Келте ойлы кей дөкейдің дөрекілі мемлекеттік қызметкерлердің беделін түсіруде

Келте ойлы кей дөкейдің дөрекілі мемлекеттік қызметкерлердің беделін түсіруде

Келте ойлы кей дөкейдің дөрекілі мемлекеттік қызметкерлердің беделін түсіруде
ашық дереккөзі

Кәсіби мерекеміз қарсаңында әріптестер Шерхан аға Мұртазаның сөзін жиі ауызға алады: «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ». Өзге емес, өз адамымыз айтқандықтан болар, бұрын-соңды берілген бағаның, төгілген теңеу мен мөлдіреген метафораның ешқайсысы кәсібіміздің қасиетін тап осылай дөп баса алған емес. Бірақ заңғар жазушының бұл сөзін мақтан үшін емес, шағым орнына айтатын тілші көбейді. Өйткені журналистің ісін кәсіби қызмет, ал қойған сауалын ақпарат алу тәсілі деп қабылдайтындардың қатары азайып бара жатқан сияқты.

Шекпендінің жағдайы «чики-чики»

Мамыр айының орта шенінде ғаламтор жұлдызына айналған шалқарлық шенеуніктің сөзін қазір еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін жатқа біледі. Шалқайған шекпендінің журналиске көрсеткен дөрекілігін де аңыз қылып айтысты жұрт. Жергілікті телеарнаның тілшісіне сұхбат беруге келіскен Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы Аян Қорқытұлының әрекетін бұқаралық ақпарат құралдары ғана емес, өзге саланың мамандары да тілшіні менсінбеу, қызметін сыйламау деп бағалады.

Ойдым-ойдым жолды, қираған көлікті көрсеткен журналист Аян Қорқытұлынан бұл мәселелердің қашан шешілетінін, ауданның жолы қашан бүтінделіп, көшелері қай кезде көз сүйсіндіретінін сұрайды. Өткен жылы бірнеше көшені жөндеуге ақша бөлінгенін айтқан шенеунік әуелде: «Бөлінген қаржыны биыл қайтып алып кетті», – деп ағынан жарылады. Бірақ республикалық бюджет қаржысы неге қайтарылғанын тәтпіштеп түсіндіргісі келмеген бастық: «Егер ақша болса, мұрынбоғын шашыратып істейтін едік. Қысқасы, ақша жоқ дешиш, басыңды ауыртпа... Әңгіме – бұзау, бұзау – таяқ», – деп шорт кескен. Өз сөзіне өзі масаттанып, бастапқы екпінмен: «Шалқар чики-чики ғой», – деп тағы қосқан.

Өзінің мәдениетсіздігімен бір ау­дан­­ның, тіпті тұтас облыстың атына кір келтірген бастықтың ісі арада біраз уақыт өткен соң жергілікті тәртіптік кеңестің талқысына түсті. «Мамыр айында БАҚ-та «Шалқарлық шенеунік әлеуметтік желіде күлкіге айналды» деген атпен бірнеше мақала жарияланды. «Youtube» желісінде бей­неролик жарияланды. Аян Қорқыт­ұлы Шалқардағы жолдардың жайы­на байланысты тұрғындардың шағы­мына жауап алуға барған журна­лис­ке дөрекі жауап қайтарған. Яғни, мемлекеттік қызметкердің ар-намыс кодексін бұзған. Ал Кодексте “көп­ші­лік алдында сөз сөйлеген кезде мемлекеттік қызметкер мәдениетті болуы тиіс” деп көрсетілген», – деді тәртіптік кеңестің бас маманы Бағдат Кенжеғалиев. Өз әрекетіне жауап беру үшін мінбеге көтерілген Аян Қорқытұлы Шалқарда жөнделген жолдың жайын айта жөнелді. Алайда оны тыйып тастаған тәртіптік кеңес мүшелері көп созбақтамай, тілшіге дөрекі сөйлеу себебін түсіндіруді талап етті. Ол камераның қосулы тұрғанын білмегенін айтып ақталды. Бас­тапқыда қаһарына мініп, шенеу­нік­тің жер-жебіріне жеткен тәртіптік кеңес отырыстың соңына қарай жібіп сала берді. Шалқар ауданы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы қызметінен қағылады деп ойлағанбыз. Қателестік. Тәртіптік кеңес Аян Қорқытұлын қызметіне сай емес деп тапқанымен, жұмсақ креслосынан айырмады. Дөрекі бастыққа жарты жыл сынақ мерзімі берілді. Егер алты ай бойы шалыс баспаса, жылы орнына төнетін қауіп жоқ.

Сұхбат беремін деп аузы күйген аудандық атқамінер сол жиыннан соң журналистермен сөйлесуден түбегейлі бас тартты. «Азаттықтың» тілшісі Асылхан Мамашұлы Аян Қорқытұлын іздеп, Шалқарға бірнеше рет хабарласыпты. Нәтиже болмаған. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, «Аян Қорқытұлы демалысқа кеткен. Қашан келетіні белгісіз. Ұялы телефонын білмейді, білсе де бере алмайды».

Бір ойға бір ой түрткі болып, Асылхан Мамашұлы өткен жылы болған осындай оқиғаның бірін еске алыпты: «Күнделікті жұмыс бойынша шенеуніктерге жиі телефон шаламыз. Жауап беретіндері некен-саяқ. Былтыр Байқоңырда «Протон» құлағанда сол төңіректегі аудандардың бірінің әкіміне хабарласқанмын. «Протоннан» төгілген гептил жергілікті халықтың шаруашылығына әсер етіп жатқан жоқ па?» деген қарапайым сауал қоймақ едім. Тұтқаны әдеттегідей хатшы қыз алып: «Әкім өзінде, бірақ сізбен сөйлесе ме, жоқ па – өзінен сұрайын әуелі», – деді. Тұтқаны қоймай күтіп отырдым. «Әкім жоқ», – деп қайтып келді. «Қарындас, жаңа ғана «әкім бар» дедіңіз ғой. Енді аяқ астынан жоқ боп кетті ме?» – деймін ғой сосын. Ойламаған жерде өтірік айтуына тура келген хатшы қыз: «Иә, жоқ боп кетті», – деді амалсыз. Мұндай оқиға әр журналистің басынан өткеніне бәс тігуге бармыз. Өкініштісі, шікірейген кей шенеуніктің ісі мемлекеттік қызметкерлер туралы қоғам пікірін оңалтпай тұр. Осы орайда, Мұхтар Әуезовтің: «Жаңа заманның зоры болар десем, соры болар сырларың бар ма еді, қазақтың қалтаңдаған чиновниктері, қаратаяқтары! Байқадым да, түңіліп отырмын мен сендерден! Мынау түрлеріңе қарағанда алдарсың, талай алдарсың әлі! Кімдерді алдап, кімдерді сатпас екенсіңдер?!» деген нала мен күңіреніске толы сөздері ойға оралады. Кейбір шолақ ойлы шенеуніктердің бойына біткен айықпас кеселді, атағы мен абыройына масаттанған талай шекпендінің шектен шыққан дөрекілігі мен содырлығын көргенде заңғар суреткердің бұл сөзін әлі талай еске алатын шығармыз, сірә...

«Маған жөн көрсететін сен кімсің?» 

Өкінішке қарай, «Жоқ болып кететін», орнында отырса да жауап беруге ерінетін, лауазымы мен атақ-абыройына сүйеніп, журналистің қызметіне көпе-көрінеу кедергі келтіретін атқамінерлердің қарасы азаяр емес. «Балық басынан шіриді» демекші, ел алақанына салып аялаған аяулылар мен ардақтылар да өскелең буынға тілші қауымын сыйлаудың «жарқын үлгісін» көрсетуден танған емес. Мәселен, «Қазғарыш» төрағасы Талғат Мұсабаевтың тілшілерге көрсеткен ерсі қылығы әлі күнге дейін ұмытылған жоқ. Келеңсіз оқиғадан бері екі жыл өтсе де, қызмет барысындағы қиындықтар мен кедергілерді тілге тиек еткенде әріптестер сол бір жағымсыз жайтты жиі мысал етеді. 2013 жылы Байқоңырдағы апатқа қатысты Үкімет кеңесінен шыққан соң тілшілермен кездесу кезінде Мұсабаев «КТК» телеарнасының тілшісі Ербол Сейілханды балағаттап, кеудесінен итеріп жіберген болатын.

Халық мақтанышының мұндай әрекеті әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, азаматтардың басым бөлігі мемлекеттік қызметкердің дөрекілігіне наразылық білдірген еді. Таспаға жазылып қалған видеодан тілшінің «Қазғарыш» төрағасына орын ұсынып жатқанын, ал Мұсабаевтың журналисті жақтырмай: «Маған қайда тұру керегін үйрететін сен кімсің?» деп жер-жебіріне жетіп ұрысқан сәтін «КТК» арқылы дүйім жұрт көрді. Мұсабаев мырза бұдан кейін тіпті ашуға мініп, Байқоңырдағы оқиға жайында әзірленген сюжетте апат туралы ауыз ашпай, тек өзі мен тілшінің арасындағы кикілжіңді көрсетуден ары аса алмаған деп телеарнаға да шүйлікті.

Сол оқиғаның ертеңіне Талғат Мұсабаев болған жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, тілшілерге қарсы өз уәжін айтты. Ол телеарнадан көрсетілген бейнежазбаны «арзан сенсация қуу тәсілі» деп атады. «Мемлекетте көргенсіз жас пен үлкен кісінің арасындағы кикілжіңнен басқа маңызды мәселе жоқ па? «Байқоңырда» төтенше жағдай болды, журналистер неге қоғамның назарын соған бұрмайды? Қолыңда камера болса, ойыңа келгенді түсір де, көрсете бер деген сөз емес. Көрермендерге болған оқиға бастан-аяқ көрсетілмеген, эфирден тек соңғы сәті берілген», – деді «Қазғарыш» төрағасы. Төтенше жағдай туралы есеп беріп, Үкіметтегі жиыннан шаршап шыққан Мұсабаев мырза түсірілім жасауға қолайлы орынды көрсетіп, сол жерге тұруын өтінген журналисті жаратпағанын жуып-шаю үшін: «Журналистер шоғырына қарай келе жатқанымда әлгі жігіт суырылып шығып, жолымды кес-кестеді, микрофонды бетіме тақап, денесімен алдымды бөгей берді. Мен эмоциямды жасыра алмадым», – деп ақталғаны есте.

Талғат Аманкелдіұлы өз әкесі де бір кездері журналист болғанын, оның ақпараттың анық-қанығын білу үшін талай уақыты мен күш-қуатын сарп еткенін көргендіктен, тілшілерге үлкен құрметпен қарайтынын айтты. Алайда лауазымды тұлғаның бұл сөзі істеген ісін жуып-шая алмады.

Тәртіп сақшылары тәртіптен ада

Жұмыс бабын пайдаланып, тәртіп сақшылары да БАҚ өкілдерінің қызметіне бөгет болуды қояр емес. Журналистерге қысым көрсетіп, камерасы мен микрофонын тартып алған, ақпарат алуына кедергі келтірген талай шендінің есімін жіпке тізіп беруге болады. Әсіресе, Қарабаев деген фамилия тілші қауымына жақсы таныс. 2012 жылы 25 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданының аумағына Ан-72 ұшағы құлап, күллі қазақ қара жамылды. 28 әскери қызметкердің өмірін жалмаған апат кезіндегі тәртіп сақшыларының тәртіпсіздігі жағамызды ұстатқан еді. Оқиға орнына Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаменті қызметкерлері, өрт сөндіру қызметі, төтенше жағдайлар департаменті өкілдерімен қатар жеткен «Азаттық радиосының» тілшісі полиция қызмет­кер­­лерінен оңбай таяқ жеді.

Облыстық төтенше жағдайлар де­пар­­та­ментінің бастығы Ере­же­пов келіп, апат болған жерге баруға болмайтынын түсіндіргенше журналистерді тілдеп, тіпті қол жұмсауға дейін барған – облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Қарабаев. «Азаттық» тілшісін арқасынан түйгіштеп, сүрінген жерінен тұруға әрекеттенгенде қайта құлатқан.

Полицейлер жергілікті тұрғындарға да ар-намысқа тиетін боғауыз сөз айтып, дөрекілік көрсетіп жатқанын көріп, журналистер оқиға орнынан тарап кетті. Ел қара жамылып отырғанда, өнбес дауды қуғысы келген жоқ.

2010 жылы «31 арнаның» жур­на­лисі Жұлдыз Төлеу мен операторы Бауыржан Смағұлов та соқ­қыға жығылған болатын. Астанада Қазақстан парламентінің жатақ­ха­насының ғимаратына түсірілім жасау үшін барған БАҚ өкілдеріне сот үкімін орындаушылар кедергі келтірді. Ақтоқты Түсіп есімді азаматшаны пар­ламенттің жатақханасынан шығару ба­рысында оқиға орнынан ақпарат таратқаны үшін таяқ жеген арна қызметкерлері әділет іздеп шарқ ұрды. Киімі жыртылған тілші, камерасы сынған операторды көрген БАҚ өкілдері күштерінің кем, қорғандарының әлсіз екеніне тағы бір мәрте көз жеткізген еді.

«31»-дің тілшілері әділет таппа­ға­нымен, теміртаулық журналисті ұрып кеткен полицейлер тиісті жазасын алды. 2013 жылдың 14 желтоқсанында Теміртау қаласындағы көпқабатты үйдің кіреберісінде тілшіні соққыға жыққан тәртіп сақшылары жәбірленушіні есірткі тасымалдаушы ретінде қабылдағандарын айтып ақталған еді. Журналисті талтүсте ұрып кеткен екі полицейдің ісі сотта қаралып, ҚР ҚК 308-бабы 4-бөлімі (Билікті немесе лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану), ҚР ҚК 145-бабы 3-бөлімі (Тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу) бойынша оларға 3 жылға дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырып, жалпы режімдегі түзеу колониясында 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Жұлдыздардың да жұдырығы қатты

Журналистердің ақпарат алу құқығын шектеп, кәсіби қызметін атқаруға кедергі келтіретін тағы бір топ – өнер адамдары. Ар-намыстары аяққа тапталған журналистер тілші қауымға мұрнын шүйіре қарайтын талай әнші-бишінің, актерлардың атын атап, түсін түстеп береді. Аса қажеттілік тумаса, «қара тізімдегілермен» байланыспауға тырысады. Солардың бірі – Бейбіт Қорған.

Атыраудағы гастрольдік сапарынан кейін әншінің танымалдығы күрт артқан еді. Оған Бейбіт Қорған мен қалалық «Ақ жайық» газетінің тілшісі Айнұр Сапарованың арасындағы кикілжің себеп. Концерт ортасындағы үзіліс кезінде жергілікті журналиске сұхбат беруге келіскен әнші қойылған сауалдардың біріне шамданып, диктофондағы жазбаны өшіруді талап еткен. Айнұр Сапарова сұхбатты газетке жарияламайтынын, бірақ жазбаны өшірмейтінін айтады. Айтқанын орындата алмаған Бейбіт көмекшісін шақырып алып, журналисті әрлеу бөлмесіне қамап қоюды бұйырған. 40 минут қамауда отырған тілшіге газеттің жауапты редакторы арашаға келеді. Іске басылым басшылығы араласқан соң, оқиғаның көпке жария болуынан сескенген әнші Айнұр Сапаровадан кешірім сұрады. Бірақ қызметкеріне қысым көрсетілген газет ұжымы істі жылы жапқысы келген жоқ, полицияға шағымданды. «Біздің қызметкер сот-медициналық сараптамадан өтті. Дәрігерлер жеңіл дене жарақаттарын белгіледі. Тергеу амалдары немен аяқталатынын күтіп, одан әрі қайткен күнде де істі сотқа дейін жеткіземіз», – деген болатын «Ақ жайық» газеті бас редакторының орынбасары Виктория Ли. Бірақ істің соңы қалай аяқталғаны жария болған жоқ. Бейбіт Қорған біраз уақыт жұрт назарынан тасада жүрді де, үзіліп қалған әні мен биін қайта жалғады.

 Заңға өкпелеу орынды ма?

Ақпарат алу құқығымыз бұзылып, ар-намысымыз аяққа тапталғанда әдетте БАҚ өкілдеріне қорған бола алмай отыр деп айыптың бәрін заң атаулыға үйіп төгетініміз бар. Шын мәнінде, еліміздегі нормативтік-құқықтық актілер басқа сала мамандарын қалай қорғаса, бізге де дәл солай қанатының астына алған. Журналистердің ақпарат алу құқығы Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабында және «БАҚ» туралы заңның 20 бабында бекітілген. Қылмыстық кодексте қоғамдық маңыздылығы бар ақпаратты бермегені үшін жеке және заңды тұлғаларды жазалау жолдары көрсетілген. Осы құжаттың 158-бабында: «Журналисті ақпаратты таратуға не таратудан бас тартуға мәжбүрлеу жолымен, сол сияқты журналистің заңды кәсіптік қызметін орындауына кедергі жасайтын не оны осындай мүмкіндіктен толық айыратын жағдай туғызу жолымен оның заңды кәсіптік қызметіне кедергі жасау бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады» делінген. Ал өзінің қызмет бабын пайдалана отырып журналиске немесе оның жақындарына күш қолданған, мүлкіне зақым келтірген адам белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айырылады немесе екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Демек, сөзімізді сөйлемейді деп заңға шүйлігудің қажеті жоқ. Асылында, заң жүзінде бекітілген құқығымызды толық пайдаланып, кәсіби қызметімізге төнген қауіппен күреспейтін – өзіміз. Өзгенің мұңын мұңдап, жоғын жоқтауды, қорғансызға пана, жаралыға дауа болуды кәсіби парызым деп білетін журналистердің үні өздеріне келгенде неге бәсең?