КИЕВ АСТАНАҒА ЖАҚЫНДАЙ ТҮСТI

КИЕВ АСТАНАҒА ЖАҚЫНДАЙ ТҮСТI

КИЕВ АСТАНАҒА ЖАҚЫНДАЙ ТҮСТI
ашық дереккөзі

Елбасының өткен аптадағы екi сапары да сәтсiз болған жоқ. Әсiресе, Киев iссапары өте жемiстi болды. Бұл сапардың дайындалғанына да бiраз уақыт болған. Елбасы Киевке келдi де, алдын-ала протоколда жазылып, дайындығы тыңғылықты түрде жасалған Қазақстанның Украинадағы жылын ашып бердi. Салтанатты шаралар барысында киевтiктерге базарлық ретiнде «Алтын адам. Сақ қорғандарының қоймасы» атты көрме, Қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттiк ұлт аспаптар оркестрiнiң концертi, «Әлқисса» балет қойылымы, сондай-ақ «Көшпендiлер» фильмiнiң украин тiлiндегi нұсқасы тарту етiлдi.

Ал ресейлiк басылымдардың бұл сапарға деген көзқарасын Нұрсұлтан Назарбаев Астанадан әуежайға бет алмай тұрып-ақ басылым беттерiнен менмұндалаған тақырыпшалардан көруге болар едi. «Назарбаев Украинаны жарылқамақ» сынды, осы мазмұнды тақырыптардың үлкендi-кiшiлi ақпарат құралдарының алдыңғы аптадағы «бiрайтарына» айналды. Қазақстанның Қазiргi заманғы саясат институты жариялаған дерекке жүгiнсек, алдыңғы аптада ресейлiк ақпарат құралдарындағы жаңалықтың 34 пайызы Назарбаевтың Украинаға сапары туралы болған. Тiптi, одан төрт күн бұрын басталған Берлин сапары Киев сапарының көлеңкесiнде қалып қойғандай.

Шын мәнiнде, Назарбаевтың Германияға сапарының да Қазақстан үшiн маңызы көп. Аттай төрт күнге созылған сапар барысында Елбасы Германия канцлерi Ангела Меркельмен, федерация президентi Хорст Келермен, бундестаг төрағасы Норберт Ламмермен жүздесiп, екiжақты келiссөздерге қол қойып келдi. Осы күндерi «Қазақстан-Германия экономикалық диалогы» атты форум өткiзiлдi.

Бiрақ ресейлiк басылымдар Назарбаевтың ұшағы әуелi Еуропаға бет алғанына мән бере қойған жоқ, оның себебi бұл сапардың ресейдiк мүдде үшiн келiп-кетер ештеңесi жоқ. Шындығында солай.

Ал Украина сапарының жөнi бөлек. Әуелi Украинадағы «сарғыш төңкерiс» кезiнде кiмнiң жеңiске жеткенiн еске түсiрiңiз. Одан кейiн Ресей мен Украина ара-қатынасының соңғы жылдары (әсiресе, атышулы төңкерiстен кейiн) салқындап кеткенiне назар аударыңыз. Екi ел қарым-қатынасы Ресей мұнайын Украина жерi арқылы Батыс Еуропаға тасымалдау мәселесiне қатысты тағы ушықты.

Украинаның Бiрiккен экономикалық одаққа мүше болуға деген екiұдай көзқарасы тағы бар.

Осы айтылғандардың басын қосып, тоқетерiн сөз қылсақ, Ресейдiң тап Украинада кеткен есесi бар. Қалай десек те, Кремль Киевке деген қынжылысын баса алмай келедi.

Ендi Қазақстан Президентiнiң Киев опера театрында Украинадағы Қазақстанның жылын ашуы – Мәскеу үшiн қуанышты хабар емес сияқты. Неге? Өйткенi, бұл оқиға аталмыш екi елдiң арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түсуге бағытталған шаралардың бiрi. Ал кешегi КСРО-ның «заңды мұрагерi» Ресей үшiн оның ту сыртынан екi «одақтас» республиканың құшақтасуы — «орталықтан» сырт айналғандай сынды. Басқаша айтқанда, «өз қолымыз өз аузымызға жеттi» деген сықылды.

Қазақстанның Ресейдегi, Ресейдегi Қазақстан жылдары өтiп кеттi. Достық елдерге деген жылы шырай бiлдiруде «орыс аюының» бiзге өкпесi болмауы тиiс.

Назарбаев Украинада да экономикалық форум жұмысына қатысты. «Украина Қазақстан: бизнес үшiн жаңа мүмкiндiктер» деп аталған форумға қатысқан 150 кәсiпкер, iскер және қоғам қайраткерлерi жылу энергетика, көлiк және авиация, ауылшаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсiптерiндегi әрiптестiк туралы келiссөздер жүргiздi.

Екi ел арасындағы тауар айналымы былтыр 1,6 млрд. долларға жеткен. Соңғы бiр-екi жылда Ющенко мен Назарбаев салыстырмалы түрде жиi кездесiп жүр. Бұл — төртiншi кездесу. 2005 жылы президент сайлау науқаны қызған тұста Нұрсұлтан Назарбаевтың бiр-екi күндiк iссапармен Украинаға ұшып барып қайтқанын бiлемiз. Әдетте, сайлау кезiнде үмiткерлердiң елден сыртқа шықпайтыны мәлiм.

Екiжақты кездесулер нәтижесiнде екi ел президентi Қазақстан-Украина мемлекеттерiнiң 2007-2008 жылдарға арналған iс-шаралар жоспарына, 2004 жылғы 1 маусымда қабылданған Қазақстан мұнайын Украинаға тасымалдау туралы Келiсiмге өзгертулер енгiзу туралы протоколға қол қойды.

Соңғы үш жылда Қазақстан Украина экономикасына 100 млн. доллар қаржы құйған, оның iшiнде тiкелей инвестиция 4 млн. доллар. Ющенко Қазақстан кәсiпкерлерiн инвестиция көлемiн арттыруға шақырды. Ол тiптi қазақстандық капиталын украин нарығына енгiзумен айналысатын арнайы комиссия құруға дайын екендiгiн айтты.

Екi ел арасындағы достық көңiлдегi шаралар алдағы 2008 жыл Украинаның Қазақстандағы жылы жалғасады.

Гүлбиғаш Омарова