ҰБТ: YРЕЙ МЕН YЛГЕРIМ

ҰБТ: YРЕЙ МЕН YЛГЕРIМ

ҰБТ:  YРЕЙ МЕН YЛГЕРIМ
ашық дереккөзі
Жаңақорған түлектерi "шпаргалкамен" ұсталды
  Мектеп түлектерi үшiн соңғы да ауыр сынақтың басталып кеткенiне бiрнеше күн. Түнде ұйқыдан, күндiз күлкiден айрылған талапкерлер мен олардың ата-аналарынан маза қашқан. Ұлттық бiрыңғай тестiлеу (ҰБТ) сынағының жүзеге асқанына – 7 жылдың жүзi. Осы уақыт iшiнде ҰБТ талаптары мен сұрақтары сан мәрте толықтырылып келсе де, жыл сайын бiр айқай-шудың куәсi боламыз. 7 жыл iшiнде бiр жүйеге түсiп үлгермеген сынақтан тағы да ши шықты. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында алғашқы лекпен тест тапсырған 500-ге жуық мектеп бiтiрушiнiң жауабы жарамсыз деп табылған. Себебi сынақ кезiнде үш талапкер алдын-ала белгiленген тест жауаптарымен ұсталып қалған. Одан бөлек тест тапсырушылардың 36-сы – 125, қалғаны – 110 баллдан асыра жинапты. Талапкерлердiң мұндай жоғары баллды жинағанына күмәнданған тест орталығының мамандары сенiмсiздiк танытып отыр. Олар яғни үмiткерлердiң көбi "шпаргалка" қолданған деген болжамды алға тартуда. Ендi мектеп түлектерi ҰБТ-ны 10 маусым күнi қайта тапсыратын болды. Алайда жергiлiктi бiлiм басқармасының айтқан пiкiрiмен келiспейтiн ата-аналар да, талапкерлер де ешқандай "шпаргалканы" қолданбағанын айтуда. "ҰБТ-ға екiншi мәрте кiру – баламыздың психологиясына керi әсер ететiн болды. Әсiресе жақсы оқитын балаларға зияны тиюде" деп зар илеген ата-аналар тест орталығының алдына түнеп, тұщымды жауап алуға тырысып бақты. Тiптi ашынған ата-аналар пойыздарға бөгет жасап, темiржолды жауып тастауға дейiн барды. Бiрақ жоғарыдан келген бұйрық бойынша, талапкерлер 10-ы күнгi сынақта тағы да бақтарын сынайтын болды. Ал бiлiм басқармасы мамандарының айтуынша, оқушылар тест жауаптарын сатып алған. Тестiлеу басталмай жатып-ақ, сынақ жауаптары Жаңақорған көшелерiн аралап кеткен. Оны кiм сатқан, қайдан алынған? Бұл жағы белгiсiз. Қазiр осы мәселеге байланысты Ұлттық қауiпсiздiк комитетi қылмыстық iс қозғады. Алматыда ҰБТ-ның өту барысын қадағалаған Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов биылғы сынақтың нәтижесiне осы бастан-ақ көңiлi толатындығын жеткiзген болатын. "Өткен жылмен салыстырғанда 79 пайыздан 81 пайызға артты. Ата-аналардың да, балалардың да көңiл-күйi орнықты. Бәрi жақсы…", – дедi ол БАҚ өкiлдерiне берген сұхбатында. Дос КӨШIМ,саясаттанушы: – Тест арқылы баланың бiлiм дәрежесiн анықтауға болатын кейбiр пәндер бар. Мысалы гуманитарлық-философиялық бағыттағы сұрақтарды тесттен еш уақытта алып тастай алмайсың. Ол жерде адамның ой-пiкiрi басқаша берiлуi керек. Менiңше, осыны мiндеттi түрде бөлу керек сияқты. "Абылайханның атының қанша тiсi бар" деген сияқты күлкi тудыратын сұрақтардың кездесiп жатқаны да сол. Ал математика, физика, химия сияқты нақты ғылымдарды тестке кiргiзуге болады. Өйткенi оларды формулалар арқылы берiп, есептеп, шығарып, шешу жолдарын көрсетуге болады. Дәлiрегiнде, тест арқылы да, көзбе-көз сұраққа жауап алу арқылы бiлiм анықтайтын жүйе керек. Осыны баяғыдан екiге бөлу керек едi. Екiншiден, ҰБТ-ның әдiлеттiлiгiн қолға алу қажет. Себебi осы жағынан әлi күнге мәселе шешiлген жоқ. Тiптi, ҰБТ сынағына ұлттық қауiпсiздiк қызметкерлерiнiң араласуының өзi тест кезiнде әдiлетсiздiктер мен заңсыздықтардың болатынын көрсетедi. Жоқ, әлде мұны қоғамдық ұйымдар бақылау керек пе? Соңғы уақытта тест сұрақтарын мұғалiмдердiң өзi дайындап, өздерi көмектеседi дейдi. Керек десеңiз, Алматы мектептерiнiң өзi соңғы бiр жылда тек ҰБТ-ға дайындалады. Ал оқу бағдарламасы жайына қалып жатады. Қысқасы, ҰБТ бiлiмдi анықтау емес, оқуға түсу үшiн алатын жолдаманың рөлiн атқарады. Ондай деңгейге түспеу керек. Бұрынғы айтылған сындардан белгiлi бiр қорытынды шығару керек. Бiрақ ҰБТ-ға қатысты шу тоқтамайды. Жыл сайын мiндеттi түрде кейбiр сұрақтар алынып, жаңартылады, жыл сайын кемшiлiктерi толықтырылады. Бұл қарапайым жұмыстың бiрi ғана. Ал ҰБТ-ның өзi үлкен революциялық өзгерiстi қажет етiп отыр. Мына Жаңқорғандағы болған жағдайға келсем, мұндай оқиға барлық жерде бар. Оны жасырғаннан не ұтамыз? Гүлжан, Оңтүстiк Қазақстан облысы, Отырар ауданының тұрғыны, ата-ана: – Көзiмен көргендер Отырар ауданының мұғалiмдерi кәдiмгiдей бiр кабинетте отырып, талапкерлердiң сұрағына жауап берiп жатыр дейдi. Тiптi кейбiр ақшасы бар ата-ана баласы үшiн төрт-бес мұғалiмдi жалдап қойыпты. Соған қарағанда, осы ҰБТ-да әдiлдiк жоқ сияқты. Баяғы бiздiң уақытымыздағыдай сұрақ алып, көз алдында жауап берiп тапсыратын емтихан дұрыс сияқты. Менiң ұлым да биыл ҰБТ-ны тапсырды. Қатты қиналдық. Ұлыммен қоса өзiм де күйзелiсте жүрдiм. Әйтеуiр не керек, орыс тiлiн алып тастағанда 80 балл жинады ғой. Жатпай-тұрмай дайындалды. Мiне, тест болады дегенде екi күн бойы дөңбекшiп ұйықтай алмадым. Мына Жаңақорған ауданының оқушылары қайтадан тапсырайын деп жатыр екен дегендi естiгенде мүлдем шошыдық. Мұның басқа балаларға кесiрi тиiп кете ме деп қорқады екенсiң. Оқыған балалардың еңбегi далаға кетiп жатыр. Ал оқымайтындары әкесiнiң ақшасымен, тамыр-таныстықпен жоғары балл алып, грантқа өтiп кетуде. Осындайларды көргенде қарның ашады. Осыдан екi жыл бұрын қызым ҰБТ тапсырғанда бiзге "мынадай ақша берсең, жоғары балл алып берем" деп ұсыныс жасаған едi. Сол кезде Отырар ауданында бәрi ақшамен сатып алып, бұл дау министрлiкке жеткен болатын. Бұдан кейiн осы ауданды қатаң бақылауға алады деп едi, бiрақ керiсiнше келеңсiздiктер жылдағыдан өршiп кеткен сияқты. Министрлiк мұны қалай қолға алады, қалай шешедi? Барлық ата-ананы мазалайтын ой – осы.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ