“ҚАЗАҚТЫҢ ҚОЛӨНЕРIН САҚТАП ҚАЛДЫМ”

“ҚАЗАҚТЫҢ ҚОЛӨНЕРIН САҚТАП ҚАЛДЫМ”

“ҚАЗАҚТЫҢ ҚОЛӨНЕРIН САҚТАП ҚАЛДЫМ”
ашық дереккөзі

Ұстаның соңғы сұхбаты

Қазақтың белгiлi азаматы, ұста, республикаға әйгiлi қолөнершi Дәркембай Шоқпарұлы 60-жасқа келген мерейлi жасында көз жұмды. Атақты шебер өзiмен бiрге ұлттық тамырды iздеудiң үлгiсiн ала кеттi. Шын мәнiнде, Дәркембай Шоқпарұлының өзi – тарих, тұтас дәуiр болатын. Осыдан аз уақыт қана бұрын «Түркiстан» газетiнiң бетiнде Дәркембай ұстаның жаңа альбомының тұсауын кесiп едiк. Осы материалдан кейiн ол кiсiнiң өзiмен сұхбат ұйымдастыруды жоспарлаған болатынбыз. Ұстаға амандасу мақсатымен үйiне барғанымызда, денсаулығының нашарлауына байланысты көп шешiлiп сөйлесе алмады. Бiрақ бетiмiздi қайтармады.

Амал нешiк, сұхбатты газеттiң кезектi нөмiрiне жоспарлап үлгiргерiмiзше, Дәркембай ұста бұл дүниеден баз кешiп жүре берiптi.

Алдыңыздағы сұхбат – ұстаның ақпарат құралдарына берген соңғы сұхбаты болар, бәлкiм.

– 70-жылдары қазақтың қолөнерi тоқырап жойылып кетудiң алдында тұрған. Оны қайтсек тiрiлтемiз, қайтсек сақтап қаламыз деген сұрақтар маған маза бермедi. Сол кезден бастап он жыл бойы бүкiл Қазақстанды аралап, табанымнан таусылып жүрiп, шебер ұсталардан өнер үйрендiм. Солардан үйрене жүрiп қолөнермен айналыстым. Ол кезде қолөнердi үйрететiн оқу орындары жоқ, мынандай (менiң диктофонымды нұсқап) дауыс басатын құрал жоқ, фотоаппарат та жоқ, естiген-көргенiмнiң бәрiн қағазға түсiре бердiм.

– Кiмдерден үйрендiңiз?

– Ой, көп қой, қайсысын айтайын… Сонымен, бүкiл облыстарды аралағандағы менiң мақсатым – қолөнердiң технологиялық тәсiлдерiн ұстап қалу болатын. Себебi ол шебер ұсталар өлiп кетсе өнердi сақтай алмай қаламыз ғой. Сөйтiп, жазып-сызып, өзiң сияқты сұхбаттасып отырып, көп материал жинадым. Оларды “полевой материал” десе де болар. Сол материалды алып кеп, өңдеп, 80-жылдардан бастап “Бiлiм және еңбек”, “Балдырған”, “Пионер” сияқты журналдарға балалардың түсiнiгiне лайықтап аздап-аздап бере бастадым. Шеберлердiң бәрi қартайған адамдар, бiр нәрсенi айтып отырады да басқа тақырыпқа ауысып кетедi, олардың сөзiн бөлуге ыңғайсызданамын, сонымен ауыздарынан шыққан сөздiң бәрiн қағазға түсiре бердiм. Сонымен қойшы, бәрiн жазып тастай бердiм, әсiресе, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, этнографияға қатысты материалды көп жинадым. Мақтанғаным емес, осы он жыл iшiнде Ғылым академиясының бiр институты жинамаған материалды мен жинадым. 75-жылдары өзiм қолөнердi жақсы меңгерiп алғаннан кейiн қасыма шәкiрттер жинап, оларды үйрете бастадым. Оларды оқытатын, жатқызатын арнайы орын жоқ, былайша айтқанда, қойнымызда жатып үйрендi. Олардың әрқайсысына шарт қойдым: «өзiң үйренiп болған соң, кемi он-он бес шәкiрттi үйретесiң» деп. Сөйтiп, қолөнер қайта жанданды, ал қазiр дүкендерде, шеберханаларда өзiң көрiп жүрген қолөнер бұйымдардың бәрi менiң шәкiрттерiмнiң немесе менiң шәкiрттерiмнiң шәкiрттерiнiң қолынан шыққан дүниелер.

Ал ендi, хош, қолөнердi сақтап қалдық, яғни оның практикалық жағын үйренiп алдық. Бiрақ оның теориялық жағы ақсап жатыр ғой? Ол жөнiнде әдебиет, кiтап, оқулық жоқ. Алматының түбiнде Ақши деген ауыл бар, сонда шеберхана ашып, Дәулет деген ұлыма бiлгенiмнiң бәрiн үйреттiм. Осы уақытқа дейiн жасаған дүниелерiмдi жинастырып, құрал-саймандарымның бәрiн ұлымның қарауына өткiздiм. Онда 5000-ға тарта экспонат бар, Қазiр мен қаламнан ауыр нәрсе көтермеймiн. Сенiң «Қазiр не iстеп жатырсыз?» деген сұрағыңа орай айтарым – осындай нәрсемен айналысып жатырмын. 35-36 жинақтың авторымын, оның iшiнде алтауын өзiм жазғанмын, қалғандары соавторлықпен жазылған дүниелер. 200-ден астам мақаланың авторымын, Алла бұйыртса, тағы жазамын, материал жетедi, бәрi денсаулыққа байланысты…

– Қанша шәкiртiңiз бар?

– Көп қой. (Дәркембай аға кеңкiлдей күлiп алды) Солардың бiрi – алдыңда отырған Сағатбек Медеубекұлы ағаң.

– Бұл кiсi қолөнермен тiкелей айналыспайды ғой, мен нағыз ұста шеберлер туралы сұрап отырмын?

– Қолөнермен тiкелей айналыспаса да, ол қолөнер туралы жазады. Мен қолөнер туралы ғана емес, қазақтың этнографиясы туралы талай материалдар жинадым. Соның бәрiн осыларға үйреттiм емес пе? Сағатбек домбыра, саз аспаптарын зерттеп жүр.

Ал «қанша шәкiртiң бар» дейсiң бе, кезiнде журнал ашып, оларды тiзiп жазып отырғанымыз жоқ, жазып алу керек едi. Келiп жатты, кетiп жатты. Оларды кiм санады дейсiң, қарағым. Менiң бiлетiнiм, олардың саны мыңнан асып кеттi. Бiз көкек сияқты туып-туып тастай бергенбiз ғой жұмыртқаны. Темiрбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында дәрiс берем. Жыл сайын ондаған шәкiрт тәрбиелеп шығарамын. Олардың бәрiн қоссаң, мыңнан да көп болып кетедi. Олардың iшiнде белгiлiсi бар, белгiсiзi бар, көбiсi облыс-облыстарға тарап кетi ғой. Алматыда, Астанада жүргендерi жақсы көрмелерге қатысып, көзге түсiп жүр.

Кезiнде талай қиындықты бастан өткiзбесек, қазiр қазақтың қолөнерi дәл бүгiнгiдей деңгейде сақталмас едi. Мына Сағатбек шет жағасын көрдi ғой, он шақты шәкiрт үйде жүретiн, олардың тамағы, құрал-жабдығын түгел өзiм қамтамасыз етем. Күнiне он-он бес бөлке нан аламыз. Құралай деген қызым бар, бiр күнi дүкенге нан алуға жiберсек, үйге жылап келдi, “Ендi бармаймын” деп, “Не болды?” деп сұрасақ, дүкеншi орыс әйел “Сендер не, шошқа асырайсыңдар ма?” деп сұрапты.

Мұхтар Шаханов деген азамат қазақтың тiлiн қалай сақтап қаламын деп басын тауға да, тасқа да ұрып жүр. Одан басқа да көкелерiң бар. Ғылым академиясында Тiл бiлiмi институты бар, ҚазҰУ-да, басқа университеттерде тiл факультетi бар, қазақ тiлiн бастауыш мектептен бастап оқытамыз, десе де, бәрi жиналып қазақтың тiлiн дағдарыстан құтқара алмай келедi, ал мен бiр өзiм қолөнердi сақтап қалдым.

– Ұсталық сiзге ата-бабаңыздан дарыған өнер ғой…

– Әрине. Менiң әкем Жетiсу өңiрiне аты мәлiм қолөнер шеберi болды. Әкемнiң әкесi де осымен айналысқан. Атадан балаға мирас болып келе жатқан өнер ғой.

– Сiз ою-өрнектердiң тарихын бiраз зерттедiңiз. Ою-өрнек бiр халыққа тиесiлi бола ма, әлде бүкiл әлем халықтарының өнерiнiң түбi бiр ме? Мысалы, қазақтың қошқар мүйiзiн көбiне өзге халықтардың тұрмыстық бұйымдарынан көремiз. Мұның сыры неде?

– Ою-өрнектi негiзi бiр халыққа телiп қоюға болмайды. Бiрақ қазақ халқы ою-өрнекке өте бай. Мен шама-шарқымша бұл саланы бiраз зерттедiм, жазып жүрмiн. Ою-өрнектiң қайдан шыққаны, тарихы, мағыналары туралы өзiндiк көзқарасым бар, пiкiрiм бар. Бұл жөнiндегi ойларымды бiр-екi кiтаптарыма енгiзгенмiн, ендi жеке кiтап шығарсам ба деген ойым бар.

Ою-өрнектiң өзiндiк философиясы бар. Қазiр той-томалақ болса, сый-құрметтiң белгiсi деп алабажақ оюлы шапандарды иыққа жауып жатады. Ол дұрыс емес. Себебi әрбiр оюды пайдаланудың өз жөнi болуы керек. Мысалы, кейбiр оюлар тек бас киiмге ғана салынатын болған. Ал қазiр бас киiмге өрнектелетiн оюды шапанның етегiнен көремiз. Керiсiнше, аяқтың астында жататын сырмаққа салынатын оюды бас киiмге жапсырып алады. Әрқайсысының өзiндiк тәртiбi бар емес пе?

– Ою-өрнектiң шығуы тек әсемдiкке, сұлулыққа құмарлықпен байланысты ма, әлде басқаша философиялық мағынасы бар ма?

– Әрине, бұл, ең әуелi, сұлулыққа құмарлық. Халықтың эстетикалық қажеттiлiгi. Қазақтың оюларының тәрбиелiк те мәнi бар. Мысалы, қыздарға көз тимесiн деген наныммен құлағына көздiң жауын алатын сырға тағады. Шын мәнiнде, қазақ мал шаруашылығымен айналысқан халық. Ер адамдар елiн қорғап немесе малын жайлап түзде жүредi, ал әйел адамдар негiзiнен үйде, қолы бос кезде кесте тiгедi, сырмақ сырады. Қазiр мен кесте тiгетiн қыздарды көрмей жүрмiн.

…Иә, денсаулығының дiмкәс екендiгiне қарамастан Дәркембай ұстаның алдағы жоспары көп едi. Сұхбаттасып болған соң, ұста маған кабинетiне бас сұғуға рұхсат бердi. Әуелi көзiме түскенi – жазу үстелiнiң бетiндегi бiрiнiң үстiне бiрiн үйiп қойған қолжазбалар. Жалпы саны он-он бiрдiң шамасы. Компьютерде терiлiп, түптелiп, тек баспаға кетуге дайын тұрған дүниелер. Дәркембай ұстаның өзi айтпақшы, тек қолөнерге қатысты емес, қазақтың этнографиясы, салт-дәстүрiне қатысты, тұрмыстық әбзелдер туралы… тағы басқа тақырыптағы жеке-жеке зерттеу дүниелер… «Әлi де айтарым көп» деп едi-ау… Өзi көзi тiрiсiнде басын құрап, жинақтаған еңбектерiнiң өзi (бұрын жарық көргендерiнен бөлек) он шақты болса, бұл кiсiнiң үстел тартпасында жатқан қолжазбалары қаншама екен деп ойладым.

Ұсталық ең әуелi еңбекқорлыққа үйрететiнi рас болса керек. Сондықтан да бұл – дара өнер. Дәркембай ұста өмiрiнiң соңғы жылында ауырып, пышаққа түсiп, төсек тартып жатса да, тырбанып еңбектенуiн қоймаған жан. Егер әрбiр кәсiп иесi өз мамандығына осындай адалдық танытып, өмiрiн қазақтың өткенiмен сабақтастыра бiлсе… қазақтың жоғы он шақты жылда-ақ түгенделер едi.

Дәркембай ұста саналы ғұмырының аз ғана жылдарында-ақ алдына үлкен мақсат қойып – қазақтың қолөнерiн сақтауды көздеп – дегенiне жеткен жоқ па?..

Гүлбиғаш Омарова