ҚАРАТАУДАН ДИПЛОМ АЛЫП...

ҚАРАТАУДАН ДИПЛОМ АЛЫП...

ҚАРАТАУДАН ДИПЛОМ АЛЫП...
ашық дереккөзі

Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжi сан мамандықтың ыстық ұясы

Елiмiзде кеңестiк кезеңнiң қылышынан қан тамып тұрған уағында да техникалық бiлiм ошақтарына деген сұранысты арттыру мен қанағаттандыру оңтайлы жолға қойылған едi. Сол кезде таудай талап пен темiрдей тәртiптiң бiр-бiрiмен астасып жатуы да бiлiктi мамандардың кеңге құлаш сермеп, өмiрден өз орнын табуына жол ашты. Сондай киелi шаңырақтың бiрi – Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжi өзiнiң 44 жылдан астам тарихында 8 мыңға жуық бiлiктi маманды қатарға қосты.

Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжi (бұрынғы Қаратау тау-кен құрылыс техникумы) 1966 жылы Қазақстанның оңтүстiк өңiрiнде фосфорит кендерiн игерудегi өндiрiс орындарымен, жаңадан бой көтерiп келе жатқан Қаратау-Жаңатас қалаларының құрылысына орта буын мамандар дайындау масқатында ашылған. Оқу орны өзiнiң тәй-тәй басқан кезiнен бүгiнге дейiн небiр қиын-қыстау заманды басынан өткердi. Кеңес Одағы кезiнде республикада құрылысшы мамандарын дайындайтын мамандандырылған 3 орта арнаулы оқу орны болса, соның ортасынан қазiргi Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжi ойып тұрып орын алды. Бiлiм ошағын аяғынан тiк тұрғызу қандай басшыға да оңай шаруа емес. Алғашқы директорлық қызметке басшылық еткен Б.Ниязбеков пен Ж.Сембин колледждiң материалдық-техникалық базасының нығаюына қомақты үлес қосқаны жұрт есiнде. Ал, жаңа заманауи талапқа сәйкес, өзiнше түрленiп сала берген колледждi басқару тетiгi 2003 жылдан берi Докторбек Маселбековке бұйырғанда, ұжымғажанашыр, ұлтжанды азаматтың келгенiн айтып қуанғандар көп болды. Мiне, колледж өзiнiң толағай табысты жылдарында айтулы жетiстiктерге қол жеткiзiп, талай жастардың талабына қанат бiтiрiп, бiлiмдерiн шыңдай түстi.

Жасыратыны жоқ, кезiнде аты дүркiреп тұрған оқу орнына бiр мезетте құжат тапсыратын үмiткерлер санының азайып кеткенi жанға батты. Әрине, нарық заңы қоғамға дендей бастаған тәуелсiздiк алған жылдары екiнiң бiрi заңгер не қаржыгер болам дейтiн сыңаржақ қағидаға көштi. Сауда-саттықпен нәпақа айырып жүрген ата-ана келешекте баласының қаржыгер боп, бума-бума ақша санап отыратынын көз алдына ертегiдей елестеттi ме, бар тапқан-таянғанын ақылы жоғары оқу орнына құйып, бiр жапырақ диплом алып берудi арман еттi. Ақшаға сатып алған бiлiмнiң қайырымсыз болатынын қайда қоясыз. Десе де, әлi күнге баласын "соттың оқуын оқытам" не "қаржыны қаптап табатын қаржыгер болады" дейтiндердiң қатары азаяр емес. Әрине, бұл мамандықтарға деген жастардың бетбұрысы ерекше болса да, оған қажеттiлiк байқалған жоқ. Есесiне, сол кезде бұзылып қалған қарапайым тоңазытқыштан бастап, теледидарға дейiн басқа ұлт өкiлдерi жөндеп, ақшаның көзiн тауып жүрдi. Содан кейiн ғана бiзге заңгер не қаржыгерден гөрi, техникалық мамандықтарға деген сұраныстың күн өткен сайын артып отырғанын сезiнген ата-ана баласын осы салаға баули бастады. Себебi, егемендiктiң алғашқы жылдарында, тiптi, күнi кешегiге дейiн мұнай-газ, тау-кен саласына қажеттi техникалық мамандарды шетелден қомақты ақшаға шақыртып келдiк. Мәселен, 2003 жылы елiмiзге келген шетелдiк мамандардың саны 17 мың адам болса, 2008 жылы олардың саны 54 мыңға дейiн өстi. Жұмыс көзiн сырттан алдыртудың елiмiздiң болашағына, жастарына керi әсерiн тигiзетiнiн ескерген Үкiмет техникалық және кәсiптiк бiлiмдi дамыту мәселелерi бойынша, 2009 жылы "Қазақстан Республикасында техникалық және кәсiптiк бiлiмдi дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын" қабылдады. Осы кезеңде техникалық-кәсiптiк бiлiм жүйесiнде өзектi мәселелер пайда болып, кәсiптiк оқу орындарының жеткiлiксiздiгi күн тәртiбiнен түскен жоқ. 1991 жылдан бастап 2006 жылды қоса алғанда мемлекеттiк кәсiптiк мектептер саны 471-ден 280-ге дейiн азайып кеттi. Ал, мемлекеттiк колледждер 256-дан 198-ге дейiн қысқарып, алғашқы он бес жылдың iшiнде техникалық-кәсiптiк бiлiм жүйесiнде құрал-жабдықтар моральдық және табиғи тұрғыдан ескiрiп, тозығы жеттi. Жұмыс берушiлермен тұрақты қарым-қатынастар үзiлiп қалды. Инженерлiк-педагогтiк кадрлар мен өндiрiстiк оқыту шеберлерi кәсiпорындарға кеттi. Өйткенi, оқу орындарындағы айлық өте төмен болып, бiлiм жүйесiнiң жеткiлiксiз деңгейде қаржыландырылуы жығылғанға жұдырықша әсер еттi.

Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжiнiң директоры техника ғылымдарының кандидаты Докторбек Манатбекұлының айтуынша, коллеждiң оқытушылар құрамы ешбiр қиыншылыққа қарамастан жаңа талапқа сай жоспар құрып, жаңа мамандықтар ашуды ұйымдастырған. "2001 жылдан бастап жаңа бетбұрыс орнап, оқу орнының екiншi тынысы ашылды. Қазiргi таңда колледж 13 мамандық бойынша бiлiктi мамандар дайындайды. Олар бастауыш сынып мұғалiмдерi мен мектепке дейiнгi бiлiм мекемелерiнiң тәрбиешiлерi, құрылысшы, автокөлiк жөндеу және техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ Талас ауданында ашылған газ-кен орындарына қажеттi мамандар дайындау қолға алынды", – дейдi ағынан жарылған колледж директоры.

Бәсекеге қабiлеттi маман дайындауға кiрiскен колледж ұжымы кейiнгi кезде гуманитарлық бағыттағы мамандықты азайтып, техникалық мамандық санын арттыруға бел шеше кiрiспекшi. Кәсiптiк бiлiм беру iсiнде үлкен реформаға жол ашылған уақытта бастауыш және орта кәсiптiк бiлiм беру мекемелерiнiң материалдық базасын жаңартып, өндiрiске қажеттi мамандарды дайындау талабы қойылып отыр. Ол үшiн кәсiптiк орта бiлiм мекемелерiнiң материалдық базасын қайта жасақтап, инженер-педагогикалық кадрлардың бiлiктiгiн көтерiп, мәртебесiн анықтап алу қажет. Сонда ғана өндiрiспен тiкелей байланыс орнап, мамандардың сапасы арта түсетiнi анық.

"Колледж халықаралық стандартқа байланысты, сапа менеджмент жүйесiн енгiздi. Ұлыбритания колледждер қауымдастығының қолдаушысы Кембридж аймақтық жәнеХейверинг колледждерiмен кәсiптiк бiлiм саласы бойынша 5 жылға меморандумға қол қойып, әрiптестiк орнаттық. Сол сияқты Швеция, Дания, Норвегия мемлекеттерiнiң техникалық-кәсiптiк бiлiм беру жүйелерiнiң iс-тәжiрибесiмен танысып, байланысты үзбей келемiз" деп, өз ойын жалғастырған Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжiнiң директоры Докторбек Маселбеков бұл екiжақты байланыстың өз нәтижесiн беретiндiгiне сенiмдi.

Бiр айта кетерлiгi, колледждi тәмамдаған дайын мамандарды жұмыспен қамту мәселесi дұрыс жолға қойылған. Iрiлi-ұсақты кәсiпорындармен тiкелей келiсiм-шартқа отыру арқылы, солардың сұранысы негiзiнде маман дайындау үрдiсi қалыптасып келедi. Мұнай-газ кен орындарын пайдалану мамандығы бойынша, колледж бүгiнде Жамбыл облысындағы Амангелдi газ кенiшi мекемесiмен өндiрiстiк байланыс орнатқан. Қазiргi таңда түлектердiң 75 пайызы өз саласы бойынша жұмысқа орналасқан. Ал, қалған пайызы бiлiмiн жетiлдiру үшiн жоғары оқу орындарына жол тартады екен. Сондай-ақ, директордың айтуынша, "Ғимараттар мен үймереттердi салу және пайдалану" мамандығы негiзiнде оқытудың кредиттiк технологиясы енгiзiле бастады. Бұл жаңа үрдiс 4303 мамандық бойынша жүзеге асып жатқан көрiнедi. Қуаныштысы сол, бүгiнде техникалық мамандықтардың бәрi мемлекеттiк тапсырыс бойынша дайындалып келедi. Колледждегi 13 мамандықтың 9-ы толықтай мемлекеттiк тапсырыстың негiзiнде бiлiм алса, 2009-2010 оқу жылына жергiлiктi облыстық бюджеттен 170 грант, "Жол картасы" бойынша 50 орын бөлiнген.

– Соңғы кезде жұмыссыздар мәселесiн шешуге бағытталған "Жол картасы" мемлекеттiк бағдарламасы арқылы да жұмыссыз қалған азаматтарға қысқа мерзiмдi курстар өткiзiп, бiлiктiлiгiн көтеру жағына мән берiп келемiз. Үкiмет қолға алған индустриалдық-инновациялық бағдарламаны iске асырудың бiр тетiгi – толыққанды кәсiптiк бiлiм берiп, өндiрiске бәсекеге қабiлеттi маман дайындау болғандықтан да, ұжымның 40 пайыздан астам жоғары санатты оқытушылары аянбай тер төгуде, – деген колледж директоры студенттерге барлық жағдайдың жасалып отырғанын да айта кеттi. "75 орынға арналған жатақханада кейiнгi кезде жарық көрген оқулықтармен жабдықталған оқу залы, демалыс бөлмесi, тамақ iстейтiн арнайы бөлмелер бар. Мұнда тұратын бiлiмгерлер арасында тәрбиелiк мәнi бар түрлi iс-шаралар өткiзу дәстүрге айналған. Кәсiптiк-техникалық бiлiмнiң тереңiне бойлаған болашақ мамандар шығармашылық, ғылыми жұмыстармен де айналысып, өздерiн биiктен көрсетiп жүр. Атап айтқанда, 2007-2008 оқу жылдары облыстық колледждераралық олимпиадада педагогика-психология бойынша А.Сүлеева 1-орынды иемденсе, 2008-2009 оқу жылында Д.Әбу экономика пәнi бойынша 2-орынға қол жеткiздi. Бұдан өзге қалалық сайыстарда топ жарып келетiн бiлiмдi жастардың өсiп келетiндiгi көңiлге демеу болады", – деп ойын түйiндедi колледж директоры Докторбек мырза.

Бүгiнде Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжi келер жылы өзiнiң 45 жылдық мерейтойын атап өту дайындығын қыздыра түскен. Жарты ғасырға жуық елiмiздiң өндiрiстiк орындарына бiлiктi мамандар дайындап жүрген оқу орны бұл асуға құралақан жеткен жоқ. Жылдан жылға бiлiм қоржынын молая түскен колледждiң әлi талай биiктi бағындырып, бiлiм көкжиегiнiң шыңына жететiнi сөзсiз.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ