АЛТЫН ТӨҢIРЕГIНДЕГI ДАУ-ДАМАЙ

АЛТЫН ТӨҢIРЕГIНДЕГI ДАУ-ДАМАЙ

АЛТЫН ТӨҢIРЕГIНДЕГI ДАУ-ДАМАЙ
ашық дереккөзі

"Алтын көрсе перiште жолдан таяр" десек те, перiштенiң алтынға еш қатысы жоқ. Ал иесiз алтынның жолайрықтан табыла кетуi де екiталай. Тiптi кемеңгер Абайдың осы мақалға қатысты "Перiште алтынды не қылсын…" дегенiн ерiксiз мойындайсың. Осы орайда таяуда ғана басталып, бiр тоқтамға келе алмай жатқан дау еске түседi. "Полюс Золото" өткен жылдан берi KazakhGold компаниясының акциялық пакеттерiне иелiк ете бастаған. Жуырда Лондон жоғарғы сотына арыз берген "Полюс Золото" KazakhGold-тың бұрынғы басшылары компаниядан заңсыз қаржы жымқырған деген айып тағып отыр. "Полюс Золото" өкiлдерiнiң айтуынша, жалпы құны 450 миллион долларды құрайтын соманы ағайынды Асаубаевтар керi қайтаруға тиiс.

"Полюс Золото" компаниясы Асаубаевтар отбасын сотқа бергендiгi туралы ақпаратты маусымның 29-ы күнi жариялаған болатын. Құрамында Jenington мен Kazakhaltyn компаниялары бар KazakhGold Group Limited ("Полюс Золото"-ге қарасты) Лондон Жоғарғы сотында Kazakhgold-тың бес бiрдей бұрынғы басқарушылары, ағайынды Асаубаевтардың жауап беруiн талап етуде. KazakhGold-тың 2006 жылы құнды қағаздары шығарылымынан түскен 200 миллион доллар капиталдың ұлғаюына, бақылау жұмыстары мен қаражатқа қарай компанияның кеңеюiне жұмсалды деп көрсетiлiп, басшылармен құпталған. Қазақ алтынын ашса алақанында ұстаған Асаубаевтар әулетiнiң бұл жалғыз қитұрқысы емес. Арыз берушiлердiң айтуынша, бұрынғы басшылар МАЕD компаниясымен өзара келiсiмшарт жасасады. Оған сәйкес жаңадан үш зауыт тұрғызылуы тиiс болатын. Алайда бұл екi ортада құпия кәсiпорын құрылып, айыпталушыларға 50 пайыздық пайда әкеледi, бұл келiсiмнiң жалпы құны 69 миллион доллар екен.

KazakhGold-тың британдық биржаға дейiнгi басшылары тек Асаубаевтар әулетi болды. Қанат Асаубаев — президентi, Маруся Асаубаева — кадр бөлiмiнiң директоры, олардың балалары Бауыржан — бас атқарушы директоры, ал Айдар — коммерциялық директор. Кейбiр дереккөздер бойынша, Қанат Шайханұлы 1973-1994 жж Қазақ политехникалық институтында инженер, кейiннен аға оқытушы, декан болған. Бiлiм беру саласы мен тау-кен өндiрiсiн зерттеу соның бақылауында болған. "ҚазТрансойл", "Қазақстан Темiр жолы" және "Қазақалтын" компаниясының басқару жүйесiнде қызмет еткен. Лондон Жоғарғы сотына талап-арыз берушiлер әкелi-балалы Асаубаевтардың үстiнен iс көтерiп отыр.

"Полюс Золото" компаниясы билiгiн қолына алар кезде алтын қоры мен өндiру туралы жалған мәлiметтер дайындалған, сондай-ақ 2006 және 2008 жылдар аралығында табыс пен шығындары туралы мәлiметтер өзгертiлген дейдi сарапшылар. Сонымен қатар базбiр Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiнiң компаниясына сатылған тауарлар тiзiмi де құжатқа тiркелген.

Арыз берушiлердiң талаптары бойынша тағы да 250 миллион доллар қайтарылуы керек екен. "Коммерсантъ" газетiнде көрсетiлген мәлiметтерге сүйенсек, Асаубаевтар отбасымен хабарласу әзiрге мүмкiн емес. Бiздiң де сұрауымызға ешбiр жауап болмады. Бұл iске байланысты нақты деректер мен дәйектер әзiрге құпия қалып отыр. Десе де олардың заңсыз қаржы алғаны дәлелденсе, аудитормен өзара бөлiсуi мүмкiн деген жорамал бар. Аудит жұмыстарын лондондық BDO Stoy Hayward LLP Chartered Accountants компаниясы жүргiзген, бiрақ олар әзiрге қандай да бiр жауап беруге құлықсыздық танытып отыр.

Асаубаевтар отбасы адвокаттарының қарсы жариялаған мәлiмдемесiнде талапкердiң Асаубаевтарға кiнә тағуына еш негiз жоқ екендiгi қадап айтылған. "KazakhGold бухгалтериясын тексеру үшiн "Полюс" компаниясына алдын ала рұқсат берiлдi. Акция пакеттерiн алмас бұрын толық кешендi бағалау жұмыстары үшiн бiрнеше ай бойында тексерiс жүргiзiлдi" дейдi Асаубаевтар әулетiнiң қорғаушысы. Бұл iске араласқан мамандар келiсiмшартқа қол қою барысында ресейлiк компанияның берiлген мәлiметтердi тексеруге жеткiлiктi уақыты да, мүмкiндiгiнiң де мол болғандығын айтуда. Еске салар бiр жайт, KazakhGold шығаратын өнiм көлемi мен жүргiзiлiп отырған жұмыстарын ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлiгi, қаржы бақылау органдары тұрақты тексерiп отырған.

Бүгiнде адамзаттың бағалы металлды қолдану аясына келер болсақ, зергерлiк өнеркәсiпте — 81 пайыз, электрондық технология — 6,8, ұсақ ақша жасауда — 3, ал басқа салаларда — 9,1 пайыз қолданылады. Әлемдегi iрi банктердiң резервi әлi күнге дейiн алтынмен сақталады. Асыл металл әрқашан дау-дамайдың, талас-тартыс, тiптi, мемлекеттер арасындағы түрлi соғыстардың себепшiсi болғанына тарихи мысал көп. Дау-дамай демекшi, Асаубаевтар отбасы тағылған айыптан ат тонын ала қашуда. Ақиқатты анықтау үшiн олар да қарсы әрекет жасап бағуда. Бiрақ тәуелсiз сарапшылардың пiкiрiнше, "Полюс Золото" өз имидждiк беделiн асқақтата түсiп, танымалдылығын арттыру үшiн өздерi арнайы ойластырған қастандық әрекетi болуы да ғажап емес. Сондай-ақ, алтын нарығындағы атақты әулеттiң абыройына нұқсан келтiру де көзделсе керек. Не десек те, Ұлыбританиядағы сот процесiнiң аяқталуы күтiлуде.

ААҚ "Полюс Золото" Қазақстан мен Ресейде алтын шығарушы, бүкiл дүниежүзi бойынша шикiзаттық минералды қоры мен өндiрiс көлемiнiң ауқымдылығы жағынан жетекшi орынды алатын халықаралық компания. "Полюс Золото" халықаралық активтер қоржынына Краснояр, Иркутск, Магадан, Амур облыстары мен Саха Республикасы, Қазақстан, Румыния және Қырғызстандағы бағалы металлды өндiру және бақылау жұмыстары кiредi. Компанияның резервi 2010 жылдың 1 қаңтарындағы санақ бойынша 74,1миллион унцияны құрап отыр. Қазақстандық KazakhGold Group Limited компаниясының 50 пайыз акциясына иелiк етедi. "Полюс Золото" KazakhGold компаниясының акцияларын 2009 жылы тамызда 270 миллион долларға сатып алған едi.

1 тройскi унция = 31,1034767 грамм

Ағылшын жүйесiнде 1 унция — (uncia, oz) = 28,3495231 грамм

Ежелгi Римде 1 унция — 27,3 грамм

KazakhGold Қазақстандағы Ақсу, Бестөбе және Жолымбет алтын кенiштерiне иелiк етедi. Компанияның 25 пайыз акциясы 2005 жылы алғаш рет Лондон қор биржасына шығарылды. Жалпы Қазақстан алтын қоры жөнiнде дүниежүзi бойынша 10- орында, ТМД көлемiнде 3-орында. Қоры бар шикiзат көздерi ретiнде 237 кен орны тiркелген. Алтын негiзiнен республика өлкелерiнiң кез келген аймағынан өндiрiледi, бiрақ басым бөлiгi Шығыс, Солтүстiк және Орталық Қазақстанда шоғырланған. Ал KazakhGold — 13,7 миллион унция қоры бар елiмiздегi iрi компания. Негiзгi алтын өндiрушiлер ретiнде "Алтыналмас" АҚ, "Балқаш" АМРК, "Қазақалтын" АҚ атауға болады.

Ақниет ОСПАНБАЙ