15 Маусым 2015, 10:28 21407 4 Алдаспан Ахмет ӨМІРЗАҚ

«Күтіп алам жұмақтың қақпасынан»

Сәби тілегі «Алматы Music» мюзикл театрының жаңа қойылымында көз алдымызға келеді

Өнер – әрдайым қоғамды тәрбиелейтін эстетикалық күш. Заман өзгеріп, құндылықтар өзгерген тұста қоғамда құбылыстардың негізін іздеп, адам жанының тұңғиығына үңілетін өнер құдіреті әрдайым адам санасындағы адмгершілік, адалдық, әділдік сияқты ізгі қасиеттерді оятуға күш салады. Бұл орайда театрдың алар орны ерекше. Себебі өнер туындысын көрерменнің көз алдында өтіп жатқан өмірге айналдырып, оның эстетикалық әсерін көрушінің жан дүниесіне ұялата аларлық құдіретке ие театр – әдебиет пен музыка және киноға қарағанда үнемі алда жүретін жауынгер өнер саласы. Өйткені театр – әдебиет пен музыканы, киноны бір арнада тоғыстыра алады.

Елімізде театрлар аз емес, бірақ оның түгелге жуығы дәстүрлі классикалық театрлар болса, экспериментальды театрлар екі-үшеу ғана. Сондай өзгеше форматтағы театрлардың бірі – «Алматы-Music» мюзикл театры.

Осыдан екі жыл бұрын ашылған бұл театрдың негізін қалаушы, театрдың көркемдік жетекшісі, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының оқытушысы, доцент Тасболат Омаров болатын. «Алматы-Music» ұжымы 2014 жылдың 9-10 сәуірінде Мемлекеттік Құдыс Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театрында ағылшын драматургы Кэтрин Джонсонның аты әлемге әйгілі шведтік «АВВА» квартетінің таңдаулы композициялары негізінде жазған «Мamma mia» атты мюзиклын қазақшалап қойған болатын. Театрдың дебюты болуына қарамастан көрермендердің ыстық ықыласына бөленген бұл мюзиклдің орысша варианты халықтың сұрауы бойынша өткен жылдың 13-14 желтоқсанында «Қазақконцерт» сахнасында көрсетіліп, көрген жұрттың көңіліне жақсы әсер қалдырды. Енді міне, аталған театр ұжымы Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қазақконцерт» сахнасында «Жазығым не менің, мама?» атты тағы бір драмалық мюзиклын көрермен назарына ұсынды. Жанры «сахналық катарсис» деп белгіленген бұл драмалық мюзиклдың көтерген мәселесі қазіргі замандағы ең өзекті тақырыптардың бірі – балалар өміріндегі қиындықтар. Қойылымның балалар алдындағы ата-ана жауапкершілігінің қаншалықты маңызды екенін ашуға жасаған талпыныс өте сәтті шешімін тапқан. Бірнеше монологтан құралып, әр монолог әнмен қоса өріліп отыратын бұл сахналық туынды біртұтас дүниеге айналған. Әр монолог сайын балалар өміріндегі қасірет дәптерінің бір беті ашылып, адам баласының қолымен жасалатын қатыгездіктің шегі жоқтай көрінеді.

«Жазығым не менің, мама?» қойы­лымы балалар өміріндегі шырғалаңдарды көз алдымызға айқын елестететін әлденеше ситуациялардан құралған.

Сахна ашылып, алғашқы көріністе сөйлейтін «Құрсақтағы сәбидің» (рөлде – Қалдыкөз Рақымжан) жасанды түсік жасатуға шешім қабылдаған анасына жанұшыра жалынып: «Мен сізге не жаздым? Мен бұл дүниеде ана құрсағынан басқа, барлық балалар сияқ­ты әке қамқорлығы мен ана құшағын көрмей өтемін бе? Анашым, мені алдырмаңызшы, өтінем. Мен әкем жұмыстан шаршап келгенде алдынан шығып, қолына су құйып берем. Мен ақылды бала боламын. Мен бұзықшылық жасамаймын. Өтінем, мені алдырмаңызшы, анашым!», – деп өзіне өмір сыйлауын қиылып сұрағанын естігенде төбе құйқасы шымырламайтын адам жоқ шығар сірә. «Жетім қыздың монологы» (Дана Сағынбаева) «Кенет, сырттан жүзі жылы әйелдің бейнесін көріп, оны өзімнің анам екен деп, мені алып кетуге келді екен деп, менің осында отырғанымды көре алмай қалады ғой деп: «Мама! Мама! Мама! Мен мұндамын, Мама», – деп айқайлай бергенімде, терезе алдындағы гүл жерге құлап қалды. Тәрбиеші апай көріп қоймасыншы осыны деп тез-тез жинай бастағанымда, тәрбиеші апай келіп қалды да, ұра жөнелді, мама! Мама, білесің бе, сол апайдың маған не дегенін? Ей, жетімек, сен әке-шешеңе керек болмағанда, маған қайдан ғана керексің – деді де, одан әрі ұра берді... Тәңірім, кішкентай ғана бала жүрегіммен сенен жалынып сұраймын. Менің анамның жүрегіне титтей болса да, мейірім шуағын төкші. Сөйтсін де, ол мені мына тар қапастан құтқарсыншы...», панасыз баланың балалар үйінде көрген қорлығын көз алдыңа елестетсе, «Кішкентай періште» монологында өз балаларын асқан қаталдықпен жазым қылған ананың әрекеті («Қалай және не болғанын түсінбей қалдық, кенеттен, мамам қолында пышағы бар, ас үйден жетіп келді де, ағама пышақты екі-үш рет салып-салып алды. Мен қашып, кереуеттің үстіне қарай шыға бергенімде, жүрек тұсымнан кірш етіп қадалған пышақ, мені ары қарай тырп еткізбеді. Шалқалай құлаған мені, тағы да жүрек тұсымнан түйреп-түйреп жіберді...») жүректі сыздатады. «Диагноздағы» (Сұлтан Садықов) «Орталық паркке бара жатырмыз. Мен дүниеге келгеннен кейін, дәрігерлер маған, «ДЦП» – деген диагноз қойды. Осы диагноздың дәлдігін анықтау үшін, мамам аудан орталығынан, үлкен қалаға келеді. Қаладағы үлкен профессор диагнозды растап, және де оған қоса, басқа аурудың – «гидроцефалия», яғни, «водянка головного мозга» ауруының бар екенін айтып: «Балаңыз биологиялық – қоқыс болады», – деп жайып салады. Осы сөздер себеп болды ма, әлде, басқа нәрсе ме, білмеймін... анам осы бір әрекетке баруға мәжбүр болды» деп дәрігерлердің қате диагнозының кесірінен өзінің бес жастағы перзентін өлімге қиып, соңынан өзіне де қол салған әйелдің басынан өткен жантүршігерлік жағдайды баяндауы – бүгінгі адам жанының шектен тыс қатыгездікке ұрынғанын байқатады. Ал «Пештегі балада» (Тоқтасын Нұрқанат) екі жасында анасы көршісімен арақ ішіп отырғанда құлаған баласын өлтіріп алдым деп ойлап... пешке тастап жіберуі – естудің өзіне ауыр сұмдық жағдай болса, «Дамушының», дүниеге келмей жатып өз анасының кесімімен жарық дүниені көре алмаған шарананың (Байжұма Жұмабек, Ермек Төлеуов) өлеңмен берілген монологы да жүректі езіп жіберердей ауыр қасірет. «Дамушының» монологы «Құрсақтағы сәбимен» мағыналас болса да, мұнда өзін өлімге қиған анаға деген баланың періштедей пәк сезімі, кіршіксіз таза жүрегінің кешірімшілдігі суреттеледі:

Алдыртпашы, емес қой жоқ амалы,

Алдыртпашы ақылды болам әлі.

Тіл аламын, тентектік жасамаймын,

Боламын ғой қазақтың қара дома­лағы! – деп өтінеді ана бойындағы тіршілік иесі. Алайда анасының алған беттен қайтпайтынын сезген шарасыз шарана былай дейді:

– Жан анам, аяулы анам, байқа дейін,

Шығатындай жанымнан айқай кейін,

Жан Анашым осылай шешсе, енді

Құдайым-ай, қайтейін, әй, қайтейін?!

Тілеп жүрем айырмам басқасынан,

Кетпесін деп анамның бақ басынан.

Кездесерміз, тозақтың оты емес

Күтіп алам жұмақтың қақпасынан...

«Амансың ба, мама! Бүгін ме­нің туған күнім. Есіңде ме, бұл күн білмеймін, бірақ, менің саған көп нәрселерді айтқым келеді. Бір-бірімізді көрмегенімізге көп болды», – деп басталатын «Мамаға хатта» (Елмира Нұрмахан) туғаннан маңдайына жетімдік қайғысы жазылса да, өзін тастап кеткен анасын сағынған бейбақтың «Білесің бе, мама, күнде, ұйықтар алдында әр нәрсе ойыма түседі. Егер мен жалғыз, көшеде қалған болсам, өмірім қалай болар еді – деп, ойлаймын. Менің бұрынғы достарымның көбі қазір бұл өмірде жоқ. Біреулері нашақорлықтан өлсе, біреулері ВИЧ ауруынан көз жұмды, көбісі әлі де көшеде аянышты хал кешіп жүр. Мен мұнда, балалар үйінде жүріп, сиынуды үйрендім. Білесің бе, құдайдың бар екеніне, мені жақсы көретініне және мені еститініне сенетін болдым. Сондықтан, сен үшін де көп сиынам. Әйтеуір, бір күні келіп, мені тауып алатыныңа сенем», –деп шер тарқата отырып, мейірімнен үміт үзбеуі көрерменді қатты толғандырса, «Көзіңе еріксіз жас келеді» монологындағы (Көздібай Мухаммед-Расул, Әлібек Шынтеміров) ата-мейрімінен мақұрым боп өскен баланың шарасыздыққа толы ғұмыры – кішкене балалардың дертке толы жүрегін үлкендердің түсіне бермейтінін, тіпті түсінгісі келе бермейтінін анық байқатады. Сондықтан болса керек:

– Мамалар, мен өтініп, өтініп сұраймын, сәбилеріңізді тастамаңыздаршы, бақытты өмір сүрем деген үмітіне балта шаппаңыздаршы.

Кішкентай сәби сіздердің армандарыңыз бен мүмкіндіктеріңізді жойып, тоқтату үшін қойылатын тосқауыл емес, керісінше, алға жетелейтін себепші болсын..., – деп бітетін «Аманат» монологында (Гүлбахар Илиясова) адамдарды қатыгездіктен арылуға үндеп, ар тазалығына шақырады.

Осылайша дүниені сақтап қалатын адамгер­ші­лік пен мейірім атты қасиетті жоғалту – адамның жанын қатыгездендіріп, апатқа әкелетінін ескерткен қойылымның финалы қатал ескертумен аяқталады:

– Адамдар,

Адамдар қаталсыңдар!

Қаталдықтан әлі-ақ зар татарсыңдар.

Жалғыздықтан зарығып ашынғанда

мен

Сендерді асылдар деп ем,

Сипайды-ау шашымнан дегем...

Жооқ! Тас екен жүректеріңде!

Шыншылдық деген жоқ екен

тілектеріңде

Өздерің оны көлгірсіп

жасырғанменен

Мейірімге сараңсыңдар.

Түбі содан жазым да табарсыңдар!

...Әділеттен жұрдайсыңдар,

Тақсіретін тартпай бір

тынбайсыңдар!..

Драмалық мюзиклдің әр монологы сазбен өріліп, онда «Сәби бақыты» (Б.Омаров – С.Қалиев), «Перзент бақыты» (Ұ.Жолдасов – Р.Зайытов), «Жыла, жүрек» (Қ.Ибрагимов – Ф. Оңғарсынова), «Жетімдер» (Б.Есебаев), «Көнеміз ғой» (С.Қынат – М.Мақатаев) атты әндер орындалды. Қойылымды құрайтын он монологты орындаған он актерден басқа көпшілік сахнада өнер көрсеткен Жанерке Кенжеғұлова, Ерден Есетов, Нұржан Қайыров, Айжан Үсенова, Гамзе Дилек сынды жастардың өнері де тартымды болды. Бір айта кетерлігі – бұл қойылымға қатысқан жастардың бір де бірі кәсіби актер немесе өнер саласының адамы емес, мамандықтары әртүрлі. Солай болса да әр өнерпаз өзіне берілген образды шебер орындап шықты.

Жан тебірентерлік ситуациялардан құралған қойылым авторы – «Алматы-Music» мюзикл театрының көркемдік жеткешісі – Тасболат Омаров болса, киім үлгісін жасаған О.Володина. Қойылымға Фариза Оңғарсынованың «Жетімнің монологі», Еркін Раманқұловтың «Дамушы», Салтанат Қайратқызының «Жетім қыздың монологі» шығармалары пайдаланылған.

Тың пішіндегі жаңа қойылымды өмірге әкелген эксперименталды театрдың бұл драмалық-мюзиклі біз білмейтін сәби-дүние қасіреттерін көз алдымызға әкелу арқылы үнемі біздің назарымызда болуы тиіс мәселені қоғам талқысына ұсынып отыр.

Біз ұлт болашағы үшін тер төгіп жүрген театрдың алдағы уақыттарда да еңбегі жемісті бола беретініне сенім артып, ризашылығымызды білдіргіміз келеді. «Алматы-Music» мюзикл театрының алар асуы, шығар биігі көп болғай.

Соңғы жаңалықтар