ҚОҢЫР АУЫЛДАРДЫҢ ҚАЙТА ТҮЛЕУI...

ҚОҢЫР АУЫЛДАРДЫҢ ҚАЙТА ТҮЛЕУI...

ҚОҢЫР АУЫЛДАРДЫҢ ҚАЙТА ТҮЛЕУI...
ашық дереккөзі

Шалғай елдi мекендерге шындап көңiл бөлiне ме?

Кейбiреулер ол жақты: "Қызылқұмның қойнауы" дейдi, ендi бiреулер: "Шәуiлдiр" деп атағанды ұнатады, ал мен үшiн – "Отырардан" асқан құтты мекен жоқ. Талай-талай аңыз-дастандардан естiп, бiлiп өскен "Отырартөбенiң" баурайындағы Отырарда туып-өскеннен кейiн бе, сортаңы шыққан сары даласын да, құм беткейлi жыраларын да, тiптi, азынаған желiне дейiн сағынамыз кейде…

Алатаудың бауырындағы көркем Алматыда жүрiп те, шалғайдағы Отырардың құмы мен ыстық желiн аңсайсың. Таңның атысында басталып, кеш қарайған шақта басылатын суылдаған желiнiң өзiнде керемет бiр сиқыр бар секiлдi. Әлде, туған жердiң адам баласы үшiн айрықша ыстық болатындығында жатқан шығар бұл сиқырдың мәнi. Қалай десек те, ауыл-елден қанша жырақ кетсеңiз де, алыс-алыс қиырларға сапар шексеңiз де, туған жерден қасиеттi дүние жоқ пенде үшiн…

Сол сағыныш, сол жүректегi аңсау сенi елге қарай жетелейдi. Балалық шақтағы жылымықты да аңсайсың. Туған жердегi сыныптастар да сенi ерiксiз елге шақырады. Ауылдағы салтанаты жарасқан өзгеше тұрмыс-тiршiлiктен де алыстап кете алмайсың. Өйткенi, ол тiрлiк сенiң бойыңа ата-бабаңның қанымен сiңiп, жүректе жатталып қалған сияқты. Самауырдан будақтаған түтiннiң өзi сенiң өн-бойыңа жылылық таратады. Көшпендi халықтың көшпелi тұрмысынсыз өркениетке қадам басу мүмкiн емес. Қазақты өзiнiң түп тамырынан, болмыс-бiтiмiнен ажырату әсте мүмкiн емес-ау деген ой келедi көкейге ауылға бет бұрғанда. Ауылдағы тұрмыс өзгерiп, қаладағыдай қалыпқа алып келсе, ауылдың не мәнi қалады дейсiң, тағы да оймен қажап өзiңдi. Ауыл өркениетке қадам басу керек, бiрақ, бүкiл болмысынан ажырату емес, байырғы қалпынан айыру емес, менiң ұққаным. Ауылды өркениетке жеткiзудiң басты амалы, сол көшпелi қалпымен, көшпелi тұрмысымен ғана iлгерiлету. Бүгiнгi тiрлiгiне қанағат тұтатын ауыл тұрғындарына да одан артық ештеңе қажет емес.

ШӘМШIНIҢ ТОЙЫНА ТАРТУ

Ауылдан шығып, ауданға келу ауылдықтар үшiн бұрынғыдай аса қиын емес. Таңғы автобусқа iлiгiп, ауданға аяқ iлiндiрiп алсаңыз, түске дейiн, шiлденiң шiлiңгiр ыстығына жетпей, шаруаңды аяқтап, түстегi көлiкпен ауылға қайтып үлгересiң. Одан қала бердi, ауыл мен аудан орталығының арасында жеңiл көлiктер де ағылып жатыр. Өзге жырақтағы ауылдарды қайдам, бiздiң ауыл үшiн ауданға жетудiң аса қиындығы жоқ. Ары-берi ағылған көлiктiң бiрiне қол көтере салсаңыз, айналдырған жиырма минуттың iшiнде сiздi Шәуiлдiрге жеткiзiп салады.

Сондай көлiктiң бiрiмен бiз де ауданға жетiп алдық. Орталық көшенiңастаң-кестеңi шығып жатыр. Жолдың бәрiн түбiне дейiн қопарып тастаған ба, шаң-тозаңнан аяқ алып жүре алмайсыз. Жол жиегiндегi жаяу жүргiншiлер жүретiн жолдармен ғана жүрмесеңiз, ортасынан көлiк өту мүмкiн емес. Ары-берi сенделген көлiктер де көрiнбейдi. Ауыр тракторлар ғана жердi қопарып, астын-үстiне шығарып, тегiстеп тастаған. Құрылысшылар да күннiң ыстығына қарамастан, тырбаңдап, қызу еңбек етiп жатыр. Құрылысшылардың бiрiне жақын келiп, құрылыстың мән-жайын сұрап бiлдiк. Шәуiлдiрдегi орталық көшелердiң бәрi жаңа стандартпен өзгертiлiп жасалмақшы. Аспалы көпiрлер де, айналма жолдар да жаңармақ.

Орталықтағы көшелердiң өзгертiлуiнiң де сырын ұқтық. Мұның бәрi ауданымыздың 75 жылдығы мен Шәмшi Қалдаяқовтың 80 жылдық мерейтойына орай жасалып жатқан қызу дайындықтардың алғашқыларының бiрi. Одан бөлек, аудандық мәдениет үйлерi де, орталық кiтапханалар да, саябақтарда да өзгерiстер болмақ. Өзгерiске ұшырап жатқан ғимараттардың көбi аудан игiлiгi үшiн жасалып жатқан шаралардың алғашқысы ғана. Күнi-түнi осылай тынымсыз тiрлiк жасалатын болса, аудан алдағы бiрер жылда адам танығысыз болып өзгеретiн сияқты. Бұған да тәбуе дестiк. Мыжырайған үйлер мен тозығы жеткен ауыл тұрмысының түзелетiн дер шағы.

ШИПАЛЫ СУДЫ IШКЕН ЖҰРТ

Өзге ауылдарды қайдам, бiздiң ауылдың ортасында ыстық су шығатын. Ауыл халқы да күнделiктi тұрмысында әлгi ыстық суды пайдаланатын едi. Қолыңа тисе, күйдiрiп жiберетiндей ыстық судың "емдiк қасиетi де бар екен" дестi алғашқы ашылған жылдары. Одан кейiн "Құрысын, мына судың сынабы көп, денсаулыққа зиянды" дестi кейiнiрек. Қалай десе де, ауыл ортасында бұрқақтап атылып жатқан сол ыстық суды жұрт 20 жылдан астам уақыт пайдаланып келдi. Сол ыстық суға жуынып, сол суға кiрiн жуып, сол суды ауыз су ретiнде пайдаланып келе жатқан бiздiң ауыл үшiн тағы бiр жаңалық – таза ауыз суды тарату мәселесi қолға алына бастапты. Тiптi, ауыл арасының бәрi қазылып, алғашқы қондырғылары да орнатылып жатыр. "Таза су келетiн болды" десiп отырарлықтар да мәз-мейрам боп жүр. Естуiмiзше, ауыз су мәселесiн шешу жалғыз Отырар ауылы үшiн емес, ауданға қарасты бiрқатар ауылдарда да қолға алына бастапты. Күнделiктi тұрмыста пайдаланатын судың таза, санитарлық жағдайының дұрыс болғанын кiм хош көрмесiн, отырарлықтар тек ол мәселенiң тезiрек жүзеге асқанын күтiп жүр.

Ауылдағы жаңадан салынған мектеп те Елбасының қадағалауындағы "Жүз мектеп" бағдарламасының көрiнiсi екенiнен хабар берiп, анадайдан мен-мұндалап тұр. Бұрын-соңды мұндай мектеп көрмеген ауылдықтардың еңсесiн бiр көтерiп тастапты. "Бiздiң ауылдың мектебiн көресiң бе?" деп, есiк алдынан қарсы алған кiшкентай сiңлiм де, әуелi менi қолымнан жетектеп, мектепке алып келдi. Екi қабатты ғимараттың әсем көркi де адамға ерекше көңiл күй сыйлайды екен. Айналасында балалардың спортпен шұғылдануына да жағдай жасалынған. Футбол алаңы, волейбол мен баскетбол алаңқайлары да бар. Шiлденiң күнi болған соң, мектеп iшiне кiрудiң мүмкiндiгi болмады, тек айналасын ғана қызықтап қайттық. Сонымен бiрге, мектеп жанынан имандылық үйi – мешiт те бой көтерiптi. Күмбезi көк тiремесе де, ауыл халқының бес уақыт намазын қаза қылмауына да мүмкiндiк жасалыпты онда. Тым үлкен де емес, тым кiшкенеге жатпайтын орташа ғимараттың жаңа мектеппен қатар бой көтеруi де, ауыл халқына ерекше қуаныш сыйлаған сияқты.

Ауылдықтардың ендiгi бiр арманы, ауыл кiтапханасының жаңаруы. Бiздiң бала кезiмiздегi ауыл кiтапханасы құрдымға кеткелi берi, ауыл халқы кiтапханасыз қалған сияқты. Бiреулер "ауыл кiтапханасы бар" дейдi, ендi бiреулер "бар болғанымен, жұмыс iстемейдi" дегендi алға тартады. Әлде есiгi жабық боп, маңдайшасында жазуы болмады ма екен, әйтеуiр, "ауыл кiтапханасы" деген ғимарат көзiмiзге түсе қоймады.

ҚОЖАТОҒАЙЛЫҚТАРДЫҢ ҚУАНЫШЫ

Маусым айында атап өтiлетiн медицина қызметкерлерiнiң мерекесi күнi биыл да атаусыз қалмапты. Аудан әкiмi Бейбiт Шалдарұлы аудан орталығынан алыс жатқан Қожатоғай, Балтакөл және Аққұм ауылдарындағы емдеу мекемелерiне "Жедел жәрдем" автокөлiгiн берудi уәде еткен екен. Әкiм өз уәдесiнде тұрып, қожатоғайлықтарға көлiк сыйлады.

Жаңа аурухана ғимаратының iшi-сырты мұнтаздай таза. Ақ желеңдi абзал жандар мерекеге дайындалғандай күй құшағында. Жүздерiнен қуаныш лебi еседi. Аурухана ауласындағы "УАЗ 220695695-310-04" маркалы 2010 жылы мамыр айында Ресейдiң Ульяновск қаласындағы зауыттан шыққан су жаңа "Жедел жәрдем" автокөлiгiне тайлы-тұяғымен жиналған қожатоғайлықтардың назары ауған.

Бұрынғы, көнелеу болса да халықтың мұң-мұқтажына жарап тұрған көлiк медициналық қызмет көрсетудi жалғастыру үшiн Байтоғай елдiмекенiндегi емханаға жiберiлiп, қос көлiктiң де кiлттерi салтанатпен тапсырылған күн болды.

ОТЫРАР – РУХАНИ ТУРИЗМНIҢ ОТАНЫ

Шәуiлдiрге барған сапарымызда, аудан әкiмi Бейбiт Шалдарұлына бiрнеше сауал қоюдың сәтi түскен едi.

– Бейбiт аға, Отырар ауданы Оңтүстiк Қазақстан облысындағы үлкен аудандардың бiрi. Бұрыннан қалыптасқан тарихы, өзiндiк тыныс-тiршiлiгi бар ауданның бүгiнгi хал-ахуалы қалай?

– Өздерiңiз бiлесiздер, кеше ғана бүкiл елiмiз болып, ұлтымыздың зор мерекесi – Астана күнi мерейтойын атап өттiк. Осы уақыт iшiнде бiз тек елдiкке қол жеткiзiп қана қойған жоқпыз. Бiз мемлекетiмiздiң экономикасын аяғынан тiк тұрғызып, халқымыздың әлеуметтiк ахуалын түзедiк. Түркi әлемiнiң көшбасшысы атанған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тарихи миссиясының арқасында жаңа сападағы мемлекеттiң негiзiн қалыптастырдық

Бұл жетiстiктердiң бәрiнде облыс халқының, оның басшыларының еселеп еткен ерен еңбегi, қайтпас қажыр-қайраты жатыр.

Осы орайда Елбасымыз әрдайым айтып жүрген "ел бiрлiгi" деп ескен леп, "ырыс алды ынтымақ" деп шыққан үн шапағаты қазақ өркениетiнiң алтын қазығы атанған – көне Отырардың өмiрiнен де айқын аңғарылады. Атап айтар болсақ, 2010 жылы ауданның әлеуметтiк-экономикалық дамуының негiзгi көрсеткiштерiнiң оңды динамикасы байқалып отыр. 2010 жылдың бес айында ауданның өнеркәсiп өндiрiсiнiң көлемi 5961,3 млн.теңгенi құрап, өткен жылмен салыстырғанда – 106,2 пайызға, ал ауылшаруашылық өнiмдерi – 1 299,5 млн.теңге болып, 104,2 пайызға артты. 2010 жылдың бес айына ауданға тартылған инвестициялардың көлемi 2141, 8 млн. теңге болып, өткен жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда 26,2 пайызды құрады.

Сонымен қатар, 1 566 653,0 мың теңгенiң субвенциясы толығымен алынды. Ауданға 6 млрд. 100 млн. теңге инвестиция тарттық.

– Өзiңiз әкiм болып келген бiр жыл iшiнде ауданымызда қандай өзгерiстер болды? Немесе әуелде келгенiңiзде ненi байқадыңыз, нендей кемшiлiктер көзге түстi?

– Негiзiнде мен осы жердiң төл тумасымын. Сондықтан да, өзiм туып өскен ауданның жағдайын, жетiстiктерiн, кемшiлiктерiн, проблемаларын жақсы бiлемiн. Сондықтанда барлық елдi мекендердi аралап, ондағы тұрғындардың тыныс-тiршiлiгiмен терең таныстым. Ауылдың, ауданның өзектi проблемаларына көп көңiл бөлдiм. Өзiңiзге белгiлi, елiмiздiң өзге аймақтарымен салыстырғанда Отырар ауданы өзiне ЮНЕСКО-ның назарын аударып отырған өзiндiк ерекшелiгi мол тарихи аудан. Әрiден айтсақ, көне Отырар – әлемнiң екiншi ұстазы әл-Фарабидiң кiндiк қаны тамған алтын бесiгi. Екiншiден, мұнда күллi мұсылман әлемiнiң ардақтысы – Арыстанбаб жерленген, үшiншiден, жер қайысқан Шыңғысхан әскерiне алты ай бойы берiспеген де қаһарман Қайыр хан бастаған осы отырарлықтар едi. Мұндай ерлiк адамзат тарихындағы бұрын-соңды болмаған тұңғыш ерлiк болатын. Отырар кеңес дәуiрiнде де бiр жағынан алдымен мақта, кейiнiрек жүгерi өсiруден атағы Одаққа жайылып дүрiлдесе, екiншi жағынан кеңес үкiметi құлардың алдында Қазақстандағы ең артта қалған 30 ауданның тiзiмiне iлiккенi тағы бар. Одан берi нарық заманы келдi. Қат-қабат қиыншылықтарды өзiмен қоса алып келдi. Елдiң ынтымағы мен бiрлiгiнiң арқасында отырарлықтар сол қиындықтардың бәрiн жеңе бiлдi.

Шын қолда бар мүмкiндiктi пайдаланып, өзiмiздiң жағдайымызды өзiмiз жасауға ұмтылудамыз. Осыған орай "ОҚО әкiмдiгiнiң 2009-2011 жылдарға арналған өндiрiс орындарын дамыту" бағдарламасын iске асыру барысында атқарылатын өзектi мәселелердiң iс-шарасын қабылдадық. Осы бағдарлама аясында ауданымызда өндiрiс орындарын ашу жұмыстары жүргiзiлуде. 2010 жылдың 6 айында жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны – 382 болды. Атап айтқанда, ауылшаруашылық саласы бойынша – 93, бiлiм саласы – 22, денсаулық саласы – 12, құрылыс және коммуналдық шаруашылық саласы – 247, экономиканың басқа да салалары – 8, кiшi кәсiпкерлiқ саласы – 5 жұмыс орындары ашылды. Сондай-ақ, 2010 жылы 6 айында 28 инвестициялық жобасы бойынша, 1904 жұмыс орындары ашылып, жергiлiктi жерден 1539 адам жұмысқа тартылды.Коммуналды шаруашылық (ЖКХ) нысандарын жөндеу жұмыстары (каналдар)-7 жоба, 760 жұмыс орындары ашылып, жергiлiктi жерден 636 адам, жол жөндеу жұмыстары – 11 жоба, 736 жұмыс орындары ашылып, жергiлiктi жерден 591 адам, мектеп, аурухана ғимараттарын жөндеу жұмыстары – 8 жоба, 375 жұмыс орындары ашылып, жергiлiктi жерден 250 адам жұмысқа тартылды.

– Отырар ауданының негiзгi табыс көзi жүгерi екенi белгiлi. Одан қала бердi шабындықтар… Егiс алқабында тiрлiк кешiп жатқан шаруаның еткен еңбегi мен төккен терiнiң өтемi бола ма? Жалпы,iшкi өнiм туралы не айтасыз?

– Отырар ауданы негiзiнен егiн және мал шаруашылығына бағытталған аудан. Мал басы мен оның өнiмi өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көбейiп отыр. Аудан 2009 жылдың қорытындысы бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытудан облыс бойынша жүлделi орынға ие болса, биылғы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысымен әлеуметтiк-экономикалық саланы дамытудағы жетiстiктерi үшiн бiрiншi орынды иеленiп отыр. Ауданда есептегi суармалы 30430 гектар жерге 2010 жылы 15141 гектарына егiс орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3055,7 гектарға артық деген сөз.

2009 жылы аудан көлемiндегi иесiз қалған 34 канал коммуналдық меншiкке алынып, осы каналдарды механикалық тазалау жұмыстарына құны 197 млн. теңге болатын жобалық сметалық құжат дайындалды, ал гидротехникалық және электротехникалық құрылғыларымен қондырғыларын қалпына келтiру жұмыстарына құны 540 млн. теңге тұратын ЖСҚ дайындалды.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге түгендеу жұмыстары жүргiзiлiп пайдаланбай немесе өз мақсатынан тыс мақсатқа пайдаланып жатқан 1186 агроқұрылымға өңiр аралық инспекциясы арқылы ескерту берiлiп, 47 526 гектар жер қайтарылды. Оның iшiнде 3450 гектары суармалы, 44 076 гектары жайлымдық жерлер инновациялық технологияларды енгiзетiн iрi агроқұрылымдарға конкурстық жүйемен ұсынылуда.

2010 жылы табиғи ресурстар табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы 34 каналдың гидро және электоротехникалық құрылғылары мен қондырғыларын қалпына келтiру жұмыстарына 540 млн. теңге "Жол картасы" бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен қаржы бөлiнiп, жұмыстар жүргiзiлуде. 12 каналды механикалық тазалауға табиғат қорғау МКК арқылы 67 млн. теңге бөлiнiп жұмыс жасалуда. Сонымен қатар 55 км. бас көлденең су қашыртқы дренаждары мен 42 тiк дренаждар коммуналдық меншiкке алынып көлденең дренаждарға қалпына келтiру жұмыстарына 654 млн. теңге, тiк дренаждарды қалпына келтiру жұмыстарына 234,2 млн. теңге ЖСҚ дайындалып, 2011 жылға қаржыландыруға ұсынылды.

Аудандағы 30430 га суармалы жердiң 2009 жылы 30% игерiлсе жоғарыдағы жобаларды iске асыру арқылы 70-80 пайызға жеткiзiп, 2011 жылы 24 мың гектар жер игеру межеленуде. Ол дегенiмiз қосымша 500-550 жаңа жұмыс орын ашылады деген сөз.

Ауыл шаруашылық өнiмдерiн өңдеу саласына келетiн болсақ, Темiр стансасынан 2010 жылы 20 000 (мың) тонна жүгерi дәнiн кептiрiп сақтайтын зауыты iске қосуға жұмыс жасап жатырмыз.

Ауданымызда 4052 кәсiпкерлiк құрылымның 65 пайызы ауыл шаруашылық саласында яғни шаруа қожалықтар, 15 пайызы сауда саласы бойынша, ал қалған 20 пайызы басқа түрлi қызметтермен айналысады. Отырар ауданында 2010 жылдың 6 айындағы шағын кәсiпкерлiк субъектiлердiң өндiрiлген өнiм көлемi 1214,8 млн. теңгенi құрап, бюджетке 44,0 млн теңге түстi. Кәсiпкерлiк сала жыл санап жақсарып келедi. Қазiргi таңда мақта өңдеп, аудан тұрғындарын арзан бағада таза мақтамен қамтамасыз етедi. Ауданда ағаш өңдеу кәсiпорнының жоқтығына байланысты және кәсiпкерлiктi ұлғайту, дамыту мақсатында ағаш өңдеу цехын, халықты арзан өсiмдiк майымен қамтамасыз ету мақсатында май сығу цехын, мақта, жүн өңдеу цехын ашып, халыққа қызмет етуде.

– "Жүз мектеп, жүз аурухана" бағдарламасы бойынша, ауданымызда қанша мектеп, қанша аурухана салынды? Және бұл қай елдiмекендерде қоныс тептi?

– Сөз ретi келгенде айта кетейiк, ауданда құрылыс саласында да бiршама жұмыстар атқарылуда. Шәуiлдiр ауылындағы 280 орындық бала-бақша, Отырар ауылындағы 600 орындық Отырар мектебi, Аудан орталығындағы Жамбыл мектебiнiң құрылысы аяқталды. Коммуналдық 6 үй құрылысы бiттi. Балтакөл ауылындағы iшкi су құбырларын жөндеу (реконструкция) жұмыстары жүргiзiлдi. Дарбаза ауылындағы электр желiсi құрылысы пайдалануға берiлдi. Биылда бұл жұмыстар өз жалғасын табуда. "Даңқты бабалар" аллеясы, Коммуналды жалдамалы 3 тұрғын үй, Жанұзақов көшесi, тұрғын үй, Темiр – Шәуiлдiр тас жолы бойын көгалдандыру – суландыру, Шеңгелдi мектебi, Талапты ауылы Сәтбаев мектебi, Темiр орта мектебi, Көлқұдық ауылы Мұханов мектебi, Байтоғай ауылы Мәметова мектебi сияқты 9 құрылыс нысандарының құрылыстары қолға алынуда.

Бұлардан басқа аудан орталығы Шәуiлдiр ауылында орталықтандырылған 7,6 шақырым жылу құбыры бар. Скважиналарды жеке кәсiпкерлер жалға алған. Аудан орталығына 2 қабатты 24 тұрғын үйлерге жылу құбырлары тартылмаған. Осы өзектi мәселенi шешу үшiн 2010-2011 жылдары Жiбек жолы даңғылы бойында 2,3 шақырым жылу құбырын тарту үшiн кәсiпкерлермен аудан әкiмдiгi арасында меморандум түзiлiп жұмыстар атқарылуда.

– Елдi мекендердi ауызсумен қамтамасыз ету мәселесi қолға алынған екен. Оңды iс деп ойлаймыз. Ауыз су мәселесi ауданға қатысты барлық елдiмекендерге жеткiзiлетiн бола ма?

– Ия, әлеуметтiк саланың басты проблемаларының бiрi – ауызсу мәелесi екенi рас. Аудан халқын таза ауызсумен қамтамасыз ету 2005 жылы небәрi 17,5 пайыз ғана болатын болса, бүгiнде бұл көрсеткiш 63,3 пайызға жетiп отыр. Ауданда 2009 жылы облыстық бюджет есебiнен 78842,0 мың тенгеге 11 елдi мекенге 16 "Таза су" қондырғысы бар су тазартқыш стансалары орнатылып халыққа қызмет көрсетуде.

"Жол картасы" бағдарламасы бойынша 6 (Көксарай, Шәмшi, Сарыкөл, Ескi Шiлiк, Ақтөбе, Аққұм) елдi мекендерiнiң ауыз су жүйелерiн ағымдағы жөндеу, 2 (Ақтам, Үштам) елдi мекенге "Таза су" қондырғысы бар су тазартқыш стансалар орнату жұмыстарына РБ 71142,0 мың, ОБ 42271,0 мың теңге қаралып жұмыстар жүргiзiлуде. Аталған жөндеу жұмыстары орындалғанда жалпы халықтың 86,8 пайызы таза сумен қамтылады деп күтiлуде.

2010 жылы 5 (Ескi Шiлiк, Ақтөбе, Отырар, Маяқұм, Шәмшi) елдi мекендерде ауызсу құрылысына 718381,0 мың, және Көксарай елдi мекенiне "Таза су" қондырғысы бар су тазартқыш стансасын орнатуға 59100,0 мың тенге бөлiнiп, жұмыстар атқарылуда

Ауданда "Оңтүстiксушар" РМК Шәуiлдiр топтастырылған су жүйелерi мекемесiне қарасты 151 км су құбыры арқылы 9 елдi мекендi ауыз сумен қамтамасыз етуде. Ауызсу құбырларына ағымдағы жөндеу жұмыстарын мекеме өз күшiмен жүргiзедi.

15 елдi мекенде 35343 халық ауыз су құбырын пайдаланады. Бұл 63,6 пайызды құрайды. 13 елдi мекендегi 18 таза су қондырғысынан 7214 тұрғын ауыз сумен қамтамасыз етiлген.

Жалпы аудан бойынша таза ауыз сумен қамтамасыз ету жайы жоғарыда айтқанымыздай 63,3 пайызды құрап отыр.

– "Жол картасы" бағдарламасы аясында қандай шаралар жүзеге асуда? Былтырғы жылы елге келгенiмiзде көптеген елдiмекендерде жол құрылысы жасалып жатқанын көзiмiз шалып едi. Асығыстық па, әлде үстiрт салынғандық па, кейбiр жолдардың сапасыз жасалғанын да байқап жатырмыз. Бұның салдары неде деп ойлайсыз?

– Ал, Елбасымыз тiкелей қолдау көрсетiп отырған "Жол картасы" бағдарламасы бойынша өткен жылы ауданға республикалық, жергiлiктi бюджеттерден – барлығы 1 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлiнiп, жолдар жөнделiп, жаңадан балабақшалар ашылып, ФАП-тар мен мектептер, ауруханалар салынды.

Алты елдi мекендердегi су жүйелерi ағымдағы жөндеуден өттi. 2 елдi мекенге "Таза су" қондырғысымен су тазартқыш станциялары орнатылды. "Отырар тарихи танымдылық кешенiнiң" 3 кезеңiнiң жұмыстары жүргiзiлдi. Сондай-ақ, автокөлiк жолдарын жөндеу жұмыстары бойынша 1 көше орта, 3 аудандық маңыздағы автокөлiк жолдары күрделi жөндеуден өттi. Бiлiм саласы бойынша 4 мектепке, Көлқұдықтағы бiр медициналық тiрекке, Сырдария көпiрiне күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлдi. Алтынбеков, Кенжалиев каналдары бетонмен қапталды. Маяқұм, Сумағар, Көкмардан каналдары механикалық тазалудан өткiзiлдi. Көлқұдық, Шәмшi, Арыс, Шәуiлдiр, Отырар, Көксарай ауылдарындағы жолдарды жөндеу жұмыстары бiтiп, қазiр қабылдау актiлерi дайындалуда.

Бүгiнгi таңда өзектi мәселелердiң бiрi "Жол картасына" бөлiнген қаржылардың игерiлуi мен құрылысының сапалығына үнемi бақылау жасау үшiн "НҰР ОТАН" ХДП аудандық филиалының ауданда 20 партиялық бақылау постылары құрылып, бақылау күшейтiлiп бiршама жұмыстар атқарылды.

Атап айтқанда, Темiр – Отырар жолына орта жөндеуге бөлiнген қаржының тиiмсiз пайдаланылғаны, жол сапасыздығы анықталды.

Көксарайға өтетiн Сырдария көпiрiн жөндеу жұмыстарындағы және Ескi Шiлiк-Ақтөбе ауыл аралық жолының сапасындағы әттегенайлар да бақылау постыларының назарынан тыс қалмады.

– Ауыл медицинасы туралы ше? Шалғайдағы ауылдардан орталыққа жетудiң өзi мұң болатын шаруаға ауыл медицинасы қандай жәрдем көрсете алады?

– Аудан әкiмшiлiгiнде түзiлген елдi мекендер, ондағы емдеу ұйымдарын аралау кестесi бойынша, барлық елдi мекендердегi емдеу ұйымдарын аралап, олардың жалпы жағдайымен танысып, қажеттi көмектер берiлуде. 2009 жылы денсаулық сақтау саласы бойынша, 15 маман дәрiгерлер жұмысқа қабылданды. 10 жас маманға аудандық бюджет есебiнен 89 мың теңгеден көтерме қаражат бөлiндi. 12 маманға пәтер берiлдi. 1 студентке 250 мың теңге көлемiнде оқу қаражаты төлендi. 1 жоғарғы оқу орнын бiтiрген маманның интернатурадан өтуi үшiн қаражаты( 172 мың теңге) берiлдi. Өткен жылы Қожатоғай ауылдық емханасы күрделi жөндеуден, ал Көлқұдық медициналық тiрегi ағымдағы жөндеуден өткiзiлдi. Биылғы жылы да осы жұмыстар жалғасын табуда. Көксарай, Қарақоңыр ауылдық ауруханалардың жайлары күрделi жөндеуден өткiзiлуде. Балтакөл ауылдық ауруханасына жаңадан жай салынуда.

– Өркениеттi елдердiң технологиясы негiзiнде жүзеге асырылып жатқан қандай iс-шаралар бар? Мәселен, шағын кәсiпорындар, зауыттар, т.б…

– Бiздiң негiзгi жұмысымыз – өндiрiс орындарын көбейтiп, жұмыссыздық деңгейiн азайту, әрбiр отбасының жан басына шаққандағы табысын молайтып, қосымша салық түсiм көздерiн ашу болып отыр. Шын мәнiнде өндiрiстi дамытпасақ, әлеуметтiк мәселелер шешiлмейдi.

Сондықтан қолда бар мүмкiндiктi пайдаланып, өзiмiздiң жағдайымызды өзiмiз жасауға ұмтылудамыз. Осыған орай "ОҚО әкiмдiгiнiң 2009-2011 жылдарға арналған өндiрiс орындарын дамыту" бағдарламасын iске асыру барысында атқарылатын өзектi мәселелердiң iс-шарасын қабылдадық.Осы бағдарлама аясында ауданымызда өндiрiс орындарын ашу жұмыстары жүргiзiлуде. Сонымен қатар "Максимум" инвестициялық орталығымен және Украинадағы "Комсомолец" зауытымен бiрлесе отырып жаңа жүгерi зауытын салмақпыз. Сол сияқты қазiргi таңда Сауд Арабиясының демеушiлiгiмен М.Шойманов елдiмекенi мен аудан орталығынан дәрiгерлiк емханалар салу қолға алынып отыр.

Әсiресе халық аузында "Ғасыр құрылысы" аталып жүрген Көксарай су реттегiшiнiң салына бастауы елдiң еңсесiн ерекше көтерiп тастағаны бүкпесiз шындық. Жыл сайын су тасқынынан Оңтүстiк Қазақстан облысының Сырдария өзенiнiң жағасында отырған аудандар, көршiлес Қызылорда облысының көптеген елдiмекендерi су астында қалып, миллиардтаған шығын шегiп жататын. Мiне, сондай табиғат апатына тосқауыл қойылып қана қоймай, оны халық игiлiгiне жарата бiлген Елбасымыз Н.Назарбаевтың көрегендiгiне ел-жұрт дән риза. Берiсi облыс экономикасына табыс әкелетiн Көксарай су реттегiшiнiң дер кезiнде, сапалы да тезiрек бiтуi мыңдаған халықтың үкiлi үмiтi едi. "Көксарай" су реттегiшiнiң тағы бiр орасан зор пайдасы бүгiнде суы тартылып кеткен Арал теңiзiне тұрақты түрде су жiберiп тiршiлiктiң, флора мен фаунаның қайта жандануына игi әсер етпек. Яғни, ауасы тазарып мыңдаған ауруларға ем табылады. Баса айта кетер бiр жайт, "Көксарай" су реттегiшi бiздiң Отырар ауданының өзiнде қосымша 30 мың гектар суармалы жердi игеруге, 15 мыңнан астам отбасын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылық өнiмдерiн 2 есе арттыруға мүмкiндiк бергелi тұр.

– Облыс экономикасына ауданның қосар үлесi қандай?

– Арыс пен Сырдария сияқты екi өзеннiң жағасына орналасқан ауданымыз келешегi кемел,облыс экономикасына қосар үлесi зор аудан.Елбасымыз ауданымызда болған сапарында Отырарды болашақта халықаралық туризм орталығына айналдыру және Қызылқұм массивiнiң 3-4 кезеңiн игерудiң зор маңызы жайлы айтқан болатын.

Бұл жобаны iске асыруға 32,9 млрд. теңге қаржы жұмсалады. Нәтижесiнде игерiлген тың жерден жылына кем дегенде 120 мың тонна мақта, 100 мың тонна шөп, 50-60 тонна көкөнiс т.б. өнiмдер өндiруге болады. Соның арқасында тек егiн емес, мал шаруашылығы да дамиды. Бiрнеше мақта зауыты, ондаған мақта қабылдау пункттерi, көкөнiс өңдеу зауыттары, тұрғын үйлер салынады. Мыңдаған жұмыс орындары ашылады. Бiр сөзбен айтқанда, өндiрiс күштерi қарқынды дамиды. Бұл Елбасымыздың саясаты мен "Қазақстан – 2030" стратегиялық даму бағдарламасын iске асырудың жарқын көрiнiсi ретiнде, облыс, республика экономикасына қосылған үлкен үлес болып табылады.

Экономика сөз болғанда, көне Отырар "Рухани туризмнiң" кең қанат жаюына сұранып -ақ тұр. Ендiгi әңгiме қолдағы бар осы баға жетпес байлықты ұқсата бiлуде. Ендеше Елбасымыз айтқандай, көне Отырарды халықаралық туризм орталығына айналдыратын уақыт келдi деп бiлемiз. Өйткенi ауданымызды өркендетудегi ең үлкен екiншi бағыт – туризм болмақ. Бұл орайда үкiметiмiздiң 2004 жылғы 30 қыркүйектегi "Көне Отырарды қалпына келтiру туралы" №1009 қаулысымен бекiтiлген 2005-2009 жылдарға арналған бағдарлама бойынша аудан келешекте туристiк орталыққа айналуы тиiс. Аталмыш бағдарламаға сәйкес Отырар төбемен Арыстанбаб арасындағы 2,8 шақырым жерде жаяу жол болады. Арыстанбаб кесенесiнiң жанынан 200 орындық қонақ үй, этно орталық, әл-Фараби мұражайы салынады. Туристер үшiн Отырардың айналасындағы көптеген тарихи төбелердiң арасына асфальт жол төселiп, шағын автобустар жүргiзiледi. Ауданымызда осы екi үлкен бағдарлама Қызылқұм массивiнiң 3-4 кезеңiн игеруi мен туризм мәселесi шешiлсе, ауданымыз гүлденiп, ел мақтанышына айналған тарихи өлкеге айналары сөзсiз.

"Егер адам баласы бiр мақсатқа жетудi қатты қаласа, оған бүкiл әлем көмектеседi" деген қанатты сөз бар. Сол айтқандай барша отырарлықтар мойынға артылған жүктi өзгелермен бiрге жұмыла көтерiп, еш қиындыққа мойымай, алға қойған мақсатқа жетуге ұдайы ұмтылып келедi. Бiр сөзбен айтқанда, бiздiң сұхбатымызға арқау болып отырған жетiстiктерiмiздiң бәрi Елбасымыздың және "Нұр-Отан" ХДП-ның алға қойып отырған басым бағыттарын жүзеге асыруға қосқан үлесiмiз бен үстiмiздегi жылы атап өткелi отырған ауданымыздың 75 жылдық, ән падишасы Шәмшi Қалдаяқовтың 80 жылдығы, әл-Фараби бабамыздың 1140 жылдық,аудандық "Отырар алқабы" газетiнiң 75 жылдық мерейтойларына арналған тартуымыз болмақ.

Гүлзина Бектасова