«ҚАЗАҚСТАН — ӘР ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСИЕТТI ҚҰБЫЛАСЫ»

«ҚАЗАҚСТАН — ӘР ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСИЕТТI ҚҰБЫЛАСЫ»

«ҚАЗАҚСТАН — ӘР ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСИЕТТI ҚҰБЫЛАСЫ»
ашық дереккөзі

– Бiз әлемдегi барша қазақ жастарының сапалы бiлiм алуына тиiстi жағдай жасауымыз қажет. Осыған орай, Бiлiм және ғылым министрлiгiне қандастарымызға бөлiнетiн гранттық квотаны нақтылап, жастармен жүйелi жұмыс жүргiзудi тапсырамын. Қазiр бiлектiнiң емес, бiлiктiнiң озатын заманы. Астанада әлемдiк деңгейде халықаралық университет ашылғанын бiлесiздер. Бұл жоғары оқу орнында дүние жүзiнiң ең бiлiктi мамандары мен ғалымдары дәрiс оқиды. Сондықтан мен әлемнiң әр қиырындағы қазақ жастарын атамекенде оқуға және Қазақ елiне қызмет етуге шақырамын. Қазiр жаңа дәуiрге қадам басқан Қазақстанға отаншыл, бiлiмдi жас мамандар аса қажет. Жас қыздар мен жiгiттер келiп оқитын болса, осында оқу бiтiрiп, мамандық алып, кейiн ата-аналарын шақырып алады, – дедi мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 25 мамырда Астанадағы Тәуелсiздiк сарайында дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайында сөйлеген сөзiнде.

5 жылда бiр рет өтетiн әлем қазақтарының басқосуына биыл тұңғыш рет алыс-жақын 35 елден және Қазақстаннан қазақ ұлтының өкiлдерi жиналды. Делегаттардың көбi шетелдерде қазақ халқының мәдениетi мен дәстүрiн, ана тiлiн дамыту мен насихаттауға үлкен үлес қосып жүрген дүниежүзiне танымал қоғам қайраткерлерi. Атап айтсақ, Чехияның экс-министрi Жәмила Стехликова, Чувашияның экономикалық даму жөнiндегi экс-министрi, Чебоксарыдағы жоғары оқу орнының доцентi Гүлмира Акимова, Моңғолияның оқу-ғылым және мәдениет министрiнiң орынбасары Күләнда Чоной, аса көрнектi тарихшы Ермұхан Бекмахановтың қызы, мәскеулiк профессор Нәйла Бекмаханова, қазақтың тұңғыш темiржолшы-инженерi, Алашорда көсемдерiнiң бiрi Мұхамеджан Тынышпаевтың ұлы мен немересi – академиктер, техника ғылымының докторлары Дәулет Мұхамеджанұлы мен Асқар Дәулетұлы және т.б. Құрылтайдың 660 делегатының қатарында шығармашылық, ғылыми, педагогикалық, зияткерлiк, бизнес, спорт, мемлекеттiк және қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi болды. Бiр атап айтарлығы, биылғы басқосуда құрылтай делегаттарының 60 пайызын жастар құрады. Олардың қатарында Германия, Швеция, Австрия, Голландия, Норвегия, Ұлыбритания, Моңғолия, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның спортшылары, студенттерi, магистранттары мен оқушылары бар.

Жасыратыны жоқ, құрылтай мiнберiнен мемлекет басшысының: "Қазақстан – дүниедегi әр қазақтың қасиеттi құбыласы" деген сөзi барша қандастарымыздың жан-жүрегiн тебiрентiп, отансүйгiштiк сезiмiн арттырды. Мәселен үзiлiсте БАҚ-ның өкiлдерiмен сырларын бөлiскен шетелдегi қазақтар шамасы келгенше ата-бабаларының мекенiне оралудың қамына кiрiсетiндерiн айтып жатты. Онымен қоса, алыс жолдың азабын тартқан жандарды туған жердiң киелi топырағы, қазақ халқының ыстық құшағы, айбынды Астананың ерекше рухы одан сайын жiгерлендiрдi. "Астана – бұл әлемдегi бар қазақтың ортақ мақтанышы. Мен жер бетiндегi небiр әсем астаналарды көрдiм. Мысалға Парижде, Амстердамда, Ослода болдым. Бiрақ Еуразияның жүрегiндегi осындай құтты қаланы алғаш көргенде бiз өмiр сүретiн ғаламшарда бұдан артық мекен жоқ екенiне көз жеткiздiм", – дейдi голландиялық қандасымыз Әубәкiр Зәңгi өз әсерiмен бөлiсiп.

Данияда тұратын қандасымыз Нұр Арман өзiнiң тегiн, ата-бабаларының туған жерiн ұмытпағанын мақтан тұтады. "Туған жерiм – Иран, яғни ауғандық қазақ боламыз. Алайда тегiмiз – Кiшi Жүз, ата-бабаларымның туған жерi – Батыс Қазақстан. 1920 жылдардың басында ата-бабаларымыз қуғын көрiп, әуелi Ауғанстанға, одан әрi Иранға қашып барған. Мен Орта Жүздегi Арғын деген рудың қызына үйленгенмiн. Қарағандыда туған. Жұбайым өзiммен Данияда тұрады, бiр баламыз бар",– дейдi Нұр өзiнiң өмiр-дерек жолдарынан мағлұмат берiп. Оның айтуынша, шетелдердегi қазақ жастарының Қазақстанға келуiне кедергi келтiретiн бiрнеше мәселелер бар. "Бiз орыс тiлiн бiлмеймiз ғой. Сондықтан Астана мен Алматы немесе басқа қалаларға көшiп келу үшiн, орысша бiлмесең қатты қиналасың. Егер де Қазақ елiнде барлығы қазақша болғанда атамекенiмiзге 10 жыл бұрын көшiп келетiн едiк. Данияда бiз қазақ жастарының мәдени орталығын құрдық. Оның 55 мүшесi бар. Барлығының қазақ жерiне қаны тартады, оралғысы келедi. "Нұрлы көш" деген бағдарламаның барын да бiлемiз. Оқуды бiтiрген жастар Қазақстанға қызмет еткiсi келедi. Өзiм де тарихи Отаныма оралғым келедi. Бiрақ… осы құрылтайға келгенде Қазақстандағы қазақ жастарының денi орысша сөйлейтiнiн байқадым", – дейдi ол.

Чехияда министр дәрежесiне дейiн өскен қазақтың талантты қыздарының бiрi Жәмила Стехликованың айтуынша, атамекендегi қауышу әр қазақтың бойындағы патриоттық сезiмiн күшейте түстi. "Бұл құрылтайға әлемнiң түкпiр-түкпiрiндегi қандастарымды көремiн деген үмiтпен келгенмiн. Сол үмiтiм толық ақталды. Тiптi, мен Моңғолия, Иран, Өзбекстан, Түркия сияқты елдерден келетiн қазақтарды ғана емес, Дания, Канада, Ұлыбританияда тұратын отандастарымызды көрiп, қатты толқыдым. Алыс шетелдердегi қазақтардың бiр-бiрiмен тығыз қатынаса алмауы мүмкiн. Бұл мәселенi шешу үшiн, екi елдiң Бiлiм министрлерi Ресейдегi қазақ мектебi мен Қазақстандағы орыс мектебi жөнiндегi келiсiм-шартқа қол қоюы керек", – дедi Нұрғайша Ғайсақызы. Ол құрылтайдың ашылуында Қазақстан президентiнiң шетелдердегi қазақтарды қолдау үшiн Бiлiм және ғылым министрлiгiне тапсырма бергенiн айта келе: "Бұл тапсырманың толық орындалуы президентке не министрге байланысты емес, әуелi дүйiм қазақтың бiрлiгiне байланысты",– деп мәлiмдедi.

– Бiз өзiмiз тұратын жат елдiң iшкi мәселесiне араласпасақ та, қазақ мектебiн сақтап қалуға күш салуға қақымыз бар, – дедi жоғарыдағы мәселеге орай ашық пiкiр бiлдiрген Ыстамбұлдағы Мимар Синан университетiнiң оқытушысы Әбдуақап Қара. "Президент дүние жүзiндегi қазақтың барлығын бiр күнде көшiрiп алу мүмкiн емес, жылына бөлiнген квота 20 мың отбасы екенiн айтты. Есептеп көрсек, бiр үйде 5 адам деп алсақ, 1 жылда 100 мың қазақ көшiп келедi деген сөз. Ал шетелде 5 млн. қазақ бар. Сонда бiз 5 млн. қазақты 20 мың квотамен шамамен 50 жылда көшiре аламыз. Ал 50 жылда сол шеттегi қазақ ассимиляцияға ұшырап, жойылудың алдында тұр. Сондықтан диаспора саясатының бiр бөлiгi көшi-қон болса, екiншiсi оларды сақтап қалу. Бұл жағы әлi қолға алынбай жатыр. Диаспора қазағы Түркияда – түркiленiп, Германияда – немiстенiп, Францияда – французданып, Қытайда – қытайланып жатыр. Қытайда қазақ мектептерi жабылуда. Бiз олардың iшкi мәселесiне араласпасақ та, қазақ мектебiн сақтап қалуға күш салуға қақымыз бар. Қытайда 1,5–2 млн. қандасымыз бар. Егер 50 жыл күтетiн болсақ, ертең бұлардан көз жазып қалуымыз мүмкiн. Мұндай игiлiктi iстердi жүзеге асыру үшiн, Қазақстан диаспора министрлiгiн құруы керек. Ондай үлкен құзырлы министрлiк құрылмайынша, диаспора саясатын дұрыс жүргiзу мүмкiн емес", – дейдi Ә. Қара.

Ыстамбұлдық профессор, шоқайтанушы ғалым Әбдуақап Қараның пiкiрiнше, бүгiнгi жаһандану заманында шетелдердегi қазақтар Қазақстанға қызмет етуi үшiн, мемлекет мұны ұтымды пайдалануы керек. "Өз ана тiлiн бiлмеген қазақтан Қазақстанға келетiн пайда жоқ. Атамекенiн жақсы бiлмейтiн адамнан да Қазақстанға еш пайда жоқ. Сондықтан шетелдегi қазақтарға елмен араласуға мол мүмкiндiк жасаған абзал. Мысалы Францияда тұратын қазаққа Отанын аралатып-көрсетiп, оның туризмiмен таныстырса, ол туған жерiнiң туризмi үшiн еңбек етедi. Елiн танымаған, тiлiн бiлмейтiн қазақ өз халқына қызмет ете алмасы анық. Сондықтан диаспора саясатының бiр бөлiгi Қазақстанды таныстыру бағытында болғаны жөн", – дейдi ол. Әбдуақап Қараның пайымдауынша, барша қазақ атамекендегiсi бар, шетелдегiсi бар Қазақстан тәуелсiздiгiн сақтап қалу үшiн жанын аямай қызмет етуi керек. – Әлемдегi бар қазақтың бiр ғана мақсаты болуы керек – ол ел тәуелсiздiгiн баянды ету, – дейдi түркиялық қандасымыз. "Кешегi Кеңес одағы қазақты қазаққа жамандап көрсеткен сұрқия саясат жүргiздi. Шетел қазағына КСРО-дағы қазақты атеист дедi. Ал КСРО-дағы қазаққа шеттегi қазақты сатқын, бай тұқымы деп көрсеттi. Бiр қазақтың екiншi қазақтан айырмасы жоқ. Сондықтан жер бетiндегi бар қазақтың ынтымақ-бiрлiгiн нығайтуымыз керек. Бұл жерде әлiпби мәселесiн шешiп, латын қарпiне көшу кезек күттiрмейтiн жұмыс. Шыңжаң қазақтары Қазақстанды күтiп, латынға көшуге дайын отыр. Ал Қазақстан латынға көшсе, әлiпби бiрлiгi болады. Ол дегенiмiз – тiл бiрлiгi, тiл бiрлiгi келсе – идея да, мақсат та бiр болады. Қазақстанның келешегi өте зор. Осыған сенбейтiндер де бар. Өйткенi оларда рухани тәуелсiздiк жоқ. Әрине, ондай тәуелсiздiкке жетуге уақыт қажет. Санасы тәуелдi адамдар өз балаларын орыс мектебiне, ағылшынша оқуға беруде. Өйткенi олар өз елiнiң келешегiне сенбейтiндер. Менiң ойымша, бiз көп ұзамай тәуелдi санадан арылуымыз керек. Әр қазақ өз елiмен, оның жеткен жетiстiктерiмен мақтана бiлгенде ғана, өз Отанының нағыз патриоты болады деп ойлаймын!", – дейдi Әбдуақап Қара.

АҚШ-тың бұрынғы президентi Джон Кеннедидiң: "Елiм мен үшiн не iстедi деп сұрама, мен елiм үшiн не iстей аламын деп сұра" деген қанатты сөзi бар. Шетелдегi қазақтардың елге оралуын сөз еткенде бiз тұңғыш президентiмiз, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өлшеусiз еңбегiн бөле-жара атауымыз қажет. Елiмiз өз тәуелсiздiгiн алғанға дейiн, жер шарының әр қиырында бытырап жүрген миллиондаған қазақтың Қазақстанға оралуына алғаш жол ашқан адам – Нұрсұлтан Назарбаев. 1992 жылы Елбасының бастамасымен дүниежүзi қазақтарының тұңғыш құрылтайы өттi. Сол кезде дүниенiң 33 елiнен жиылған қазақтар мемлекет басшысын дүниежүзi қазақтары қауымдастығының төралқа төрағасы етiп бiрауыздан сайлады. Бүгiнгi таңда әлемнiң әр шалғайындағы 40 шақты мемлекетте 5 миллионға жуық қазақтар тұрады. Мысалы Ресейде 1 млн.-нан астам, Өзбекстанда 1,5 миллион қазақ бар. Дәл осынша қазақ Қытайда өмiр сүруде. Сондай-ақ, Моңғолия, Иран, Ауғанстан, Түркияда, Германия, Австрия сияқты елдерде мыңдаған қандастарымыз бар.

– Бiздiң арғы-бергi тарихымызда елдiң еңсерiле көшулерi аз болмаған. Еске түсiрсек, "Қайран да менiң Едiлiм" деп ел айырылған зарлы көшi өшпес iз қалдырды. Ұлы дала Қаратаудың басынан құлаған қаралы көштiң де куәсi болды. Одан берiде тағдыр талайымен шетел асқан шерлi көштi де бастан кешiрдiк. Ал тәуелсiз мемлекет құрып, жасампаз өмiрге бет бұрған бүгiнгi көштiң жөнi бөлек. Бұл ауған ел қайта оралған, айырылған ағайын қайта табысқан ұлы көш болып саналады, – дедi дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайын ашып, сөйлеген сөзiнде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. "Азаттықтың елең-алаңындағы күрделi кезеңге қарамастан көшiмiз көлiктi болды. Содан берi ұлы көш бiр сәтке толастаған емес. Ат қазығын байлар атамекенге 20 жыл iшiнде 300 мыңға жуық отбасы көшiп келдi. Осылайша ел халқының саны 1 миллионнан астам қандасымызбен толықты", – дедi президент. Оның айтуынша, дүниежүзiнде қалтасынан қаржы шығарып, өз қандастарын елiне шақырған үш мемлекет бар, ол – Израиль, Германия және Қазақстан. – Халқымызда "Ел-елдiң бәрi жақсы, өз елiң бәрiнен жақсы" деген ұлағатты сөз бар. Сондықтан қай қиырда жүрсек те Қазақстан ұғымы бiздiң жүрегiмiздiң түкпiрiнде сақталуы тиiс", – дедi Елбасы.

Атап айтарлығы, құрылтайдың мiнберiнен сөз сөйлеген мемлекет басшысы қазақ тiлiнiң құлашын кеңге сермейтiн күнi алыс емес екенiн жер-жаһандағы барша қазаққа жария еттi. "Ахмет Байтұрсынұлының "Сөзi жоғалған елдiң өзi де жоғалады" деген сөзi бар. Бiздiң тәуелсiздiкпен бiрге сөзiмiз тiрiлiп, еңсемiздi тiктедiк. Бабадан жеткен қасиеттi қазақ тiлiнiң осы жылдары мемлекеттiк мәртебе алып, құлашын кеңге жая түскенiн бiлесiздер. Естерiңiзде болса, 1991 жылы қазақ мектептерiнде оқитын шәкiрттердiң жалпы саны 32 пайыз ғана болатын. Сөйтiп, бiздiң тiлiмiз кеңес заманында жойылуға тақады. Бүгiнде ол көрсеткiш екi есеге артып, мектептерде бiр жарым миллионнан астам бала қазақ тiлiнде бiлiм алады. Аралас мекемелердi қосқанда, барлық балабақшалардың 90 пайызға жуығы қазақ тiлiнде тәрбие беруде. Қазiр мемлекеттiк органдарда iс жүргiзу негiзiнен қазақ тiлiне көшiрiлдi. Мен "Қазақстан" телеарнасына биыл күзден бастап толық мемлекеттiк тiлде хабар таратуға тапсырма бердiм. Балалардың тiл үйренуiне көмектесетiн "Балапан" деген арнайы телеарна ашылды. Таяу арада қазақ тiлiнде "Мәдениет", "Бiлiм" деген жаңа телеарналарды iске қосуға әзiрлiк жүруде. Қазақ тiлiнде шығатын басылымдардың саны да жыл сайын арта түсуде. Егер 1991 жылы, бiз тәуелсiздiк жариялаған жылы, Қазақстанда қазақ тiлiнде небәрi 82 басылым шыққан болса, бұл көрсеткiш биыл 523-ке жеттi. Елiмiздегi кiтаптардың 80 пайыздан астамы қазақ тiлiнде жарық көруде. Мен биылғы Жолдауымда 2020 жылға қарай қазақ тiлiн бiлетiндердiң саны кемiнде 95 пайызды құрауы тиiс екенiн айттым. Ендi 10 жылдан кейiн мектеп бiтiрушiлердiң 100 пайызы мемлекеттiк тiлдi бiлiп шығады деп межелеп отырмыз", – дедi президент Н. Назарбаев. Ал елiмiздiң Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына тұспа-тұс келген құрылтайдың қонақтары бүгiнгi таңдағы жеткен жетiстiктерiмiздiң барлығы ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың есiмiмен тығыз байланысты екенiн атап айтты.

Таңатар ТАБЫНҰЛЫ