ТЕМIРЖОЛ БИЛЕТI ЖӘНЕ ТЫҢ ТЕХНОЛОГИЯ

ТЕМIРЖОЛ БИЛЕТI ЖӘНЕ ТЫҢ ТЕХНОЛОГИЯ

ТЕМIРЖОЛ БИЛЕТI ЖӘНЕ ТЫҢ ТЕХНОЛОГИЯ
ашық дереккөзі

Қазақстан темiржолында жолаушы билеттерiн сататын жаңа технология қолданысқа берiлдi. Республика өлкелерiнiң вокзалдарына қойылған терминал жыл басынан берi жолаушыларға қызмет көрсетiп жатыр.

Астана, Алматы вокзалдары, Қарағанды және Ақтөбе станцияларының вокзалдары бойынша барлығы 10 терминал орнатылды. Бұл қызмет түрiн "Жолаушылар тасымалы" АҚ енгiзiп отыр. Осы қызмет түрiне сәйкес жолаушы өз еркiмен бағытын, орнын, уақытын таңдап, билет сатып алады. Сондай-ақ интернет арқылы тапсырыс берiлген билеттердi басып шығару мүмкiндiгiне ие. Бұл транзакциялық терминал арқылы билеттi мемлекетаралық және республика iшiнде қатынайтын барлық поездарға рәсiмдеуге болады және де тариф түрiн таңдау құқы берiлген. Темiржолшылардың айтуынша, билет сатудың бұл әдiсi алыпсатарлардың жолын кесiп, уақытты үнемдеуге көмектеседi. "Бұл тәсiл жолаушылар санын көбейтуге бiрден-бiр сеп болады деп сенемiн. Интернет арқылы қызмет көрсетудiң де қарқыны үдей түседi", – дедi "Южный" АҚ жолаушылар тасымалы филиалының бас инженерi Александр Дьяченко.

Ресейде жасалған осы автоматтардың бiреуiнiң құны – 17 миллион теңге шамасында екен. Жыл соңына дейiн тағы да 10 заманауи техниканы iске қосып, аймақтық вокзалдар бойынша орнату жоспарда бар. Ал тариф жөнiнде сұрағанымызда, iшкi қажеттiлiктердi өтеу үшiн сәл қымбаттату мiндеттi түрде болады деген жауап алдық.

А. Бейiмбет