бізге XIV ғасырдағы Сығанақ сияқты қала керек. Ол үшін біраз өңдеу жұмыстарын жүргізу қажет болып тұр. Қапшағайдағы ескі декорация көлемі ежелгі Сығанақтың үштен біріне ғана тең келеді. Бұны жасау үшін де уақыт, қаражат керек.
[caption id="attachment_5640" align="alignnone" width="2000"]KMS_1781 Режиссер қолданып жатқан әдебиеттерінің біразын көрсетті[/caption]

 − Қазақ хандығы сериалы болған­дықтан тарихи тұлғалар мен шайқас алаңдарындағы қай­таланбас ерліктерді көргіміз келеді. Басты рөлдерде кімдер ойнайды?

− Осы күнге дейін сериалды түсіретінімді естіген біраз қазақ келіп кетті. Арасында мықты актерлер де, қарапайым адамдар да бар. Айналып келгенде басты рөлдерге өзіміздің кәсіби актерлерді алғалы отырмыз. Актерлік өнер деген үлкен кәсіп. Ондай талантты кез келген адамға бере бермейді. Сондықтан, Керей мен Жәнібектің рөлдеріне іштей дайындығы мықты азаматтарды іріктеп алдық. Олар ат құлағында ойнайтын, домбыра тарта білетін болуы шарт. Бүгінде қазақ кино өнерінде актерлік мектеп ысылып, қалыптасып қалды деп айтуға болады. Кәсіби актерлерден Асанәлі Әшімов, Досхан Жолжақсынов, Тұңғышбай Жаманқұлов, орта буыннан Берік Айтжанов, жастардан Еркебұлан Дайыров сынды азаматтарды іріктеп алдық. Басқа да танымал актерлер бар. Олардың бәрі әзірге құпия. Арық айтып, семіз шыққан жөн.
Қазақстандық киноматография тарихы «Көшпенділер» фильмімен толық­қаннан кейін, бірнеше қазақс­­­­тандық каскадерлар тобы қалып­тасты. Олар ат үстіндегі қимылдарды, ат үстіндегі сайыс сахнасын жасауда өзіндік жетістіктерге жетіп жүр. Қазақ хандығы сериалында Жайдарбектің командасы жұмыс жасайды. Олар бүгінде үлкен жобаларда, атақты шетелдік телесериалдарға түсіп жүр. Біздің түсірілімге азғантай ақшамыз үшін емес, қазақтың сериалы жақсы шықса деген ниетпен қатысуда. Актерлерді іріктеу толықтай аяқталған соң барлығын Жайдарбекке жібереміз. Ол актерлерге атқа мінуді, ат үстінде найзаласуды, қылыш сілтеуді, садақ атуды үйретеді. Ал сериалдағы қалың жасақ мінетін аттарды, жылқыға қатысты көп көріністерді қазақтар жылқы ұстайтын аймақта жасауды жоспарлап отырмыз. Бірінші нысан, Жамбыл облысындағы Құлан ауылы маңындағы Луговой болмақ. Екінішісі Алматы облысы, Қапал-Арасан аумағы болатын шығар. Әлі де жақсы жерлер мен мал ұстайтын қазақтар көп тұратын өңірлерді іздестіріп жатырмыз.
Бұдан бөлек, монтаж жұмыстарын да елде жасаймыз. Елбасы жобасын жасаған кезде біраз техника мен тәжірибе жинақтадық. Кезінде «Көшпенділердің» монтажын шетелдік мамандар жасаған. Одан бері талай қазақ баласы киномонтаждау техникасын игерді. Бұл жолы барлық жұмысты қазақ монтожерлары жасайды. Кезінде «Сталинге сыйлық» фильмін монтаждағанда француздың режиссерін шақыртқанмын. Сол кезде Ғалымжан Санбаев деген жігітті шақырып, «француздың қасында көмекші болып отырып, монтаждау технологиясын үйрен, сенде үш-төрт жылда сол деңгейге жетесің», – деп режиссерге асиссент ретінде қасына қосып қойған едім. Айтқанымдай, Ғалымжан Қазақстандағы кәсіби біліктілігі жоғары азғантай ғана маман­дардың бірі болды. Қазір осын­дай білікті мамандар біздің жобаға нақты қаражат бөлінбесе де ақысыз көмектесіп, басы-қасында жүр.
Міне реті келген соң «Түркістан» газеті арқылы үндеу жасап отырмын. Алапа болсын! Ұятқа қалмасақ екен. Алла сақтасын ондай болмайды деп ойлаймын. Қазақстан халқы жұмыла келіп жүк көтеретін жақсы қасиеттерін тек саясатта ғана емес, мемлекет тарихын дамытуда, насихаттауда да белсенді күш ретінде танытады деп сенемін. Біз қолымыздан келгенше бар күшімізді салып, бұл жобаны сәтті алып шығуға атсалысамыз. Бұндай ауқымды, мемлекеттік маңызы бар, Елбасы айрықша көңіл аударған жобаға қолдау жасау − борыш.
− Әңгімеңізге рахмет! «Алапа» жариялаған үндеуіңізді қазақтың Атымтай жомарт азаматтары естіп, қолдау көрсетеді деген үміттеміз.
Сұхбаттасқан Жәнібек ҒАЛЫМ