ШЫЛҚЫҒАН БАЙ ДА, СІҢІРІ ШЫҚҚАН КЕДЕЙ ДЕ – БІЗДЕ

ШЫЛҚЫҒАН БАЙ ДА, СІҢІРІ ШЫҚҚАН КЕДЕЙ ДЕ – БІЗДЕ

ШЫЛҚЫҒАН БАЙ ДА, СІҢІРІ ШЫҚҚАН КЕДЕЙ ДЕ – БІЗДЕ
ашық дереккөзі

Елімізде жалпы ішкі өнім (ЖIӨ) неге нәтиже бермей жатыр?

Жыл сайын наурыз айы барысында әлемдегі ең бай адамдардың есебін жүргізетін «Форбс» журналы дүниежүзі бойынша барлық миллиардерлердің тізімін жариялайды. Ал жазда немесе күздің басында Бүкіләлемдік банк барлық мемлекеттердің жалпы ішкі өнімінің өткен жылдың қорытындысы нәтижесінде қандай көлемді құрағанын жария етеді. Бүгін осы екі көрсеткіш туралы әңгіме етсек деп отырмыз.

Күні кешегі Кеңестер Одағында ресми түрде танылған миллиардерлер түгілі, миллионерлер де болмайтын. Үстіміздегі жылы сол КСРО-ның тарауының басы болған «тамыз путчының» (августовский путч) 15 жылдығы атап өтілді. Бұл оқиға 1991 жылы болған. Содан бері тәуелсіз мемлекеттерге айналған республикаларда көп нәрсе өзгерді. Олардың саны 15 болатын. 12-сі әзірше ТМД құрамында. Қалған үшеуі 2004 жылдан бастап Еуропалық Одақтың құрамына кірді. Бірақ бұлардың барлығына да бұрынғы коммунистік идея мен социалистік қоғамдық формациядан бас тартып, нарықтық қатынастар жолына түсті. Соңғысын капитализм десе де болады. Ал капиталистік қатынастар орныққан соң, миллионерлер мен миллиардерлер пайда болады. 15 жыл, әрине, көп уақыт емес.

Бірақ осы бір қысқа тарихи кезең ішінде Ресейде, Украинада және Қазақстанда жергілікті миллиардер топтары пайда болып үлгеріпті. «Форбс» журналының үстіміздегі жылғы мәліметтеріне қарағанда, бұрынғы КСРО республикаларындағы бүгінгі миллиардерлердің саны 40-қа жеткен. Оның 33-і – Ресейден, 3-еуі – Украинада, 4-еуі – Қазақстаннан. 2005 жылы Ресейдегі миллиардерлердің саны – 27, Қазақстандағы миллиардерлердің саны 3-еу болған.

Соңғы екі-үш жыл барысында бұлардың қатарында көп өзгерістер болған. 2003 жылы ТМД-дағы ең бай адам болған М.Ходорковский қазір алғашқы бестікке де кірмейді. Бұл бестіктің дәулетінің көлемі 9-10 миллиард пен 18 миллиард арасында. Бірінші орынды өткен жылдағыдай Абрамович иемденген. Ал екінші орында — жаңа адам. Ол байлығының мөлшері 11 млрд. долларды құраған Вагит Әлекперов. Бұл көп пе, аз ба? Өткен жылы оның байлығының «бар-жоғы» 4,3 болғанын ескерсек, әрине, көп. Жыл-он екі айдың ішінде В.Әлекперовтың дәулеті 6,7 млрд. долларға ұлғайған екен. Яғни ол бір жылдың ішінде осыншама ақша тапқан.

Бұл кісінің Қазақстанға да қатысы жоқ емес. Өткен 2005 жылы ол басқаратын ресейлік ЛУКОЙЛ компаниясы Батыс Қазақстандағы бірқатар мұнай кеніштерін игерумен айналысқан «Нельсон Рисорсиз» деген компанияны сатып алған. Жалпы Мәскеу миллиардерлердің саны жағынан әлемдегі екінші орынға шығыпты. Ал Қазақстан болса миллиардерлердің саны жағынан Украинадан озған.

Ал енді жалпы ішкі өнім көрсеткішіне келейік. Бұл жөніндегі соңғы бүкіләлемдік мәлімет өткен жылдың қыркүйегінде жария етілді. Биылғы мәлеметтер алдағы уақытта белгілі болатын шығар. Онда қандай өзгеріс боларын уақыт көрсете жатар. Ал әзірге адам басына шаққандағы ЖIӨ үлесі бойынша Қазақстан әлі де болса орташа дамыған елдердің қатарына да іліне алмайды.

Өйткені бұл жердегі 2005 жылдың басына қатысты біздің көрсеткіш – 2716 доллар. Ал әлем бойынша жалпылама орташа көрсеткіш 6930,7 долларға тең. Әлемдегі барлық елдердің ЖIӨ (жалпы ішкі өнім) көрсеткіштерін қосқанда, нәтижесі 40,887,837 триллион доллар болған. Оның ішіндегі Қазақстанның үлесі — 40, 743 млрд. доллар. Басқаша айтқанда, халқының саны адамзаттың мыңнан төртін немесе 0,4 процентін құрайтын Қазақстан әлемдік жалпы ішкі өнімнің мыңнан бірін немесе 0,1 процентке жетер-жетпесін ғана береді екен.

Бірақ бұндай жетістіктің өзі теңізге шығар тура жолы жоқ, сондықтан экспорттық мүмкіндігі біраз шектеулі мемлекет үшін, әрине, жаман емес. Түгелдей алғандағы ЖIӨ көрсеткіштері бойынша Қазақстан ($40,743 млрд.) СЭВ (Совет экономической взаимопомощи) құрамына кірген бұрынғы социалистік республикалардың ішінде Ресей ($582,395 млрд.), Польша ($212,777 млрд.), Чехия ($107,047 млрд.), Венгрия ($99,712 млрд.), Румыния ($73,167 млрд.), Украина ($65,149 млрд.) мен Словакиядан ($41,092 млрд.) кейінгі 8-інші орында. Ал адам басына шаққандағы ЖIө үлесі бойынша біздің еліміз ($2716) осындайлардың қатарында Словения ($16002), Чехия ($10494), Венгрия ($9971), Эстония ($8108), Хорватия ($7772), Словакия ($7609), Польша ($6265), Литва ($6189), Латвия ($5950), Ресей ($4061) мен Румыниядан ($3281) кейінгі 12-інші орында. Сонымен қатар, бұл жағынан алғанда Қазақстан ($2716) ТМД елдерінің ішінде Ресейден ($4061) кейінгі 2-інші орында, ал бұрынғы КСРО-ның 15 одақтас республикасының ішінде Эстония ($8108), Литва ($6189), Латвия ($5950) мен Ресейден ($4061) кейінгі 5-інші орында.

Ал енді Қазақстанның осы жетістіктерін сол бұрынғы КСРО-да «южные республики» есептелген Орталық Азия мен Закавказье елдерінің соларға сәйкес көрсеткіштерімен салыстыратын болсақ, осы кейінгілердің тым артта қалып қойғанын көреміз. Жалғыз ғана біздің ел экономикасының көлемі ($40,743 млрд.) осы екі аймақтағы қалған 7 мемлекет экономикаларының басын қосқандағы көлемнен ($39,573 млрд.) үлкен екен.

Осындай мәліметтермен танысқан соң, «біздің еліміз тасы өрге домалап тұр-ау» деген тұжырым жасауға мейлінше толық негіз бар сияқты көрінеді. Бірақ сонда экономикамыз шынымен жан-жақты болып қарыштап дамып жатыр ма? Осы сұраққа «иә» деп жауап бергің-ақ келеді. Бірақ күмән да жоқ емес. Не себептен дейсіз ғой?

Себеп мынада. Осыдан 6,5 жыл бұрын, 1999 жылғы шілде айының бірі күні шыққан санында беделді Ұлыбритания газеті «Файненшл Таймс» Қазақстан экономикасының күрт кері кетіп, ЖIӨ көрсеткішінің 22 млрд. доллар деңгейінен 15 млрд. долларға дейін құлдырауға қалғанын хабарлаған. Бұған сонда себеп болған алдындағы 1998 жылдың аяғына таман мұнай баррелі бағасының 10 доллардан да төмен болғаны еді. Бұның соңы экономика үшін қиын, ал әлеуметтік сала үшін ауыр болды. Сәуір айының басында теңгенің долларға қатысты бағамы еркіне жіберілді. Сонан соң қазақстандықтардың табысы құнсызданып шыға келді. Кейін мұнайдың бағасы күрт өсіп, жағдай түзеле бастады. Содан бері мұнайдың бағасы жоғары болып тұр. Нәтижесінде әлеуметтік-экономикалық жағдай да жаман емес.

Бірақ бұрынғы болғанның қайталанбасына ешқандай да кепілдік жоқ. Неге дейсіз ғой? Себебі жоғарыда айтылған экономикалық жетістіктердің бәрі — негізінен мұнайдың күші. Оның бағасы жоғары болса, шүкіршілік жасауға болады. Ал егер 1998 жылдың аяғы мен 1999 жылдың басындағыдай ол түсіп кетсе, қиындық міндетті түрде қайталанады. Оны жұмсарта алатындай Қазақстанда өзіндік мағынасы бар экономика жоқ. Бізде ұзақ мерзімдік халық күнделікті тұтынатын тауарлардың ешқайсысы дерлік өндірілмейді. Кеңес заманында костюм-көйлек, шұлық, аяқкиім сияқты заттар шығарылатын еді. Қазір бәрі құрып кетті. Сондай жаңа тауар түрлерін өндіру де жолға қойылған жоқ. Мәселен, түріктермен бірлесе отырып, өз сіріңкемізді шығаруға талпыныс болған. Ол да тоқтап қалды. Біздің экономикамыздың бар білетіні сыртқа мұнай-газ бен басқа да шикізатты қаптатып шығару. Оның өзін де өндіріп жатқан негізінен шетелдік компаниялар. Яғни пайданың негізгі бөлігі шетелге кетіп жатыр. Ол аз болғандай, сол экспортқа кетіп жатқан шикізатымыздың дені халықаралық нарықтан әлдеқайда төмен бағаға сатылып жатыр.

Мәселен, 2004 жылдың қаңтар-мамыр айларында еліміз экспортқа жалпы сомасы 3 млрд. 763,3 млн. долларды құрайтын 21 млн. 625 тыс. тонна мұнай мен газ конденсатын жіберген. Демек, 1 тонна орта есеппен алғанда 174 долларға сатылған. Яғни осы кезең ішінде экспортқа кеткен мұнайымыздың жалпылама әрбір баррелі 23-24 долларға бағаланған. Ал сол 2004 жыл барысындағы ОПЕК мұнайы баррелінің орташа бағасы 36,05 долларды құраған. Яғни Қазақстан мұнайы әлемдік деңгейден 12-13 доллар төмен бағаға сатылып отырған. Біздің көршіміз Ресей мұнайының тоннасын ТМД елдерінің өзіне 190 доллардан, ал алыс шетелге 270 доллардан сатып отырған. Яғни 2004 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстаннан экспортқа кеткен бүкіл мұнай Ресейдің ТМД елдеріне сатылатын мұнайынан 16 долларға, алыс шетелге сатылатын мұнайынан 96 долларға арзан бағаға кеткен.

Тиісінше одан мемлекет үшін алынатын салық пен басқа да төлемдердің мөлшері тым аз. Басқаша айтқанда, Қазақстанның бүкіл Орталық Азия мен ТМД-да мақтаулы есептелетін экономикасының шындығында кімге қызмет етіп жатқаны белгісіз. Алдымен Конституция бойынша сол жер қойнауынан алынатын қазба байлықтардың бірден-бір иесі болып табылатын халық үшін емес екені – ақиқат.

Осының дәлелі ретінде мынадай мысал келтіруге болады. Халықаралық ұйымдардың зерттеулер нәтижесіне қарағанда, ең көп кедейлікке ұшыраған ауыл халқы Маңғыстау облысында, қала халқы Атырау облысында тұрады екен. Ал бұл екі облыс — адам басына шаққандағы өндірістік көрсеткіштері ең биік болып табылатын облыстар. Қазақстанның мақтаулы ЖIӨ көрсеткіші ең алдымен осылардың арқасында мүмкін болып отыр. Ал жергілікті халықтың дені кедейліктен бас көтере алар емес. Мәселен, 2001 жылы Маңғыстау облысының ауылдық жерлеріндегі халық түгелдей дерлік (95,5 %) өмір сүру үшін қажет ең төмен деген көрсеткіштен (прожиточный минимум) де аз табыс табатын болған. Өткен 2004 жылы осыған ұқсас жағдай Атырау облысындағы қала халқының арасында тіркелген. Басқаша айтқанда, ол жақта ауыл тұрғыны мен қала тұрғынының жағдайы ұқсас. Оларды осылайша бөлудің қажеті шамалы. Өйткені екеуінің де күнкөрісі негізінен нашар. Оның үстіне осы мұнайлы батыс аймағында анемия да, туберкулез де Қазақстан бойынша ең жоғары деңгейде. Сонда мақтаулы ЖIӨ көрсеткіштері неге нәтиже бермей жатыр екен?!

Аққали КӨПТІЛЕУОВ