ӨМIРЗАҚ ШӨКЕЕВТIҢ ШҰҒЫЛ ЕСКЕРТУI

ӨМIРЗАҚ ШӨКЕЕВТIҢ ШҰҒЫЛ ЕСКЕРТУI

ӨМIРЗАҚ ШӨКЕЕВТIҢ ШҰҒЫЛ ЕСКЕРТУI
ашық дереккөзі

Қазақстанда нанның қымбаттауына еш негiз жоқ

Биылғы жаз аптап болып тұр. Күннiң ыстығы бидай алқаптарын күйдiрiп барады. Елiмiздiң кейбiр өңiрiнде жауынның тамбай қалуы қуаңшылыққа әкеп соғуда. Бұл туралы газетiмiздiң өткен сандарында да тiлге тиек еткен едiк. ("Астыққа қуаңшылық қаупi төндi", №26). Осы ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланған алыпсатарлар да бағаның өсуiне керi әсерiн тигiзiп отыр. Соның салдарынан Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, облыстарында нанның бағасы едәуiр шарықтап кеткен едi.

Есесiне, бағаны бақылаудан шығарып алған әкiм-қараларға тәртiптiк шара қолданылатын болады. Осы мәселе бойынша шұғыл селекторлық жиын өткiзген Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шөкеев осындай қатаң ескерту жасады. Өйткенi, кейбiр жергiлiктi билiктiң немкеттi қарауынан делдалдар нарық құнын өз еркiне жiберген. Оңтүстiк Қазақстан мен Жамбыл облысында соңғы аптада бiр бөлке нанның құны 15 теңгеге дейiн өскен. Бұл қымбатшылық кейбiр отбасыға ауыр соққы болып тиюде. Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Айгүл: "Бұған дейiн бiр бөлке нан 30 теңге едi, қазiр 45 теңгеге бiр-ақ өстi. Бұл бiздiң қалтамызға кәдiмгiдей салмақ салып отыр" дейдi қапа болып.

Шынында да, астық қоры бар елде нанның қымбаттауына еш негiз жоқ. Өмiрзақ Шөкеевтiң сөзiне құлақ түрсек, бұл — алыпсатарлардың жасап отырған әрекетi. Мұны Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев та құптап отыр. Өйткенi, елiмiзде былтырдан қалған 7 миллион тонна астық бар. Ол өткен жылғы қордан екi есе көп.

Ауылшаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев: "Бiз ұн өндiрушiлер қауымдастығы және елiмiздегi ұн өндiретiн барлық жүйеқұрушы кәсiпорындармен бiрлесе отырып, ұнның бағасына сараптама жасадық. Нәтижесiнде, соңғы айда жоғары сұрыпты ұнның бағасы шамамен 2 теңге, ал бiрiншi сұрып ұндiкi шамамен 3 теңгеге ғана өскен. Яғни, бағаның күрт қымбаттауы орын алған жоқ", – деп кесiп айтып отыр.

Жамбыл және Оңтүстiк Қазақстан облысының басшылары нан бағасының өсуiн елiмiздiң солтүстiгiнен жеткiзiлетiн ұнның қымбаттығымен түсiндiруге тырысса да, Премьер-министрдiң орынбасары Өмiрзақ Шөкеев жергiлiктi азық-түлiк келiсiмшарт қорында тұрған мыңдаған тонна астықты алға тартып, делдалдарды өз еркiне жiбермей, жергiлiктi билiктiң қатаң бақылауда ұстау керектiгiн ескерттi. – Бөлке нан 5 теңгеге қымбаттаған, ал 25 келiлiк бiрiншi сортты ұнның құны 900 теңгеден 1200 теңгеге бiр-ақ жеткен. Бұл не масқара? Мәселенiң мән-жайын анықтау керек. Қажет болса, қаржы полициясын жұмылдырайық, тексерсiн, – дедi Шөкеев мәселенiң алдын алуға шақырып.

Жамбыл облысы әкiмiнiң орынбасары Бақытбек Иманәлиевтiң уәжiне қарағанда, жергiлiктi билiк қазiргi кезде мүдделi органдарға, оның iшiнде құқық қорғау органдары мен табиғи монополияларды реттеу агенттiгiне тиiстi тапсырма берген. Ал, ұн өндiрушiлер болса, жаңа баға саясатын құрғақшылықпен байланыстырады. Қазiр наубайханалар мен ұн жеткiзушiлер және дүкендер арасында арнайы келiсiм орнатылған. Бiр айта кетерлiгi, шенеунiктер алдағы уақытта солтүстiктiң ұнынан дайындалатын өзге де кондитерлiк өнiмдерге баға өсетiнiн ескертiп отыр.

Ал, бiр-екi күндiкте аталмыш өңiрлерде нан бағасының қымбаттап кетуiне байланысты отырысты Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң өзi өткiздi. Мәселенi қадағалауға алған Үкiмет мүшелерi оңтүстiк өңiрдегi нан бағасын қалпына түсiрiптi. Қазiр Жамбыл облысында бiр бөлкенiң бағасы 45 теңгеден 35-37 теңгеге дейiн төмендеген. Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев бұл аймақтарға қоймадан қосымша астық жеткiзiлетiнiн мәлiмдесе, Бәсекелестiктi қорғау агенттiгi төрағасының орынбасары Борис Парсегов: "Жамбыл облысындағы 12 наубайханадан шыққан нан бағасы 45 теңгеден сатылған. "Тексерудiң алғашқы қорытындысы антимонополиялық заңнаманың бұзылғанын, бағаны көтеру фактiлерi барын анықтап отыр. Қазiр күдiктiлер сұрастырылып, құжаттар тексерiлуде. Кiнәлiлер анықталса, шара қолданылады" – дедi қатқыл үнмен.

Сонымен, Үкiметтiң нан бағасын ендi "Азық-түлiк келiсiм-шарт" корпорациясы арқылы тұрақтандыруға мүмкiндiгi бар. Қазiр осы құрылымның Жамбыл облысындағы өкiлдiгiнде 40 мың тонна, Оңтүстiк Қазақстанда 8,9 мың тонна бидай қоймада сақтаулы тұр. Осыны қаперiне алған вице-премьер корпорацияның бағасы әлдеқайда арзан астығын наубайханаларға таратып, нан бағасын қалпына келтiруге облыс әкiмдерiн жұмылдырды. Айта кету керек, бүгiнгi таңда сыртқы нарықта бидайға деген сұраныс артып, тоннасы 15 мың теңгеден 22 мың теңгеге дейiн өскен. Өмiрзақ Шөкеев сұраныстың өсуi тұтастай алғанда қазақ елiне, ауылшаруашылығына тиiмдi екенiн айтады. Бағаны тұрақты ұстап тұруға Үкiметтiң материалдық қоры да жетедi. Ендiгi қадағалауда ұстайтын шаруа – делдалдардың тұтынушы қалтасына түсiп, көлденең табыс табуына жол бермеу.

Қалай десек те, биыл қуаңшылыққа байланысты жиналатын астық көлемi жылдағыдан төмен болады деген болжам бар. Егер де, сарапшылардың айтқаны айдай келсе, ұннан жасалатын өнiмдердiң қымбаттайтыны айтпаса да түсiнiктi. Оған себеп, қазiр Қостанай облысының шаруалары биыл еккен 4 млн. астықтың тек төрттен бiрiнен ғана нәтиже күтiп отыр. Ал, Оңтүстiк Қазақстан облысының басшылары өңiрде ұнның бағасының күрт өсiп кетуiне байланысты жағдайы нашар отбасыларға арзандатылған бағамен ұн таратуды қолға алғанға ұқсайды. Облыста қазiр мұндай көмекке мұқтаж 44 мың отбасы бар екен. Бұл тұрғыда Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Берiк Оспанов: "Бiз де олардан сатып алуға мәжбүрмiз. Егер олар бағаны көтерiп жiберсе, бiзге сол бағамен келедi. Бiз оларға ештеңе жасай алмаймыз", – дейдi абыржып.

Астық жинау көрсеткiшiнiң биыл әлдеқайда төмен болатынын әлемдiк сарапшылар да растап отыр. Олардың болжамына сүйенсек, былтырғыға қарағанда Қазақстанда бидай жинау 18 пайызға, Ресейде 14 пайызға, ал жауын-шашыннан көз ашпай жатқан Канадада да 19 пайызға азаймақ. Есесiне, Ресей соңғы 35 жылда болмаған қуаңшылықты бастан кешуде. Мұнда бидай бағасы қазiрдiң өзiнде 10 пайызға қымбаттаған. Бiзде бұл көрсеткiш 11 пайызға өссе, Еуропада астық әп-сәтте 20 пайызға бiр-ақ шарықтап кеткен.

Көңiлге демеу боларлығы сол, қазiр бiзде 7 млн. тонна астық қоры бар. Оның үстiне, өткен жылдан қалған 12-13 млн. тонна бидайдың 4 миллионын сыртқа шығаруға болады екен.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ