ҚАЗАҚТЫҢ АЛМАТЫСЫ

ҚАЗАҚТЫҢ АЛМАТЫСЫ

ҚАЗАҚТЫҢ АЛМАТЫСЫ
ашық дереккөзі

Әрбiр алты алматылықтың бiрi былтыр шет елге туристiк сапарға шыққан екен. Статискалық мәлiмет осылай дейдi. Әрине, бұл орташа есеппен алғанда. Әйтпесе, нарық заманында баз бiреулер туған қаласы мен облысының аумағынан шыға алмай жүргенде, кейбiр азаматтардың әр жылы емес, әр маусымда шет елге шығып келетiндей жағдайы бар. Өмiрдiң ала-құлалығы деген осы.

Алматы студенттер қаласы деп тегiн айтылмайды ғой. Әр бесiншi алматылық – студент екен. Ал әр сегiзiншi тұрғынымыз – зейнеткер, әр жетiншi – мектеп оқушысы екендiгi ойлантады.

Сондай-ақ, әр алматылық жылына:

– жарты центнер нан;

– 3,5 килограмм шоколад жеп;

– 200 литрге жуық алкогольсiз сусындар;

– 6 литр арақ iшiп;

– 200 текше метрден астам суық су пайдаланады екен.

Бұл деректердiң бәрi Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтiң өткен жылдың қорытындылары бойынша жасаған есебiнен алынды. Әкiмнiң халықпен кездесуi болатындығын алдын-ала радио, теледидар арқылы құлақтанып, қала басшысына сұрағым бар деп келген азаматтар Республика сарайын лық толтырды.

Әкiмнiң баяндамасына сараптама жасау мақсатында көз жүгiртекенде, биылғы есептiң айрықша тыңғылықты түрде орындалғанын байқадық. Тасмағамбетовтiң Алматы қаласының басшылығына келгенiне екi жылдан сәл астам уақыт өттi. Осы аз ғана уақыт аралығында әкiм жоспарлаған iстер де, бiтiрген шараулары да, ендi басталып, қарқынды жүрiп жатқан жұмыстар да жетерлiк. Шын мәнiнде де бұл – 2006 жылды қорытындылау ғана емес, «Тасмағамбетов Алматыға әкiм болып келген уақыттан берi не тындырды?» деген сұраққа жауап беру.

Бұл сұраққа өз тарапымыздан жауап берер болсақ, Иманғали Тасмағамбетовтiң тындырған ең үлкен, ең маңызды шаруасы – кеңестiк заманда орысшаланып, тәуелсiздiктiң он төрт жылында да қазақша тiл сындыра алмай тұрған Алматыға мемлекеттiк тiлдi мойындатқаны. 2006 жылы Алматы қаласы iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзуге бiржола көштi. Әкiмнiң осы iсi үшiн «Мемлекеттiк тiл», «Ұлт тағдыры», «Желтоқсан рухы» қоғамдық қозғалыстары оны «Алтын рух» сыйымен марапаттаған болатын. Бұл сыйлықты не үшiн берiлгенi жөнiнде марапаттаушылар «… белгiлi бiр топтардың қарсылығына қарамастан, Алматыны мемлекеттiк тiлге көшiргенi үшiн…» деген болатын. Әкiмнiң iсiне халықтың бағасы деген осы.

Есептi дайындау барысында Алматы қаласының әкiмшiлiгi тұрғындар арасында арнайы сауалнама жүргiзген екен: жалпы алғандың 77 пайызы әкiмшiлiк қолға алған iстердi құптайтындығын бiлдiрсе, 40 пайызы 2006 жыл жетiстiктi болды деп есептейдi екен.

Хош, ендi әкiмнiң өзi не дейдi екен, соған келелiк.

АЛМАТЫ – ҚАРЖЫ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ

Алматының аймақтық қаржы және инновациялық орталық болуы – Елбасы межелеген мақсаттардың бiрi. Бұл мақсатты жүзеге асырудың алғашқы талпынысы 2006 жылы жасалды. Аймақтық қаржы орталығы — нақты айтқанда, Әл-Фараби даңғылының оңтүстiгiндегi 40 гектардан астам жердi алып жатқан аймақ. Үш сатылы бағдарламаның нәтижесi – 1,5 млн. шаршы метрлiк қазiргi заманғы 40 нысан болмақ.

Былтыр Алматыда Ақпараттық технологиялар паркiнiң алғашқы желiсi iске қосылды. Жақын болашақта Алматыда iске қосылатын желiсiз интернет жүйесi осы ждобаның алғашқы жемiсiнiң бiрi болмақ.

МӘДЕНИЕТСIЗ ЕЛ БОЛМАС

«Мәдени мұра» бағдарламасының жүзеге асуы Иманғали Тасмағамбетовтiң жiтi қадағалауында. Осы орайда, қалалық бағдарлама жасалып, оған былтыр 72 млн. теңге осы мақсатта жұмсалғанын айта кеткен жөн. Әуезов, Мұқанов, Төлебаев сынды арыстарымыз бен Әлия, Мәншүктей батыр қыздардың ескерткiштерi жөндеуден өткiзiлiп, Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткiш ашылды.

Боралдай сақ қорғаны мен Вернен бекiнiсiнiң орнын мұражайға айналдыру – осы бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан iстер.

ӨЗ ҮЙIМ – ӨЛЕҢ ТӨСЕГIМ

2006 жылы қала бойынша 830 мың шаршы метр үй пайдалануға берiлген. 6 әкiмшiлiк үй салынған. Ипотекалық бағдарлама бойынша 116 мың шаршы метр үйдiң құрылысы бiтiп тұр. Соңғы екi жылда аталмыш бағдарлама бойынша 3677 отбасы баспаналы болған. Бiрақ кезекте тұрғандардың саны одан да көп – 10 мың отбасы.

КӨЛIК

Мың адамға шаққанда қаламызда 340 жеңiл көлiк келедi екен, басқаша айтқанда, әр үшiншi алматылықтың аяқ артар көлiгi бар деген сөз. Былтыр 242 шақырым жол жөндеуден өткiзiлген. Жоспар бойынша 170 шақырым жол жөнделуi тиiс едi. Алматының басты бас ауруы көлiк тығыны болса, қазiр жалпы құны 11 млрд. теңгеге төрт айырма жол және бюджеттен тыс қаржыға үш айырма жол салынып жатыр.

ӘЛЕУМЕТТIҢ ЖАҒДАЙЫН ЖАСАМАЙ…

Алматыда әрбiр жетiншi тұрғын мектеп оқушысы екендiгiн ескерсек, қалада 18 мектеп жетiспейдi екен. 2006 жылы Таугүл-3 және «Шаңырақ» шағын аудандарында мектеп ашылып, 159 және 4 мектептер кеңейтiлдi. Соңғы 15 жылда Алматыда бiрде-бiр iрi денсаулық сақтау нысаны салынбаған екен. Осыны ескерген қала басшылығы көпсалалы жедел жәрдем ауруханасының құрылысын қолға алды.

Қорыта айтқанда, Алматының 2020 жылға дейiн даму жоспары бойынша атқарылар шаруа әлi де орасан. 2011 жылы қалада Қысқы Азия ойындары өтетiнi белгiлi. Бұл шараның абыроймен атқарылуы қала басшылығының iскерлiгiне ғана емес, мемлекеттiк әлеуметтiк-экономкалық ахуалына үлкен сын болмақ.

Гүлбиғаш Омарова