"ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ҚАРА ЖОРҒАСЫ"

"ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ҚАРА ЖОРҒАСЫ"

"ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ҚАРА ЖОРҒАСЫ"
ашық дереккөзі

Сапар Байжановқа замандастары кезiнде осылай баға берсе керек. Яғни, "қазақ журналистикасының су төкпес қара жорғасы". Бiз, яғни бүгiнгi қалам ұстаған тiлшi қауым, "С.Қ."-лықтарды тәрбиелеген Сапар Байжановты да, әлi күнге көпшiлiк "шекпенiнен шықтық" деп мақтанатын Шерағаңның да, "Лениншiл жастан" түлеп ұшқан аға буын қаламгерлер үлгi тұтқан Сейдахмет Бердiқұловтың да мектебiн көрген жоқпыз. Есесiне, сол мектептi қалыптастырған қарымды қаламгерлердiң бүгiнгi iзiн жалғастырушылардың мектебiндемiз бiз.

Бiлуiмiзше, Сапар Байжановты қазақ қаламгерлерiне ұстаз еткен ерекше үш қасиетi екен. Ол… бейтаныс жолдан тура алып шығатын тапқырлығы, талант көзiн аша бiлетiн табандылығы, биiкке қарай талмай ұмтылған таудай талабы болса керек. "Адам болып тудың ба – адамға лайық iсiң болсын!… Ата-ана, ел-жұртың артқан үкiлi үмiттi ақта… Дүниеге бекер келiп, бекер кетпе… Бұл өмiрде жақсы iз қалсын, ұрпақ-жұрағат айта жүрер iс қалсын", – деген даналық пiкiр айтып кеткен ел ақсақалының сексен жылдық мерейтойы басталып-ақ кеттi. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрға жиналған көпшiлiк Сапар Байжанов туралы ойларын, жүрекжарды жылы пiкiрлерiн ортаға салды. Мәдени шараға жазушының әрiптестерi мен замандастары, шәкiрттерi және тума-туыстары қатысты. Зиялы қауым тағылымды тәжiрибесi арқылы қазақ баспасөзiне өлшеусiз үлес қосқан қаламгердiңсаналы ғұмыры туралы әдемi естелiктер өрiлдi.

Жазушы қаламынан туған шығармаларды қолға алған бойда-ақ: "Адам не үшiн өмiр сүредi?", "Өмiрдiң мәнi не деп ойлайсыз?", "Достықты сiз қалай түсiнесiз?", "Достық пен махаббат арасында шекара бар ма?", "Сiз қайсысын қасиет, құдiрет тұтасыз?" – деген сұрақтарға жауап табатыныңыз хақ. Қолыңызға алған әрбiр шығарманы парақтап, қарап отырсаңыз, рухани өмiрге қажеттi құнды ойларды табасыз. Қаламгердiң ешкiмге ұқсамайтын өзiндiк қолтаңбасы бар екенiн осы жолдардан-ақ аңғаруға болады.

Жарты ғасырға жуық қазақ баспасөзiнде еңбек етiп, өзiндiк қолтаңба қалыптастырған Сапар Байжанов – 30-ға жуық авторлық және аударма кiтаптардың, 300-ден аса мақала, очерк, эсселердiң және пьесалық шығармалардың авторы. Қаламгердiң "Жастық шақ – жауапты шақ", "Сыр мен сымбат", "Сұңқар көңiл самғайды" сынды сыршыл сезiмге толы публицистiк кiтаптары, "Ақ маржан", "Қияңқы тағдыр", "Әке" секiлдi шоқтығы биiк повестерi мен әңгiмелерi әлi күнге дейiн өз бояуын жоғалтпай келедi.

Сапар Байжанов туралы"Егемен Қазақстан" республикалық газетi" АҚ президентi Сауытбек Әбдiрахманов әдемi сыр шерттi. "Сапар Байжанов – қандай өлшеммен қарағанда да, бiздiң баспасөзiмiздiң төрiнен ойып тұрып орын алатын азамат. Басқасын былай қойғанда, "Социалистiк Қазақстан" газетiн он жыл басқаруының өзi, сол жылдарда газеттi жаңа биiкке шығаруының өзi бiр азаматқа үлкен жүк болар едi. Оның сыртында Сапекең жазушы ретiнде соңынан мол мұра қалдырды. Сапекең өзiнiң екiншi өмiрiн кiтаптарында жалғастырып жатыр", – дедi Сауытбек Әбдiрахманов мырза. Мерейтойға берiлген үлкен сыйлықтың бiрi – Сапар Байжанов туралы кiтаптың жарық көруi болды. Кiтаптың алғашқы нұсқасын қаламгердiң жары Күләш Бейсенбиеваға табыс еттi.

Қаламгер туралы замандастары, шәкiрттерi де сыр шерттi. Алматы қаласы әкiмiнiң орынбасары Серiк Сейдуманов мырза белгiлi публицистiң мерейтойына өзiнiң жүрекжарды тiлегiн жеткiздi. Белгiлi ғалым Серiк Қирабаев, публицист Сарбас Ақтаев та замандастары туралы естелiк-әңгiмелерiн айтты.

Өзiнiң саналы ғұмырында артына өлмейтұғын сөз қалдырған қарымды қаламгер өз оқырманымен қоштаспақ емес. Оның тасқа қашап жазған мол мұрасы ендiгi жерде қалың қауымның рухани қажетiне жарайтын асыл қазына болып қалмақ.

Гүлзина Бектасова