ҚАЗАҚТЫҢ АҚБАС СИЫРЫ ТУРАЛЫ АҚИҚАТ

ҚАЗАҚТЫҢ АҚБАС СИЫРЫ ТУРАЛЫ АҚИҚАТ

ҚАЗАҚТЫҢ АҚБАС СИЫРЫ ТУРАЛЫ АҚИҚАТ
ашық дереккөзі

Қазақта бұрын сиырды малға санамаған. Оған қазақтың "Сиыр-пұл, қатын-би болған заман" деген сөзi айқын дәлел iспеттi. Тiптi тек сиыры ғана бар үйлердi де кедейлердiң қатарына қосса керек. Сiрә, басқа түлiкпен салыстырғанда, жылы қораға, көлеңкелi саяға дiлгiр сиырдың бабалар алдындағы қадiрi "кемшiн" болған сыңайлы.

Мүйiздiнiң бiр пiрi-Зеңгi баба, Сиыр берсең, сүттi бер, өңкей мама. Қазақтың халық жырынан "СЕМIЗДIГIНЕН АЯҒЫ КӨРIНБЕЙДI" Солай десек те, қазақтың ата-бабалары – қыпшақтар басқа түлiкпен қатар, сиырды да көп өсiрген. Сiрә, бүгiнгi қазақтың атақты ақбас сиыры солардан бастау алатын шығар. Әйтеуiр қыпшақтың кең даласын көктей өткен арабтардың, дәлiрек айтсақ, жиһанкездердiң көзiнен сиыр да таса қалмаған. Сонау Бағдадтағы араб халифының Х ғасырда Едiл Бұлғариясына жiберген елшiсi (әрi барлаушысы) Ахмед ибн Фадлан солтүстiкке сапарында осы Жайық өңiрiнде де табанының iзiн қалдырыпты. Сонда ол былай деп айран асыр болған: "Джах немесе Джайх өзенiнiң бойында қыпшақтар тұрады. Олар қонақжай және жомарт халық. Өздерiнiң шүйгiн шөптi кең даласында жылқы, түйе, қой-ешкi, сиыр өсiредi. Адам бойына жақын өсетiн қалың шөптiң арасында жайылатын сиырларының семiздiгiнен тiптi аяғы көрiнбейдi". Әрине көргенi көп, онша-мұншаға таңдана бермейтiн ибн Фадланға, сол кездегi Зеңгi баба тұқымының қаншалықты қоңды көрiнгенiн көз алдыңызға елестете берiңiз… ҚАЗАҚТЫҢ АҚБАС СИЫРЫ Мiне, сол жануардың тұқымы күнi бүгiнге дейiн жеттi. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары кеңестiк заманның iрi ғалымдары: К. Акопян, П. Кулешов және басқалары кең көлемдi зерттеу және сұрыптау жұмыстарын жүргiзiп, қазақ және қалмақ сиырларын ағылшынның герефорд тұқымымен шағылыстырып, малдың жаңа түрiн шығаруға кiрiстi. Нәтижесiнде елуiншi жылдары қазақтың асыл тұқымды ақбас сиыры өмiрге келiп, қалыптасып, iргелi iстiң нәтижесi берiлдi. Дегенмен ғалымдар қол жеткенмен шектелiп қалмай, зерттеу, жетiлдiру жұмыстарын онан әрi жалғастыруда. Бұл орайда көршiлес Ресей мен жерлес ғалымдардың өзара бiрлескен ынтымағы көңiл сүйсiнтедi. Оған дәлелiмiз – 2005 жылы жарық көрген "Қазақтың ақбас сиыры және оны жетiлдiру" атты қомақты дүние. Оның авторлары ресейлiк ғалымдар Шакур Макаев, Фоат Каюмов және жерлесiмiз Едiге Насамбаев. Қазақтың ақбас сиырының өзiндiк қасиеттерi – мейлiнше ыстыққа және суыққа төзiмдi, еттi, қоңды және көп күй талғамайды. Бұқасының салмағы 850-950 келi тартса, кейде тоннадан асып кетедi. Сиыры 450-500 келiге жетедi. Ең маңыздысы – сойыс кезiнде етi мен майының мөлшерi 55-65 пайыздан кем түскен емес. Етi – "мәрмәр", яғни сөлдi, дәмдi де жұмсақ. Бұл күндерi мемлекеттiк комиссияның сараптауынан өтiп жатқан Зеленов ауданы Янайкино елдi мекенiндегi бiр мезгiлде 8640 бас iрi қараны бордақылауға мүмкiндiк беретiн кешен келешегiнен көп үмiт күттiредi. Мұнда 7-8 айлық өгiзшелер 12-ден 18 айға дейiн жемделiп, бордақыланады. Сонан кейiн сойылған ет мұздатылып емес, салқындатылған күйi сыртқы саудаға, соның iшiнде экспортқа шығарылуы тиiс. Толық iске қосылғаннан кейiн аталған кешеннiң облыс бюджетiне мол қаржы құятыны өз алдына, сонымен қатар талай адам жұмыс орнымен қамтылмақ. Өңiрiмiздегi өңдеу мен ұқсату өндiрiсiне де септiгi көп. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған деректерге сiлтеме жасайық. Биыл бiрiншi желтоқсанға шаққанда, облыста 438609 (былтыр 447623) iрi қара, соның iшiнде 163137 (былтыр 163718) сиыр тiркелген. Түлiк санының былтырмен салыстырғанда айтарлықтай азайып кетуiн облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлiмiнiң бастығы Қали Ақон көп жануардың сарыпқа шығуымен түсiндiрдi. Әсiресе сүттi сиырдың саны азайып кетiптi. Облыста асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын өсiретiн 15 және сүттi бағыттағы жануарларды бағып күтетiн екi шаруашылық орналасқан. Еттi бағыттағы мал күтiмiмен айналысатын ұжымдар – Чапаев атындағы және "Айсұлу", "Сәбит", "Iлбiшiн", "Шонайбеков" және тағы басқалары. БIР ӨКIНIШ, БIР ҮМIТ – Сөз жоқ, сүттi бағыттағы жануарлардың санының кемуi алаңдатады, – дейдi Қали Ақон, – Әрине еттi тұқымнан гөрi сүттi сиырды баптап-күту қиын. Бiрiншiден, оның орны жылы және құрғақ болуы тиiс. Екiншiден, берiк жасыл балауса мен құрама жем қоры керек. "Сиырдың сүтi – тiлiнде" деп бекер айтылмаған ғой. Үшiншiден, тұрақты сүт тауарлы ферма ұйымдастыру үшiн қажеттi құрал-саймандар мен аспаптар қажет. Бұзауларының күтiмiн айтпағанның өзiнде… Бас зоотехниктiң пайымдауынша, сиыр өсiрудi қазiргi заманауи талаптарға сай ұйымдастырған тек Теректi ауданындағы "Ақас" агрофирмасы мен Зеленов ауданындағы мейлiнше қуатты "Каркула" қожалығы. Қалған ұсақ-түйек 6-7 шаруашылықты олардың қатарына қою тап қазiр мүмкiн емес. Зеңгi баба ұрпағының негiзiнен өңiрiмiздiң солтүстiк аумағында бағып-күтiлетiнiн ескерсек, сиырдың да басым көпшiлiгi осы жақта. Осы аймақ сиыр етi мен сүтiн өндiруде келешекте де басымдылыққа ие бола бермек. Мәселен жоғарыда аталған "Ақас" агрофирмасы шетелден 229 асыл тұқымды сүттi сиыр сатып алды. Голланд тектi сол гольштин сиырынан бiр маусымда 9-10 мың литр сүт саууға мүмкiндiк бар. Агрофирманың сүт өндiретiн, өңдейтiн әлеуетi бүгiнгi заман талабына сай. Жалпы сиыр өсiретiн шағын шаруашылықтар орналасқан Бөрлi, Тасқала және тағы басқа солтүстiк аудандардың сүттi тұқымды жануардың санын көбейтiп, тұрақты өнiм өндiру мен өңдеудiң кешендi саласын қалыптастыруына жағдайы да, мүмкiндiгi де мол. Бiрiншiден, оларға қалалық (Орал мен Ақсай) тұтыну нарығы жақын, екiншiден, қала бердi терең өңделген өнiмдi көршiлес Атырау облысына жөнелту де қиын емес. Басқа да қолайлы жағдайлары баршылық. Орал қаласындағы "Береке" ЖШС көптен берi беларустық әрiптестерiмен ынтымақта. Қазiр тараптар арасында бiрiккен кәсiпорын құру туралы келiссөздер жүрiп жатыр. Мақсат – ұнтақты сүт өндiретiн, қуаттылығы жоғары, тауарлы сүттi ферма құру. – Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi – сиыр етiн де, сүтiн де өндiру, өңдеу iсiне жаңа, заманауи технологияны батыл енгiзе отырып, оны экспортқа бағыттауымыз қажет –дейдi Қали Ақон. – Қазiр бiз облыс халқын сиыр етiмен де, сүтiмен де толық қамтамасыз етiп отырмыз. Әсiресе, басқа облыстармен салыстырғанда, ет өндiруден әлеуетiмiз жоғары. Рас, өнiмдi терең өңдеу әзiрге кемшiн келсе, Янайкиндегi кешен мен күнi кеше iске қосылған "Жайықет" кәсiпорнының олқылықтың орнын толтырарына үмiт артамыз. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдаудың күшеюi өзгелер сияқты iрi қара өсiрушiлерге де қолайлы. Үкiметтен берiлетiн қолдауқаржының көлемi жыл өткен сайын артуда. Мәселен, асыл тұқымды мал өсiруге республикалық, ет және сүт өндiруге, аналық малды ұстауға облыстық бюджеттен қаржы бөлiнген. Тек биыл республикалық бюджеттен сиыр етiн өндiруге 193 млн. Теңге, сүт өндiру мен өңдеуге 28 млн. теңге қолдауқаржы берiлiптi. Мал азығын дайындауға да жыл сайын қолдауқаржы ұсыну үрдiске айналған. Биылғы қуаңшылыққа орай жеке меншiктегi аналық малды сақтауға да қомақты ақша бөлiнген екен. Барлық бөлiнген қаржы толық игерiлдi. Тағы бiр айта кетерлiк жәйт, келешекте асыл тұқымды мал өсiрушi ұжымдардың қатарын толықтыруға 8-10 шаруашылық үмiткер боп отырған сыңайлы… СҰРЫПТАУ ЖАЛҒАСУДА Әлi де iрi қараның арасында асыл тұқымды жануардың үлесi аз. Сондықтан бұл түйiндi шешу мақсатында iрi көлемдi сұрыптау жұмыстары қолға алынған. Бұған Жәңгiр хан атындағы БҚАТУ-дың ғалымдары да белсене араласып, лайықты үлестерiн қосуда. Бұдан басқа өңiрiмiздегi талай шаруашылық "Асыл түлiк" ғылыми-зерттеу орталығымен келiсiмшартқа отырып, нәтижелi iстер тындыру үстiнде. Әсiресе жеке меншiк иелерiнiң қолындағы малдың тұқымының азып, тым ұсақталып кеткенi назарға алынды. Олардың малын қолдан ұрықтандырып, тұқымын жақсарту үшiн облыстық бюджеттен қаржы бөлiне бастады. Бұл да оңтайлы бетбұрыс. Рас, сиыр терiсi мен тұяғының кәдеге аспауы және елiмiзде сол шикiзатты өңдеумен айналысатын кәсiпорындардың оң жамбастап жатып алуы – сан жыл бойы айтыла-айтыла және жазыла-жазыла жауыр болған тақырып. Қали Ақон әзiрге бұған байланысты көңiл жылытарлық нышанның жоқтығын қынжыла хабарлады. ҚАЗАҚ ХОЛЕСТЕРИННЕН ҚОРЫҚПАЙДЫ Сиыр өсiрудiң келешегi зор. Әрi өзiн-өзi ақтайтын түлiк. Өйткенi көршiлес Ресей тарапынан тұрақты сұраныс бар. Басқаны айтпағанның өзiнде, Қазақстан келешекте жыл сайын солтүстiктегi көршiге 65 мың тонна еттi экспортқа шығаруды жоспарлаған. Соның шамамен 5-6 мыңы бiздiң өңiрдiң үлесiне тимек. Сонымен қатар қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын да сыртқа тұқымдыққа ұсыну артық болмас едi. Қазiр бұл тек мемлекет қолдауына ғана тәуелдi боп отырған жағдаят. – Iс жүзiнде өңiрiмiз көптен берi Атырау және Маңғыстау облыстарын ет пен сүт және соның өңделген өнiмдерiмен қамтамасыз етiп отыр, – дедi сөз соңында Қали Ақон,– Әлi де солай бола бермек. Себебi көршiлерден сұраныс бiр сәт те кемiген емес. Әрi өзiмiз де сиыр етiнен жерiне қойғанымыз жоқ қой. "Холестерин" дейсiз бе? Онан қорқып, ет жемей қалған қазақты көргенiңiз бар ма? Әрине семiз сиыр етiнде холестерин бар. Бiрақ асты мөлшерлеп, талғап, таңдап жесе, не қорқыныш бар?!.
Серiк ЫҚСАНҒАЛИ