МӘСIМОВ АУЫЗ ЖИҒАНША, БАҒА БАСҚА ШЫҒЫП КЕТТI

МӘСIМОВ АУЫЗ ЖИҒАНША, БАҒА БАСҚА ШЫҒЫП КЕТТI

МӘСIМОВ АУЫЗ ЖИҒАНША, БАҒА БАСҚА ШЫҒЫП КЕТТI
ашық дереккөзі

Үкiметте инфляция мен азық-түлiк бағасын реттеу шарасына басымдық берiлгенi сол-ақ екен, қымбатшылық та құрық салдырмайтынын байқатып жатыр. Себебi де түсiнiктi, зейнетақыға там-тұмдап қосылған үстеме бағаны да аспандатып жiбердi. Әсiресе көкөнiс пен астық алқабына бай оңтүстiк өңiрдегi азық-түлiк бағасы ырыққа көнбей тұр.

Жақында ғана Премьер-министрдiң Ауылшаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев пен облыс әкiмдерiне берген қатаң тапсырмасының нәтижесi осы болды. Қазiр оңтүстiк өңiрде ет – 1200-1300 теңге, картоп – 120-130 теңге, қияр – 1000 теңге, қарақұмық – 140 теңгеге шарықтаған. Базардағы азықтың әп-сәтте қымбаттап кеткендiгiне халық та наразы. Жергiлiктi жұрт зейнетақының өсуiмен келетiн қымбатшылыққа етi үйренiп кетсе де, жергiлiктi билiк тарапынан бұған жыл сайын тосқауылдың қойылмайтындығын ашына айтады.

Азық-түлiк бағасы тек осы өңiрде ғана аспандап тұрған жоқ. Елiмiздiң барлық облыстары мен қалаларында баға айырмашылығы байқалады. Алматы қаласының өзiнде де күнделiктi өмiрге қажеттi азықтың құны айтарлықтай өскен. Мәселен соңғы кезде қант, күрiш, қарақұмық, ет, т.б. бағасы қалтаға салмақ салуда. Павлодарда да азық-түлiк бағасы күрт қымбаттап, көкөнiс құны 2 есеге артты. Ал өңiрдегi баға тұрақтылығын қадағалаушы мамандар болса, бар қиындықты импортқа әкеп тiреуде. Себебi жер құнарсыз болғандықтан, өзiмiзде жарытып ештеңе өспейдi. Барлығын сырттан тасымалдаймыз. Ал ет бағасының өсуi – жем-шөптiң қымбаттауымен байланысты екен. Мұны қадағалауда ұстауы тиiс базар басшылығы, жергiлiктi билiк атқамiнерлерi мен монополияны реттеу агенттiгi бағаға ерiк берiп қойғаннан кейiн ғана әрекетке кiрiсетiн сияқты.

Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң "Бүгiнде бүкiл дүниежүзiнде №1-шi мәселе – азық-түлiк тауарының бағасы. Осыған байланысты бұл мәселеге ерекше назар аудару қажет", – деп қадап айтқан пiкiрi қайда? Неге облыс, қала әкiмдерi айтқан тапсырманы iлiп әкетуге қауқарсыз? Әлде тамағы тоқ әкiмдер қарапайым қара халықты өздерiндей көре ме? Күнiн әрең көрiп жүрген жұмыссыз отбасының жағдайы тiптен қиын.

Басқа-басқа, ас атасы – нан қымбаттамасын деп тiлейiк. Былтыр Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан облысында нанның бағасы көтерiлiп кеткенде де Үкiметтiң араласуымен бағаның тұрақтанғанын жұрт ұмыта қойған жоқ. Тағы да бұл мәселеге билiк араласпағанда жергiлiктi әкiм-қаралар қол қусырып отыра беретiн бе едi, кiм бiлсiн?! Әйтеуiр iстiң ебiн бiлмей, жоғарыға жалтақтаумен ғана жүрген бойкүйез басшылар қатарының көбейiп жатқанына ерiксiз куә болып келемiз.

Астық демекшi, өткен жылы басқа елдердегi сияқты бiзде де қуаңшылық болды. Соның нәтижесiнде бiтiк шыққан астық ойдағыдай өнiм бермедi. Бiрақ Ауылшаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовке: "Биыл астық көлемi елдiң нанға деген iшкi қажеттiлiгiн қамтамасыз етуге және экспорттық нарықтарға тасымалдауға толық жетедi", – деп мәлiмдедi сенiмдi түрде. Министрдiң сөзiне қарағанда, ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша республикада 9,3 млн. астық бар. Оның iшiнде 2,6 млн. тоннасы бекiтiлген меморандумдар аясында белгiленген бағамен сатылатын тұрақтандыру қорының астығы болып табылады.

Алайда Күрiшбаев "астық жетедi" деп ауыз толтырып айтса да, мәселенi жiтi назарда ұстап отырудың қажеттiлiгi басым. Әйтпесе қымбатшылықты қолдан жасауға үйренiп қалған монополистер айласын асыруға әрқашан дайын. Ендi бағаның өсуiн тоқтату үшiн Бәсекелестiктi қорғау агенттiгi мен Ауылшаруашылық министрлiгi тығыз жұмыс iстемекшi. Ол үшiн базарлар мен дүкендерге мониторинг жүргiзiлетiн болды. Бағаны негiзсiз өсiргендер көбiнесе сатушылар не алыпсатарлар екен. Тексерiстiң ресми қорытындысы осыны дәлелдеп отыр.

P.S. Сейсенбi күнi "Азық-түлiк келiсiм шарт" корпорациясының бастығы Руслан Әзiмов күтпеген жерден өз еркiмен қызметiнен бас тартты. Стратегиялық маңызы бар корпорацияны 8 жылдан аса уақыт басқарған Әзiмовтiң жылы орнын босатуына не түрткi болды? Корпорацияның басты мiндетi – астықты сатып алу және мемлекеттiк резервте бидайдың болуын қамтамасыз ету екенi белгiлi. Бәлкiм, алдағы егiн орағына дейiн қамбадағы астықтың жетiмсiздiгi Әзiмовтi осындай шешiм қабылдауға итермеледi ме, кiм бiлсiн?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ