МАМЫРДЫҢ СОЛ БIР КҮНI...

МАМЫРДЫҢ СОЛ БIР КҮНI...

МАМЫРДЫҢ СОЛ БIР КҮНI...
ашық дереккөзі

Кәдiмгi Қасым аға

Телефон қоңыраулатып тұр. Таң ала көлеңке. Сағат алты мен жетiнiң арасы.

— Апай, сәлеметсiз бе? – дейдi қыздың үнiндей жұмсақ дауыс. — Мен Талаптан Ахметжанмын, Жазушылар одағының төраға орынбасары. Беймезгiл мазалағаныма кешiрiм өтiнемiн.

— Тыныштық па? — дедiм, жүрегiмнiң дүрсiлiн баса алмай.

— Алматыдан кеше шығып едiк. Жолай Жамбыл қонып, содан ертелетiп жүрiп келе жатқан бетiмiз. Қасым аға Жаңақорғанға емделуге бара жатыр, бiз – атқосшы. Жолай ол кiсi: “Шымкентте Ханбибi деген ақын бала бар, амандығын бiле кетейiк” деген соң…

— Қай Қасым? Кәдiмгi Қасым Қайсенов пе? Халық Қаһарманы…

— Иә, кәдiмгi Қасым Қайсенов!

Жүрегiм атқақтап кеттi.

— Қай жерде келе жатырсыздар?

— Түлкiбасқа жақындадық. Үйдiң адресiн берсеңiз.

Айттым. Алла сәтiн салса бiр сағаттың аржақ-бержағында келiп қалмақ. Әшейiнде тосқан кiсiң дәл мұндай жылдам келе қоймас. Қоюжасыл “Волга” терезенiң тұсына келiп тоқтағанда, сасқанымнан қазандағы етке бiр, терезеге бiр қарай бердiм.

Машинадан түскен жiгiттер артқы есiктi ашты. Иығына ақбас Алатауды қондырып алғандай, әйгiлi партизан – Қасым аға Қайсеновтiң алып тұлғасы көрiндi.Терезеге тесiлiп сiлейiп қалған қалпымды байқаған Талаптан қолын бұлғап, төменге түсiңiз дегендей ишара жасап тұр.

Жүгiрдiм бе, ұштым ба, есiмде жоқ, көздi ашып жұмғанша жерге түстiм.

Қасекеңе иiлiп сәлем бердiм.

Қысқа сәлемнен соң, Қасым аға:

— Қарағым, аяғым аурып, Жаңақорғанға емделуге бара жатыр едiм. Атыңа сырттай қанықпын. Жазғандарыңның қолыма тигенiн оқып тұрамын. Шымкент жолда болған соң, әдейi амандасып кетейiн деп бұрылдым. Бұл өңiрге қайта жол түсе ме, түспей ме, кiм бiлсiн… Өзiңдi көрдiм, аман-есен екенсiң. Ендi бiз жолдан қалмайық! – дедi, әр сөзiн салмақтай сөйлеп.

— О не дегенiңiз, аға? Әдейi атбасын бұрған соң , тым болмаса бiр шыны шәй iшiп кетiңiз. “Қыздың жаманы бiр шәйға жарайды” деген …

«Не дейдi» — дегендей денесiмен бұрылып Талаптанға қарады.

Байқауымша құлағы естiмейдi. Ол менiң айтқандарымды қайталады.

— Рахмет, қарағым, — дедi, бiр жөткiрiнiп алып, — құлақ-естiмейдi, көз көрмейдi, аяқ-жүрмейдi. Оның үстiне үшiншi қабатта тұратын көрiнесiң, мен жете алмаймын ғой!

Сөзiнiң жаны бар. Жолсоқты болып шаршағандығы қабағынан бiлiнiп тұр. Не iстесем екен?! Ендiгi салмақ маған түстi.

Қандай амал табайын? Ақыры тәуекелге бел буып:

— Аға! Түсiңiзшi жерге. Ары қарай арқалап шығамын! – дедiм батыл.

— Ау?! Не дейдi?

Бұл сөздi естiгенмен, iштей таңданып та қалды. Жасаураған жанарымен Талаптанға «не дейсiң?» дегендей қарап едi, ол иығын қозғады да қойды.

— Ал, баста! – дедi маған әмiрлi дауыспен.

Асқақ басып басқышқа беттеген ағаның алдын орап үйге қарай жүгiрдiм.

Шай жасалғанша аяқ созсын деген оймен жұмыс кабинетiмдегi диванға жайғастырдым. Әншейiнде кең сарайдай кабинетiм құрқылтайдың ұясындай болып тарылды да қалды. Бiр өзi бiр бөлменi толтырып, иығымен көк тiрiгендей, Халық батыры – Қаһарман – Қасым аға отыр мұнда!

Жазушылардың үлкенi мен екем…

Қасым аға жаюлы дастархан басына келгенде тар кереге кеңейiп, үй iшi нұрланып, жанданып кеттi.

Бiр терiнiң iшiнде iсiп, сол терiнiң iшiнде пiсiп, күйгелектенген мiнез құрдымға сiңдi. Тамақ табылады ғой, тақырып табыла ма, ортақ көзқарас, ортақ пiкiр бой көрсетпей қиналып қалмаймыз ба, деген ойды ағаның әзiлге толы бiр ауыз сөзi алыс лақтырып тастады.

— Үйiң жақсы екен. Ауасы таза екен. Шығуын шығып алдым, ендi қалай түсем деп ойланып отырмын. Қорқып отырмын!

Бәрiмiз ду күлдiк.

— Не нәрсе болсын шығу қиын, түсу оңай емес пе? — дедiм.

— Жоқ. Тауға шығудан гөрi түсу қиын. Қандай биiктiкке бет алмасын адам баласында мақсат болады.Биiктен биiк бастау алады. Тым биiктеп кеткен адам мақсатын ұмытады, не болмаса ол жанда төменге түсу деген мақсат болмайды. Сондықтан ол қиналып қалады. Мен бұны өзiмнiң бүгiнгi жағдайыма байланысты айтып отырғаным жоқ, бұл сөздердiң түбiнде түсiне бiлген адамға философиялық қатпар бар.

Қасым аға кенет жай сөзден ресми бөлiмге көшкендей, бойын тiктеп алып, сусын құйылған фужердi көтерiп:

— Қарағым, Ханбибi, менi мұнда бiр үлкен күш алып келдi.Ойланып қарасам, бүгiнгi қазақ жазушыларының жасы үлкенi мен екем. Үлкен болайын деп болғам жоқ, бұл да тағдырдың жазғаны.

Мен соғысқа бастан-аяқ қатысқан адаммын. Мен туралы, соғыс туралы көптеген кiтаптар жарық көрдi. Немiстер бiзге қаталдық жасады. Бiздiң қаталдығымыз олардан асып кеттi ғой. Әке-шешем айтатын: «Қасым сен бала кезiңнен көзiңе жас алып жылаған бала емессiң» деп. Ал сен қәзiр көрiп отырсың, менiң көзiмнен жас ағып отыр. Әбден жұқардым. Қажыдым. Бiр аттасам тоқсан тұр жанымда. Бiз соғыста көп қаталдық жасадық. Қәзiргi мынау қиыншылықтар соның салдары. Адам баласына ылғи қаталдықпен қараған жан қатал тағдырмен өледi. Соғыста ерлiкпен өлмеген адам тiрлiгiнде қорлықпен өледi. …Жаңа сөзiмнiң басында айттым ғой, соғыс туралы, менiң партизандық өмiрiм туралы он жетi кiтап шықты. Бiрақ бәрiнде де менiң батырлығым, жауға қаталдығым, Отанға берiлгендiгiм, ел-жұрт алдындағы парызымды адал өтегендiктерiм жазылды. Ал адам ретiндегi сезiмдерiм, түсiнiктерiм, мұңайып, жылайтыным, жақсы әсерге бөленiп қуанатыным толық жазылып бiткен жоқ. Ол бiр-екi кiтапқа сыймайды да!..

Мiне, осының бәрiн, көңiл кiрiн шайып алайын деп айтып отырмын. Мүмкiн “қартайған түйе ботасына ередi” болатын шығар мұным.

Сөзiн аяқтамай беторамалымен көзiн сүрттi. Қайран жүрек! Түктi жүрек, бүгiнде күптi жүрек…

— Аға! – дедiм, — жақында апай екеуiңiз туралы түсiрiлген деректi фильмдi көрiп, мен де жылап қалдым. Онда да осы ойыңызды айтып, өзiңiздi кiнәлi санағандай, толқитыныңыз бар. Тебiрене сөйлегенiңiз жұрттың еңiреп жылағанына тең болды.Менiң ойымша сiздер – тыныш жатқан бейбiт елге шабуыл жасаған жоқсыздар. Керiсiнше тұтқиылдан тиiскен немiс басқыншыларының тырнағынан Отанды азат ету жолында күрестiңiздер. Соғыстың аты – соғыс. Майдан құрбандықсыз болмайды. Сiз оқ шығармасаңыз — өзiңiз оққа байланатын едiңiз. Бұл бiр сiздiң басыңыздағы жай емес, миллиондаған Отан үшiн от кешкендердiң басты парызы әрi мiндетi болды!

Ал ендi, қажыдым, дейсiз. Қазақта «Жақсы адам қартайғанда — қазына, жаман адам қартайғанда–қазымыр» деген сөз бар. Әдемi қартая, бiлудiң өзi де жақсылықтың нышаны. Сiзде үлкен жүрек бар. Ол жүрек кезiнде қазiргiдей ойланып-толғануға, тебiренуге мүмкiндiк бермеген-дi. «Садағына сары шiркей ұялап, жау iздеген ерлердiң қайда басы қалмаған?» деп Махамбетше белдi бекем буып, толарсақтан қан кешiп, ауыздықпен су iшiп жүрген ерлердiң әсте қиялдануға уақыты да бола қоймас! Оны мына бiздер түсiнемiз. Ал ендi бүгiнгi Елiмiз егемендiк алып, өзгелермен тереземiз теңелген тұста – жүрегiңiз лүпiл қағып, өткен-кеткендi еске түсiрiп, өзiнiң бар екендiгiн, әлi талай-талай соғатындығын сiздiң есiңiзге тағы да салып жатқаны ғой. Тек жүрегi бар адамдар қайғыра бiледi, жылай да алады. Сол сiздiң түктi жүрегiңiзден тамған тамшылар, оның мейiрiмi мен шапағаты – бiздердi осы күнге жеткiзiп отырған!..

Егер дауыс ырғағы бiрқалыпты болса құлақтағы тыңдау аппараты дұрыс iстейдi-ау деп ойлап қалдым, себебi аға сөзiмдi ұйып тыңдап отырды. Кенет шаттанған сезiммен бiр серпiлiп:

— Сен дұрыс сөз айттың! – деп арқамнан қақты.

Менде басқа Отан жоқ

— Тоғызыншы май күнi телефонда дамыл жоқ — деп жалғады әңгiмесiн Қасым аға. Бұл күнi есiкте де тыным болмайды. Мемлекеттiк қызметтегiлер де, қоғамдық қызмет атқарушылар да, әртүрлi партиялардың өкiлдерi де, менi мерекемен құттықтап жатады. Ол күнi үйде үнемi дастархан жаюлы. Қазiр не көп, партия көп. Кейбiрiнiң не үшiн құрылғанын мен бiлмеймiн, соларыңның өздерi де бiлмейдi-ау деймiн. Әйтеуiр демократ боламыз деп “Аттан!” қосып жүрген бiреулер сияқты.

Сонымен құттықтаушылардың соңын ала, қасында жiгiттерi бар, Әлихан Бәйменов келдi. “Ақжол” партиясынан. Жұрт “Оппозиция” деп жүр ғой. Ал осы Әлиханды мен жақсы көремiн. Ол – бiлiмдi, тарихты көп бiледi, ол тек саясаткер ғана емес, Жүсiпбек, Ахмет, Мағжандар сияқты ағартушылықпен де айналысады. Ақылдылығы, парасаттылығы, бiлгiрлiгi бiр төбе. Мен Әлиханға былай дедiм: “Мен саған сенемiн, өйткенi сенi жақсы көремiн. Бiр өкiнетiн нәрсем – осы ойыңды, осы бiлiмiңдi өкiметпен тiзе қосып, бiрлесе отырып, елдiң, халықтың игiлiгiне жұмсасаң қандай жақсы болар едi! Сен соны iстемей жүрсiң, соған iшiм ауырады…

Егемендiк алдық қой. Мемлекетiмiз әлi жас. өсiп-өркендеу жолында тәжiрибе жетiспей жатыр. Қателiк те бар, соны жою үшiн ақылыммен болсын, тәжiрибеммен болсын, жазу-сызумен болсын, болысамын. Мен өз өкiметiмдi өзiм қолдауға бет бұрған адаммын. Маған керегi — тек қазақ халқының тәуелсiздiгi мен елдiң амандығы. Кемшiлiктерiне төземiн, себебi менде басқа Отан жоқ!

Шырақшылығыңды да бiлемiн!..

Дастархан үстiндегi ыдыс-аяқты жаңартпақ ойымен асүйге беттей бергенiмде:

– Қайда кетiп барасың, отырсаңшы! – деген ағаның әмiрлi сөзiнен кейiн орындыққа қайта қағылдым. Не айтпақ, сұраулы кейiппен құлақ түрдiм.

– Сен жаңа Алаштың алыптары – Сәкен, Бейiмбет, Iлиястардың шырақшысымын дедiң-ау! Саяси қуғын-сүргiн құрбандарына арналған музейдiң басшысы екендiгiңдi, өз сөзiңмен айтқанда «шырақшылығыңды» да бiлемiн! Саясат құрбандарының тарихымен жiтi таныс болғандықтан, саясатқа бет бұрып жүргенiңдi де бiлемiн! Саясат – оңай шаруа емес. Оның кiлтипаны мен қитұрқылығы көп. Көбiне жазықсыз жандар жапа шегедi. Саясаттың нәубетi бет-жүзiңе қарамай, таптап өте шығатын алпауыт машина. Сен мұны бiл! Оның нәтижесi мен зардаптарының қандай болатындығын көрiп-бiлiп отырсың!..

Жер жүзiнде қуғын-сүргiнсiз мемлекет аз, тiптен болмайды. Қандай дәрежедегi, рангтегi мемлекет болсын оның iшкi, сыртқы саясаты болады. Кеңес үкiметiнiң кезiндегi Сталиндiк қуғын-сүргiн деп жүргендерiң, жалғыз Сталиннен емес, ол Ленин, Троцкий, Тухачевскийлерден басталған сұрапыл саясат. Мен Сталиндi қорғап сөйлейiн деп отырғам жоқ, оның айыбы – Ленин жүргiзген саясатты бұлжытпай ары қарай алып баруында.

Қуғын-сүргiн тек Қазақстанда ғана емес, бұл қандықырғын сонау Ресей жерiнде де етек алды. Халық жауы ретiнде бүкiл деревня, аудандар жоқ болып кеттi. Әрине, Қазақстандағы қуғын-сүргiннiң алатын орны бөлекше! Оның мазмұны терең.

Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейхандар орыс империясынан босап, тәуелсiз мемлекет жасағысы келдi. Жаңағы өзiң айтып отырған Сәкенiң бар, Бейiмбет, Iлияс, Ахмет, Мағжан, Тұрар мен Сұлтанбектер соның құрбаны.

Алашым деп, халқым деп дербестiк алу жолында бiр-бiрiн сатпай, бiр-бiрiн саусақтың ұшымен нұсқап көрсетпей, ар алдында тазалығының зардабын шеккендер – шын мәнiнде өте аз, солар ғана қуғын-сүргiннiң таза құрбандары.

Сендер пәлен мың адам қуғын-сүргiнге ұшырады деп жүрсiңдер, осыларының көбi бiрiн-бiрi ұстатқандар, айдатқандар! Аттырған, қаматқандар!

Бiздiң Жазушылар одағынан да елу шақты адам айдалып, атылып кеттi. Сәкеннiң моласы қайда? Бейiмбеттiкi ше? Бұның бәрi алауыздықтың, сатқындықтың құрбандары.

Мен бiр адамды бiлемiн, ұзақ жылдар тас түрменiң дәмiн татқан, қазiр де тiрi жүр. Кезiнде үкiмет басында қызмет iстеген. Сол адам өз қолымен тiзiм жасап, жүздеген адамды айдатқан, өмiрiн қиған. Жұрттан шындықты жасыра алмайсың, көптiң көзi-көреген, кейiннен әлгi сабазыңның өзi де тас түрменiң дәмiн татты.

Ең өкiнiштiсi, қылмыскер деп санаған адамдарды Халық соты соттамаған. Олардың тағдырын үштiк, яғни тройка шешiп отырған. Осы сойқан оқиғаны тiкелей орындаушы «қылмыстыларды» iздеп табушылар, тергеушiлер, «қылмыстарын» мойындатушылар, ұрып-соғушылар, қиналушылар (бұрау салу, тоққа салу, аспаққа асу, тiстерiн бiр-бiрлеп қағып түсiру, iстiкпен мұрттарын жұлу, бiзбен қол-тұяқтарының көбесiн бiзгiлеу, кiсi өлтiрушiлер камераларына кiргiзiп ұрып-соқтыру, кейде өлтiру, иттерге талату), зорлық-зомбылықпен жинаған қылмыс құжатын жасау, тiптi «қашты» деп өз қолдарымен ату, сөйтiп «қылмыстылар» санын жоғары әрекеттерiмен үстiнен арыз түскендерден әлдеқайда көбейткен (оны сол жылдары құрбандарының тiрi қалғандары дәлелдейдi), айдатқан, соттатқан, аттырған осы мекемелер, олардың «шаш ал десе, бас алатын» белсендi қызметкерлерi емес пе едi. Сонда репрессия құрбандарының басым көпшiлiгiнiң қаны, азабы орган қызметкерлерiнiң мойнында екенi түсiнiктi. Солардың жұрт бiлетiн жауыз жұрнақтары Сәкен ағамызға қанды қолын жұмсаған полковник Ивановтар судан құрғақ шығып, алшаңдай «еңбектерi сiңген» зейнеткер атанып жүр ғой.

Ресейдiң қылған қылмысы көп. Соны ақтап шығу үшiн, халық атына кiр келтiрмеу үшiн зиян қылықтарының бәрiн Сталинге жауып шықты. Оны ұйымдастырған да, ашық жариялаған да Никита Сергеевич Хрущев. Бiрақ мұның бәрi түбiнде ашылады, тарих ешнәрсенi ұмытпайды…

Менде көп нәрсе сақтаулы

– Қарағым, Ханбибi, — деп сабақтады әңгiмесiн Қасым аға. – Мен сөйлеп отырмын ғой, сөйлеп отырып ойлап отырмын, сенiң жұмысың үшiн қажетi бар ма, жоқ па деп. Менде әлгi қуғын-сүргiн құрбандарын кiмдердiң жазалағаны, оларды кiмдердiң атқаны жайлы материалдар бар. Оны мен саған бере алған болар ем… Ойлап отырмын: ол саған қаншалықты пайда әкеледi деп. Мүмкiн пайдасынан зияны көп тиер. Сенi ойлап отырмын, қарағым. Себебi өзiң де батыршалыс адамсың, олай етсем – баланың қолына өткiр пышақ ұстатқандай болмаймын ба? Мен ертең өкiнiп қалмаймын ба, деп ойлап отырдым. Одан да мұның бәрiн «өткен iске салауат» деп жылы жауып қоялық. Сен менi ол мәселе бойынша мазаламайтын бол, қарағым! – дедi.

Менде Абайдан бастап, барлық жазушылардың, оның iшiнде соғысқа қатысқан жазушылардың соғыс формасындағы түскен суреттерi сақтаулы. Ия, түпнұсқа. Жау тылына парашюттен түсiп жатқандағы суреттер де бар. Бұлардың сақталу себебi, мен ол кезде жас та болсам, осылардың бiр керегi болады-ау деген оймен фотоаппаратқа өзiм түсiрiп алған екенмiн.

Қазiр айтуға болатын шығар, мен Советтiк «Разведка диверсионный Советский шпионаж» мектебiн үш жарым жыл оқыған адаммын. Оның үстiне ақылсыз бала болмаған болуым керек, осылардың бәрiн жүрген жерiмде жоғалтпай, күнi бүгiнге тарихтың бiр беттерi ретiнде жеткiзгенiм. Сонау Украина архивтерi мен музейлерi үшiн мен көп деректер бердiм. Мендегi сарғайған папкiлердiң сыры көп.

Қазiргi тұрып жатқан үйiмнiң бiр бөлмесiн музей десе де болады. Онда соғыс кезiнде пайдаланылған қару-жарақтардың түр-түрi тұр. Он-он бес қылыш бар. Соғыс кезiндегi шешен халқының буркалары, мылтық-қылыштары, Украина жерiнде өзiм көзiн жойған генералдың қылыштары дегендей, айта берсең тарихи мұралар баршылық.

Үйiме сыймағандықтан екi жүз отыз екi томдық (232) әскери кiтаптарымды Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектепке тарту еттiм.

Бауыржан демекшi, бiр жиында бiреу: «Өзiңiздiң батырлығыңызды Бауыржан Момышұлының батырлығымен қалай салыстырар едiңiз?» деп сұрады. Шынын айтайын, не айтарымды бiлмей мүдiрiп қалдым.

— Баукеңмен менi салыстыруға болады деп кiм ойына алған? Сонда мен:

— Менi Баукең сияқты алыппен салыстыруға бола ма?Ол— шағын төбе мен заңғар биiк тауды салыстырғандай болады ғой. Баукең – заңғар биiк тау. Баукең – табиғат барлық жақсы қасиеттерiн аямай ерекше жаратқан адам. Ол – ақын. Ол – жазушы. Ол – философ. Ол — екi тiлде бiрдей, шешен. Ол — қас батыр. Ол – полководец. Осы қасиеттiң барлығын менiң бойымнан, ойымнан осы отырған барлығың жабылып iздесеңдер, таба аласыңдар ма? — дедiм.

Апаң сенiң ақын адам

Қазақ әйелдерiнiң соншалықты жан-жақтылығына кейде таңқалып отырамын. Бiздiң үйдегi апаң да ақын адам. Жетпiс жыл бiрге тұрып келе жатырмыз. Екеумiз жастай шаңырақ көтердiк. Үйленген кезде, ол – он бесте, мен — он жетiде екенбiз. Бала кезiмiзден бiргемiз. Белгiлi, беделдi газеттерде журналист болды. Қазiр де қолынан қаламы түскен жоқ. Бiрақ қартайдық қой, денсаулық жоқ дегендей. Өзi жазушы, ақын болғанымен кей мiнезi қызық. Кейде үйге бiреулер телефон соғады ғой, ол адам қарт па, жас па онда шаруасы жоқ, әйтеуiр әйел адамның дауысы болса болды – жақтырмай қалады. Бұл да Құдайдың берген мiнезi шығар!

Ал, қарағым, осының бәрiн неге айтып отырмын, қазақтың қыздары туралы әңгiменi одан әрi тарата беруге болады, оның түйiнi – сенiң де ақындығыңа келiп тiреледi. Жақсы ақын болу бiр бөлек те, жақсы азамат болу бiр бөлек! Мықты адам екеуiн қатар алып жүре алады. Оған iшкi қуат керек. Рухы биiк адам бәрiне төтеп бередi. Өмiр деген адам баласын әр соқпаққа салады. Кейде бұрыс жолға бастайды. Кейде қиыншылыққа ұрындырады. Тапшылыққа да тап келтiредi. Ондайда әлсiремеу қажет. Елiмiз тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары өнер адамдарының көбiсi әбiржiп қалды. Ақындарды қайдам, белгiлi өнер қайраткерлерi, өзiм жақсы көрiп, сыйлайтын асқан талантты санайтын әншiлердiң — азға малданып, жарнамаға шыққандарын көрiп, арланғаным бар. Жылдар бойғы жинаған беделдi әп-сәтте түсiрiп алу оңай. Сол үшiн үнемi сақ жүру, қалғымай жүру керек. Осыны есiңде ұста, қарғам!

Қоштасар сәт

Таңмен жағаласып тұрып, қонақтарды шығарып салуға шықтық.

Қасым аға ризашылығын бiлдiрiп, «Я, аруақ!» — деп көлiкке жайғасты. Мен Талаптанға:

— Қайтар кезде хабар бер! Бәрiбiр Шымкент арқылы жүресiңдер ғой, — дедiм сыбырлап.

Сезiмтал аға естiмей тұрса да ауыз-әуенiнен байқаған болуы керек:

— Жоқ, қарағым! Қайтарда қандай халде боламыз, ол белгiсiз! Сондықтан әуреленбе! Ниетiңе, ықыласыңа әбден ризамын, ендi баратын жерге тезiрек жетiп алайық, аман болып тұрыңдар! — деп қоштасты.

Шайдай ашық кiршiксiз, кiрбiңсiз таза көңiлмен жұмысыма қуана барып, қуана қайтып жүргенiмде, арада он күн деген оқтай зу етiп өтiп кетiптi.

Қалта телефонымдағы Талаптанның жұмсақ дауысы Қасым ағаның ем-дом қабылдап бiткенiн, ертелеп жолға шығатынын жеткiздi.

Шымкенттiң кiре берiсiндегi iргеден тосып алып, амандық-саулық сұрап шұрқырасып жатырмыз. Дәмханаға келгенде, әдебиеттiң маңында жүретiн қыз-жiгiттер мен облыс әкiмiнiң орынбасары — өнерге бiр табан жақын, кезi келгенде ән де шырқап жiберетiн Әли Бектаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы, шешендiк сөздiң қаражорғасы – Шалатай Мырзахметовтердiң де батыр ағасымен дастархандас болуын жөн көрген едiм, ол кiсiлер де келiп жеттi.

Төрге озған Қасым ағаға ауылымның жiгiттерiн таныстыра бастадым.Ол Әли Бектаевқа қарап: — Дұрыс! – деп қойды, Сәбитшiлеп.

— Анау таяғымды алып бершi!

Әдемi қалжыңы бар Әли:

— Ойбай ата, ұрайын дап жатырсыз ба? – дедi таяғын әперiп жатып жымиып күлiп.

— Бiлетiндер бұл таяқтың сырын бiледi. Мұны маған Рақымжан Қошқарбаев сыйлаған. Бұл әншейiн таяқ емес, әмбебап таяқ. Басындағы күмiс тығынын алсаң iшiне әжептеуiр коньяк сиып кетедi. Мұның iшiнде Президент құйып берген коньягi бар. Соны ырым етiп, өзiм жақсы көрген жiгiттерге оймақтай ғана қақпақ – рюмкесiнен дәм татырам. Сен жiгiт маған ұнап отырсың, сондықтан, саған берейiн, ал, iшiп сал!

Оймақ iшiндегi қызыл-күрең шарап люстра жарығымен дiрiл қақты.

Асатаяғын орнына қойып, аға қалай емделгенiн, қандай адамдармен дәмдес-тұздас болғанын, өзiн барлық демалушылардың танитындығын таңданған сыңай танытып бiрқыдыру әңгiмелеп бердi. Уақыт түскi үзiлiс кезi болатын. Жiгiттер де ақжарылып, әулиедей Халық Қаһарманы Қасым ағамен қас пен көздiң арасындағыдай бiр мезетте көзайым болып қалғандықтарын жылы шыраймен, тәттi тiлектерiн бiлдiрдi!

— Қадыр Мырза Әлi мен Ақұштап Бақтыгерееваны бiлесiңдер ме?

— Бiлемiз ғой, айтулы ақындарымыз!

— Бiлсеңдер, сол екеуi де Алматыда тұрған. Алматыда ақын болған, қызмет iстеген дара тұлғалар. Екеуi де оралдық. Мiне, соларға Оралдың сол кездегi әкiмi, әдебиеттiң, мәдениеттiң қадiрiн бiлетiн Көшербаев Қырымбек жақсылап үй салып, iшiн “ағашқа” толтырып, қолдарына кiлтiн ұстатты. Бұл өз ақындарына деген iлтипат, зор құрмет. «Пiл көтермегендi тiл көтередi» деген қағиданы ұстанған қазақ. Ал мына алдарыңда отырған Ханбибi де үлкен ақын. Азамат ақын. Көп қабатты үйдiң жоғарғы қабатында торғайдың балапанындай қонақтап отырады екен…

Оңтүстiк — бай өлке. Бай жiгiттерi де бар. Бiр қызды жерге түсiруге шамаларың келмейдi емес, келедi.

– Үйiм бар ғой, далада отырған жоқпын! – дедiм ыңғайсызданып.

Ыңғайсызданғаным – бүгiнгi шәйға әкiм-қараларды әдейi шақырып, Қасым ағаны пайдаланып, жоғымды түгендеп алайын деген бақай есептiң адамы ретiнде көрiнiп қалғандай болғаным.

— Үйiң болса болсын, соның үстiне салып берсiн. Сен түгiлi маған үлкен үй салып бергелi жатыр. Мен атақты ақын, жазушы емеспiн, қатардағы солдатпын.

Манағы ыңғайсызданғаным жәй екен, бейне бiреу мен отырған орындығымның астына от қойғандай лапылдап барам. Оның үстiне Қаһарман ағаның менiң мәртебемдi асыру үшiн өзiн төмендете сөйлегенi жаныма батты. Мұқағалидiң «Сенi биiк болсын деп төмендегем» деген өлең жолдары есiме түстi.

— Ал, жiгiттер, — Жолаушыны жолынан қалдырма деген. Бiз бүгiн Алматыға жетiп жығылайық. Бәрiңе рахмет. Ұйымшылдықтарыңды таныттыңдар!

Құйқасын тартсаң май шығатын, елi де, жерi де бай – Оңтүстiк өлкесiне, оның қарапайым халқына, құдай ырыс-береке берсiн! Мен ендi бұл жаққа келемiн бе, келмеймiн бе, бiр құдай бiледi, бiрақ мен сияқты қартты әруақытта тiлеулес болып жүредi деп ұғыңдар.Сендерге береке, бiрлiк болсын! — деп ақ батасын берген Қасым аға қозғалуға ниет бiлдiрдi.

Машина оталды…

Жарық дүние менен әлi қашпашы,

Қараңғылық маңдайымды баспашы.

Жанарымда жол сәулесi сақталса,

Қажетi жоқ онан әрi басқасы! – деп, өзi жырлағандай, Қасым аға әндетiп бара жатқандай болды.

Ханбибi Есенқарақызы

2004 жыл 13 мамыр.

Шымкент қаласы.