Алғаш рет "Әлихан Бөкейхан" балеті сахналанды

Алғаш рет "Әлихан Бөкейхан" балеті сахналанды

Алғаш рет "Әлихан Бөкейхан" балеті сахналанды
ашық дереккөзі

Биыл Алаш көсемі, Алашорда автономиялы өкіметінің төрағасы, ғалым-публицист Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың туғанына 150 жыл!

ЮНЕСКО Бас конференциясының 2-18 қараша аралығында өткен 38-сессиясында, «Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына арналған мерекелік шараларға қатысу туралы» Атқарушы кеңестің ұсынысы бекітілді. Сүйінші хабарды Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілетті уәкілі Сатыбалды Бұршақов жеткізген еді. Әлихан Бөкейханов есімі жалпы қазақстандықтардан көрі Алашорда тарихы мен алаштанушы ғалымдардың еңбектерін зер сала оқып жүрген ат төбеліндей аз ғана қауымға таныс. Өкінішті, әрине. Өйткені 1937 жылдың 27 қыркүйегінде Қазақстан Кеңестік Республикалар Одағы Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясы «возглавлял контрреволюционную борьбу против Советской власти, устоновил связи с руководителями террористического центра в Казахстане и в Москве» деген жалған айыппен ату жазасына кескен аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханов Мәскеуде өмірмен қоштасты. Алайда Алаш партиясы мен кеңестік билікке қарсы әрекеттеріне байланысты барлық жауапкершілікті өз мойнына алған Ә.Бөкейханов 1955 жылы 8 қыркүйекте толықтай ақталған. Бұған қарамастан ақиқат 34 жыл бойы жария етілмей, 1989 жылы ғана қайтадан қаралып, ұлт көшбасшысы ақталды. Әлихан Бөкейханов (1866-1937жж.) – Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым – ормантанушы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі дарынды публицист.  Алаштың ұлы перзенті Әлихан Нұрмұхамедұлы қазақ көсемсөзінің бастауында тұрды, қазақ баспасөзін қалыптастыруда да айрықша қызмет атқарды. Ол «төңкеріске дейін 4 газет, оның үшеуі орыс тілінде – «Иртышъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттеріне өзі редактор болса, қазақ тіліндегі тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастырды», – дейді әлихантанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы өз зерттеулерінде. Сондай-ақ, алаштанушылардың дерегінше Әлихан Бөкейханов төңкерістен кейін қазақ тіліндегі «Темірқазық» және «Шолпан» журналдарын шығарып, 1925 жылдан «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» және «Сәуле» журналдарын ашуға бастамашы болады. Әлихан Бөкейханов «Алаш» сөзін алғаш рет саяси айналымға алып келіп, –  Алаш партиясын, Алашорда өкіметін тарих сахнасына «Алаш» атауымен шығарған қайраткер. Ол жетекшісі болған Алаш партиясы  – бүкіл Ресейдің саяси кеңістігінде белсенді қызмет атқарған 50-ден астам партияның ішінде алдыңғы 8- орыннан бой көрсеткен беделді ұлттық ұйымға айналды. Өкінішке қарай, еліміз Тәуелсіздік алған 25 жылда Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен саяси қызметі толыққанды насихатталған жоқ. Бүгінде белгілі алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы құрастырған Әлихан Бөкейхановтың 7 томдық шығармалары, өмірі мен саяси қызметі туралы еңбек қана жарық көрді. Белсенді журналистердің қатысуымен отандық арналардың бірінен бірнеше бөлімді деректі фильмдер көрсетілді. Ал Әлихан Бөкейханов бейнесін, тұлғасын, ұлтқа қызметін жалпы халыққа насихаттайтын көркем шығарма да, фильмде әлі күнге түсірілген жоқ. Тек бір қуантарлығы, қазақ театр өнерінде тұңғыш рет жас режиссер Орынгүл Нұржанқызы Алашорда көсемі «Әлихан Бөкейхан» атты екі актілі балет қойды. Оның өзі режиссердің магистрлік оқуын аяқтауына орай қойылған дипломдық жұмысы ретінде бір-ақ рет көрерменге ұсынылды. «Мен өз басым қатты сүйіндім. Өйткені Бөкейханов Алаш қозғалысының көсемі.  Алаш қозғалысы қазақ тарихында бұрын соңды болмаған құбылыс. Бұл тақырыпқа үлкен шығармалар жазылып, спектакльдер қойылуы, көркемфильмдер түсірілуі керек еді. Деректі фильмдер бар, бірақ, мазмұндық тұрғыдан деңгейі әліде жетіспейді. Орынгүлдің балеті үлкен істің бастамасы. Алашорда, Әлихан Бөкейханов тақырыбы өнердің кез келген жанрына арқау бола алады», –  дейді тарихшы Мәмбет Қойгелдиев. Әлихан Бөкейхановтың жоқтаушысы халық. Мәңгілікті мұрат тұтқан бүгінгі қазақ кешегі тарихын толықтай түгендеп, ел үшін шаһит болған ерлердің тұлғасын толық танитын күнге де жетерміз. Өйткені Алаш арыстарын оққа байлаған Кеңес өкіметі де келмеске кетті. Тарихтың қатпарлы беті, астарлы ақиқаты күн өткен сайын ашыла түспек.