Қайрат КЕЛIМБЕТОВ: IРО – ХАЛЫҚҚА ӨТЕ ТИIМДI

Қайрат КЕЛIМБЕТОВ: IРО – ХАЛЫҚҚА ӨТЕ ТИIМДI

Қайрат КЕЛIМБЕТОВ: IРО – ХАЛЫҚҚА ӨТЕ ТИIМДI
ашық дереккөзі

ҚР Экономикалық даму және сауда министрлiгi мен «Самұрық-Қазына» Қоры «Халықтық IPO» Бағдарламасының жобасын Үкiмет талқысына ұсынды. Аталған құжат туралы Экономикалық даму министрi Қайрат Келiмбетов мырзамен жедел сұхбат ұйымдастырған едiк.

– Қайрат Нематұлы, «Халықтық IPO» бағдарламасына неге «Казтрансойл» мен «КЕГОК» таңдап алынды?

– Бұл бағдарламаны Елбасы 2011 жылдың ақпан айында Үкiметке, «Самұрық-Қазына» Қорына дайындауды тапсырған едi. Сол кезеңнен берi әртүрлi елдердiң тәжiрибелерi сарапқа салынып, тәжiрибелi компаниялар кеңесшi ретiнде тартылды. Көктемде консалтингтiк қызметтердi ұсынуға қатысты халықаралық байқау өтiп, соның нәтижесiнде қаржылық, заңдық және ақпараттық тұрғыдан кеңес берушiлер таңдалып алынды. Олардың арасында ПрайсуотерхаусКуперс, UBS AG, Visor Capitаl, Citi Global Markets компаниялары бар. Осы компаниялармен бiрлесiп жұмыс iстей отырып, негiзгi басымдықтарды айқындадық. Ендi неге «Казтрансойл» мен «КЕГОК» десек, онда «Казтрансойл» компаниясының елдегi мұнай өндiрудiң жылдық мөлшерiнiң 60%-ға жуығын тасымалдайтыны, яғни Қазақстандағы мұнайқұбырларының iрi операторы екенiн ескерген жөн. Ал «КЕГОК» – электр желiлерiн басқарудағы негiзгi қызмет көрсететiн компания, әрi бұл компанияның атқаратын қызметi ашық әрi түсiнiктi деп айтар едiм. Тағы мына жайтқа да назар аударған жөн болар: бағдарламада акциялардың бағасы арзандап кетiп, аумалы-төкпелi, демек құбылмалы болмау үшiн – шикiзат бағасына тәуелдi емес компаниялар iрiктелiп алынады, бұл екi компанияны сондай тұрақты компаниялар деген атқа лайық. Қазiр «Эйр Астана» компаниясының да «Халықтық IPO»-ға қатысу мүмкiндiгiн қарастырудамыз. Бағдарлама бiрнеше жылға созылатындықтан, арнайы мерзiмдiк жоспар түзiп, акциялары саудаға шығарылатын компанияларды топ-топқа бөлдiк. Мәселен 1-топтағы компаниялар «ҚазТрансГаз» бен «КЕГОК» 2012 жылдың 2-3 тоқсанында IPO-ға қатысса, «ҚазТрансГаз» бен «Самұрық-Энерго» 2013 жылы шығарылады, «Қазақстан Темiр Жолы», «ҚазТемiрТранс»-тың акциялары 2014-2015 жылдары саудаға түседi деп жоспарлап отырмыз. Ал 2015 жылдан кейiн «ҚазМұнайГаз» бен «Қазатомпром» компаниялары осы бағдарламаға қатысуы мүмкiн. Ол мәселенi әлi де қарастырамыз.

– Сiздiңше, халықтың тарапынан сұраныс қалай болмақ? Жұрттың қызығушылығы бар ма?

– «Осы бағдарлама қалай жүзеге асады?», «халықтың тарапынан сұраныс бар ма?» деген сауалға жауап iздеп, сол үшiн арнайы зерттеулер де жүргiзiлдi. Осының нәтижесiнде, шамамен 160 мыңдай жеке тұлғаны қамтуды көздеп отырмыз. Сұраныстың деңгейi – 100-200 млн. доллар. Егер де халықты компаниялар туралы және инвестициялаудың мүмкiндiктерi туралы ақпаратпен қамтамасыз етсек, онда нақты сұраныс көбейе түсуi де мүмкiн. Ал Жинақтаушы Зейнетақы қорлары тарапынан компаниялардың акцияларын сатып алуға деген сұраныс 200-300 млн. АҚШ долларына бағалануда. Бүгiнде 10 мыңға жуық жеке тұлға қор нарығына инвестиция құйып отыр. Негiзгi инвесторлар әрине, Зейнетақы қорлары. Демек халықтың негiзгi бөлiгi бағалы қағаздарға дәл осы зейнетақы қорлары арқылы қол жеткiзiп отырғанын да ұмытпауымыз керек. Шамамен 8 млн. қазақстандық азамат Бағдарламаға Зейнетақы қорлары арқылы қатысады.

– Компаниялардың акциялары қаншаға бағалануы мүмкiн? Оны қарапайым халықтың қалтасы көтере ме?

– Баға – ең алдымен нақты сатып алу мүмкiндiктерi тұрғысынан қарастырылады. Бағдарлама елiмiздiң барлық аймағын түгел қамтиды, әрi бұл шараға «ҚазПоштаны» тартып отырғанымызды да ескерген жөн.

– Қарапайым азаматтарға қарағанда, Зейнетақы қорларының қаржылық қауқары зор. Олар жеке тұлғалардың алдын орап кетпей ме? Соның әсерiнен, баға да қымбат болуы мүмкiн. Бәлкiм алдымен жеке тұлғаларды бiрiншi кезекте қарастыру керек шығар?

– Басымдық ең алдымен жеке тұлғаларға берiледi. Бағдарламада алғашқыда 160 мыңға жуық жеке тұлғаны қамту жоспарларымыз бар. Бiз әдейi арнайы пропорцияларды, мәселен 40 пайызы зейнетақы қорларына немесе 60 пайызы жеке тұлғаларға деп, немесе соған сәйкес 30/70, 50/50 секiлдi етiп құрған жоқпыз. Бiрақ анығы сол – басымдық жеке тұлғаларға берiледi.

– Бағдарламаның жүзеге асырылуын кiм бақыламақ? Оның ашық өтуiне кiм кепiл? Қандай тәуекелдер болуы мүмкiн?

– Акциялардың бағасы арзандап кетпеу үшiн немесе өзгермеуi үшiн – Бағдарламада шикiзат бағасына тәуелдi емес компаниялар iрiктелiп алынады. Әрi негiзгi инвестор ретiнде жеке тұлғалармен қатар, зейнетақы қорлары да қатысатын болғандықтан, олардың тәжiрибелерi мол да ұзақмерзiмдi инвесторлар. Қауiп-қатердiң алдын алу – осы зейнетақы қорларының қатысуы. Өйткенi олар тұрақты жұмыс iстейдi. Сол үшiн де акциялардың құны өте жиi өзгере бермейдi деп ойлаймыз. Инвесторлардың кейбiрi белгiлi бiр компанияға тиесiлi акцияны барынша көп сатып алып, өз қолына шоғырландыру қаупi бар. Оған жол бермес үшiн және халықтың осы бағдарламаға барынша көп қатысуы үшiн «Қазпошта» арқылы елдiң барлық өңiрлерiн қамту жолдарын қарастырып отырмыз. Яғни Бағдарлама ашықтық, әдiл, барлық қазақстандықтар үшiн тең қолжетiмдiлiк қағидаттарына сай жүзеге асырылады. Ең бастысы, Бағдарлама арқылы халық жинаған қаржыларын iрi компаниялардың акцияларына инвестиция ретiнде салып, акциялардың қожайыны ретiнде пайда таппақ. Ал компаниялар қосымша қаржыға қол жеткiзедi. Бұл компаниялардың әрi қарайғы дамуына себiн тигiзедi. Екiншiден, осы бағдарламаны жүзеге асыру арқылы – Қазақстандағы бағалы қағаздар нарығының дамуын қамтамасыз ете аламыз! Бұған дейiн банк депозиттерi немесе үлескерлiк үйлерге қаржысын салса, ендi ең мықты қазақстандық компаниялардың акцияларына қаржы тартады. Ал Зейнетақы қорлары болса, ұзақ мерзiмдiк қаржы инструменттерiне ақша сала алады, тiптi компаниялардың акцияларын мемлекеттiк құнды қағаздардан еш кем емес дер едiм. Маңыздысы, жеке тұлға да, Зейнетақы қоры да шет елдердегi белгiсiз компаниялардың акционерлiк капиталына қаржы салғаннан гөрi, өзiмiзге белгiлi, отандық компаниялардың акцияларын иемдену – қай жағынан алып қарасаңыз да дұрыс деп ойлаймын.

25.08.2011

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ