ҚАЗАҚСТАН БОКСШЫЛАРЫ АСТАНАДА АТОЙЛАДЫ

ҚАЗАҚСТАН БОКСШЫЛАРЫ АСТАНАДА АТОЙЛАДЫ

ҚАЗАҚСТАН БОКСШЫЛАРЫ АСТАНАДА АТОЙЛАДЫ
ашық дереккөзі

Жуырда Астанада ҚР Президентiнiң кубогы үшiн II халықаралық турнир өттi. Бұл додада 16 елдiң ұлттық құрамалары бақ сынасты.

Астана рингiнде 16 мемлекеттiң мықты деген боксшылары 11 түрлi салмақта 5 күн бойы сынға түстi. Осы жарысқа Қазақстан бокс федерациясы Ұлттық құрамамен қоса қосалқы команданы, сонымен қатар Астана құрамасын да қосып отыр. Ресей мен Украина 11 түрлi салмақтағы барлық боксшыларын алып келсе, өзге құрамалар 7-8 спортшымен қатысқан. Саннан гөрi сапаға мән берген Монғолия мен Жапония 4-ақ боксшы әкелiптi. Ал жарыста оза шауып, жастарды да тәжiрибеден өткiзудi көздеген Қазақстан атынан Астана рингiнде 37 боксшы өнер көрсеттi.

11 салмақтың алтауында қазақ былғары қолғап шеберлерi үздiк шықты. Ал украиналық екi боксшыға қарсыластары төтеп бере алған жоқ. Сондай-ақ Ресей, Жапония, Кубаның бiр-бiр боксшылары алтын тұғырға табан тiредi. Жанкүйер назарын өзiне аударған, атақты былғары қолғап шеберi, 69 келi салмақтағы Серiк Сәпиев алтынға табан тiредi. Қазақстаннан Бiржан Жақыпов, Мирас Жақыпов, Мәди Шолақов, Нұрдәулет Жарманов алтыннан алқа тағынса, Iлияс Сүлейменов, Вислан Далхаев, Айдар Әмiрзақов, Мерей Ақшалов күмiс жүлдегер атанды. Турнир соңында ақтөбелiк Рақымжан Рыспаев үздiк рефери, тараздық Бақытжан Бекпенбетов үздiк төрешi атанды. Олимпиада чемпионы Василий Ломаченкоға (Украина) арнайы сыйлық табыс етiлдi.

Ал үздiк бапкер атанған Қазақстан құрамасының бас бапкерi Мырзағали Айтжанов елiмiздегi бокс спортына ерекше көңiл бөлуде. Еске сала кетелiк, соңғы кездерi әлемдiк турнирлерде қазақ боксшылары топ жаруын бәсеңдеттi. Сондықтан қазақ боксiне жiтi көңiл бөлiнуде.

— Бүгiнгi күнi бiздiң боксшыларымызға үлкен жауапкершiлiк жүктелiп отыр. Өйткенi бiз осы турнирден кейiн Азия ойындарында ел намысын қорғайтын ұлттық құрама сапын жасақтайтын боламыз. Тiптi, Лондон Олимпиадасының лицензиялық турнирлерiнде бақ сынайтын былғары қолғап шеберлерiн осы сыннан кейiн iрiктеп аламыз. Бiр сөзбен айтқанда, бұл – боксшылар үшiн үлкен байқау, — дедi Спорт комитетiнiң төрағасы Елсияр Баймұхамедұлы.

А.Бейiмбет