ӨЗГЕ ЕЛДЕ СҰЛТАН БОЛҒАНША...

ӨЗГЕ ЕЛДЕ СҰЛТАН БОЛҒАНША...

ӨЗГЕ ЕЛДЕ СҰЛТАН БОЛҒАНША...
ашық дереккөзі

Аймаханов Ресей азаматтығын алғысы келедi

"Қазақ ғарышкерi Ресейдiң азаматтығын алмақ" деген жайсыз хабардың тарағанына да көп болған жоқ. Ресейдiң ғарышкерлердi дайындау орталығында дайындықтан өткен екi бiрдей ғарышкерiмiз – Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймахановтың ғарышқа ұшуға сақадай сай тұрғанын жақсы бiлемiз. Тiптi 2009 жылы халықаралық ғарыш стансасына олардың бiреуiнiң халықаралық экипаж құрамында ұшырылуы жоспарланған болатын. Алайда әлемдiк қаржылық дағдарыстың салдарынан ол жүзеге аспай қалғаны белгiлi. Ендi мiне, көп ұзамай-ақ, қазақстандық ғарышкер өз арманына Ресей азаматтығын алу арқылы қол жеткiзгiсi келетiнi жөнiнде хабар тарап отыр.

Азаматтығын ауыстыратын ниетiнiң барлығын ғарышкердiң өзi де жасырмайды. КазТАГ тiлшiсiне телефон арқылы берген сұхбатында Мұхтар Аймаханов: "Ол рас, мен қазiр азаматтығымды ауыстырып жатырмын. 2003 жылдан берi ғарышқа дайындықты бастағалы Ресейде, Жұлдыз қалашығында тұрамын", – деген екен.

Бала кезден берi ғарышкер болуды армандаған Мұхтардың бар ойы – қалайда ғарышқа ұшу сияқты. "Бұл – тек бала кездегi арман ғана емес, сараптама жасаған кезде қабылдаған дұрыс шешiм. Ғарышкерлердiң жұмысы – ғарышқа ұшу. Сондықтан мен қазiр Ресейдiң ғарыш тобына қосылсам, мүмкiндiгiм көбейедi" дегендi айтады ғарышкер.

Жұлдыздар кеңiстiгiн тамашалау, ғажайып әлемге сапар шегу бала бiткеннiң ең үлкен арманы екенi рас. Алайда қазақ үшiн ғарыш кеңiстiгiн тағы да бағындыру көп уақыттан берi құр елеске айналып тұр. Өйткенi ғарыш кемесiндегi орынды сатып алу үшiн бiзге қыруар қаржы керек екен.

Жақында Елбасымыз қазақстандық ғарышкердi ХҒС-қа ұшыру бағдарламасына қосу туралы Ресей президентiмен келiсiмге қол жеткiзген едi. Бiрақ Мұхтар Аймаханов бұл хабарды естiмегенiн айтады. Әзiрге Қазақстан ғарыш айлағымен байланыспаған ғарышкердiң ендiгi мақсаты – ойға алған iсiн қалайда жүзеге асыру. Оны жүзеге асырудың ең басты алғышарты – Ресей азаматтығын алу ғана сияқты.

Алайда Ресей азаматтығын алып, ғарышқа ұшпақ ниетте жүрген, ел үмiт еткен жерлесiмiз Қазақстанның атынан емес, Ресейдiң атынан ғарышқа ұшатынын мүлдем ұмытып кеткен сияқты. Оның ойынша, "азаматтықты алу деген сөз – қазақ болып қалмау деген сөз емес" дейдi. "Мен қазақстандық ғалымдар әзiрлеген ғарыштық бағдарламаларды, ғылыми тәжiрибелердi орындаудан бас тартып отырған жоқпын ғой" дегендi алға тартады. Аймахановтың ғарышқа ұшып қайтуы, қазақстандық ғалымдардың ғарыштық тәжiрибесiне оң нәтижелерiн де беретiн шығар, бәлкiм. Алайда өз мақсатына қол жеткiзгiсi келген соқталдай жiгiттiң бөтен елдiң азаматтығын алуға бейiм тұрғаны бiздi қынжылтады. Сонда ел сенiм артқан үмiткердiң өз елiне деген патриоттығы, отансүйгiштiгi қайда қалады? Осылайша мемлекетшiлдiк, отаншылдық деген сана әрқайсымыздың жадымыздан тыс қала бере ме?

Мұхтар Аймаханов ғарыш кемесiне өзге елдiң азаматтығын алу арқылы қол жеткiздi делiк, бiрақ ол қаншалықты қазақ ғарышкерi болып қала алады. "Қазақстандық ғарышкер ғарышқа ұшты", – деп, ресми түрде айтылады дегенге сене қою да қиын. Ғарышқа ұшудың ауылы алыс екен деп, отандық ғарышкерлерiмiз Ресей азаматтығын ала берсе, ғарышкерлердi дайындау үшiн Қазақстан неге қаржы бөледi?! Өйткенше, АҚШ-тың НАСА-сы арқылы нағыз қазақ баласын, Қазақстан азаматын неге ғарышқа ұшырмаймыз?.. Қазақ баласы ғарышқа ұшуға тиiс! Бiрақ қазақ баласының өз жерiнде, өз елiнiң атынан ұшқанын қалаймыз. Бiрде журналистерге берген сұхбатында Айдын Айымбетов: "Қазақстандық ғарышкер әлi ұшады, тек ұшуы кейiнге қалдырылды, мен ол күндi күтемiн және дайындаламын", – деген болатын. Қазiр "Қазғарышта" жұмыс iстеп жүрген Айдынның да нағыз қазақ баласының ғарышқа ұшатынына сенiмi мол. Ал азаматтығын ауыстыруға асыққан Мұхтардың мұнысына не жорық?!

Қазақ мұндайда "өзге елде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан бол" демеушi ме едi?!

Гүлзина Бектасова