АЛАРМАНҒА АЛТАУ АЗ, БЕРЕРМЕНГЕ БЕСЕУ КӨП

АЛАРМАНҒА АЛТАУ АЗ, БЕРЕРМЕНГЕ БЕСЕУ КӨП

АЛАРМАНҒА АЛТАУ АЗ, БЕРЕРМЕНГЕ БЕСЕУ КӨП
ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ ҚАРЫЗЫ — 41,5 МЛРД. ДОЛЛАР

Сәуiр айының орта шенiнде Елбасының қабылдауында болған премьер-министр Даниал Ахметов мынадай мәлiметтi жария еттi. Үстiмiздегi жылдың басында Қазақстанның сыртқы қарызының мөлшерi 41,7 млрд. доллар деңгейiне дейiн жетiптi. Бұл 2005 жылдың қорытындысы бойынша 57 млрд. долларды құраған елiмiздiң ЖIӨ (жалпы iшкi өнiмi) көрсеткiшiнiң 74 пайызына тең болады екен.

Сәуiрдiң 19-ы күнi Елбасы Қазақстандағы монетарлық билiк өкiлдерiнiң басын қосып, осы қаржы саласының мәселелерiне арналған жиналыс өткiздi. Оған Ұлттық банктiң төрағасы Әнуар Сәйденов, қаржылық нарық пен қаржылық ұйымдарды реттеу және бақылау жөнiндегi агенттiктiң басшысы Арман Дунаев, вице-премьер Кәрiм Мәсiмов, қаржы министрi Наталья Коржова, сосын басқа да сол сияқты лауазымды қызметтегi адамдар қатысты.

Осы жиналыс барысында ҚР Президентi Н.Назарбаев сыртқы қарыздың осыншама ұлғайып кеткенiне байланысты алаңдаушылық бiлдiрдi. Бұндай жоғарғы деңгейде аталмыш мәселеге осыншама көп көңiл бөлiнгенi алғашқы рет болар. Бiрақ осы жолы аталған сыртқы қарыз мөлшерi сәл-пәл өзгеше болып көрiндi. Оған қатысты мәлiмет бiршама нақтыланған болса керек. Сонымен соңғы жолы жария етiлген ақпаратқа сәйкес, Қазақстанның сыртқы қарызы 41,5 млрд. долларды немесе ЖIӨ көрсеткiшiнiң сол баяғы 74 пайызына тең мөлшердi құрайды екен. Демек, ЖIӨ көлемi, нақтылап айтқанда, 56,35 млрд. долларға тең болса керек.

Сол жиналыста айтылғандай, осыншама мол сыртқы қарыздың жартысынан астамы шетелдiк iрi компаниялардың Қазақстанда жұмыс iстеп жатқан бөлiмшелiк құрылымдарына борыш ретiнде беретiн қаржылық көмегiне қатысты екен. Бiрақ осы талқылау барысында нақты мөлшер аталған жоқ.

Дегенмен, қалай дегенде де, бүгiнгi таңдағы Қазақстанның аталғаннан тыс сыртқы қарызының 20 млрд. доллардың айналасында екенi түсiнiктi. Бұның өзi де аз ақша емес. 2003 жылдың аяғында Қазақстанның таза (шетелдiк компаниялардың осындағы өз бөлiмшелерiне көрсеткен қолдауын есептемегендегi) сыртқы қарызы — 16 млрд. долларға, 2004 жылдың аяғында 17,7 млрд. долларға жетуге тиiс болған.

Сондықтан 2006 жылдың басына таман бұл көрсеткiштiң 20 млрд. доллар деңгейiне жетуi не тiптi одан асып түсуi ғажап емес болса керек. Бұның iшiндегi ең үлкен үлес – отандық банкiлердiң үлесi. 2005 жылдың аяғындағы олар жинап алған сыртқы қарыздың мөлшерi 14 млрд. долларға немесе ЖIӨ көрсеткiшiнiң 25 пайызына, яғни төрттен бiрiне тең деңгейге жеткен.

Жалпы, өткен бiр ғана 2005 жылдың барысында Қазақстанның сыртқы қарыз көрсеткiшi 32,1 млрд. деңгейiнен 41,5 млрд. доллар деңгейiне дейiн көтерiлiптi. Сондағы 12 ай бойғы таза өсiм — 9,4 млрд. доллар. Демек, бiр ғана 2005 жылы Қазақстан 1991 жылдың аяғынан 1999 жылдың аяғына дейiнгi 8 жылдың iшiнде жинаған шетелдiк қарыз ақшадан көп сыртқы борышты мойнына iлiп үлгерiптi.

1991–1999 ж.ж. барысындағы елiмiз сырттан қарызға алған ақшаның мөлшерi 8,1 млрд. доллар болған. Осы жерде естерiңiзге мынадай жайтты сала кетейiк. 1999 жылдың бiрiншi жартысында бюджеттен берiлетiн жалақы, зейнетақы және жәрдемақыны төлеу жағдайы өте қиындап кеткен. Бұны үкiметтегi шенеунiктер мемлекеттiң қаржылық мiндеттерiн орындай алмай, дефолтқа ұшырауға жақын қалғанымен түсiндiрген.

Сонда осыдан тура 7 жыл бұрын, көктем кезiнде бюджеттiң әлеуметтiк баптары секвестрге (қысқартуға) ұшырап, маусым айының 1-iнен бастап жағдайы қиын әлеуметтiк топтарға арналған жеңiлдiктердiң көпшiлiгi жойылған. Жалпы халық сол тұста қатты қиындық көрген болатын. Айлар бойы төленбеген жәрдемақының берiлуiн талап етiп, әйелдердiң темiржолдың үстiне шығып, пойыздардың қозғалысын тоқтатуы да болды. Бұның бәрi – күнi кеше ғана болған жағдай.

Ал оны тудырған – әлгi қарыз. Оның iшiнде ең алдымен – сыртқы қарыз. Ол сол кезде, қайталап айтамыз – 8,1 млрд.долларды ғана құраған. Қазiр бiз бiр жылдың iшiнде ғана одан да көп борышты жинап алып жатырмыз. Ертең аяқ астынан экономикалық жағдай нашарлап кетсе, күнiмiз не болады?!

Әлгi бiр ғана жылдың iшiнде жиналып қалған 9,4 млрд. доллардың 7 миллиардын борыш етiп алған отандық банктер жүйесi екен. Олар осыншама ақшаны сырттан әкелгенде халыққа тек босқа таратып беру үшiн әкелмейдi ғой. Отандық банктер шетелде қарызға алынған ақшаны, өз кезегiнде, Қазақстанның iшiнде жеке және заңды тұлғаларға кредит етiп берiп, пайда табуды мақсат етедi.

Яғни сол несиенiң есебiнен отандық банкiлердiң шетелге берешек қарызы мен оның үстеме проценттерi ғана емес, осы банкiлердiң өздерiнiң көздеген пайдасы да өндiрiлуге тиiс. Бұл жердегi есеп мынадай: артық ақшасы көп дамыған Батыс елдерiндегi жылдық экономикалық өсiм көрсеткiшi 2001 жылдан берi 1-4% айналасында қалып отыр. Қазақстанда болса – 9-9,5%. Яғни банк ретiнде қарызға ақша берсең, оны артығымен өндiрiп алу мүмкiндiгi бұнда АҚШ пен Батыс Еуропадағыдан әлдеқайда жоғары сияқты.

Бiрақ шындығында бұл — алдамшы көрiнiс. Өйткенi 1999 жылдан бергi Қазақстан экономикасының қарқынды өсiмiн қамтамасыз етiп жатқан капиталдық қаржының негiзi отандық банкiлер секторының есебiнен түсiп жатқан жоқ.

Бiздегi экономикалық өсiмдi бас болып қамтамасыз етiп жатқан трансұлттық компаниялардың көбi өздерiнiң Қазақстандағы iс-әрекетiн шетелден тiкелей қаржыландырып жатыр. Бiздiң отандық банктер секторының бұған қатысы шамалы. Қазақстан банктердiң отандық экономиканың жетекшi салалары болып табылатын мұнай-газ және металлургия өнеркәсiбiне берген не берiп жатқан кредиттерiнiң үлесi тiптi де көп емес. Аз, өте аз.

Шетелден алынатын банк қарызының басым бөлiгi Қазақстан ЖIӨ көрсеткiшiнiң жылына 9-9,5% өсуiне басты себепшi болып отырған салаларға емес, тұтынуға, ипотекаға, жылжымайтын мүлiк пен жер сатып алуға кетiп жатыр. Ертең аяқ астынан ана жетекшi салаларда дағдарыс болса (әлем экономикасының түрлi салаларындағы жағдай үздiксiз жақсы болып тұра бермейдi), қазiр бiздiң банкiлер ақша салып жатқан жерлердегi баға күрт төмен түсiп кетедi де, онда кредитке берiлген ақшаны қайтару мүмкiндiгi лезде бұлыңғырланып кетедi. Ал сыртқы қарызды қайткен күнде де қайтару керек. Сонда оны кiм және қалай қайтарады?! Мәселе сонда.

Кез келген елдiң сыртқы қарызының мөлшерi ЖIӨ көрсеткiшiнiң 50 пайызымен теңескен кезде-ақ, дабыл қағыла бастайды.

Қазақстанда сыртқы қарыз қазiр оның төрттен үшiне жуығын құрайтын жағдайға жетiптi. Бұл – ел экономикасы үшiн ғаламат ауыр жүк. Адам басына шаққанда, Қазақстанның қазiргi сыртқы қарызы 2766 долларға тең екен. Бұл елдегi жұмыс iстейтiн адамдардың орташа жылдық жалақысымен теңесе алатындай көрсеткiш.

Ал бiзде үнемi жұмыс iстеп, жалақы тауып отырған адамдардың саны елдегi бүкiл халықтың жартысына да жетпейдi. Онда да, мәселен, жалақысы ең жоғары болып есептелетiн мұнай-газ саласында жұмыс iстейтiндердiң бiраз бөлiгi – шетел азаматтары.

Айталық, Қазақстан мұнайының орталығы болып есептелетiн Атырау облысында 2004 жылдың өзiнде 60 мың шетелдiк қызметкер iстеген. Бұл – барлық халқы 450 мың ғана болатын облыстағы көрiнiс. Яғни орташа жалақысы ең жоғары есептелетiн облыстағы жақсы төленетiн жұмыстардың көпшiлiгi сырттан келгендердiң үлесiнде екен. Бұл адамдар өздерi тапқан ақшаны негiзiнен өз елiне жiбередi немесе әкетедi. Олар бұл жақта жылжымайтын мүлiк сатып алмайды, ипотекаға отырмайды және банкiлерден кредит алмайды. Олар тапқан табысына Қазақстан экономикасын қолдауға емес, өз елiнiң экономикасын қолдауға жұмсайды. Ал бiздегi жиналған сыртқы қарызды қайтару мiндетi, қалай дегенде де, жергiлiктi экономиканың және халықтың мойнына iлiнедi. Бұл мәселенi шешудiң басқа жолы жоқ.

Жалпы, қазiрдiң өзiнде Қазақстан экономикасының жағдайы шындығында мәз емес. Экономикалық өсiм тек шикiзат салаларында ғана бар. Ал әлеуметтiк трансферттер (яғни жалақының, зейнетақының және жәрдемақының өсiрiлуiне қатысты қосымша бөлiнген қаржы) жүгенсiз кеткен инфляцияның құрбаны болып жатыр. Оның үстiне Қазақстандағы еңбек өнiмдiлiгi әлемдегi орташа көрсеткiштен әлдеқайда төмен. Яғни жалақыны өсiргеннен пайда жоқ. Өйткенi онымен iлесе өсiп жатқан еңбек өнiмдiлiгi жоқ. Ал өнiмдiлiк болмаған соң, артығымен берiлген ақша бәрiбiр топан ақша болады. Кейбiр экономист-ғалымдарымыздың айтуына қарағанда, Қазақстан экономикасы қазiр дағдарыстың алдында тұрған көрiнедi. Бұның үстiне оның мысын өте үлкен сыртқы қарыз басып тұр. Арты не болмақ?!

Әлемдегi халқының саны 50 миллионға дейiн жететiн мемлекеттердiң iшiнде жалпы сыртқы қарызының мөлшерi 40 млрд. доллардан асатындары жоқтың қасы. Ал Қазақстанның халқы – бар-жоғы 15-ақ миллион. Бiр ғана отандық банкiлер секторы сырттан 14 млрд. доллар көлемiнде қарыз жинап алып, оны орташа жалақысы 200–300 долларды құрайтын жұртшылық iшiнде кредит етiп таратып, өз пайдасын да таппақ, шетелдiк борышты да процентiмен бiрге жаппақ болып жатыр. Ұзақ мерзiмдiк тұрғыдан алып қарағанда, бұл – орындалуы мүмкiн емес нәрсе. Қаржымен жұмыс iстейтiн адамдар негiзiнен нағыз реалист болады. Сондықтан олардың бұны түсiнбеуi неғайбыл. Сонда олар кiмге және неге үмiт артады?!

Аққали КӨПТІЛЕУОВ