ӘЛЕМДI АШТЫҚ ҚАУПI АЛАҢДАТУДА

ӘЛЕМДI АШТЫҚ ҚАУПI АЛАҢДАТУДА

ӘЛЕМДI АШТЫҚ ҚАУПI АЛАҢДАТУДА
ашық дереккөзі

Жер шарындағы құрғақшылық, айтып келмейтiн өзге де апаттар, су тапшылығы, көп мемлекеттерде ауыл шаруашылығы саласының ақсауы халықаралық азық-түлiк қауiпсiздiгiне қатер төндiрдi. БҰҰ мамандары егер баға тұрақтандырылмаса, әлемде әлеуметтiк әдiлетсiздiктер кесiрiнен туындайтын азаматтық қақтығыстар көбейетiнiн ескертедi.

Өткен аптаның соңында қаңтар айындағы отандық азық-түлiк нарығындағы ахуалдың тұрақсыздығына алаңдаған ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов Ауыл шаруашылығы министрлiгiндегiлерге азық-түлiк қауiпсiздiгiне қатысты мәселелердi қатаң бақылауға алуға пәрмен бердi: "Өкiнiшке қарай, болжамдарға сәйкес, 2011 және алдағы 2-3 жылдықта бүкiл әлем бойынша тамақ тапшылығы орын алады. Осы себептi бiрiншi кезекте азық-түлiк қауiпсiздiгi мәселесi талайларды сынға салмақ. Елiмiз iшкi нарықта азық-түлiкпен өте көп мөлшерде қамтамасыз етiлуi тиiс және әлеуметтiк маңызы жоғары азық-түлiк түрлерiнiң бағасын тұрақтандыру мақсатында кешендi шаралар жүргiзiлуi керек". Ресми деректерге сүйенсек, баға өсiмi жыл басында Қазақстанның бiрнеше аймағында байқалған. Мысалы Шымкентте қарақұмық жармасы 4 есеге, көкөнiс – бiрнеше есеге қымбаттаса, Петропавлда картоптың құны екi есеге көтерiлген. Бұған дейiн көпшiлiктiң қолы еркiн жеткен қияр экзотикалық жемiс-жидектер қатарында тұр: бiр келiсiне – 1000 теңге. Ал Павлодарда жемiс-жидек пен көкөнiстiң барлық түрi – 40 пайызға, сондай-ақ ет, сүт өнiмдерi 20 пайызға өссе, Өскеменде көкөнiс үш есеге қымбаттапты. Еттiң бағасы шымкенттiктердiң де қалтасына қол сұққан. Үш апта бұрын 800 теңге тұрған ет бүгiнде 1200-1300 теңге көлемiнде көрiнедi.

Қазақ Премьерi көтерген бұл мәселеге халықаралық ұйымдар да алаңдап отыр. Жыл басында "Ауа-райының күрт бұзылуы, табиғи апаттардың жиiлеуi, әлемдiк нарықтағы мұнай бағасының өсуi – Жер шарына төнген қауiп" деп мәлiмдеген Бiрiккен Ұлттар Ұйымының сарапшылары азық-түлiкке қатысты туындайтын бүлiктер, геосаяси ширығулар, жаһандық инфляция мен дүниежүзiндегi кедей топтар арасында кеңiнен етек алып келе жатқан аштық бүкiл әлем бойынша азық-түлiк бағасының шамадан тыс шарықтауына әкеп соғатынын ескерттi. БҰҰ-ның Азық-түлiк және ауыл шаруашылығы мәселелерi жөнiндегi бас экономисi Абдолреза Аббассианның айтуынша, 2010 жылғы азық-түлiк бағасы (халықаралық нарықтағы құны қымбат бидай, жүгерi, сүт өнiмдерi, ет, қант т.б.қоса есептегенде) тiптi 2008 жылы Мексикадан Индонезияға дейiн құлаш ұрған азаматтық тәртiпсiздiктерге себеп болған азық-түлiк дағдарысы кезiндегi көрсеткiштерден де асып түскен. 2010 жылдың екiншi жартысында алты ай бойы үздiксiз өсумен болған азық-түлiк бағасы бидайдың құнын екi есеге, қанттың бағасын соңғы отыз жылда болмаған деңгейге шарықтатты. Мұндай үдерiс Ұлыбританиядағы азық-түлiктi 1976 жылдан берi болмаған қымбатшылыққа әкеп соққан. Мысалы соңғы бiр айда ет пен құс өнiмдерi – 1 пайызға, жемiс-жидек 7,5 пайызға өскен. Әлемдiк нарықтағы аласапыранды сарапқа салған БҰҰ мамандары азық-түлiк өндiрушiлер қауымын алдағы бiр айда макарон, ұн, нан, тоқаш т.б. ұн мен ұн өнiмдерiнiң бiрнеше есеге қымбаттайтынын ескерткен. Демек баға жуық арада ауыздықталмайды. Былтыр жыл соңында Англия банкiнiң бағаны тұрақтандыру мақсатындағы қысым көрсету шаралары нарыққа керi әсер етiп, инфляцияның өсуiне ықпал еткен. Мұндай келеңсiздiктерден дамушы елдер де шет қалған жоқ. Ұн өнiмдерiнiң қымбаттайтынын көлденең тартқан БҰҰ экономистерi алдағы уақытта дәндi-дақыл мен қанттың да бағасы едәуiр шарықтайтынын жасырмайды. Оның үстiне Жер шары тұрғындарының үздiксiз өсуi мен ауа-райының ғаламдық деңгейде күрт өзгеруi азық-түлiк нарығындағы шиеленiске әкеп соғуы мүмкiн. Мұндайда қысқа мерзiмде барынша мол пайда тауып қалуға жанталасатын алыпсатарлардың да ықпалы зор.

"Жығылғанға – жұдырық", бүгiнде жедел дамып келе жатқан Шығыс Азия елдерiнiң экономикасы мен биоотын өндiру мақсатында ауыл шаруашылығы өнiмдерiне деген сұраныстың әсiресе, АҚШ-та арта түсуi әлемдiк азық-түлiк қорының күрт қысқаруына әкеп соққан. Мұның соңы 2008 жылы Мексика, Египет, Камерун, Гаити мен Индонезияда кең ауқымдағы қарсылық шараларына ұласты. Халықаралық нарықтағы мұнай бағасының қымбаттауы да азаматтық толқуларға сеп болуы мүмкiндiгiн ескерткен БҰҰ сарапшылары жуық арада "қара алтынның" құны 100 доллардан асып түсетiнiн болжады. Ал мұнай нарығындағы ахуалды реттеп отыруға жауапты ОРЕС егер мұнай шынымен қымбаттаса, ұйымға мүше елдердiң шаш-етектен пайдаға кенелетiнiн айтып, алақанын ысқылап отыр. 2008 жылы құны барынша шарықтаған "қара алтынның" бiр баррелi 150 долларға жуықтаған болатын. Сондай-ақ әлемдiк нарықтағы мұнайдың қымбаттауымен бiрге ядролық бағдарламасы халықаралық қауымдастық шеңберiнде шу тудырған Иран мәселесi де баға өсiмiне керi әсер етпек. Индонезия, Бразилия, Үндiстандағы құрғақшылықтың кесiрiнен егiннiң бiтiк шықпауы да жағдайды ушықтыра түскен. Әсiресе Нигерия, Бангладеш, Марокко сияқты ауыл шаруашылығы саласында өндiретiн отандық өнiмдерi шектеулi елдерге қиын-ақ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ