ҚЫМЫРАН – ОТЫРАРДЫҢ БРЭНДIНЕ АЙНАЛАДЫ

ҚЫМЫРАН – ОТЫРАРДЫҢ БРЭНДIНЕ АЙНАЛАДЫ

ҚЫМЫРАН – ОТЫРАРДЫҢ БРЭНДIНЕ АЙНАЛАДЫ
ашық дереккөзі

Отырар ауданында бүгiнде 350 мыңнан астам қой, 40 мыңнан астам iрi қара, 12 мың жылқы мен 3 мыңға жуық түйе бар. Қызылқұмның қойнауында мал көп болғанымен, ауданда мал өнiмдерiн өңдеу жағы кенжелеп қалған. Мал өнiмдерiн өңдейтiн кәсiпорын болмағандықтан жүн-терiнiң құны арзан. Ет-сүт тек шикiзат күйiнде сатылып келдi. Осы олқылықтың орнын толтыру үшiнбиылдан бастап аудан әкiмдiгi қымыран өндiретiн кәсiпорынның жобасын жүзеге асыруды қолға алған болатын. Жуырда сол жоба өзiнiң жемiсiн бердi. Жеке кәсiпкер Оразалы Мұстафиннiң қолға алуымен "Гүлмайра" шаруа қожалығында қымыран арнайы цехта құтыға құйылып, сауда орындарына дайын өнiм ретiнде шығарылады.Озық технология бойынша даярланған құтыдағы қымыран 5-6 айға дейiн сапасын бұзбайды. Жобада Отырардың қымыранын экспорттау жағына да көңiл бөлiнген. Ойсыл қара сүтi алдағы уақытта Отырардың брэндiне айналып жатса нұр үстiне нұр.

Оразалы Мұстафиннiң шұбат өндiрумен айналысқанына бiрнеше жыл болған екен. Бұл кәсiптiң қыр-сырын ол отбасымен жақсы меңгерген.

– Адам ағзасына қажеттi дәрумендерге бай қымыран денсаулыққа өте пайдалы. Оған деген сұраныс та көп. Қазiр кәсiпорында шығарылған өнiмдер Шымкентке жiберiлiп жатыр. Егер сұраныс болса қымыранды шипажайларға, демалыс орындарына жеткiзiп беру жағын ойластырып жатырмыз, – дейдi кәсiпкердiң өзi.

Жаңа кәсiпорын шикiзаттан тарықпауы тиiс. Өйткенi, Отырарда қазiрдiң өзiнде түйе өсiрумен айналысатын 14 iрi шаруашылық бар.

Жалпы, Ұлылардың мекенi атанған Отырарда соңғы бiр жылда атқарылған тiрлiк көп. Атапайтар болсақ,былтырдан берi 280 орындық балабақша пайдалануға берiлдi. Отырар мен Жамбыл мектебiнiң құрылысы аяқталды. Коммуналдық 6 тұрғын үй салынды. Балтакөл ауылындағы iшкi су құбырлары жаңартылды. Талай жылдан берi май шаммен ғана отырған Дарбаза ауылына электр желiсi тартылды. Аудан орталығындағы әл-Фараби атындағы Мәдениет сарайының жөндеу көрмей келе жатқанына жиырма жылдың жүзi болған едi. Биыл ғимараттың жылу жүйесiн жаңартуға 47 миллион теңге бөлiндi. Сондай-ақ, Отырар ауылдық округiне қарасты Аққу Мәдениет үйiне де қазынадан 22 миллион теңге бөлiнген.Аталған нысандарда жөндеу жұмыстарықызу жүрiп жатыр. Кейiнгi жылдары ыза сулардың көтерiлу салдарынан жерi тұздана бастаған Отырарда бау-бақша, көкөнiс егу мүмкiн болмай қалған. Бiрақ диқандарбұл проблемадан шығудың жолын тапқан сыңайлы.Ауданда қазiр жылыжай өндiрiсi қолға алынуда. Талапты ауыл округiне қарасты Көкмардан ауылында 5 гектар аумақты алып жатқан жылыжайда қызанақ пен қияр өсiрiлiп жатыр. Бұрынғы Маңғытай баба мешiтiнде де қызу құрылыс. Ол аяқталған соңбұл ғимаратқаорталық кiтапхана, мұрағат, және "бiр терезе" қағидасымен жұмыс iстейтiн халыққа қызмет көрсету орталығы орналасатын болады. Көгалдандыру жұмыстарына да көп көңiл бөлiнуде. Осыған байланысты ауданда "Отырар көгалдандыру" мекемесi құрылған. Аталған мекеме қызметкерлерi Шәуiлдiр мен Темiр ауылдарының арасына 4100 түп тал ектi. Көшеттердi күтiп-баптаумен мекеме қызметкерлерi жыл бойы айналысатын болады.

Отырарда 2 мың бүлдiршiн балабақша кезегiнде тұр. Ал, аудандағы жұмыс iстеп тұрған 10 балабақша 675 баланы ғана қамти алады. Осыған байланысты биылдан бастап бос тұрған ғимараттардан балабақша ашу көзделiп отыр. Мәселен, Жамбыл орта мектебiнiң ескi ғимараты республикалық бюджеттен бөлiнген 25 миллион теңгеге күрделi жөндеуден өтiп, бүлдiршiндердi қабылдауға дайын тұр. Көксарай ауылындағы М.Әуезов атындағы мектептiң бұрынғы ғимараты28 миллион теңгеге жөндеуден өттi. Ауданда биыл осындай 6 ғимаратқа күрделi жөндеу жүргiзiлiп, балабақшаға айналады.

Ұлылардың мекенiн таяу арада туризмнiң ордасына айналдыру жоспарланып отыр. Жоспар жүзеге асса Отырардағы брэндтiң көкесi осы туризм болмақ.

– Ауданның iшкi кiрiстерiн арттыру үшiн этнотуризмдi дамыту керек деп есептеймiн. Түркi әлемiнiң мәдени мұрасы Арыстан баб кесенесiне дұрыс жағдай жасалса, туристердi көптеп келтiруге болады. Осы жөнiнде жасалған жобаның алғашқы кезеңiн жүзеге асыруға 4 миллиард 500 миллион теңге инвестиция керек. Жобаны ауданның бес жылдық даму бағдарламасына енгiздiк. Егер қаржыландыру жағы дұрыс жолға қойылса, 2014 жылдан бастап туризмнен теңге түсе бастауы тиiс,– дейдi аудан әкiмi Бейбiт Сыздықов.

Отырарда биыл тағы бiр қуантарлық өзгерiс – аудан жолдарына күрделi жөндеу жұмыстары жүрiп жатыр.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ,

Оңтүстiк Қазақстан облысы