БАЛАБАҚШАЛАРДЫ КӨБЕЙТУ – БАСТЫ ТАЛАП

БАЛАБАҚШАЛАРДЫ КӨБЕЙТУ – БАСТЫ ТАЛАП

БАЛАБАҚШАЛАРДЫ КӨБЕЙТУ – БАСТЫ ТАЛАП
ашық дереккөзі

Жетiсу ауданы көркейiп келедi

Қазiр министрлерден бастап, облыс, аудан әкiмдерiне дейiн өткен жылды қорытындылап, болашақта атқарылатын жұмыстарды саралап жатыр. Әдеттегiдей бұл үрдiстен жаңылмайтын Алматы қаласы аудандарының әкiмдерi соңғы бiр аптада тұрғындармен кездесiп, түйткiлдi ортақ мәселелердi талқылады.

Жетiсу ауданының әкiмi Ербол Әлиқұлов та аудан тұрғындарының алдында есептiк кездесу өткiздi. Ол ауданда былтырғы жылы жасалған шаралар мен келешекте қолға алатын жоспарлармен бөлiстi. Аудандағы әрбiр саланың жетiстiгi мен кем-кетiгi баяндалып, тұрғындардың көкейiндегi мәселе ашық айтылды. Халық та бес күн бойы аудан әкiмiмен емiн-еркiн тiл табысты. "Құлагер" ықшамауданындағы №148 мектеп-гимназияда өткен кезектi басқосуда аудан әкiмiнiң қаржы-өнеркәсiп, шаруашылық және көрiктендiру, халықты жұмыспен қамту, денсаулық пен бiлiм беру, "Жол картасы" бағдарламасы аясында жүзеге асырған шаруалары жұрттың көңiлiнен шықты.

Сонымен Жетiсу ауданы бойынша әлеуметтiк-экономикалық дамуының қорытындысына тоқталайық. Былтыр аудандық Салық басқармасы жоспарланған 36 млрд. 223 млн. 9 мың теңгенiң мемлекеттiк бюджетке түскен нақты сомасы 36 млрд. 219 млн. 5 мың теңгенi құрады. Оның 20 млрд. 229 млн. 8 мың теңгесi республикалық бюджетке түссе, жергiлiктi бюджетке 15 млрд. 989 млн. 6 мың теңге салынды.

Елбасының Қазақстан халқына "Дағдарыстан жаңару мен дамуға" атты Жолдауына сәйкес, Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша үкiметтiң бiрiншi кезектегi iс-шаралар жоспары – "Жол картасы" бағдарламасына сәйкес, республикалық және жергiлiктi бюджет есебiнен тұрғындарды жұмыспен қамту және "Жол картасы" бағдарламасы шеңберiнде 80 млн. теңге бөлiндi. Нәтижесiнде 878 адам әлеуметтiк жұмыс орындары мен жастар тәжiрибесiне жiберiлген. Сондай-ақ республикалық және жергiлiктi дәрежедегi жолдарды жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстарына 438 адам жiберiлiп, қаржының 552,2 млн. теңгесi игерiлдi.

Бiлiм беру саласына келер болсақ, Жетiсу ауданында қазiргi кезде 20 орта бiлiм беру мекемелерi, 14 мектепке дейiнгi бiлiм беру мекемесi бар. Ұлттық Бiрыңғай тест (ҰБТ) қорытындысы бойынша аудандағы орташа балл 83 баллды құраған. Аудан әкiмдiгi демеушiлердi тарту арқылы жағдайы төмен отбасылардан елу оқушыны ҰБТ-ға дайындауға көмектестi.

Жетiсу ауданы әкiмi Ербол Әлиқұловтың айтуынша, ауданда балабақша тапшылығы да өз ретiмен шешiлiп келедi. "2011 жылдың басында балабақша кезегiнде тұрған балалар саны 3430 көрсетiп отыр. Елбасымыздың "Балапан" бағдарламасы бойынша, өткен жылы 3 жастан бастап 277 бүлдiршiн қабылданды. 2010 жылы ауданымызда екi жекеменшiк 160 балаға арналған "Сұлтан Қорған" және 70 орындық "Әмина" балабақшалары ашылды. Ағымдағы 2011 жылы Көкжиек ықшамауданында үш балабақша ашу жоспарланып отыр (екеуi – 120 орындық, үшiншiсi – 80 орындық), солардың орнына Тобаяқов пен Шилов көшелерiнiң бойында екi балабақша салынады",–дейдi. Одан басқа наркодиспансерге берiлген ғимаратты балабақшаға қайтару мәселесi шешiлiп, өткен жылдың желтоқсан айынан бастап ғимаратта күрделi жөндеу жұмыстары басталып кетiптi. Сәтiн салса, жаңа жылдың ортасында "Дорожник" ықшамауданында 180 бүлдiршiнге арналған балабақша пайдалануға берiледi деп күтiлуде.

Iшкi саясат бөлiмiнiң қолға алып жатқан жұмыстары да ауыз толтырып айтарлықтай. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын, Үкiметтiң жыл сайынғы бағдарламалары мен Парламент мақұлдаған заңдарды жұрт арасында кеңiнен насихаттауға еңбек сiңiрiп келедi. Одан бөлек түрлi қайырымдылық шаралары, рейдтiк тексерулер жүргiзiп, iшкi саяси тұрақтылық пен ұлттардың ауыз бiрлiгiн, өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу мен мемлекеттiк рәмiздерге құрмет көрсету мәселесi де назардан тыс қалмаған. Осы тұрғыда ақпараттық-насихат тобының мүшелерi жыл бойы тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен 100-ден аса кездесу кештерiн өткiздi.

Бiр айта кетерлiгi, аудан әкiмдiгi ҚР "Тiл туралы" Заңын орындауда бiлiм беру және денсаулық сақтау ұйымдарында iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiрiп, аудан аумағында iлiнген жарнама тақтайшаларының, баннерлердiң дұрыс жазылуына мән берiп, үнемi тексерулер жүргiзiп отырады. Таза мемлекеттiк тiлде өткен жиында әкiм Ербол Әлиқұлов келешекте аудандық iшкi iстер басқарма басшысының тұрғындар алдында есеп беретiндiгiн тiлге тиек еттi.

"Құлагер" ықшамауданының тұрғындарын қынжылтып жүрген бiр жайт – арнайы автотұрақтың жоқтығы екен. Аудан әкiмi: "Көлiктiң көп екендiгi рас. Мұны "Алматыпаркинг" арқылы шешпесек, басқа жол жоқ", – дейдi.

Әкiмдердiң халықпен кездесiп, бетпе-бет келген мәселелерiмен таныс болғаны дұрыс. Онсыз қордаланып қалған түйткiлдердi шешу мүмкiн емес. Аудан тұрғындарының мұң-мұқтажын көңiлiне түйген әкiм Ербол Әлиқұлов та жаңа жылда тың серпiлiспен жұмыс iстеймiз деген уәдесiн берiп, тарқасты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ