АТА ЗАҢ - ӨРКЕНИЕТКЕ БАСТАУШЫ

АТА ЗАҢ - ӨРКЕНИЕТКЕ БАСТАУШЫ

АТА ЗАҢ - ӨРКЕНИЕТКЕ БАСТАУШЫ
ашық дереккөзі

Қазақстан әлемдiк қауымдастықтан өз орнын тапқан, орташа дамыған мемлекеттер қатарына кiрген, нарықтық қатынастардың әлеуметтiк бағытталуына қол жеткiзген, саяси тұрақтылығы бекем елге айналды. Республиканың 20 жыл мерзiмде көптеген мемлекеттер ғасырлар бойы жүрiп өткен жолды тез еңсеруiне зор ықпал еткен Қазақстан Республикасының қазiргi Конституциясы.

Ата Заңды талқылау және қабылдау жалпыхалықтық сипат алған едi. Конституция жобасын талқылауға 33 мың еңбек және шығармашылық ұйымдар қатысып, 30 мыңнан астам ұсыныстар мен түзетулер айтылған болатын. Конституцияның 55 бабына қатысты 1100 түзетулер мен толықтырулар енгiзiлген. Осы қыруар жұмыстар елдiң Ата Заңының нақты халықтық табиғатын және қоғам дамуына қатысты өзекжарды мәселелердiң барлығының қамтылғандығын көрсетсе керек.

Конституция өзiнiң мазмұндық құрылымының, идеялық бағытының дұрыстығы арқасында Қазақстанда қоғамдық қатынастардың барлық жағының жаңаруына жол ашты. Ата Заңмен бiрге ел нарықтық модернизация үдерiсiне, саяси жүйенi демократияландыру, құқықтық жүйенi жаңарту, жаңа әлеуметтiк жүйе жасау реформаларын бастап кеттi. Қазақстан қоғамын реформалар арқылы жаңарту бүгiнде өз нәтижесiн бердi. Қазiр әлем халқы «дамудың қазақстандық моделi» феноменiне куә болды. Өтпелi кезеңде транзиттi демократияның моделi пайда болды. Нарықтық қатынастар, финанс жүйесi, инвестицияларды пайдалану әлемдiк деңгейге көтерiлдi. Елде екi он жылдықта болған түбегейлi өзгерiстердiң заңдық iргетасын Ата Заң жасап бердi. Қазақстанның Конституциясы оны өркениетке бастаушыға айналды.

Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданған болатын. Ата Заңымыз 16 жыл елiмiз бен халқымыздың мүддесiне ойдағыдай қызмет етiп келедi. Конституция қоғамдық-саяси, экономикалық-әлеуметтiк, рухани-азаматтық дамудың негiзгi заңдық тiрегi екендiгi белгiлi. Демек мемлекеттiң ойдағыдай дамуы – конституциялық мiндеттердiң дұрыстығына және iске асырылуына тәуелдi. Халықтың көкейкестi мақсат-мұраттарына жауап беретiн конституциялық мiндеттердi шешу арқылы мемлекет өзiн өркениеттi даму жолына түсiре алады. Конституция (constitutio) ұғымы латын тiлiнде құрылым деген мағына бередi. Яғни елдiң саяси-мемлекеттiк құрылымын, қоғамның өмiр сүру тәртiбiн, билiк органдарының құрылу принциптерiн, адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, мiндеттерiн ел Конституциясы анықтайды. Мемлекетте қабылданатын заңдар мен басқа да нормативтiк актiлер Конституцияда көрсетiлген мақсаттарға, мiндеттерге және принциптерге сәйкес болуы шарт.

Қазақстан тәуелсiз дамудың 20 жылында екi рет 1993 және 1995 жылдары Конституция қабылдады. Елдiң бiрiншi Ата Заңы Қазақстанда парламенттiк-президенттiк саяси жүйенi қалыптастыруды мақсат тұтқан болатын. Алайда нақты билiк бөлiнiсiн көздеген бұл Ата Заң Қазақстанның өтпелi кезеңдегi мiндеттерiн тиiмдi шешуге құқықтық-нормативтiк база жасай алмады. Елде билiксiздiктiң қауiптi симптомдары байқалды. Қазақстанның нарықтық жаңару үдерiсi тежелiп қалды. Саяси нормалар мен жаңа әлеуметтiк-экономикалық қатынастарды жасайтын заң шығарушылық қызмет тым бәсеңсiп кеттi. Осындай жағдайда өтпелi, транзиттiк кезең мiндеттерiн батыл да тиiмдi шешетiн жаңа Конституция 1995 жылы қабылданды.

Қазақстанның Конституциясы әлемдiк озық гуманитарлық ойдың жетiстiктерiн пайдаланды. Адам мен азамат құқықтарына Конституцияның үштен бiр бөлiгi арналған. Бұл құжаттың ел азаматтарының еңбек, ой, бостандық құқықтарын еркiн орындауына мүмкiндiктер тудыратындығының дәлелi. Қазақстан азаматы қай жерде жүрсе, ол өз мемлекетiнiң қорғауында және қамқорлығында. Конституцияда әсiресе БҰҰ Бас Ассамблеясы 1948 жылы қабылдаған «Адам құқықтарының жалпыға бiрдей Декларациясындағы» өзектi қағидаларға ерекше назар аударылған. Сонымен қатар елдiң Ата Заңында, дамыған Франция, Испания, АҚШ т.б. сияқты мемлекеттердiң конституциялық даму тәжiрибелерi есепке алынған. Синтезделген гуманистiк құндылықтарға басымдылық берген Қазақстанда адам мен оның өмiрi ең қымбат қазына ретiнде бағаланатын жағдай қалыптасты.

Адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарын нығайту арқылы Қазақстан ашық және демократиялық қоғам құру iсiне белсендi кiрiстi. Ел азаматтары бизнес, бiлiм, демалыс, мәдениет пен ғылым iздеп шет мемлекеттерге еркiн шыға бастады. Елдiң әлемдiк озық бiлiм, ғылым және технология кеңiстiгiне еркiн енуiне оның өз елiндегi конституциялық бостандықтары мүмкiндiк бердi деп батыл айта аламыз. Ал сөз бен шығармашылық бостандықтары Қазақстан халқының iшкi әлеуметтiк потенциалын кеңiнен ашуына жағдай жасады. Кеңес дәуiрiнде болмаған бизнес элитамен бiрге дамудың iргетасы болып табылатын орта тап та қалыптаса бастады. Қазiр орта тап елдiң жиынтық iшкi өнiмнiң 18-20 пайызына дейiн өндiруде.

Қазақстанның тәуелсiз мемлекет ретiнде зор экономикалық көрсеткiштерге жетуiне де Конституция негiзiн салған экономикалық реформалар себеп болғандығын қазақстандықтар жақсы түсiнедi. Елде нарықтық экономиканың барлық институттары ойдағыдай жұмыс iстеуде. 20 жылда елдегi iшкi жиынтық өнiм әр адамға шаққанда 2200 доллардан 9000 долларға дейiн көтерiледi. Орташа жалақы 600 АҚШ долларына дейiн көтерiледi. Бұл көрсеткiш 1995 жылғы көрсеткiштен 12 есе артық. Қазақстан постсоветтiк елдер арасында даму деңгейiнен Ресейден ғана артта.

Осы Конституцияда өтпелi кезеңнiң түйiндi мiндеттерiн тез шешу мақсатында вертикалды билiктi күшейту көзделдi. Елдiң саяси жүйесiнiң негiзгi звеносына президенттiк билiк айналды. Стратегиялық мiндеттердi шешуде барлық жауапкершiлiктi президенттiк билiк өзiне алды. Сол себептi, Ата заңда президенттiк билiктiң статусына, мақсаттары мен мiндеттерiне ерекше көңiл бөлiндi. Конституцияның «Президент» деп аталатын бөлiмi құжаттың ең қомақты бөлiмi болып табылады.

Конституцияда президенттiк билiк арқылы елде құқықтық, демократиялық мемлекеттi құру мiндетiн шешу көзделдi. Президент заңдық құқығы бар Жарлық шығару мәртебесiне дейiн иелендi. Бұлай болуы елдегi экономикалық, финанстық, шаруашылық және саяси мiндеттердi ұзаққа созбай, жылдам және тиiмдi шешу қажеттiлiгiнен туындады. Қазақстанда нарықтық экономиканың қысқа мерзiмде қалыптасуына және елдiң постсоветтiк дағдарыстан тез арада шығуына күштi президенттiк билiктiң болуы зор ықпал жасады. Бұл ықпалды конституциялық принциптердiң жүзеге асырылуы қамтамасыз еттi.

Қазақстанның қоғамдық өмiрiнiң негiзгi салаларының құқықтық тұрғыдан реттелуiн қамтамасыз еткен 2000-ға жуық заңдар мен заңдық құқығы бар Президент Жарлықтары қабылданды. Осыншама зор көлемдегi заң шығарушылық қызмет Конституция белгiлеген «құқықтық алаң» шеңберiнде iске асты. Тәуелсiз мемлекет ретiндегi 20 жыл мерзiм арасында Қазақстанда құқықтық қоғамның берiк негiзi қаланды деп батыл айта аламыз.

Өркениеттi мемлекет – заңмен өмiр сүретiн мемлекет. Заңдардың қоғамдық қатынастардың барлық салаларын қамтуы және олардың орындалуы сол мемлекеттiң конституциялық мақсаттарының орындалуын қамтамасыз етедi. Қоғамдағы әлеуметтiк әдiлеттiлiк, халықтың материалдық әл-ауқатының жақсаруы, азаматтардың негiзгi құқықтары мен бостандықтарының сақталуы, экономиканың әлеуметке қызмет етуi сияқты гуманистiк, әдiлеттiлiк принциптерiнiң жүзеге асырылуы заңдар мен Конституцияның орындалуы жағдайында ғана толыққанды iске асады. Сондықтан заңның диктатурасы орнаған мемлекетте ғана демократия принциптерi толыққанды жұмыс iстейдi. Демократиялық мазмұндағы Конституциясын орындау арқылы ғана Қазақстан өркениеттi мемлекеттер өтетiн баспалдақтармен келе жатыр.

Конституция мен заңдар қаншалықты дұрыс болғанымен оларды iске асыратын адамдар. Демек азаматтардың заңдарды орындауға деген ниетi мен құлшынысы құқықтық қоғам орнатуда шешушi маңызға ие. Әсiресе мемлекеттiк қызметтегi лауазымды қызметкерлер мен қатардағы чиновниктердiң мемлекет заңдарын орындауы қоғамдық қатынастарды ойдағыдай дамытудың кепiлi болып қала бередi. Құқықтық мемлекет девизi – «үй сыпырушыдан бастап президентке дейiн заңды орындау», – деп бекер айтылмайды. Әсiресе, нарықтық қатынастар жағдайында экономикалық және саяси-әлеуметтiк шындықтарға сай келетiн заңдарды қабылдау және оларды күнделiктi өмiрде жүзеге асыру мемлекеттегi әлеуметтiк тұрақтылықтың кепiлi бола алады. Қазақстан дамыған мемлекеттердiң дамуының осындай моделiн өзiне үлгi етiп алды. Қазақстан Республикасының Конституциясының потенциалы өте зор. Мәселе Ата Заңды дұрыс iске асыруда.

Қазақстан қоғамының дамуы үдерiстерi Конституцияның кейбiр олқы тұстарын көрсетуi де заңды құбылыс. Сол себептi Конституцияны толықтыру, өзгерген өмiр шындықтарына сәйкес жаңалықтар енгiзiп тұру – Қазақстан қоғамының өзектi мiндеттерiнiң бiрi.

Қазақстан Республикасының Конституциясының негiзi, мән-мағынасы азаматтық мемлекет құруға бағытталғаны көрiнiп тұр. Бiздiң пiкiрiмiзше, осы басымдылық ұлттық мемлекет құру мiндетiн екiншi кезекке ысырып тұр. Конституция қабылданған кейiнгi уақытта Қазақстанның ұлттық құрылымы мүлдем өзгерiске ұшырады. 1995 жылы қазақтар Қазақстан халқының 45 пайызы болса қазiр олар ел халқының 65 пайызы. Қазақстандағы жалпы мұсылман жұрты 75 пайыздан асты. Осындай этнодемографиялық және этноконфессионалдық өзгерiстерден туатын заңды талаптарды ескере отырып, қазақ ұлтының этникалық құндылықтарының конституциялық деңгейде заңмен қорғалуын қамтамасыз ететiн мезгiл жеттi деп есептеймiз.

Заң деңгейiнде қазақ ұлтының өкiлдерiне ешқандай экономикалық немесе финанстық артықшылықтыр беру мәселесi қойылмауы керек. Олай болуы демократиялық мемлекет мазмұнын жоққа шығару болар едi. Мәселе қазақ ұлтының рухани, дiни, тiлдiк даму мен тарихи санасының заңды құқықтарын қорғауға келiп тiреледi. Әрбiр қазақ азаматының ана тiлiн бiлуi – оның қызметтiк iсiмен тiкелей байланысты болуы конституциялық талапқа айналуы дұрыс. Қазақ тiлiн бiлмейтiн қазақ азаматына мемлекеттiк қызметтiң берiлмеуi мемлекеттiк тiл мәртебесiн асыратындығы даусыз. Сонымен қатар моноұлттық елге айналып келе жатқан Қазақстанда орыс тiлiнiң ресми, мемлекеттiк тiлмен қатар қолданылуы құқығын да Конституциядан алып тастаудың уақыты келдi. Қазiр ел халқының 65 пайызын құрап отырған қазақ ұлтының тiлi, елдiң 29 пайызын құрайтын орыс диаспорасының тiлiмен теңестiрiлуi құқықтық та, демократиялық та талаптармен сыйыспайды. Сондықтан тәуелсiз мемлекет ретiнде ұзақ тарихи кеңiстiкте өмiр сүрудi көксейтiн Қазақстан Республикасының тiлi қазақ тiлi болып қалуы тиiс. Тәуелсiз Қазақстанның рухани тiрегi – қазақ тiлi. Қазақ тiлiнiң Қазақстан халқын топтастырушылық, мемлекетшiлдiк қызметi де Конституциядағы өзiнiң нақты бекiтiлуiн күтiп тұр.

Конституцияда әлемдiк демократияға тән құбылыс саяси плюрализм басымдылығы танылған. Мемлекеттiк идеологияның болуы керектiгi туралы ештеңе айтылмаған. Қазiргi әлемдiк идеялар, дiндер, өркениеттер бәсекелестiгi жағдайында Қазақстанның жалпымемлекеттiк және жалпыұлттық мұраттары мен құндылықтарына жауап беретiн мемлекеттiк идеология туралы мәселенi конституциялық деңгейде қою күн тәртiбiнде тұр деп бiлемiз.

Қазақстандық идеология жалпыадамзаттық гуманистiк үлгiлер фундаментiнде, ұлттық iзгiлiктi құндылықтар мазмұнында жасалынып, қазақстандық патриотизмдi тәрбиелеудi қамтамасыз етуi керек деп бiлемiз. Қазақстандық идеологияның мақсат-мiндеттерiн, мән-мазмұнын терең ғылыми зерттеу қоғамтанушылар алдындағы кезек күттiрмейтiн саяси мәселеге айналды. Себебi Қазақстан халқының тiлдiк, дiни, рухани топтасуы әлi де әлсiз жағдайда. Сол себептi, ел халқын топтастырушы ұлттық идеологияны насихаттауды конституциялық мiндеттердiң бiрiне айландыру пайдалы. Ұлттық, мемлекеттiк идеология жалпыазаматтық адамгершiлiк үлгiлерiнiң платформасында болып елдегi көзқарастар мен пiкiрлердiң әралуандылығымен үнемi бәсекелес болып нығайып отырады. Яғни саяси плюрализм принципiн жоққа шығару мақсаты күн тәртiбiнде тұрмайды. Қазақстандық мемлекеттiк идеология қазақтың ұлттық құндылықтарын, жалпымемлекеттiк құндылықтарды және планетарлық, жалпыадамзаттық құндылықтармен синтездейдi, бiрiн-бiрiне ұластыра отыра, ел азаматтарын гуманизм, татулық, достық және патриотизм рухында тәрбиелеуде шешушi рөл атқаратын болады. Мемлекеттiк идеология осымен қатар жастарға инновациялық ойлауды, креативтi шешiмдер қабылдауды үйрету мектебiне де айналады. Сондықтан Қазақстан идеологияның дiнмен теңесе алатын тәрбиелiк потенциалын пайдаланудан қашпауы керек деп бiлемiз. Себебi саясат бар жерде мiндеттi түрде идеология болады. Саяси шындықтың қоғамда өз орны бар сегменттерiн жасанды түрде жоққа шығарып, қателесудiң жөнi жоқ. Батыс сарапшылары осы жолдарды зерттей келе саясат пен идеологияның бiрiнен бiрi туындайтындығын толық мойындады. Қазақстан қоғамы өзiне пайдалы және тиiмдi идеологияны жасап, насихаттап, жастар тәрбиесiн бүгiнгi күн талаптарының деңгейiне көтере алады. Сондықтан Қазақстанның ұлттық идеологиясын өрiстететiн заңдық алаң болуы мiндеттi.

Конституцияны жетiлдiру елде демократияландыруды тереңдеткен 2007 жылғы оған енгiзiлген толықтырулар арқылы iске асты. Бiз көтерген мәселелерге қатысты конституциялық өзгерiстер болады деген сенiм бар. Бұл ұсыныстар Парламент қабырғасында да айтылуда. Қазақстан халқы өзiнiң Конституциясымен бiрге дамыған мемлекеттердiң қатарынан орын алуда қомақты табыстарға қол жеткiзуде. Ата Заң Қазақстан азаматтарының игiлiктi де жақсы өмiрiн қамтамасыз етуге өз үлесiн қоса бермек. Қазақстанның демократиялық және әлеуметтiк жаңаруының, экономикалық өрлеуiнiң кепiлi, оны өркениетке бастаушы – Конституция. Конституцияны бiлу және оның принциптерi мен қағидаттарының орнығуы үшiн белсендi күрес жүргiзу – әрбiр саналы азаматтың парызы.

С.М.БОРБАСОВ, ҚазҰАУ-дың «Қоғамдық пәндер» кафедрасының меңгерушiсi, саяси ғылымдарының докторы, профессор
25.08.2011