ЕКI ӨМIРДIҢ АЗЫҒЫ – ҰЖДАН

ЕКI ӨМIРДIҢ АЗЫҒЫ – ҰЖДАН

ЕКI ӨМIРДIҢ АЗЫҒЫ – ҰЖДАН
ашық дереккөзі

Шәкәрiм дүние-танымы жайлы бiрер сөз

Шәкәрiмнiң ойшылдық, философиялық көзқарастары – өте күрделi, терең де тылсым әлем. Оны түбегейлi тексерiп, айқын тану үшiн арнайы философиялық зор ғылыми даярлық қана емес, Шәкәрiм дүниетанымын ұға алатындай деңгейдегi дарын да қажет. Осы себептi бiз Шәкәрiмнiң философиялық көзқарастарының адамдық қасиеттер, мораль мәселелерiне қатысты тағылымдық сипаттарын ғана сөз етпекпiз.

Сондай-ақ, Шәкәрiм дүниетанымының негiзгi өзегi Абай руханиятынан бастау алатындықтан, олардың ой-танымдарын сабақтас қарастыру да қажет деп ойлаймыз. Ең алдымен айтпағымыз, қос ойшылдың басты тәлiмгерлiк мақсаттары халықтың көкiрек көзiн ашу болды. Өйткенi сыртқы өмiрдегi талас-тартыс, қанау, әдiлетсiздiк сынды әлеуметтiк дерттердi айтпағанда, адамның iшкi жан дүниесiнде де отарлық езгi кесiрiнен заман қалпының өзгеруiне орай түрлi өсек, өтiрiк, баққұмарлық, мақтаншақтық, дүниеқұмарлық, басқа да кеселдi мiнез-құлықтар бас көтердi. Осындай рухани құлдыраудың емi – адамның жан әлемiн тәрбиелеу деп таныған Абай:

Жүректiң көзi ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесi

Iштегi кiрдi қашырса,

Адамның хикмет кеудесi, –

десе, Шәкәрiм:

Анық қара: жан – өзiң, дене – киiм,

Мақтан бояу – денеге берген сыйың.

Жанға мұндай алдауың азық емес,

Оған пайда не қылдың жалғыз тиын? –

деген. Екi ақынның дiнге көзқарастары да таза дiни толғаныстар түрiнде емес, моральдық-этикалық тұрғыда көрiнедi. Абай үшiн де, Шәкәрiм үшiн де Алла, Тәңiрi сөзi елдi жақсылыққа, iзгiлiкке, адамдыққа жетелеудiң құралы. Мысалы Абай:

Алланың, пайғамбардың жолындамыз,

Ынтамызды бұзбастық иманымыз.

Пайда, мақтан әуесқой – шайтан iсi,

Кәнi бiздiң нәпсiнi тыйғанымыз?–

деп халықты Алла атымен имандылыққа шақырады. Шәкәрiм де ойшыл ағасының iзiмен дiннiң моральдық сипаттарын өз поэтикасында шебер пайдаланып, былай дейдi:

Тәңiрi жолы – ақ жүрек,

Сайтан деген – қиянат.

Ақ жүректi ертерек

Ескер-дағы, қыл әдет.

Шәкәрiмнiң бұл ойы бiлмекке құмарлықтың түбi жан қажетi түп иесiн тануға ұмтылу, оның мәнi мәңгi өлмейтiн жан үшiн ғұмыр кешу екендiгiн саралап айтқан "Жан менен дене һәм көңiл" атты өлеңiнде бұдан да терең талданған. Онда ойшыл адам өмiрi жайлы өз танымын былайша ұғындырады: "Басында жан мен дене екi басқа болды. Жан денеге кiрген соң, дененi қозғалысқа түсiрдi. Жан мен дененi екеуiнен туған көңiл өзара үйлестiредi. Егер көңiлдi дене жеңсе, өлуге жаралған байғұс дене бұл дүниенiң қызығына тартады. Ал көңiлдi жан билесе, өлмес жан өзгермес орын, бiлмекке құмарлық пен түп иенi iздеп аласұрады. Алайда көңiл жан сауыты дененiң айтқанына көнiп, оны да қуантуға мәжбүр. Сөйте-сөйте жан керегi кейiнге ысырылып, адам өзiнiң адамдығынан айрылады", – дейдi. Бұл тұжырымын Шәкәрiм:

Көңiл әзiр дененi қуандырмақ,

Өзi де қызық көрiп жүре тұрмақ.

Жан жұмысы жай ғой деп елемейдi,

Кезi келген уақытта мойын бұрмақ.

Сүйте-сүйте денеге әбден тартып,

Мақтан күйлеп кетедi одан да артық.

Жан керегiн ойлауға жалқауланып,

Ала алмайды өз бойын өзi қайтып.

Мақтан үшiн жан қалса ескерусiз,

Дұрыс-ақ қой дейсiз бе осынымыз?

Iздегенiн таба алмай кетсе зарлап,

Жанның орны не болды, байқадыңыз, –

деген шумақтарда түйiндеген. Осы жерде ойшылдың жан мәңгiлiк деген көзқарасына тоқтала кету қажет. Өйткенi Шәкәрiм ұғымында жан мәңгi, сол себептi жан денеде тұрғанда iстеген жақсы iсiң осы өмiрдiң немесе тән өлгеннен соңғы артқылардың мақтауы үшiн емес, жан азығы – ұждан үшiн iстелуi керек. Мұны "Ұжданды мақтайды тамам адам" деген өлеңiнде:

Ұжданды мақтайды тамам адам,

Мейлi ғалым болса да, мейлi надан.

Ар, ынсаппен iс қылып, азап тартып,

Ақ жолында өледi бiрталай жан.

Ыразы қылам дейтұғын Құдайы жоқ,

Өлген соң тiрiлмеймiн деп ойлаған.

Осыны терең ойлап, тексерейiк

Сорлыны ер ынсабы неге айдаған?

Өлген соң жұрт мақтасын дей ме менi?

Олай болса iс бар ма мұнан жаман?..

Ел түзеп тарихта аты қалар дейдi,

Ақылым тоя алмайды менiң бұған.

Жоқ, шырағым! Жанымыз жоғалмайды,

Екi өмiрдiң азығы – осы ұждан! –

деп сипаттаған. Осы бас тұжырымын өзiнiң дүниетанымдық еңбектерiнiң шыңы "Үш анықта": "Адам ақиқатты бас көзiмен көрмейдi, ақыл көзiмен көредi. Өлiмнен соң бiр түрлi тiршiлiк бар. Екi өмiрге де керектi iс – ұждан. Ұждан дегенiмiз – ынсап, әдiлет, мейiрiм", – деп жазған. Шәкәрiм осы еңбегiнде "өлгеннен соңғы өмiр жолы", "әлемдегi барлық нәрсе өздiгiнен жаралған" деген екi жолдың анығын iздеп, жүздеген философ ғалымдардың еңбектерiн талдай отырып: "Совесть – жанның тiлегi. Неге десеңiз жан тiптi жоғалмайтын, бұзылмайтын нәрсе, барған сайын жоғарылайтын нәрсе. Егер бiр адам жанның өлген соңғы өмiрi мен ұждан соның азығы екенiне әбден нанса, оның жүрегiн еш нәрсе қарайта алмайды", – деген қорытындыға келедi. Ал Шәкәрiмнiң жаратушы мен әлемнiң бiрлiгi жайлы ой толғамдары көне ұлттық философиядан бастау алып, Абай философиясынан нәрленедi. Мысалы б.д. VI ғасырында Шығыстың даңқты хакiмдерiнiң басында тұрған Ақарыс Сақұлы (Анахарсис Скифский) бабамыздың: "Кiсiден кiсiнiң несi артық?" – дегенi нағыз терең ойға жетелер дүниетаным екенi анық. Бертiн келе исламды қабылдаған соң, халқымыздың адами көзқарастары дiни философиялық пантеизм тұрғысында өрiстедi. Бұл Абайдың ғақлиясындағы: "Бiр" деген сөз – ғаламның iшiнде, ғалам – Алла Тағаланың iшiнде",– дегенiнен анық көрiнедi. Осындағы Алла деген сөздi пантеизм аясында табиғат деген ұғыммен бiрлiкте алсақ, адам табиғаттың бiр бөлшегi болып шықпай ма! Шәкәрiм "Үш анықта" мұны былайша сипаттаған: "Жан менiң айтқанымдай баста бар болса, тұрған денесi орын болуға жарамаған соң, денеден шыққанда бiржола жоғалып кетпейдi. Құр ғана өзгеретiн болса, бұрыннан бар жанның жоғалуына түк дәлел жоқ. Олай болса, бiр түрге түсiп, барлықтың iшiнде бар болып жүредi".

Қорыта айтқанда, Шәкәрiм өзiнiң дүниетанымдық көзқарастарында әулиелiк деңгейге көтерiлген жан болды. Шәкәрiмнiң шешуi мәңгiлiк пiкiрталасты тудырып, адам баласын бiлмекке құмар ететiн философиялық бес сауалы да ғұламаның гуманистiк ойын көпке жеткiзудiң құралы болды. Ұлтымыздың дана тұлғасы Шәкәрiм: "Адам болып тудым, адам атымды ақтайын, көп үшiн, халық үшiн, келешек ұрпақ үшiн еңбек етейiн. Кейiнгiге үлгi аларлық iз-белгi қалдырайын, адам атым өшпесiн, тарихқа аз да болса үлес қосайын деген ойда болдым.

Сол ойымды, тапқанымды жазып, кейiнгiге қалдырмақ болдым. Өз заманым үшiн жазғам жоқ. Келер дәуiрдiң адамы үшiн жаздым. Адамның арты бүгiнгiлер ғана емес, кейiн де келешектер бар. Дәуiр артқа тартпайды. Өмiр жаңара бермек, өмiр жаңарса, адам тазара бермек. Еш нәрсе бiржола жоғалмақ емес, өзгерiп қайта келмек. Тарих – мәңгiлiк. Ол өткеннiң тазасын, жарамдысын алмақ. Жаңа заман тарихтың тазасына, асылына орнамақ. Тарихтың отындай тазасы, алмастай асылы жаңа дәуiрдiң iргетасы болмақ", – деп, өзiнiң ғұмыр бойғы жиған рухани мол қазынасын үмiт еткен ұрпағы бiзге мирас етiп қалдырды. Ендiгi мұрат – ғұлама ғибраттарынан тағылым алу, асылдың нәрлi ойы мен нұрлы сөзiнiң қадiрiн ұғу.

Марат БЕКБОСЫНОВ, Абай атындағы ҚазҰПУ-дiң

"Абайтану" ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкерi