ТҮНЕКТI ТЕСКЕН НӘЗIК СӘУЛЕ

ТҮНЕКТI ТЕСКЕН НӘЗIК СӘУЛЕ

ТҮНЕКТI ТЕСКЕН НӘЗIК СӘУЛЕ
ашық дереккөзі

Жазушы Әбдiлдабек Салықбайдың "Түн түнегiндегi екеу" атты жаңа жинағынанан туған ой

Жинақтағы алғашқы әңгiмеге аяулы анасының қаза болғаны туралы қаралы хабар алып, марқұмды ақырғы сапарға аттандырып салуға асығып жолға шыққан қаладағы ұлының толғанысы, бейкүнә балалық шақтан берi санасында сақталып, жадында мәңгi жатталып қалған естелiктерi өзек болған. Бауырынан өрген балаларына өрелi өнеге көрсетiп, тәлiм-тәрбие беру жолында қаншалықты қатал болса, көкiрегiне iзгiлiк ұрығын сеуiп, жүрегiне асыл сезiмдер ұялату үшiн соншалықты мейiрiмiн төгетiн абзал аналардың жарқын бейнесi әрқайсымыздың көкейiмiзде өзiндiк келбетi, тек өзiне ғана тән ерекшелiктерiмен жарқырап тұра беретiнiн ескерсек, лирикалық кейiпкердiң шынайы тебiренiсi сiздiң де анаңызды еске алған сәттерiңiзде бастан кешкен сезiмдерiңiздi қайта оятқанына таң қалмасаңыз да болады. Сары қыстың сақырлаған аязында суыт сапар шегуге мәжбүр болған кейiпкердiң жан дүниесiндегi қимастықтан туған алай-түлей сезiмдер, қым-қуыт естелiк оқырманды да бей-жай қалдырмай, бұл дүниенiң шынымен жалған екенiн, алдамшы қызықтарға берiлiп, жалған құндылықтарды малданып жүре бермей, жаныңа жақын жандарды шын қадiрлей бiлу керектiгiн тағы бiр рет еске салады.

Жалпы зиялы қауымды, соның iшiнде сөз қадiрiн ту еткен ақын-жазушыларды мәңгi толғантып өтетiн негiзгi бiр тақырыптар – ел мен жер, халық пен Отан, сол халықтың мұң-мұқтажы, елiмiздiң болашағы, жас ұрпақтың келешегi. Әбдiлдабек бұл тақырыпта ересектерге арналған ертегi жазыпты. Пiшiндiк iзденiс деймiз бе, қоғамның қазiргi ахуалын астарлай бейнелеу деймiз бе, әлде журналистiк, публицистикалық сарынға түсiп кетермiн деп ашық жазудан қашқақтау ма екен, әйтеуiр қазiргi әдебиетте жиi кездесе бермейтiн соны тәсiл, жаңа көркемдiк iзденiс. Халқының қазiргi қамкөңiл жағдайына жаны ашып, келешегiне үмiтпен көз жiберген қаламгердi ойландырып, санасын сарсылтқан сол баяғы самарқаулық, бойкүйездiк, өз асылын қадiрлемей, өзгелердiң жасығын асыра бағалап, жат жұрттың қаңсығын таңсық көру. Әбдiлдабектiң "Азатты азат еткен Арман бала" атты ертегiсiнiң өн бойын көктей өтiп жатқан күре тамыры осы сұрақтарға жауап iздеп, жаны қиналған қаламгердiң күйiнiп, күйзеле тұра алдымызда бiр жақсылық болар-ау деген арманшыл үмiтiнен бастау алады. Тек сол үмiттi әлсiретiп алмай, құр елес, құр емексу емес, шын ұмтылса жететiн айқын мақсат, асқақ арман, мерейлi мұрат деп танысақ қанеки?

Автор тарихи тұлғалар өмiрiндегi айрықша оқиғаларға да бiрнеше рет қалам тербеген. Осы жинаққа енген "Құлпытастың киесi" деп аталатын әңгiмесiнде халқымыздың ұлы перзентi, небәрi отыз жас ғұмырында әлемдiк ғылымға өшпес үлес қосып, ұлттық мақтанышымызға айналған Шоқан Уәлихановтың құлпытасын қара басының қамы үшiн пайдаланбақ болған кезде зауал атып, бiр көзi ағып түскен келiмсектi табалап, "шоқ-шоқ" демей, керiсiнше, ажалдан арашалап қалған қарапайым адамдардың кiсiлiк iрiлiгiн көрсетсе, "Тамызда тамған тамшы" әңгiмесiнде халқымыздың бiртуар ұлы, композитор Нұрғиса Тiлендиевтiң өнер жолындағы сансыз қиындықтардың бiрiне тап болған сәтiн тебiренiспен бейнелеп, жастарға қамқор кейбiр жақсы ағалардың да шын талантты түсiне алмай, жолына кесе-көлденең жатып алатын кездерi болатынын, алайда өзiнiкi дұрыс екенiне сенiмi кәмiл, адуын мiнездi өнерпаздың алған бетiнен қайтпайтын қайсарлығын, толғанысын шынайы суреттеп берген. Кеше ғана арамызда жүрген танымал азаматтың өмiрiндегi бiр ғана сәттi бейнелей отырып, жалпы өнер адамының алдынан толып жатқан қиындықтар тосып тұратынын, әйтсе де шынайы өнерге деген адалдықтан айнымаған абзал жандар ешкiмнiң атақ-даңқына, абырой-беделiне бас ұрмайтынын көркем тiлмен шебер жеткiзе бiлген. Осы орайда, танымал адамдардың толып жатқан таныстары болатынын, олардың әрқайсысы ол туралы марқұмның өзiнен де артық бiлетiнiн, "Жоқ, олай емес, былай болған!" – деп өре түрегелетiнiн бiле тұра бұл туралы өзiндiк пiкiр толғап, өз көзқарасын бiлдiруiн қаламгердiң батылдығы деп танымасқа тағы шараңыз жоқ.

Аталмыш жинақтағы, бiздiң ойымызша, ең бiр шоқтығы биiк шығарма – "Ақынның ажалы" деп аталатын әңгiме. Бiр кейiпкерге, бiр оқиғаға қатысты туындының бiрнеше адамның көзқарасы тұрғысынан баяндалуының озық үлгiсi әлем әдебиетiнiң алыптары – жапон Рюноскэ Акутагаваның "Ну жыныстың iшiнде", француз Альбер Камюдың "Бөгде" шығармаларында көрiнiс тапқаны белгiлi, алайда, осы көркемдiк тәсiл қазақ топырағында әлi де кеңiнен қолданылмай келе жатқанын амалсыздан мойындауға тура келедi. Әбдiлдабек Салықбай осы олқылықтың орнын толтыруды көздеп, өз кейiпкерiнiң тағдырын жетi тұрғыдан көрсетуге тырысқан және бұл талабы недәуiр сәттi шыққан.

Кiтаптың жалпы атауына алынған "Түн түнегiндегi екеу" әңгiмесi де қазақ әдебиетi үшiн соны тәсiлмен жазылған. Өткен ғасырдың аяғына таман жиi айтылып, талай таласқа өзек болған экзистенциалистiк ағымда кеңiнен қолданылып келген "адам жанының қосарлануы", "кейiпкердiң екiге жарылуы", "тұлғаның iшiндегi тұлға" тәрiздi тәсiлдер де қазақ әдебиетiне жат емес екен. Орнын тауып қолдана бiлсе бiздiң кейiпкерлерiмiз де өз-өзiне тергеушi, айыптаушы, сот, керек десеңiз жаналғыш жендет бола алатынын Әбдiлдабек Салықбай осы әңгiмесi арқылы шебер дәлелдеп бердi.

Жазушы табиғат көрiнiстерiн адам жанының құбылуымен, сезiм айшықтарымен астастыра суреттеудi де жетiк меңгерген. Бұл сөзiмiзге аталмыш кiтаптың беттерiндегi пейзаждарды оқыған адам дау айта қоймас. Ал, адам жанының құбылыстарын тап басып тани бiлу, сол арқылы кейiпкердiң психологиялық портретiн жасау қандай қаламгер үшiн де қатаң сынақ болары сөзсiз. "Тамызда тамған тамшы", "Түн түнегiндегi екеу", "Ақынның ажалы" атты әңгiмелерiнде автор бұл талаптың да үдесiнен шығып, сөз өнерiн жетiк меңгерген шынайы жазушы, сарабдал қаламгер екенiн көрсетедi.

Сөзiмiздiң соңында жазушы Әбдiлдабек Салықбайдан жаңа шығармалар, тың туындылар күтетiнiмiздi айта кетейiк. Бабы келiскен тұлпарды бәйгеге қоспау обал болатыны тәрiздi, қаламы қалыптасып, шеберлiгiн мойындатқан қаламгердiң де жазу үстелiне жүйелi отырмауы ең алдымен Алла Тағала берген дарынына қиянат, қала бердi, "әдебиет" деген қасиеттi өнердi қастер тұтқан қалың оқырманға обал, содан кейiн өз басына жасаған қысастығы болмақ. Ал, жазған кiтабының жалпақ елге жете бермеуi жазушыға емес, елiмiздiң ертеңiн қамтамасыз ету үшiн еңбек етiп, жалақы алып жүрген билiк басындағы азаматтарға сын болса керек. Әлде олар тек бүгiнмен ғана өмiр сүре ме? Қысқаша шолуымызды осы сұрақпен аяқтауды жөн көрдiк, бiрақ соған жауап келе қоярына күмәндiмiз.

Нұрлан ҚАМИ, жазушы, аудармашы