МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ: КЕЗЕКТI ЖИЫН... БАЯҒЫ САРЫН

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ: КЕЗЕКТI ЖИЫН... БАЯҒЫ САРЫН

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ: КЕЗЕКТI ЖИЫН... БАЯҒЫ САРЫН
ашық дереккөзі

Жоғарының қабағына қарап үйренiп қалған шенеунiктер Президенттiң мемлекеттiк тiлге қатысты ұстанымдары БАҚ-та жарияланысымен қозғалақтап кеттi. Осыдан бiрнеше апта бұрын "Ана тiлi" газетiне берген сұхбатында Елбасы мемлекеттiк тiл мәселесiн шешу үшiн керектi тетiктердi бiршама етiп айқындап берген. Осыдан кейiн мемлекеттiк хатшы мен министрлер Астанада бiрден "Мемлекеттiк тiл: Қазақстанның болашағы" атты дөңгелек үстөл өткiздi.

Мемлекеттiк хатшы Оралбай Әбдiкәрiмов "iс қағаздарын қазақ тiлiне өткiзген облыстардың беретiн есебiнiң 50 пайыздан аспай отырғандығын, ал министрлiктердегi мемлекеттiк тiл үлесiнiң 1-2 пайызды құрайтындығын айтудың өзi ыңғайсыз" дейдi. Бiздiңше, мемлекеттiк тiлдiң бейшара ахуалын қазбалап, осындай дөңгелек үстөл өткiзудiң өзi елдiкке сын, ыңғайсыздау көрiнедi. Әлемде Қазақстаннан өзге өз тiлiн тұғырына тұрғыза алмай, құрғақ жиылыстарда ғана сөз қылатын ел жоқ шығар.

Сонымен, дөңгелек үстөлдiң негiзгi бастамашысы, ұйымдастырушысы Мәдениет және ақпарат министрi Ертiсбаев мәселенi шешу үшiн тiлдiң ахуалын зерттеп алуды ұсынды. Министрдiң "2010 жылға дейiн орыс тiлiнiң пайдалану аясын сақтай отырып, қазақ тiлiн орыс тiлiнiң деңгейiне жеткiзуiмiз керек" дегенiн толық ұғу қиын. Дегенмен, ол мәлiмдемесiн "Тiл мәселесiнде жаңа саясат ұстану керек. Қазақстанға жұмыс iстеуге келетiн шетелдiктер де қазақ тiлiн бiлуi керек" деуi және тiл тұрғысынан талаптардың күшейтiле беретiндiгi әрi телеарналардың бағдарламаларында қазақ тiлiнiң үлесi арттырылатыны туралы мәлiмдеуi жүректi жылытқан. Өз министрлiктерiндегi мемлекеттiк тiлдiң ахуалынан хабар берген Бiрғаным Әйтiмова мен Гүлжан Қарағұсова құрғақ есеппен шектелдi. Бұл алқалы жиын Қазақстанның тiлдiк болашағына жасалған батыл әрi алаңдауға толы, ашық та ащы пiкiрлердiң сайысы болды. Мұнда биiк шендi мемлекеттiк шенеунiктердiң кәсiби бiлiктiлiгi ғана емес, олардың отаншылдығы, ұлтшылдығы, жалпы дүниетаным ауқымы мен азаматтық позициялары безбенделдi. Намысшылдығы мен рухы сыналды. Биiк мансапты қызметкерлердiң бiрқатары шенiне сай биiктен көрiне алмай қалғаны өкiнiштi-ақ.

Бiлiм және ғылым министрi Бiрғаным Әйтiмова ханым соңғы жылдары қазақстандықтарды, әсiресе, қазақтарды айрықша алаңдатып, мазасыздандыратын ең өзектi мәселелерге соқпай, айналып өтуге машықтанғаны көпе-көрнеу көрiнiп-ақ тұр.

Бiрiншiден, Қазақстандағы Бiрыңғай Ұлттық тестiлеудi (ҰБТ) барлық мектептерде қазақ тiлiнде қашан шешiлетiнi жөнiнде ләм деп ауыз ашпады. Ал әзiрге… мемлекеттiк маңызды шара — ұлттық тестiлеу қазақ және орыс тiлдерiнде жүргiзiле беретiн сұры бар.

Екiншiден, белгiлi азамат, министр кезiнде атына көп сын-пiкiрлер айтылған Жақсыбек Құлекеев мырза жоғары оқу орындарына гранттарды қазақ және орыстiлдiлер үшiн 60 және 40 пайыз деңгейiне жеткiзген едi. Арада өткен екi жылдан астам уақытта бұл көрсеткiш түк өзгерген жоқ. Тiптi, 2010 жылы мемлекеттiк тiлдi орнықтыру мәселесiнде iлгерiлеу болмауы шынымен салғырттық қана ма, әлде?… Ең сорақысы сол, кейiнгi жылдары он бiрiншi сынып бiтiрген түлектердiң ең қарапайым нәрселердi де бiлмейтiнiне талай рет куә болып жүрмiз. Елiмiздегi барлық мектептерiндегi қазақ тiлi пәнiнiң сағаттары қазақ мектептерiндегi орыс тiлi пәнiнiң сағат санымен теңестiрiлмеген де көрiнедi.

Мемлекеттiк хатшы Оралбай Әбдiкәрiмов ұйымдастырылуына мұрындық болып отырған осынау мемлекеттiк аса маңызды басқосуда Қазақстанның Әдiлет министрi Зағипа Балиева ханым төбе көрсетпедi. Алда атқарылар қыруар iстерге заңнамалық тұрғыдан баға беретiн әрi орындалуын бақылайтын министрдiң мұнда болмауының өзi көңiлге күдiк ұялатқан. Расымен осында айтылған сөздердiң бәрi құрғақ сөз күйiнде қалатынын ол кiсi алдын-ала болжап отырған шығар немесе шенi биiк шенеунiктерiмiздiң кейiнгi әдеттерi бойынша кезектi тойдан қолы босамаған шығар?..

Еңбек және әлеуметтiк қамсыздандыру министрi Гүлжан Қарағұсова ханым бiр сөзiнде "Иманғали Тасмағамбетов Мемлекеттiк хатшы кезiнде, 2003 жылы мемлекеттiк тiлдi жетiк бiлудi талап ететiн мемлекеттiк қызметтер тiзiмiн сұратқан болатын. Бiрақ Әдiлет министрлiгi мұндай тiзiмнiң заңға қайшы екендiгiн айтқан едi", — деген-дi. Мемлекеттiк тiл мәселесiнде табандылық, шешiмдiлiк танытып отырған министрлiктер өз қызметкерлерiне қазақ тiлiн бiлудi мiндеттеп отырғанда, Әдiлет министрлiгiнiң тек Гүлжан Қарағұсова ханымның бетiн қайтаруы мүлдем түсiнiксiз.

Осы уақытқа дейiн бiрсыпыра пiкiрлерiмен қоғамда наразылық тудырған Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары Сергей Терещенконың: "Мемлекеттiк тiл туралы жеке заң қабылдау керек", — деген сөзi мәртебелi басқосуға келгендердiң ыстық ықыласына бөлендi. Онысы рас, таяу болашақта атқарылар iстер толық көрсетiлген және заңдық тұрғысынан сипатталған заң кезек күттiрмейтiн мәселе.

Атышулы Юрий Бунаковтың: "Мемлекеттiк тiлдi өмiрiмiздiң барлық саналарына ендiруге асықпау қажет, бiрақ арнайы қаржы бөлiнсе бiз таяу уақытта орыстiлдiлердiң бәрi мемлекеттiк тiлдi үйренiп шығарына кепiлдiк беремiз", – деуi тың ой. Орыстiлдiлерге тән қылықпен, акцентiн "көпұлтты Қазақстанға" қойып, мемлекеттiк тiлдi бiрден үйренудi мүмкiн емес дейдi Бунаков. Ол үшiн жексенбiлiк мектептер ашып, тiлдi үйрету керек екен. Сонымен қоса, орыстiлдi қауымға мемлекеттiк тiлдi үйренудiң қажеттiгiн жеткiзетiнiн де айтты. Мұны екiжақты стандарт демеске амалың жоқ. Расымен, осы уақытқа дейiн шашыраңқы түрде жұмсалып жатқан қаржының бiр бөлiгiн Ю.Бунаков және оның жақтастарына берiп, орыстiлдiлердiң мемлекеттiк тiлдi үйренуiн қатаң талап етсе ше?… "Саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған емес, осыған дейiн айтылып келген сансыз айыптауларға тосқауыл қойылар едi әрi орыстiлдi қауым да мемлекеттiк маңызды iс-шараның орындалуынан тысқары қалмас едi. Сыртқы iстер министрлiгiнiң соңғы шарасы — мемлекеттiк тiлдi жетiк меңгермегендер қызметке қабылданбайды деген шешiмi халықтың қызу қолдауын туғызып отыр. Қорғаныс министрлiгiнiң батыл қадамдары да өзiнiң күнделiктi iс-шараларын қазақ тiлiнде жүргiзуде құлықсыздық танытып отырған министрлiктер мен органдарға үлгi болса құба-құп.

Алайда, Әйтiмованың есебi көңiлдi жабырқатты. Республикадағы мектепке дейiнгi мекемелердiң 31 пайызы ғана мемлекеттiк тiлде. Қазақ тiлi балалар бақшаларының 37,8 пайызында ғана оқытылады екен.

Қазақ тiлiнде кандидаттық қорғайтын кандидаттар саны аздап өсiптi. Мұның бәрi бұрын да болған. Бiлiм министрлiгiнде нақты бағдарлама жоқ-ау, сiрә… Қазақ әдебиетiнiң классигi Әуезовтiң ұлы бұл жолы тiптi қарнымызды аштырды. Мұрат Әуезовтiң сөзiн бiз түгiлi, әкесi де қабылдамас едi. "Тiлдi неге қаузай беремiз, өзге проблема қалған жоқ па?" — дейдi ол.

Сенатор Қуаныш Сұлтановтың ашына айтқан сөздерi мен “Ұлт тағдыры” қозғалысының жетекшiсi Дос Көшiмнiң, Смағұл Елубайдың, Мұхтар Шаханов, Амангелдi Айталының тiлдiң ахуалына қатысты айтқан дәйектерi өте өтiмдi. Мәймөңкелемей, ащы да болса шындықты айтқанымен, Шаханов пен Айталының сөздерi мемлекеттiк хатшы Әбдiкәрiмовтiң құлағына жақпай, олардың ауыздарына қақпақ бола беруi ыңғайсыздық тудырған-ды.

Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Тайыр Мансұров пен "Қазақтелеком" басшысы өндiрiске мемлекеттiк тiлдi енгiзудiң өзiндiк тәсiлдерiмен бөлiстi. Сыртқы Iстер вице-министрi Нұрлан Онжанов мәселенiң тек қаржыға тiрелмейтiнiн, ниет бар жерде көп нәрсенiң жүзеге асатынын мысалдармен көрсеттi. Бiрақ, атқарушы билiктегiлердiң барлығы бiрдей намысқа тырысып, мемлекеттiк тiлдi меңгерген Тоқаев секiлдi немесе Онжанов секiлдi ойламайды ғой. Оларға бәрiнен де қаржы қымбатырақ.

Президент бағыт бергенiмен, құрғақ жиылыстар өткiзумен шектелiп қалған шенеунiктер тiл мәселесiн шешуде әлi де асықпайтын секiлдi.

Сонымен кiм не дейдi?

Смағұл ЕЛУБАЙ:

"ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢ ПЕШЕНЕСIНЕ, ЕНДI ОН ЖЫЛ ЖАЗЫЛҒАН"

– Сонымен, бұл жиылыста да арттан тартушылардың төбесi көрiнiп қалды. Асықпау керек дегендi айтқандар болды…

– Бунаков секiлдi азаматтар мен соған ұқсайтын қазақтың кейбiр азаматтары асықпау керек деп ұран салады. Бұл дегенiмiз асықпай, қазақ тiлiн өлтiрейiк деген сөз. Қазақ тiлiнiң пешенесiне ендi он жыл, тiптi алты жыл ғана мерзiм жазылған. Осы тұста бiз оны өз қалпына келтiрiп, мемлекеттiк тiл мәртебесiне оралтпасақ, кеш болады. Асықпаңдар деушiлер, осы он жылды өткiзiп жiберiп, республикадағы орыс тiлiнде сөйлейтiндердiң үлес салмағы басым түскеннен кейiн, асықсаң да, асықпасаң да, қазақ тiлiнен түк шықпайтынын бiлiп отыр. Асықпай құртайық дейтiндерге бiз қарсымыз. Бiрде-бiр жыл, бiрде-бiр ай, бiрде-бiр күн босқа жiберiлмеу керек. Асығу қажет. Алдағы жетi жылда қазiргi билiктегiлер тiлдi шын мәнiнде мемлекеттiк тiл дәрежесiне қондыруы керек.

– Тiлдi өз тұғырына қондыруды 2010 жылға дейiн созып жiбергеннен бiрдеме шығаруға бола ма? Жаңа Ертiсбаев тiл мәселесiн шешудi сол уақытқа апарып тiреп қойды.

– 2010 жылға дейiн тiлдiң мәселесiн шешемiз деп айтады, бiрақ, одан ештеме шықпайды. 2010 жылы мемлекеттiк мекемелердiң мемлекеттiк тiлде сөйлеуi үшiн бар жұмысты дәл қазiрден бастау керек. Жаңағы "Қазақтелекомның" басшысы жүргiзген жұмысты кез-келген басшы жүргiзуi тиiс. Ал бiздегi мекемелердiң 99 пайызы тек қол қусырып отыр. Жиналыстарда өтiрiк есеп берiп қайтады. Ал жаңағы Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Тайыр Мансұров секiлдi немесе Алматы қаласы, Алматы облысы әкiмдерiнiң жұмысындай iс атқарса, тiл мәселесi өздiгiнен шешiлер едi. Өкiнiшке қарай, басшылардың ешқайсысы да өздiгiнен ештеме жасамайды. Экономикалық мәселелермен айналысады. Ал тiл тәрiздi ұлттың жұлыны, ар-намысы секiлдi мәселелердi ұмытып кете бередi.

Юрий Бунаков:

"ҚАЗАҚ ТIЛI МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ БОЛУЫ ҮШIН 50 ЖЫЛ КЕРЕК"

– Сiз жаңа тiлдi үйрену үшiн қаржылық жағдай болуы керек дедiңiз. Мәселен, сiздiң қаржылық жағдайыңыз нашар деп мен ойламаймын. Ал тiлдi үйрену үшiн сiзге не кедергi болып отыр?

– Жоқ, менiң қазiр тiл үйренуге жасым асып кеткен. Мен ағылшын тiлiн үйренемiн деп он жылымды сарп етiп, ақыры басыма ештеме қонбады. Мектепте, университетте сол ағылшын тiлiн оқығанмын. Бiрақ, әлi оқи да алмаймын. Менi, мысалы, тек қазақ тiлiнде сөйлейтiн ауылдық жерге жiберсе, қазақшаны үйренiп алар едiм.

– Сiзге тiлдiк орта жетiспей жүр ме? Қазақтардың ортасында тұрып жатқан жоқсыз ба?

– Бiрақ, бiз орыс тiлiнде сөйлесемiз. Қазақтардың өздерi дұрыс айтады. Бiрiншi, қазақтардың өздерi қазақ тiлiнде сөйлеуi керек. Сонан кейiн ғана өзгелерден талап етсiн. Талап ету деп емес, орыстiлдiлерге қырын қарамау керек. Қатаң талаппен ештеменi де жасай алмайсыз. Егер, бiз орыстiлдiлерге қазақ тiлiн үйренiңдер десек, олар бiздiң айтқанымызға құлақ асады. Бiрақ, оған көптеген жексенбiлiк мектептердiң жүйесi керек. Ол дегенiмiз педагогтар, аудиториялар, оқулықтар. Бұл дегенiмiз орасан көп қаржы. Ол үшiн мемлекеттiң бiраз қалтасын қағуға тура келедi.

– Сiз секiлдiлер қателiк жiбермеу үшiн асықпай, рет-ретiмен жасау керек деп отырғанда, уақыт өтiп кетедi. Бiз "қате жiбермейiк" деп, 15 жыл күттiк. Ал бұл арада бiздiң тiлiмiздiң деңгейi мәселе көтеретiндей жағдайға жетiп отыр.

– Мен ол ойымды әлi күнге дейiн ұстанамын. Қатты тiзеге батыру арқылы ештеменi де жасай алмайсыз. 2000– 2001 жылдары Президентiмiз тiлдiң өз мәртебесiн алуы үшiн халықтар арасындағы тiлдiк құралға айналуы үшiн екi ұрпақ ауысуы керек деген. Ал ол дегенiмiз елу жыл.

– Бiз елу жыл күтiп жүргенде тiлдiң жойылып кетпеуiне қандай кепiлдiк бар?

– Жойылмайды. Бұл тiл ғасырлар бойы жоғалмаған. Ол не үшiн жоғалуы керек?

– Қазiр жаһандану кезеңi емес пе? Қазақ тiлiнiң орыс тiлiмен қоса ағылшын тiлi секiлдi бәсекелесi бар.

– Орыс тiлi қазақ тiлiне еш бәсекелес емес.

– Сонымен, сiз қазақ тiлiн орыстiлдiлердiң үйрену үшiн қандай әдiстермен ықпал жасамақсыз?

– Бiздiң ықпал жасайтындай күшiмiз бар. Былтыр миллион қол жинадық. Миллион қол. Ал бiздiң Президенттi қолдап жинаған үндеуiмiзге қосылғандар, орыс тiлiн түсiрiп жiбермесiншi деп, Елбасына өз сәлемдерiн жеткiзген.

АСЫЛЫ, БИЛIКТIҢ ЖОҒАРҒЫ ЭШЕЛОНЫНДАҒЫЛАРДЫҢ АСЫҚПАУЫ, "КӨП ҰЛТТЫ" ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚАТЕЛIККЕ ҰРЫНДЫРМАУҒА ҰМТЫЛҒАН ӘРЕКЕТТЕРI БУНАКОВ СЕКIЛДIЛЕРГЕ ҰПАЙ АЛЫП БЕРЕДI. МӘСЕЛЕНI ҚАЗАҚПЕН ҚАЗАҚТЫҢ ӨЗ ТIЛIНДЕ СӨЙЛЕСПЕУIНЕН IЗДЕЙТIНДЕР ДЕ, ТIЛIМIЗДI БУНАКОВ СЕКIЛДIЛЕРДIҢ АЛДЫНДА ТАБА ҚЫЛЫП ҚОЯДЫ.

Дос КӨШIМ:

"БИЛIК ҚАЗАҚТIЛДI ҚОҒАМ СЕКIЛДI ТIРЕУIНIҢ ҚОЛДАУЫНАН АЙЫРЫЛЫП ҚАЛУЫ МҮМКIН"

– 2010 жылға дейiн тағы да созып жiберiп отыр. Ертiсбаевтың айтқандарында бiр нақтылық жоқ секiлдi. Мәселенiң бәрiн де қаржыға тiреп қойып отыр. Оның арты қалай болады екен. Бiздiң тiлдiң өз мәртебесiне ие болуы тек қаржыға тiреле ме?

– Менiң ойымша, қазақ қоғамы өзiнiң сөзiн айтып, қозғау салып, талап ететiндей деңгейге жетсе, шындығында да, оны жүзеге асыруға болады. Өйткенi, бiз белгiлi бiр кезеңнен өттiк. Он бес жыл бойы күттiк. Сол уақыттағы жағдайға түсiнушiлiк таныттық. Сол кездегi тiлдер туралы заң дұрыс болған да шығар. Бiрақ, қазiр, ол өзiнiң жұмыс iстемейтiнiн көрсеттi. Ол мемлекеттiк тiлдi жұмыс iстеткiзетiн заң емес. Бұл айдан анық нәрсе. Бұл қостiлдiлiктi орнататын, соны дамытатын заң. Менiң ойымша, мемлекеттiң, Үкiметтiң жұмыс iстеуi бұл қазақтiлдi қоғамның, қазақтiлдi азаматтардың талап етуiне тiкелей байланысты. Яғни, тiкелей өзiмiзге байланысты. Өзiмiзге серт.

– Жаңа Ертiсбаев мырза айтты, 2010 жылы орыс тiлiнiң деңгейiне қазақ тiлiн көтеру керек, ал оның деңгейiн сол қалпында қалдыру керек дедi. Бұл ештеме де өзгермейдi деген сөз емес пе?

– Жоқ, бiрiншi жағымен мен келiсемiн. Орыс тiлiнiң деңгейiне қазақ тiлiн көтеру керек. Оны қолдаймын. Шындығында да, бiздiң қазiргi күнгi мақсатымыз орыс тiлiнiң деңгейiне қазақ тiлiн көтеру болып отыр. Ұят та болса айтайын, Мемлекеттiк тiл болса да, оның мемлекеттiк тiл дәрежесiне жетпей жатқандығы айдан анық. Бiрақ, дәл сол қалпында қалғаны, яғни, онсыз да дүрiлдеп тұрған тiлдi сол қалпында сақтаймыз дегенi үлкен қате. Бiз өзiмiз де көрдiк қой, екi тiлдi қатар алып жүрудiң мүмкiн емес екендiгiн. Қатар қолданылады, ресми түрде қолданылады дегеннен бiз ешуақытта алға баса алмаймыз. Оның ара-жiгiн ажыратып алу керек. Мемлекеттiк тiл туралы жеке заңның қажеттiгi де осыдан туындап отыр. Көзiмiзге көрiнiп жүрген мәселелер бар: соны шешуiмiз керек. Ол теледидардағы тiлдiң мәселесi, аралас мектептердiң мәселесi, ресейлiк БАҚ-тың Қазақстанның ақпарат кеңiстiгiн толық тұмшалап кiрiп алғандығы секiлдi мәселелер. Бiз не үшiн күрестiк осы 90-жылдары деп ойлаймын кейде. Мен үйге келгенде теледидардан, Атыраудағы жұмысшылардың ахуалын көргiм келедi. Ал оның орнына, Владивостоктағы батареяның жарылып қалғанын немесе Алла Пугачеваның күйеуге шығып, ажырасқанын ғана көремiн де… Бiзге оның не қажетi бар. Бұл тiптi мемлекеттiк қауiпсiздiктiң мәселесi. Кейде қарап отырамын да таң қаламын. Бiздiң теледидарлардан Ресейдiң заңын үйрететiн хабарлар шығады. Оның бiзге түкке де қажетi жоқ. Ол Ресейдiң заңдары ғой. Әйтпесе, Ресейдiң армиясының дүниедегi ең мықты армия екендiгiн үгiттейтiн хабарлар көремiн. Олардың маған қандай қатысы бар деп те ойлаймын. Қысқасы, бiз жеке ел болғандықтан, басқа елдердiң идеологиялық ықпалын шектейтiн мәселенi шешуiмiз керек. Бiзде қарапайым шешiлетiн мәселе де бар. Тек атқарушы билiк қазақ тiлi жағдайын жасау деген ниеттен ада. Жазбаша есептерi секiлдi нәрселер олардың жүрегiнде тiлдiк жанашырлығының терең еместiгiн аңдатады. Министрлердiң бүгiнгi келгендерiне рахмет. Олар да бiздi естiсiн. Үкiмет өзi қабылдаған, Президент қол қойған заңға саботаж жасап отыр. Бiз “Ұлт тағдыры” қозғалысы ендi соттасуға көштiк. Тiптi, масқара болғанда, билет үшiн соттасатын болдық. Мәселе шовинистiк ұйымдарда емес, өзiмiздiң атқарушы билiктiң тiрлiгiне байланысты. Олар егер қазақ тiлi мемлекеттiк тiл ретiндегi мәртебесiне мiнсе, өздерi жұмыссыз қаламыз деп немесе орыс тiлiнде оқитын балалары мен немерелерiне қиын түсетiн шығар деп ойлайтын болуы керек. Бiз оған қарамауымыз керек. Бiз осы уақытқа дейiн жұртқа, басқа ұлттарға жағдай жасап келемiз. Сонда қазаққа кiм жағдай жасайды? Бiзге орыстiлдiлердiң қолдауы қажет. Егер олар бiздiң мәселемiздi түсiнбесе, онда ара-жiк ашыла түседi. Бiз олардың жауы емеспiз, бiр мемлекеттiң қарамағында тұрамыз. Бiрақ, олардың бiздi не үшiн түсiнбейтiнiн, немесе түсiнгiсi келмейтiнiн мен түсiне алмаймын. Бұл қиын мәселе.

Бiздiң қазаққа керегi – қазiр намыс пен рух.

– Намыс пен рухты атқарушы билiк қолдамаса ше?

– Кез келген жерде намыс пен рухты атқарушы билiк толық қолдай бермейдi. Бiздiң билiк бiздiң Қазақстан мемлекетiнде тұратынымызды толық түсiне қойған жоқ. Бiз тоқсаныншы жылдары Қазақ республикасы дегендi алып тастап, Қазақстан дегендi қостық. Сондықтан, билiк пышақтың қырында тұрған сияқты. Әлi де нақтылық жоқ. Президентiмiз мәселенi түсiнiп, бағыттарын көрсеттi. Онысына рахмет. Бiрақ, оны кем дегенде бес-он жыл бұрын көтеруi керек едi.

– Мемлекеттiк тiл факторы болашақта, саяси мәселелерге, бiр нәрселердiң ушығуына әсер етедi деп ойламайсыз ба?

– Орыстiлдiлер көтерiледi дегенге мен сенбеймiн.

– Жоқ, мен қазақтiлдiлердi айтып отырмын..

– Дұрыс қой, орыстiлдiлер дегенде, қазақтарды да айтуға болады. Мен өз басым, қазiр қоғам мемлекетiк тiлдiң жайын түсiндi деп ойлаймын. Тек сол мәселелердi түсiнгенде, атқарушы билiк соған қолдау көрсету керек деп ойлаймын. Бiз онсыз да жерден айырылып қалдық. Жердi сатпау керек деп бүкiл қазақ шулағанда, оны сататын заң қабылданды, ендi тiлiмiзден айрылып қалайын деп отырмыз. Негiзi, ұлтты сақтайтын жайттар бiртiндеп, осылай керi кетiп жатыр. Сондықтан, қазақтар бiразға дейiн шыдауы мүмкiн де, кейiн жағдай басқаша болуы мүмкiн. Сондықтан, мемлекет өзiнiң тiрегi болып отырған халықтың қолдауынан айрылып қала ма деген қорытынды шығады.

Мемлекеттiк тiл жанашырларының аузына қақпақ қоюға жақындығын көрсеткен Әбдiкәрiмовтiң «дөңгелек үстөлiнiң» қорытындысында тиiстi органдарға қазақ тiлiн дамыту үшiн қажеттi ұсынымдар берiлдi. Ең танданарлығы, Оралбай Әбдiкәрiмов осы жиынды қорытындылай келiп, ақпарат жинау мәселесiн айтудан, отырғандарға ұсыныстарыңызды жеткiзiңiздер деуден аса алмады. Атқарылған iстер мен атқарылуға тиiстi жайттарға әлi күнге толық сараптама жасалмаған. «Дөңгелек үстөлдiң» атүстi дайындалғаны жәй көзге айқын аңғарылды. Ең басты мәселе бақылауға тiрелiп тұр. Бас Прокуратура, министрлiктер, басқа да құзырлы органдардың Мемхатшыға есеп беретiнiн ескерсек, олардың бiрсыпыра басшылары мемлекеттiк қайраткер алдында онша елпектемейтiн сияқты. Яғни, оларға «Тiл туралы заңды» орындамадың деп тiзесiн батыра алатын ешкiм жоқ. Оралбай Әбдiкәрiмов мырза да қатаң талап қоюдың орнына, әлденеге алаңдап, жалтақтап отырғандай көрiндi.

Жаңабек ШАҒАТАЙ, Гүлнәр МҰҚАНОВА