ТҰҢҒЫШ ЕЛШI ЖАЙЛЫ ДЕРЕКТI ФИЛЬМ

ТҰҢҒЫШ ЕЛШI ЖАЙЛЫ ДЕРЕКТI ФИЛЬМ

ТҰҢҒЫШ ЕЛШI ЖАЙЛЫ ДЕРЕКТI ФИЛЬМ
ашық дереккөзі

Өткен жұмада Алматыдағы "Искра" кинотеатрында режиссер Болат Шәрiповтың "Өкiлеттi елшi" атты деректi фильмiнiң тұсауы кесiлдi. Атынан көрiнiп тұрғанындай, деректi фильмi қазақтан шыққан тұңғыш кәсiби елшi Нәзiр Төреқұлов жайында түсiрiлген.

Деректi фильмде елшiнiң Кеңес Одағы кезiндегi сiңiрген еңбегi мен Ислам әлемiндегi алғашқы елшi ретiндегi ролi туралы да көбiрек айтылады. Режиссердiң сөзiне қарағанда, деректi фильмдi түсiруге 9-10 айдай уақыт кетiптi. "Материалдар табуда қиындықтар көп болды. Өзiмiздiң, Ресейдiң мұрағаттық материалдарын пайдаландық. Сонымен қатар көптеген деректердi Тайыр Мансұровтың Нәзiр Төреқұлов жайында жазған кiтабынан алдық. Туындының сценарийiн өзiм жаздым. Бұл фильмдi түсiрудегi мақсатым – халқымыздың ұлы перзентi, қазақтың нар азаматы, мемлекеттiк қайраткер, дипломат Нәзiр Төреқұловтың есiмiн келешек ұрпаққа, жастарға жеткiзу болып табылады", – дейдi режиссер Болат Шәрiпов. Режиссердiң "Елшi жайында Араб әмiрлiктерiнен бiз бiлмейтiн деректер табылып жатса, деректi фильм толыға түсер едi" деген арманы да бар.

"Қазақфильм" киностудиясы соңғы бiр жылдың iшiнде 40-тан астам деректi фильм түсiрiптi. Олардың қатарында: Бауыржан Момышұлы, Рымғали Нұрғалиев, Бибiгүл Төлегенова, Мұхтар Мағауин, Әбiш Кекiлбаев, Қорқыт туралы фильмдер де бар. Өткен жылы өндiрiске жiберiлген "қазақ вальсiнiң королi" атанған Шәмшi Қалдаяқов пен Мiржақып Дулатов туралы деректi фильмдер де аяқталуға жақын.

Биылғы жылы аталмыш киностудия Кенесары Қасымов, Әзiрбайжан Мәмбетов туралы және аштық жайындағы деректi фильмдердi жасауды жоспарлап отырған көрiнедi. Одан бөлек, қазақ әлемiнде есiмдерi қалған бiртуар азаматтарымызға арналған деректi фильмдердi түсiру жайы да киностудияның ойында бар.

Ең бастысы, қазiр "Қазақфильмде" түсiрiлiп жатқан деректi фильмдердiң барлығы дерлiк диск түрiнде шығарылуда. Мұның өзi нақты дерекке негiзделген шыншыл фильмдердiң көпшiлiк арасына кең таралуына зор мүмкiндiк туғызады.

Гүлзина Бектасова