ТАҒЫ ДА ЕР ЕДIГЕ ТУРАЛЫ

ТАҒЫ ДА ЕР ЕДIГЕ ТУРАЛЫ

ТАҒЫ ДА ЕР ЕДIГЕ ТУРАЛЫ
ашық дереккөзі

Редакциядан: Газетiмiздiң өткен нөмiрлерiнiң бiрiнде "Мүрдесiз, қорғансыз қалған ер Едiге" атты Кәмел қажы Жүнiстегiнiң тарихи мақаласы жарық көрген болатын. Автор өз мақаласында ер Едiге мүрдесiнiң Ұлытаудың бөктерiнде жатқандығын айтқан едi. Кейбiр деректерге сүйенсек, «ер Едiгенiң денесi Қырым жерiнде қалған» дегендi де айтады. Ал, бүгiнгi мақалада ер Едiгенiң Баба Түктi шашты Әзiздiң жанында жерленгенiн сөз етедi. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс, оның анық-қанығын тарихшы қауым дәлелдей жатар. Бiздiң мақсат – автор ойын оқырман талқысына салу ғана.

Осыдан екi жыл бұрын ақын Жарылқасын Боранбайдың республикалық "Айғақ" газетiнде "Едiгедей ерiң бар, ей, Оңтүстiк!" атты тарихи мақаласы жарық көрдi. Ал, өткен жылы "Түркiстан" газетiне "Мүрдесiз, қорғансыз қалған ер Едiге" атты Кәмел-қажы Жүнiстегiнiң мақаласы шықты. "Ер Едiгенi ескеретiн кез келдi" атты Мыңжасар Асқарұлының тарихи деректерi және Едiге туралы басқа да басылымдарда тарихшылар үлкендi-кiшiлi мақалалар жариялады.

Кәмел-қажы Жүнiстегiнiң ер Едiгенiң тұрақ қылған жерi Ұлытау, Кiшiтау екенiн, ол жердi бүгiнде "Ақ мешiт әулие" деп атап кеткенiн айтады. "Едiгенiң басы төбе басында таспен бастырылып жатыр" деп жазады. Менiңше, мұның шындыққа жанаспайтын жерлерi де бар. Өйткенi, Едiге өмiрден өтерiнде айтқан аманатында: "Менi бұл жерге жер қазып көмбеңдер, Нұралы жер үстiнде бар болса, менi Қаратаудың бауырында Қарақалпақ атасы Созақтың Қара обасының қасында Баба Түктi Шашты Әзiз атам бар, соның қасына қойсын", – деген өсиет қалдырған. Сол өсиетiмен Едiгенiң денесiн сонда апарып қойған деседi.

Бүгiнде Едiгенiң Оңтүстiк Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Құмкент ауылына қарасты бүкiл түркi жұртының әулиесi Баба Түктi Шашты Әзiз әулиенiң кесенесiнде жатқандығы туралы да деректер бар. Ер Едiге мен Жалаңаяқ Әздер мүрдесi осы кесенедегi биiктеу төбешiктiң үстiнде қатар жатқаны да жазылып жүр.

Бүгiнде Едiге жерленген төбе маңы шөгiңкiреп, қамыстары сирей бастаған. Мүрде де төбешiк күйiнде шөккен. Екi жағындағы бұлақ көздерi тартылып көктем, күз айларында су көздерi жиналып, қамыс өседi.

Бұдан шығатын қорытынды – "Ер Едiгенiң" өз өсиетiмен Қаратаудың Терiстiк бетiнде, Қарақалпақ атасы Созақтың Қара обасына жерленгендiгi шындыққа жақын секiлдi.

Ол кезде атақты, әулие адамдарды Қара оба маңына, яғни, әулие бабамыздың жанындағы кесенеге жерлейтiн болған.

Ал, ер Едiгенiң туған аймағы осы "Жылыбұлақ" мекенi екендiгi тарихта айтылған, оған ешкiмнiң дауы жоқ шығар деген ойдамыз.

Бұл өлке кешегi қалың Ноғайлы ұлысының мекенi болған. Өзiмiз жиi айтатын Қамбар батырдың түп мекенi. Сөзiмiз дәлелдi болу үшiн, деректерге жүгiнiп көрелiк.

Тарихты парақтар болсақ, Алтын Орданың Бату хан иелiгiн "Дештi Қыпшақ" деп атаған. Кейде оны "Ноғайлы Ұлысы" деп те атайды. Бұл ұлыс-тайпалары негiзiнен түркi халықтарынан құрылған.

Ноғайлы жұрты Алтын Ордадан бастап, Қаратаудың терiстiк бетi Қызылкөлге дейiн созылып, ел жайлауына айналған.

Ал, Ноғайлы ұлысына келер болсақ, ол баяғы көшпелi тайпалардың саяси әкiмшiлiк атауы. Мұны бүгiнгi ноғай-татарлармен шатастыруға әсте болмайды.

Ноғай Ордасы 1391 жылы ер Едiгенiң бас болуымен Алтын Ордадан бөлiнiп шығып, жеке шаңырақ көтерген.

Кемеңгер қолбасшы, азулы би, зерделi шешен Едiге қайта жаңғыртқан ұлыстың уығын өз қолымен шаншып, керегесiн кеңейткен. Ордаға Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Арғын, Қият, Манғыт, Керейт, Үйсiн ұйытқы болған. Билiктiң басына кiм келсе, соның дәргейiн қабылдаған.

Осы кезеңде Алтын Орданың ханымен дәрежесi тең Едiге түркiлерден құрылған Ноғайлы ұлысының биi едi.

Орыс хан Алтын Орданың билiгiн алған кезде оның есiмiне "Өзбек ұлысының билеушiсi" деген атақ қосарлана берiлген. Ол кезде Ақ Орда билеушiлерiне менсiнбей қараған "Өзбек ұлысы" өздерiн осылай атауды қалаған.

Едiгенiң арғы бабалары – Жошы ханға ерген әскербасыларынан.

"Мүсiретнамада" дүниеден Орыс хан озысымен, оның орнына үлкен ұлы Тоқтақия отырады. Бiрақ ол көп ұзамайды. Мұнан соң билiктi Темiр-Мәлiк қолына алады. Ал, Құттықия (лақап аты Балташық) Темiр Мәлiк ханның бас әмiрi болды. Құттықияның екi ұлы болады, үлкенi Иса, екiншiсi Едiге. Исаны Тоқтамыстың қолбасшысы етедi.

Низам-ад-Дин Шәми Темiр Мәлiктiң, Әмiр Темiрге қарсы жорығы (1377 жылы) басталды. Тоқтамыстың Әмiр Темiрдi сағалайтыны осы тұс, яғни, Һижраның 777 жылдары болатын. Мұнан бiз Едiгенiң билiк басында жүргенiн байқаймыз.

Үстем билiк жолындағы таласта Ноғайлы Ордасы уысында ұстаған Едiге бидiң ықпалы зор едi. Бiрақ, тағдырдың жазғанына дауа бар ма? Егер Найманның ұлы Инанг Бiлге ханның екi ұлы өзара жауласпағанда, Керейдiң ханы Тоғырыл мен Таймут Жалайыр Жамуханның өзара арандатушы iс-әрекетi болмағанда, Қияттың жетiм баласы Шыңғыс хан әлемнiң жартысын билемес едi. Сол заманда ұлы даланы билеушiлер – Найман, Керей, Қоңыраттар едi. Бұлар Тоныкөктiң тұқымдары, кешегi Елтерiс, Қатаған, Бiлге қағандар Күлтегiн күлден көтерiп, ел еткендер болатын.

Ақырында алауыздық iс-әрекеттерi өздерiнiң түптерiне жетiп, Шыңғыс ханның қолымен бастары алынды.

Хорезмшах Теркештiң әйелi қыпшақ қызы Теркен хатун билiгiнiң тұсында, баласы Мұхаммедтiң менменсiп, өз басын сауғалаудан Отырардың билеушiсi Теркеннiң әкесi Қыран Қадыр-Буханның iнiсi Қайырханды опат етiп, қолында 400 мыңға тарта жауынгерi бола тұра, анасы Терке Хатунның сөзiне құлақ аспай, Шыңғыс ханның 200-ге жуық әскерiнен жеңiлiп, опат болды. Мұндай қайталау сонау көшпендi елдiң алғашқы иесi Тарғытайдан, скифтер дәуiрiнен берi небiр нәубеттi басынан өткiзген бабаларымыздың қатал тағдыры Едiгеге де жеткен едi.

Едiге өмiрден озған соң Алтын Орданың бас бегi боп үшiншi ұлы Мәнсүр билiк еткен. Ал, Барақ хан Едiге ұлы Мәнсүрмен жауласумен болған. Ақыры өз туысым деп жүрген Мәнсүр Барақтың қолынан қаза табады.

Барақ 1428 жылдары өзара қақтығысқан соғыста Айнас бектiң қолынан қайтыс болған. Яғни, Қадырғали бек Жалайри: "Орда билерi, Қазы мен Наурыз Барақпен бетпе-бет кездесуде жеңiп шыққан" дейдi. Қазы мырза мен Наурыз мырза Мәнсүрдың туыстары.

Түрiк руларының бiразының басын қайта қосқан Едiгенiң ұрпақтары болған. Едiге ұрпақтары бiрнеше хандық пен ұлыстарда билiк еткен.

Қазақ халқының батырлық жырлары "Қобыланды батыр", "Орақ батыр", "Ер Тарғын", "Қарасай, Қазиде" де Едiге би ұрпақтарының iс әрекеттерi баяндалады.

Ұлдары Нүреддин, Кейкуат аттарын, кейiн Қырым хандары мен Түрiк сұлтандары да өздерiне титул ретiнде енгiздi. Князь Юсуповтар Едiгенiң төртiншi ұрпағы, Жүсiповтың әулетi, князь Урусовтар бесiншi буындағы ұрпағы, Орыс мырзаның ұрпағы. Жыр дастандардағы Мұса, Мамай, Орақ, Қарасай, Қази, Телағыс – бәрi Едiгенiң ұрпақтары. Бұлардың бәрi де iрi қайраткерлер болған.

Нүреддиннiң ұлы, Едiгенiң немересi, Оқас би 1429 жылы Әбiлқайыр сұлтанды хан сайлайды.

Едiгенi мемлекет қайраткерi, шебер дипломат деп қана қоймай, ол қазақ халқының қалыптасуына, ел болып қалуына үлкен еңбек еткен тұлға деуге болады.

Өз қолымен уығын шаншыған, шаңырағын көтерген Орданы берiк ұстап, тiптен Литва кiнәзi Витовпен ауыз жаласқан Тоқтамысты 1400 жылы Ворскла өзенiнде талқандап, қайта тұрмастай еттi. Шыңғысхан заманында аузын айға бiлеген Алтын Орданың орнына, көктен дәмелi түркi мемлекеттiң нышаны бiржола орнықты.

Араб жылнамасында: "Дештi Қыпшақтың ұлы әмiршiсi Едiге, оның заманында хандар (сұлтан мәтiндiлер) құр атаққа мәз болды. Сондықтан да, Едiгенi Қыпшақ даласының ханы санады", – дейдi.

Кастилья королi Генрих III-нiң елшiсi Руи Гонсалес де Клавихо Едiгенi "Эл сенор де татария" (Татария билеушiсi), тiптi император деп атаған.

Бұл жерде еуропалықтар ноғайлы ұлысына "Ногайские татары" деген атау берген.

Ал, Бавариялық саяхатшы Шильтербергер Едiгенi хан лауазымына бағалаған. Iс жүзiнде ол "майор демус" мемлекеттiң нақты билеушiсi. Қысқарта айтқанда, Едiге билiк тұтқасына қолы жеткенде, қарақан басын елден жоғары санамайтын, қарапайымдылығымен елге жағымды болған жан едi.

Ең бастысы, Ноғай Ордасын Әмiр тегеурiнiнен аман алып шығып, Мәскеудi шауып, Литва кiнәздiгiн талқандап, Хорезмдi басып алып, Ноғайлы Ордасының беделiн түзеп, өзiмен басқаны санастырды.

"Мұндай iрi жеңiстi Шыңғыс хан да, Бату хан да көрген емес", – дейдi Карамзин өз "Тарихында". Ол, жаңа тұрпатты мемлекет құруда кемеңгерлiгiмен көзге түскен қайраткерге айналды.

Шығыс Еуропа халықаралық қатынастары Ноғайлы ұлысынан айналып өте алмайтын факторға айналды.

Едiгенiң жеке қадiр-қасиетiне сол тұстағы және кейiнгi орыс жылнамашылары түгел бас шұлғыған. Егер оларша айтар болсақ: "Ол билiк жүргiзген күндерi сол ғасырдың жарқын беттерiне, ал түндерi – уақыт жүзiндегi жарыққа айналды".

Оның ұлы билеушiлердiң, батырлардың, билердiң санатымен қатар айтылатын уақыт жеттi. Бүкiл түркi жұрты, оның iшiнде қазақ халқының қалыптасуына, ел болуына негiз болып, түрлi шапқыншылықтан аман алып қалған Едiгеге Түркi жұртының кiндiгi болып саналатын Түркiстан шаһарында ескерткiшiн тұрғызған ләзiм.

Халық эпосында Едiге туралы Арқада, Қырымда, Алтайда, Маңғыстауда және Арал мен Жайық өңiрлерiнде жазып алынған отыздан астам нұсқасы болған.

"Едiге" жырының нұсқаларының iшiнде ең таңдаулысы деп Шоқан Уалихановтың нұсқасы алынған. Ол – "классикалық мәтiн" деп бағаланған.

"Едiге" жырын Шоқан өзiнiң айтуы бойынша алғашқы рет 1841 жылы Қыпшақ Жаманқұл ақыннан естiген. Шоқан қайтыс болған соң, араға бiраз жыл салып, 1905 жылы орыстың ұлы ғалымы П. М. Мелиоранский, кейiн Н. И. Веселовский "Сочинения Чокана Чингизовича Валиханова" атты бiр томдық жинағына "Едiге" жырын енгiзген.

Ал, Қазақ ССР Ғылым академиясын құрған және оның тұңғыш президентi болған Қаныш Сәтбаев 1927 жылы шығарған "Ер Едiге" жырын жазып, алғы сөзiнде: "Тарихи Едiге түрiктiң қоңырат руынан шыққан " деп көрсетедi.

Сондай-ақ, Едiгенi 1933 жылы С. Сейфуллин және 1939 жылы М. Әуезов қазақ әдебиетi оқулығына "Едiгенiң әңгiмесi" деген аңыздар келтiредi. "Ер Едiге" жырына С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Б. Кенжебаев т.б көсiле қалам тартқан. Яғни, "Ер Едiгенi" зерттеушiлер жай ғалымдар емес, әйгiлi шығыстанушылар.

Ғалым Едiге Мағауиннiң "Едiге" туралы халықтық эпосы, Бартольд, Г. Н. Потанин, Жирмунский зерттеген еңбектерiнде айқын көрiнiс тапқан.

Академик Бартольдтiң есептеуiнше, Едiге ХIV ғасырдың ортасында өмiрге келген. "Ол қара торы , орта бойлы, кең иықты, ер кейiптi, түрi айбарлы кiсi едi ". (Ибн Арабхаш)

"Едiге" – тарихи жыр емес, шынайы оқиғаларға құрылған жыр. Оның ел билеушiлiк дәрежеге жетуi, бабаларының әулиелiгiнде болса керек.

Едiгенiң шын аты – Құбақұл, кейбiр деректерде Рахымбердi деп те атайды.

Ал, Едiге жырдың фольклорындағы эпикалық үлгiлерiн талдау арқылы қолданады.

Ахмет Байтұрсынов сөзiмен айтар болсақ, "Едiге жыры – халықтың жаны, рухы турасындағы әңгiме".

"Едiгеге" Шоқанның ерекше назар аударуы кездейсоқ емес. Оның ғалым ретiнде үлкен мұраны терең түсiнгенiнде.

Едiгенiң есiмi бүкiл Сiбiр мен Орта Азияны, Едiл бойы мен Терiскей, Қап тауын, Қырымды Түркия мен Румынияны түгел аралап кеткенi, Ноғайлы ұлысының сол заманда шашырай таралуында болса керек.

Ал, "Ер Едiгенiң" Жылыбұлақ маңында Баба Түктi Шашты Әзiздiң жанына жерленуi туралы зерттеушiлердiң, көне көз әулие қариялардың айтқаны шындыққа жанасады деп ойлаймын.

Академик Рахманқұл Бердiбай 1952 жылы Құмкент ауылы Баба Түктi Шашты Әзiз әулиеге зиярат етiп барған кезiнде, көне көз шежiрешi қариялармен Кенжеғұл Берденов, Әзiмбай Сатыбалдылармен кездесуiнде Шашты Әзiз әулие маңында жерленген ұлы адамдар мен әулиелер туралы әңгiме болғанын айтады. Қариялар бұл өңiрдi "Едiгенiң майлы жұрты" деп айтатынын сөз еткен.

Ел жұртының амандығын тiлеп, ел болып өмiр сүрудi армандаған, қиянатқа төзгiсiз, кемеңгер қолбасшы, азулы би, зерделi шешен, мемлекет қайраткерi, тек қана қазақ халқы ғана емес, бүкiл түркi әлемiнiң маңдайына бiткен жарық жұлдызын тарихи тұлғалар Әмiр Темiр, Тоқтамыстармен туы қатар тiгiлген баһадүрдi қадiрлей, аялай бiлу бүгiнгi ұрпақтың еншiсiнде.

Жамбыл АЙМЕНОВ, академик, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi