ӘЛЕМ КУБОГЫНАН ҮМIТКЕР ТӨРТТIК

ӘЛЕМ КУБОГЫНАН ҮМIТКЕР ТӨРТТIК

ӘЛЕМ КУБОГЫНАН ҮМIТКЕР ТӨРТТIК
ашық дереккөзі

Бүкiл әлемдi дүр сiлкiндiрген Әлем чемпионаты да өз мәресiне жетiп қалды. Жартылай финалда кездесетiн төрт команданың бiреуi әлем кубогын асқақтата көтередi.

Алайда аталған чемпионаттың ерекшелiгi ретiнде үздiк командалардан тосқан нәтиже ақталмағанын атап кеткен жөн. Чемпионат барысында көптеген тосын оқиғалар болды. Атап кетсек, 2006 жылғы чемпион Италия командасы мен күмiс жүлделi француздар топтық ойыннан аспай қалды. Бразилия мен Аргентина құрамаларының ащы жеңiлiстерi де соның айқын мысалы. Жартылай финалда кездесетiн төрт командаға кысқаша тоқталсақ.

УРУГВАЙ

Команда атауын қысқаша "Селесте" деп атайды. Уругвай командасының құрылу тарихы тереңде жатыр. Екi дүркiн Әлем (1930, 1950), Олимпиада (1924, 1928) чемпионы, он төрт рет Оңтүстiк Америка кубогының иегерi, сондай-ақ Чемпиондардың Алтын кубогын ұтып алған сайыпқыран команда. Алайда, аталмыш команданың соңғы жиырма жылда әлемдiк аренадағы көрсеткiштерi төмендеп, құлдырау кезеңiн басынан өткiзген болатын.

Команданың бас бапкерi Оскар Табарес осыған дейiн де ұлттық құраманы екi рет басқарып, 2006 жылы тiзгiндi қайтадан өз қолына алды. Чемпионатқа тiкелей жолдама ала алмаған Уругвайға қосымша ойындардан өтуге тура келдi. Осындай қиындықтарға қарамастан топтық ойындарда команда жақсы көрсеткiшке қол жеткiзiп, фавориттердiң бiрi — Франция командасын артта қалдырып, топтық ойындарда бiрiншi орын алған болатын.

18 финалда Оңтүстiк Кореямен, ширек финалда Гана құрамаларымен кездесiп, жеңiске жеткен Уругвай – жартылай финалдағы Латын Америкасының жалғыз өкiлi. ХIХ Әлем чемпионатының жартылай финалында Уругвай Голландиямен кездескен. Аталмыш ойын алтыншы шiлдеде Кейптаун қаласындағы "Грин пойнт" стадионыңда өттi. Өкiнiшке қарай, Уругвай құрамасы сол қанаттағы қорғаушы Хорхе Фусиле мен шабуылшы Луис Суарестен дисквалификация нәтижесiнде айрылған. Сондай-ақ, қорғаушы Диего Луга жарақат алып, оның ойынға қатысу-қатыспауы екiталай едi. Аталған ойыншыларынан айрылған Уругвай құрамасына жартылай финалдағы азулы қарсыласпен ойын оңай тимегенi анық.

Уругвай құрамасының бас бапкерi Оскар Табарес: "Бiз осы Әлем чемпионатының үздiк төрттiгiндемiз. Бiз ОАР-ға келгенде осындай нәтижеге жетемiз деп ойлаған емеспiз. Егер бiз 1950 жылғы нәтижеге қол жеткiзсек, тарихта қаларымызға күмән болмас едi. Себебi сол жылы Уругвай Бразилия командасын ойсырата жеңiп, чемпион атанған болатын". Осыған қарап құраманың өз күшiне сенетiндiгiне көз жеткiзе аламыз.

Команданың ерекшелiгi ретiнде ойынға деген ынтасын, бас жаттықтырушының нұсқауларын бұлжытпай орындауын, қиын жағдайларда ерiк күшiн көрсетуiн атап кетуге болады.

ГОЛЛАНДИЯ

Голландия құрамасы әлемдегi футбол алпауыттарының қатарында, бiрақ осыған дейiн команда Әлем чемпионатында екi рет финалда ойнағанына қарамастан жеңiмпаз ретiнде танылған емес. Осы чемпионатта сәтi түсiп Берт ван Марвейктiң командасының чемпион атануы әбден ықтимал. Голландия құрамасының ойыншылары ойын техникасы жағынан үздiк саналады. Ерекше бiр жайтқа баса назар аудара кеткен жөн деп бiлемiз. Тұтас мемлекет Нидерланды деп аталғанмен, бұл елдiң "Қызғылт сары" құрамасы Голландия ұлттық құрамасы деп аталады.

Құрамадағы 23 ойыншының әрқайсысы өз клубтарының көшбасшылары. Сонымен қоса футболшылардың көбi биылғы футболдық маусымды өте сәттi өткiзген болатын. Мысалы, Роббен мен Снейдер Чемпиондар Лигасының финалында өнер көрсеттi. Бапкердiң жақсы жұмысының нәтижесiнде құрама бiлiктi көрсеткiштер көрсеттi. Барлық шептегi ойыншылар, қорғаушылар, жартылай қорғаушылар мен шабуылшылар, қосалқы құрамдағы ойыншылар сайдың тасындай iрiктелген.

Құраманы iрiктеу кезiнде топтық ойындарда тек қана жеңiске жетiп, Әлем Кубогына тiкелей жолдама алған болатын. Әлем кубогының топтық ойындарында онша күш салмай-ақ бiрiншi орынды иелендi. 18 финалда Словакияны, ал ширек финалда бес дүркiн әлем чемпионы Бразилия құрамасын жартылай финалға өткiзбедi. Аталған ойын чемпионаттың басты сенсацияларының бiрi ретiнде бағаланды. Голландия құрамасының басты күшi — Арьен Роббен мен Уэсли Снейдер. Егер де аталған футболшылар сапта болса, Нидерланды құрамасының чемпиондыққа мүмкiндiгi өте жоғары.

ГЕРМАНИЯ

"Бундес тим" — команданың қысқаша аталуы. Германия құрамасы әрқашанда мықтылардың қатарынан түспеген. Еуропа құрамаларының арасында әлем кубогын үш рет иеленген немiс футболшыларының осы чемпионатта орташа жасы 24. Бұл чемпионаттағы ең жас команда.

Немiс командасының бас бапкерi, 50 жасар Йоахим Лев құрамаға жаңа серпiлiс әкелдi. Осының нәтижесiнде құрама iрiктеу тобында бiрiншi орынды иеленiп, Әлем кубогына тiкелей жолдама алған болатын. Команданың пастары дәл, қарсы шабуылдары жойқын. Құраманың көшбасшылары Швайнштайгер мен капитаны Филипп Лам ұшқырлығымен ерекшеленедi. Сонымен қоса команданың жастары да өз ойнын мәнерiн айқын көрсетуде. Месут Озил мен Томас Мюллердiң есiмi қазiр әлем жанкүйерлерiнiң аузында. Германия осы чемпионатта қарсыластардың қақпасына ең көп гол соққан команда. Мәселен, сербтермен кездесуде ойыншысы алаңнан қуылған немiстер тек қана алға ұмтылып табандылығын танытты.

Аталмыш команда чемпионат басталғалы берi өз ойындарының әсерлiлiгiмен, ешкiмге ұқсамайтын өзiндiк стилiмен ерекшеленедi. 18 финалда Англияны 4:1, ал ширек финалда Аргентина командасын 4:0 есебiмен ойсырата жеңген "Бундес тим" өзгелерден шоқтығы биiк және финалға әбден лайықты екендiгiн дәлелдедi. Аталған команданың ерекшелiгi ретiнде ойыншылардың көпшiлiгi басқа елдерде туған немесе ұлттары әртүрлi екенiн атап кетуге болады. Немiстер кеше түнде жартылай финалда Испания құрамасымен кездестi. Өкiнiшке қарай, аталған кездесуге осыған дейiн екi рет ескерту алған жас шабуылшы Томас Мюллер қатыса алған жоқ. Қазiргi таңда "немiс машинасы" түбегейлi өзгерiп жаңа романтикалық футбол философиясын насихаттайды. Тек қана қорғау шебiне баса назар аудармай әдемi комбинациялары мен алыс қашықтыққа дәл беретiн пастарымен ерекшеленуде.

ИСПАНИЯ

Қысқаша атауы — "Қызыл фурия". Клубтық чемпионаты әлемдегi үздiк саналатын Испания командасы өз тарихында осы чемпионатта ғана алғаш рет жартылай финалға өттi. Чемпионат басталмай тұрып букмекерлердiң бас фавориты ретiнде Пиреней түбегiнiң футболшылары қарастырылатын. Iрiктеу ойындарында тек жеңiстерге жетiп, үздiк саналған Испания құрамасы Әлем чемпионатындағы алғашқы кездесуiнде Швейцария құрамасынан оңбай ұтылды. Бұл испандықтардың болашақ "чемпиондығына" үлкен күмән келтiргенi сөзсiз. Басқа құрамаларға қарағанда испандықтар ең толыққанды, жұлдызды құрама боп саналады. 18 финалда португалдар, ал ширек финалда Парагвай құрамаларымен кездесуде Испания құрамасы жеңiске жетсе де, реңсiз ойын көрсеттi. Испандықтардың жұлдызды ойыншысы Давид Вилья парагвайлықтармен кездесуде чемпионаттағы бесiншi голын соқты. Ол қазiргi таңда әлем кубогының ең үздiк шабуылшысы. Егер Испания құрамасы барлық күшiн салса, чемпиондыққа үмiттене алады. Чемпионаттың статистикасына жүгiнсек испан футболшыларының жақын пастарының 88 пайызы дәл орындалған. Әлсiз жақтарына тоқталсақ, орта шептегi Карлес Пуйоль және Херард Пике тектес қорғаушыларының тұрақты ойын көрсетпеуiн, құрамада бiрiккен топтық ойынның жоқтығын жатқызуға болады. Сонымен қоса алысқа бағыттаған пастары тым әлсiз, сондықтан көбiне қарсыластары допты алып қоя бередi. Құраманы 2008 жылдан берi басқарып жүрген 59 жасар бас бапкер Висенте Дель Боске Еуропа чемпиондарының ойынына жаңа серпiлiс әкелгенiн айта кеткен де жөн сияқты.

Жартылай финал: Голландия – Уругвай 3 : 2, Испания – Германия 1 : 0

Айжан ҚҰРМАШЕВА