Мәрт

Мәрт

Мәрт
ашық дереккөзі
Өмірде бәрі өтеді-кетеді. Қалатыны – өмірлік өнеге, өшпес із, ұлағатты үлгі. Өнегелі іс өмірдің баянды бір болмысы десек те, елдің есінде қалатынды екінің бірі жасай алмайды, намысшыл, ақжүрек, азаматтығы биік, арлы жан ғана жасай алады.
Мұндай жан топтың ішінен емес, көптің ішінен шығады. Алдыңнан жарылқап айрықша көрініп, көптің көңіліне ұялайды, жамағаттың шапағатына бөленеді, жүректердің шуағына жылынып, елдің аузында жүретін болады.
Біздің айтпағымыз да сондай санаттағы азаматтың ізгілікті бір ісі еді.
Уақыт озған сайын алыстағанның әсер-болмысы әлсін-әлсін сәуле шашары бар. Сондай шуақты сәуленің әсерімен парасатты істің өмірлік мәні ойға оралғанда бар баяны көз алдымызға келе қалады. Тәлімі де тіл ұшына үйіріле кетеді:
«Тасмағамбетовтің жүз кітабы!»
Бізге шыны – осы сөз бұл күнде фразеологиялық тіркеске айналып кеткен. Тіл ұшында дәйім үйіріліп тұрады. Енді осы тіркестің туу төркініне келейік.
Бұл бір қазақ кітабы мен қазақ қаламгерлерінің нарық нөпірінің қыспағында қалып, дағдарған кезі еді. Баспалардың басына өз күніңді өзің көр туған. Қаржы жоқ, кітаптардың шығуы күрт азая бастаған. Азаю былай тұрсын, қаламгерлердің қолжазбалары сарғайып жата-жата сартап болып, шығуы сағымға айнала бастаған. Осындай алмағайып тұста Жазушылар одағында Премьер-министрдің орынбасарымен кездесу қаламгер қауымды дүр еткізген. Содан үлкен мінберде берілген ұлық уәде үміттің сөнбес шырағындай боп жүрген.
Көп ұзамады. Күткеніміздің қоңырауы соғылды. Иә, сәтінен деп үміттің үзілмес жібін ұстағандай боп үкіміз желпілдесін. Енді арықарайғысын күнделікке түскен жолдардан білейік:
«2001 жыл, 3 тамыз. Сағат 18.00-де бізді  баспа директорлары – Жарылқасын Нұсқабаев, Әшірбек Көпішев, Ғабит Молдамұратов және осы жолдардың иесін үкіметтің вице-премьері Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов қабылдады.
Танысудан кейін бірден қаламгерлердің кітабы, олардың шығу жайы, таралуы жайы жөнінде әңгіме тиегі ағытылды. Бірден байқалатыны – сөзге ұста, мәселенің мән-жайын терең біледі, алды кең, айтары айқын, ойыңды көмейіңнен танып, көзіңнен оқып отырғандай көрінеді. Өз басым іштей қазақтың идеологиясының (басына мұндай азаматтың келуіне қарап) бағы бар екен дедім.
Бекзаттық та, біліктілік те мәдениеттен туады. Сырт көздің сыпайы сыны оның осы болмысына ауды. Адамды тыңдай білу мәдениеті, ойдың төркінін тап басуы, жақсыға деген жанашырлығы әр сөзінен аңғарылып тұр.
Бойында бір ерік-жігер еседі. Шынайы пейіл, шырайлы ниет, имани ізетімен сабақтасқан сөзі ортақ әңгіменің шоғын үрлей түседі.
Бүкпесіз әңгіменің бұйдасын ұстай білуі де еркін, толғақты мәселеге түсіністікпен қарауы да, тоқтам сөзге түйін жасауы да еркін. Айтқанды қабылдауы қағілез, кемел сөзі кесімді.
Азамат уәдесін ұмытпаған екен. Мына қабылдау соның ізеті-сынды.
Уәде – ұлық сөз. Пенденің пәтуасы, иман парасаты.
Бүгінде уәде беретіндер көп, ал уәдесінде тұрмайтындар одан да көп. Ондайлардың талайы ортамызда жүр. Шеттерінен қайраткер, шеттерінен шешен. Кеуделеп жүреді, көсемсіп сөйлейді. Уәдені уәж көрмейді, төрде тұрып айтқанын төменге түскен мезетте-ақ ұмытады.
Осындайда «Сөзі мен ісінің, уәдесі мен орындауының арасында шалғайлығы жоқ, шалағайлығы да жоқ азамат екінің бірі емес, әрине. Ол адал жүректің белгісі, тұрақты қасиеті. Ондай азамат айтқанын орындамай  құтылар бойтаса іздемейді, уәдесін парыз-қарызсыз орындап тынады. Ешкімнен алғыс та күтпейді, ешкім оған қарыз да емес. Қайта алғыс айта бастасаң қысылып кетеді. Ілияс Омаров – осындай адал азамат еді» деген біртуар Ғабеңнің (Мүсірепов) ақиқаттай әділ сөзі еске түседі.
Оны Әбе (Нұрпейісов) одан әрі тереңдете тарқатып: «Тумысынан қанында бар ұлттық қасиетті жанымен ұғып, жүрегімен қабылдаудың жөні бөлек... Ілияс Омаров та Өнерді – Өмірге, Өмірді – Өнерге балаған. Біздің халық үшін қарын тойдыру мақсат болса болар, бірақ мұрат емес, нағыз мұрат – Өнердің өркенін өсіріп, көсегесін көгерту деп білді.... Әрқашан мемлекеттік тұрғыда жан-жағынан мол қамтып, қапысыз мұқият ойлап жүретін қайраткер де күрескер азамат, халық үшін өнердің орнын бәрінен де биік қоятын. Бұл әрбір көкірегі ояу, көзі ашық жанның әлдеқандай түйсігі емес, бұл ұлт өнерінің халық өміріндегі мәні мен маңызын терең толғаммен тебірене ойлаудан ғана туатын кемел ойлы кемеңгер азаматтың тірлікте тұтынған мақсаты еді. Осы мақсаттан ол тайған жоқ,» – деп оның қайраткерлігін таразылай толғап айтады.
Ілекенің толғамы да бүгінгі күннің сөзіндей естіледі. Оның «Өмірдің әсемдігі сонда, ол үнемі жаңарып, жаңғыруды тілейді, белсенді қимылды қалайды. Бар жаңалықтың түп атасы-халық. Жаңалықтың оты ұдайы халықтың жүрегінде тұтанады. Сол жаңаны мезгілінде түсініп, дер кезінде оған қол арта білу – басшының ұлы қасиеті, міне осы. Халық жаңалығынан нәр алған басшының мұртын балта кеспейді», – деуі бұған айғақ.
Ел көзіне түскісі кеп, желдей есіп жанығып жүргендерге жетеге түйе жүрер сөз бұл.
Ілекеңдей ізгі жандарға қазіргі зайырлы заман да зәру. Өмір заңы – тұлпардан тұяқ қалады, жақсыдан жолы қалады. Бізді қабылдап отырған азамат соның бір сынығындай боп көрінеді. Қабағыңнан танып, көңіліңнен шығатын сөзі мен уәделі уәжге иіліп тұрған ізетті қалпы тек өзіне ғана тән болмыс екенін баян еткендей.
Барды бағамдай отырып, сөзімен баурай түседі. Қат-қабат қиыншылық болса да әдебиеттің өрісін өркендету мүддесі жолында мақсаттан таймағаны байқалады. Шегедей сөзі, шешімді ұйғарымы соған куә. Кітап, қаламгер, руханият жайлы ақтарыла сөйлеп, бар ойын жайып салды.
Айтқан кесімді ойлары да кесек-кесек:
Идеясыз өмір болмайды. Мақсатқа жету үшін де идея керек;
Ұлттық идея дегеніміз –тәуелсіздік, тіл, татулық;
Халқымыз кітапты қадірлеп өсті. Ал ол қадір-құрметтің басында қаламгерлер тұр. Оны біз терең түсінуіміз керек;
Үш облысқа бүтіндей қазақ тіліне көшуге пәрмен беріліп жатыр. Ендігісі жалпылама сөз емес нақты іске көшу;
Қазақ деп қажырлы еңбектің үлгісін көрсеткен ұлы қайраткер Өзбекәлі Жәнібековтің есімін оқу орындарының біріне беру жайы қолға алынуда;
Ел экономикасы ахуалының құдайға шүкірлігі... Қаражат тапшылығы, уақыт сыны, оның жөнін айту – сіздердің, жолын табу – біздердің міндетіміз;
Әдебиеті жоғарының – мәдениеті жоғары. Әдебиет ақыл-сананың азығы. Оны оқырман сол үшін оқиды;
Жазушылар одағындағы кездесуге көп болса 50 жазушының кітабын шығару керек шығар деп барғам. Ал шын мәнінде 100-ден астам автор боп шыға келгені;
Бірақ уәдені бергеннен кейін орындау мұрат екендігі... Уәде азамат басына сын екені; Адамға, елге қызметтің бәрі адалдықты қажет ететіні;
Кітапты шығару – мәдениетіміз үшін, өнеріміз үшін өзекті мәселе. Өрісін кеңейту де, өркендету де өз қолымызда;
Өмір өзгеріп жатыр. Біз де өзгеріп жатырмыз. Сол өзгерістің де бағыты болуы керек;
Басқа адам болып өзгермеуіміз керек, нағыз қазақ боп өзгеруіміз керек;
Бір мақсат, «Отырар» кітапханасының қорын молайтудың қолға алынатыны;
Кітапты қазына деп қарау қоғамдық санаға байланысты;
Көре білу, тыңдай білу парыз. Біздің қызметіміз халықтың ырзалығымен бағаланады;
Қазақ теледидары, қазақ радиосы күшейтіліп жатыр. Олардың үні тіліміздің тынбайтын, талмайтын жаршысы болуы керек;
«Күлтегін» жырын мектеп оқу бағдарламасына енгізу қолға алынып жатқаны;
Оқу мен тәрбиенің негізгі қайнары оқулықтар. М.Горькийдің де: «Менің осы бойымда бір жақсы қасиет болса, сол үшін көркем әдебиет алдында қарыздармын» дегенінің шындығын еске салғаны;
Ең қуаныштысы, Астана қазақтарының 64 пайызға жеткені...; Тағысын тағылар...
Сұрақтар да болды, жауап та молынан егжей-тегжейлі тарқатылды. Білігі мол, көзі қарақты, көкірегі ояу, көзқарасы кемел азаматтың, қоғам жауапкершілігін арқалаған қайраткердің алдынан мойып шықпай тойып шыққандай болдық...» Күнделік осылай аяқталыпты.
Одан кейінгісі де көңілде сайрап тұр. Алдымен айтылары, осы кездесуден кейін үміт-үкілі қуанышқа, уәде-қызу іске айналды.
Көп ұзамай қаражаттың да көзі табылып, уәде берілген жүз кітаптың тұсауы кесіліп баспаларда жатып қалған кітаптардың жолы ашылды. Жедеғабыл жарыққа шыға бастады. Жүз қаламгердің қуанышы уәдеге берік азаматтың атымен, Тасмағамбетовтің жүз кітабы» атауына айналды. Дүр сілкіндірді, дүйім елге таралды. Бұл – қазақ кітабын бағалай біліп барын салған азаматтың ізгілікті ірі ісін бағалау, бұл шабыт иелерінің шынайы ықыласы еді.
Жүз кітап авторлары қазақтың белгілі қаламгерлерінен бастап талантты жас буынын да қамтыды. Олар: О.Асқар, Ж.Әбдіраш, Ғ.Жандыбаев, Т.Нұрмағамбетов, Б.Момышұлы, З.Серікқалиев, Ғ.Құлахметов, С.Иманасов, А.Егеубай, М.Байғұтов, Д.Қанатбаев, А.Жүнісов, Н.Бәдіғұл, Ә.Нәбиев, Т.Момбекұлы, С.Мұхтарұлы, А.Толғанбаев, Р.Тоқтаров, Ғ.Қайырбеков, Т.Оразбайқызы, Ү.Уайдин, М.Қаназов, Ғ.Жайлыбаев, Б.Жақыпов, Қ.Бегманов, Ж.Ахмади, Д.Рамазан, Е.Домбаев, М.Есламғалиұлы, Қ.Түменбаев, Р.Ниязбек, Ә.Табылдиев, А.Сопыбек, Ш.Күмісбайұлы, Б.Серікбайұлы, Қ.Әбіл, Е.Жаппасұлы, С.Әбілқасымұлы, А.Ибраев,Т. Нарманов, Н.Бердалы, Е.Алаштуған, К.Қамзин, С.Қамшыгер, Б.Қалиолла, Г.Ибашева, А.Исаділ, Р.Есдәулет. Р.Сабитова, Ғ.Салықбаева, Хан Дэ Ен, Ж.Әскербекқызы, Б.Бабажанұлы, Б.Беделханұлы, Д.Берікқажыұлы, А.Кемелбаева, М.Ершутегі, А.Мырзабеков, Т.Толқынқызы, Ж.Сәрсек, Б.Үсенов, А.Шаяхмет, А.Алтай, Ә.Аймақ, В.Антонов, Т.Әлімбекұлы, Ә.Балқыбек, Ә.Бөпежанова, Е.Жақыпбеков, Ш.Жұбатова, Қ.Жұмаханұлы, Т.Рыскелдиев, Қ.Илиясов, Ж.Әбдікәрімов, Т.Жандәулет, Қ.Жылқышиев, М.Зұлпықаров, Х.Илахұнова, Ә.Салықбаев, Р.Сейілханова, А.Өмірбек, Ә.Дастанұлы, Қ.Күзембаев, Қ.Қанапияұлы, Ә.Нарымбетов, А.Сергеев, С.Өтеғалиева, К.Жүніс, Т.Сарыбайұлы, Г.Шойбекова, Т.И.Султанов, В.П.Юдин, Е.Турсунов, «Әділ сұлтан» эпикалық жыры», А.К.Кушкумбаев.
Бұларды Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Отырар кітапханасы» сериясы бойынша «Жазушы», «Ана тілі», «Өнер», «Білім», «Елорда», «Өлке», «Сөздік-словарь», «Фолиант», «Дайк-Пресс» баспалары шығарған еді.
Қазақта: «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпейді» деген бар емес пе. Нарықтың қиын кезеңінде ықылас қойып, қол созып жасалған қамқорлықтың жақсылығы енді ұмытылар ма. Баталы іс, батыл қадам жасаған Иманғали Тасмағамбетов қандай құрмет, қандай алғысқа да лайық емес пе еді.
Көптің бағасы-көптің ықыласы. Зиялы қауым артық демей кем демей әділін айтты. Иманғали Нұрғалиұлын қазақ идеологиясын басқарған біртуар бозымдар, бар байлығым жерім-бар еңбегім елім деп өткен Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібековтердің қатарына қосты. Президентіміздің кемеңгер саясатын шаң жұқтырмай жүзеге асырып келе жатқан азамат деп таныды. Президенттің жауапты міндеттерін мінсіз атқарудағы айрықша іскерлігін бағалады.
Біз де көңіл толған сезіммен толғай отырып, тәнті боламыз. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының: «Атырау облысының әкімі ретінде, Үкімет басшысы ретінде және Президент аппаратының жетекшісі ретінде өзін білікті ұйымдастырушы, өте ауқымды әрі жауапты міндеттерді шешуге қабілетті екенін көрсетті. Ол өз айналасына жұртшылықты топтастыра алатын тәжірибелі, сенімді, ар-ұяты таза адам», – деген сөзін еске аламыз.
Біз сырт көз – көп көзбіз. Халықтың назарында бәрі. Ол жақсыны көре де біледі, жаманды сөзге іле де біледі. Бұл тұрғыдан келгенде Иманғали Нұрғалиұлы дәйім бірден ауызға алынады, мәдениетті ортаның басты кейіпкеріне айналады. Оның көп қыры көпке мәлім, алдымен барған жерінде өзіне тән іскерлік стилін көрсете білетіндігі, талғампаздық пен талапшыл қасиетінен айнымайтыны, нақтылықты ұстанатыны, ұйымдастырушылық имиджі, руханият пен мәдениет дегенде барынша жанын салатыны, жас дарындардың, өнер жолын таңдағандардың көбіне қамқорлық жасайтыны, кішіге – кісі болып, үлкенге – кіші болып зиялылардың талайына өнегелі өрелік танытқаны, белгілі азаматтардың алдына барғандағы шаруасын сөзбұйдасыз шешіп бергені айтылып жүр, әлі айтыла да береріне жазсын дейік.
Қолынан келіп тұрса да қайырылмайтындар, жолынан шығып тұрса да бұрылмайтындар, жаттанды жайдақ сөздерінен жалықпайтындар, құлқынының қамынан басқа ештеңені көрмейтіндер, барды жоқ деуден жаңылмайтындар, қара басын күйттегендер мен ешкімді елемейтін, ештеңені естімейтіндер еске түседі. Қоғамды кеулеп бара жатқан салқындық секем алдырады. Жақсылықтың аты емес, жамандықтың дақпырты жиі шығатыны тіксінтеді. Бармақ басындай бал арасы да жақсы гүлдерді іздеп тыным таппайды, адамдар неге жақсылықты іздеп тауып, қуанып жатпайды дейсің. Халық құдды барометр ғой. Бір күні аты мәлім бір шенеунік жайлы орынға жайғасқан. «Қой, – деді танысым, – бұдан қайыр болмайды». «Неге?» дейім баяғы. «Осыған дейін бір жақсылық жасағанын көрмедік» дейді. Тағы бірде танымал азамат жаңа орынға барды. «О, міне, мұнысы дұрыс болды» деп кәдімгідей қуанды. Сөйтсем, ол бұрын анадай іс жасаған, мынандай батылдық танытқан, көп жақсылықтар жасаған деп сайрап отыр. Айтқандарын өзім де мойындап үлгердім. Ондай жандар елдің осындай бағасын рухымен іштей сезініп те жүретін шығар бәлкім.
Шыны керек, өмірдің сала-саласында талай атпал азаматтар отыр емес пе? Олардың да алдына барушылар, өтінішін айтушылар, мәселесін жеткізушілер аз болмасына күмән жоқ. Бірақ біз түсіністікпен қабылдап, көптің ырзашылығына бөленіп, ойпыр-ай, пәленше ер екен, еңсесі түсіп барғанды байсал етіп жіберіпті, қиналыста жүргенді қайсар етіп қайтарыпты деп жатса жалпақ елге жайылмай ма? Елін сүйген азаматтар жүрген жерінде атын адал жүрек, айқын ісімен шығармай ма? Халқыңа жасағаның қайырылып келіп мерейіңді асырмай ма деген сауалдың оянуы да орынды. Біреуге біреу ұқсамайды, бірақ біреуден біреу үлгі алатыны заңдылық. Сол үлгі алатын біреу де көп болсын деп тілейік.
Мәдениет пен Әдебиеттің өмірдегі орны бөлек, оның сыр-сипаты кең ауқымды. Оны түйсініп түсіну үшін адамның өзінің мәдениеті жоғары болуы керек. Оны бар қырынан терең түсіне білуі керек. Ол да аз, адам өміріне жарық түсіретін, ойын оятатын мәдени ізгілікті жүрегімен білуі ләзім.
«Жаңаша ойламай, мәдениетке етене жақын болмай мәселелерді түбегейлі шешу мүмкін емес... Кейбір басшылар мәдениет дегенді үстірт түсініп, оны әдебиет пен өнерге ғана қатысты сала деп ұғып, кинотеатрлар мен концерт залдарының, кітапханалардың жүйесін дамытумен ғана шектеледі. Мәдениет дегеніміз мемлекеттік қызметтің бар саласын бойлап, тамыр жайып жатуы шарт екенін түсінуге көбінің мәдениеті жетпейді. Мәдениет мемлекеттік аппараттың бүкіл буынынан көрініп тұруға тиіс», – деп толғаған Ілекеңнің (Омаровтың) көріпкел сөзі-ай, қайран, дейсің осындайда.
Кезінде Тахауи Ахтановтың, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, Зейнолла Қабдоловтың, Сафуан Шаймерденовтің, Әнуар Әлімжановтың, Жайсаңбек Молдағалиевтің шығармаларына жылы лебіз айтып, таланттарды жазбай танып, жіті назарына алып қамқорлық жасағанын естуші едік, Иманғали Нұрғалиұлының жүз кітапқа жанашырлығы да сол іспетті, ізгілігі ерен өрелі өнеге дер едік. Бұл жақсы қасиеттің, мінсіз мәдениеттің үлгісі.
Жақсы қасиет – адамды ортаға алып шығады. Өркенді орта оны көре біліп, қадірін тани алса – құп. Жарылқай көрінетін жақсы қасиет – тектен туады. Рухани санадан жетіледі. Жақсылықтар заказбен жасалмайды, дейтініміз содан. Оның бастаулары тереңде жатады, берекесі бетке шығады, көркемі көпке танылады. Оны көрмеу күпірлік, айтпау әбестік болады. Жақсы қасиет – жан азығы, жақсылықтар оның жарығы. Жарықтың сәулесі жан біткеннің қалауы, өркенді өмірдің алауы. Өмір ортақ, бірақ адамдары ала-құла. Ниет пен пиғыл тәжіке. Содан да болар, жақсылықты да елегісі келмейтіндер бар, желсөзге желігетіндер де жетеді, ұмыттырып бағатындар да болады, адалын айтқанды жағымпаз көретіндер де табылады. Мұндайға жол берсек ойыңды зіл басады, көңіліңді кір басар еді. Соның бәріне шыдас беретіні – жақсылықтың шындық боп шыға келетіні, жақсылық иесінің дуалы аузына ілігетіні.Талайға танымал мұндай тағдыр иесі турасын айтсақ – Тасмағамбетов дер едік.
Бір ғажабы, атқарылған алуан-алуан істердің, жүзеге асқан идеялардың, шиесі тарқатылған шешімдердің, баянды болған бастамалардың, дершақты демеушіліктердің қайсыбір өкініштердің, тіпті адами армандардың аржағында Тасмағамбетовтің тұлғасы көрінеді де тұрады. Шындығы да сол, естігенің елден шықса, білгенің тілден шықса, көргенің көңілден шықса шындығына иланбасыңа лажың қайсы.
Уақыт сыны оңай емес. Керектіні кемесіне алады, керексізді жағада қалдырады. Адамға тән мақтау сөздің мәні мен жөні де осы тақылеттес. Мақтау сөзге марқаймайтын жан кемде кем. Үйіп-төгіп мақталынып, қызыл сөзбен бапталып жататындарды қанша жерден аяғын жерге тигізбей желпілдетсең де оны жақын-жұрағаты білгенмен жалпақ ел білмеуі ықтимал.
Мақтау сөз де киелі. Кім көрінгенге жанаспайды, кез келгенге жараспайды. Өзінің адамын іздеп табады, кісісіне қонады. Осы ретте адаспай тауып жататын жан болса, соның бірегейі тағы да Тасмағамбетов.
Біздің түйгеніміз осы. Ал көзіміздің көргені – оның жадау кезде жасаған жүз кітапқа жанашырлығы. Қазақ қаламгерлеріне, қазақ кітабына берген уәдесін ұлықтай білген, ел мүддесін бәрінен биік қоятын Иманғали Нұрғалиұлының бұл жанашырлығы жайдан-жай емес, табиғатынан сіңісті бекзат болмысының мәрттігінен болса керек.
Жадымыздағы жаңғырық осылай деп ой түйеді, ауызға сөз салады.
Ал қаламгерлер болса оның сөзі мен ісіне мығым азаматтығына тәнті, әлі күнге ауыздарынан тастамайды.
***
 Ал біздің бір түйгеніміз:
Ол – өзін мойындатқан, өзі мойымайтын МӘРТ.
Жақау Дауренбеков, “Ана тілі”  баспасының директоры