ЕЛ БАСҚА, ХАЛЫҚ БАСҚА! АЛ ПОЛИЦЕЙЛЕР ШЕ?..

ЕЛ БАСҚА, ХАЛЫҚ БАСҚА! АЛ ПОЛИЦЕЙЛЕР ШЕ?..

ЕЛ БАСҚА, ХАЛЫҚ БАСҚА! АЛ ПОЛИЦЕЙЛЕР ШЕ?..
ашық дереккөзі

Құқық қорғау жүйесiндегi жаңарулар

Жуырда Астанада Iшкi iстер министрлiгiнiң өткен жылды қорытындылаған алқа мәжiлiсi өттi. Мәжiлiске Елбасымыз арнайы келiп қатысты. Жиын алдында арнайы ұйымдастырылған көрмеде Iшкi iстер министрi ел басшысына жалғандықты анықтайтын арнайы құрылғыны көрсеттi. Әйгiлi "детектор лжи" Қазақстанға да келiптi.

Мамандардың пiкiрiне сүйенсек, аталмыш құрылғы нағыз ақиқатты анықтайтын өлшем көрiнедi. Олардың айтуынша, "Жалғандық детекторын" алдау мүмкiн емес. Ақиқатты анықтайтын құрылғыны IIМ басшысы әуелi Жол полициясына ендiре бастапты.

Қорытынды алқа мәжiлiсiне арнайы келген Елбасының да полицейлерге қояр сауалы аз болмады. Iшкi iстер саласында жүрген полицейлерiмiз өз тараптарына айтылған қатаң сын-ескертпелердi мiзбақпай естiдi.

"Құқық қорғау саласы жалпы қоғамымыздың даму көшiнен қалып қойды,– дедi Елбасымыз. – 20 жыл iшiнде бәрi – экономика да, саясат та, мәдениет саласы да, елiмiздiң халықаралық салмағы да, бәрi-бәрi өзгердi. Ел басқа, халық басқа! Бiрақ құқық қорғау жүйесi дәл сондай қарқынмен өзгерiске түсуде деп айтуға болмайды. Рас, маңызды заңдар қабылданды, құнды басқарушылық тәжiрибе қордалануда. Алайда басқа салалармен, мәселен дәл сол экономикамен салыстырғанда, артта қалушылық анық. Дәл осы жағдайлар менiң бүкiл құқық қорғау жүйкесiн реформалау жоспарыма себепкер болды".

Мемлекет басшысы өзi жариялаған реформаның өткен жылғы қорытындылары мен жетiстiктерiне де арнайы тоқталды.

– Бiрiншiден, қылмыстық заңнаманы декриминализациялау мен iзгiлендiру арқасында мыңдаған адамдар түрмеге қамалудан аман қалады. Шағын және орташа ауырлықтағы бiрқатар құқықбұзушылықтар ендi бас бостандықтан айырумен жазаланбайтын болады. Екiншiден, күш құрылымдарының ведомствоаралық қатынастарының жүйесi елеулi жеңiлдетiлiптi. Қазiр есiрткi қылмыстарымен IIМ күреседi, ал экономикалық және коррупциялық құқық бұзушылықтар толығымен қаржы полициясы құзырына берiлдi. Үшiншiден, аса салмақты әрi жылдар бойы шешiлмей, түйiнi қатып қалған проблема, бұл бiзге сонау кеңес заманынан қалған, оралымсыз, созбалаңқы және көпсатылы тергеу жүйесi болатын. Реформа арқасында бiз жеңiлдетiлген "сотқа дейiнгi өндiрiс" аясын елеулi кеңейте алдық, шағын және орташа ауырлықтағы көптеген қылмыстар бүгiнде оңайлатылған схема бойынша қаралады, – дедi Президент.

Сондай-ақ Елбасымыз мигранттар мәселесiне де арнайы тоқталып, бүгiнде қазақ елiнiң жаһандық миграциялық тасқынның орталығына айналғандығын ескере келе, Көшi-қон полициясы комитетiн құру туралы шешiм қабылдады.

Жиында айтылған мәселелердiң бiрi – погондарға қатысты. Келер жылдың басынан бастап, мыңдаған адамдар погондарынан айрылатын болды. Сот приставтары, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы, Көлiк және коммуникация министрлiктерiнiң жүйесiндегi орманға, авиацияға жауапты қызметкерлердiң жекелеген санаттары погондардан толық айырылады. "Бұл жерде де қатып қалған қағидаларға иек артып жүрмiз, – дедi Елбасы. – Бiзде погонды кiм тақпайды десеңшi?! Бiзде жалақыға қосылатын үстемақы погонға байлаулы. Мен сол адамдардың жалақысын сол күйде сақтап қалуды, бiр тиынға төмендетпеудi жақтаймын. Ал погон тағып жүрудiң қаншалықты қажетi бар?! Бiзде аспаз да, бухгалтер де, жүргiзушi де тағады. Бұл адамдар жалданып, жалақы алу үшiн келген. Сендер өздерiң әскери атақтың қадiрiн кетiрiп жатырсыңдар. Оларға погонның түкке қажетi жоқ!", – дедi.

Сонымен бiрге Iшкi iстер органдары өздерiне қатысты заңдарының мерейтойын – 15 жылдығын атап өткелi отырғандығы белгiлi. Бұл заңға байланысты да Президент өз пiкiрiн ортаға салды. "Бұл заң басқа тарихи жағдайларда қабылданды, – деп бастады Елбасы өз сөзiн. – Ал бiз қазiр мүлде басқа заманда өмiр сүрiп отырмыз! Бiле бiлсеңiз, бұл – миллиондаған азаматтарымыздың және IIМ-нiң ондаған мың қызметкерлерiнiң күнделiктi өмiрiне қатысты заң! Мен бұл заңның шаңын қағып, мұқият зерделеп, жаңа "Iшкi iстер органдары туралы" Заң қабылдайтын кез жеттi деп ойлаймын. 2010 жылы заңның жобасын пысықтап, 2012 жылдан кешiктiрмей, оны қабылдау қажет", – дедi.

Келешекте полицияның негiзгi мiндетi – қылмыскердi iздеу және ұстау, сондай-ақ қылмыстарды тiркеу болады. Ал ары қарайғы айғақтарды жинау мен iстi сотқа бағыттау тергеушiге жүктелмек. Бұл жүйе тергеу процедураларын оңайлатуға өз әсерiн тигiзетiн болады. Сондықтан 2012 жылдан бастап, батыста ұйымдастырылған жаңа жүйе бiздiң елiмiзге де келiп жетпек.

Алқа мәжiлiсiнде Мемлекет басшысы министр Серiк Баймағанбетовке жол қауiпсiздiгi саласындағы жемқорлық мәселелерiн жою туралы да арнайы тапсырма бердi. "Жол қауiпсiздiгi саласында тәртiп орнатуды талап етемiн! – дедi Нұрсұлтан Назарбаев. – Жолдағы коррупция жойылатын болсын. 2011 жылы бiрқатар елдердiң, соның iшiнде көршiлердiң де тәжiрибесiн зерттеп, қолданыңдар. Жол полицейлерiнiң мәртебесi мен қызметiн ұйымдастыруды өзгерту керек", – дедi. Жол полицейлiгiне жұмысқа қабылдау үшiн жоғарыда министр көрсеткен "Жалғандық детекторын" пайдалану қажет сияқты. Сонда кiмнiң жалған, кiмнiң шынайы пiкiр айтып тұрғандығын анықтауға мүмкiндiк болар едi.

Бiлiм ордаларын есiрткiден қорғау мәселесi де күн тәртiбiнен тыс қалмады. Бiлiм ордаларын осынау кесiрлi апаттан қорғауды күшейту мәселесiн де Мемлекет басшысы шегелей тапсырды. Есiрткiнiң қатерi – үлкен қатер. Қауiптiң алдын алу үшiн полиция қызметкерлерiне тынбай еңбек ету керек.

Алда – Азиада. Iшкi iстер министрi Серiк Баймағанбетовтiң айтуына қарағанда, Қысқы Азиаданың және өзге де маңызды шаралардың қауiпсiз өтуiн қамтамасыз етуде полиция қызметкерлерi сақадай-сай көрiнедi. Iске сәт дедiк. Елдiң қауiпсiздiгi – iшкi iстер министрлiгiнiң тiкелей қарамағында екенi белгiлi. Ендiгi мақсат – Елбасымыз айтқан сындардан нәтиже шығару ғана. Осы тұрғыдан келгенде, полицейлерiмiзге өздерiнiң алдына қойған барлық мiндеттерiн абыройлы шешу – бiрiншi мақсат болмақ.

Гүлзина Бектасова